Газет редакциясына жуықта болашақ саяси бағдарламасының тезистерін жариялаған «Жаңа Қазақстан» форумына қатысты хаттар келуде. Ол хаттардан халықтық кеңес, саяси пікірталас алаңы негізінде құрылған, бірақ әзірге мемлекеттік тіркеуден өтпеген, саяси құрылымдық статусы айқындалмаған жаңа ұйымға деген ықылас сезіледі. Редакцияға келген хаттардың арасында Форумды қолдау да, пікір айту да, сынау да, ең бастысы – үміт арту да бар. Біз сол хаттардың екеуін жариялап отырмыз.
Жаңадан құрылған «Жаңа Қазақстан» форумы жеке бір топтың мүддесіне бағытталған партиялық ұйым емес, бүкіл халықтық (ұлттық) алқа екенін айқындайтын тұжырым сұранып тұр. Тек қана екі ұшты бұралаңға салмай, қазіргі қалыптасқан жағдайдан туындайтын, қазақ қауымының ұлттық мүддесін қамтамасыз ететін өз жолын айқындауы қажет.
Еуропаның, Солтүстік Американың, Жапонияның, Сингапурдың, Оңтүстік Кореяның, т.б. саяси даму векторын емес, біз өз жолымызды таңдауымыз керек. Бұл жаңа бағыт. «Жаңа Қазақстан» жолы өткен Алаш Орданың да, Абылайдың ақ туының да, Күлтөбе кеңесінің де, Төле бидің өсиетіне де байланбайды. Алаш ұраны қазақтың ұлттық тәуелсіздігін емес, сол кездегі қазақтың азаматтық намысын сақтауға арналды;
Шыңғыс хан заманында құлдық, жалшылық, басыбайлылық емес, атқа мініп, қару ұстап, шепте болуға арналды, мемлекеттік билікке таласпайтындығын жариялады; Ресей империясының құрамында болғанда, аяққа тапталмай, Алаш деңгейіне – қазіргі саяси тілде – автономия дәрежесіне жетуге ұмтылды. Кейіннен «алаштық патриотизмді» ұстану, алға басу емес, кері шегіну болады. Тарихтан сабақ алғанда, ең алдымен орын алған олқылықтар мен әттеген-айларды ескерейік.
Тарих көшінің алдына шығамыз деп, көзбояушылыққа ұрынбай, ондай ұлы көштен қалып қойғанымызды, енді сол көшті қуып жетуге ұмтылатындығымызды ашық жариялауымыз керек. Халықаралық нормаларды қалыптастырып, оны қорғау – бос декларация. Сондықтан Форумның саяси бағдарламасы тезистеріндегі саяси көзқарастар туралы баптардың қажеті жоқ. Көзқарас – адамның ішкі дүниесі. Ал одан туындайтын әрекеттерді айқындау қажет.
Біздің жағдайымызда елдегі сепаратизм әрекеттеріне, «орыс әлемі» сияқты қияңқы саясатқа қарсы тұруға қабілетті, пәрменді ұстанымдарымыз болу керек. Ешбір әскери-саяси блоктарға қосылмауды жарияламау керек. Қазіргі амалсыздан немесе аңғалдықтан байланып қалған ұйымдардан шығу, ал елдік, ұлттық мүддемізге сай блоктарға бірігу қажет. «Орыспен дос болсаң, беліңде балтаң болсын» деген аталарымыздың өсиетін ұмытпайық. Қазір балта, найза емес, басқа қару қажет.
Бұл құжатта елдегі «оппозициялық қозғалыстың сабақтарына» ерекше көңіл аударудың қажеті жоқ. Әртүрлі оппозицияда болған азаматтардың арасында талас тудырмай, ол тәжірибені программада жарияламай-ақ, нақты әрекеттерді ескерген жөн. Құратынымыз оппозициялық қозғалыс емес, саяси үстемділікті, қазақтың үстемдігін қамтамасыз ету. Еліміздегі басқа ұлттар бізден қолдау сұрап отырған жоқ. Еврейлер, корейлер, өзбектер, ұйғырлар, татарлар, т.б. бізден нан сұрамайды.
Өткен заманда тарих тауқыметімен қудалауға түскен ең аз ұлттар да қазаққа жалтақтаған жоқ, тіпті зорлық жасады. Олардың ешқайсысын дұшпан санамай, достық қатынастарды сақтайық, бірақ көлгірсіп, жалтақтамайық.
Қазақтардың демографиялық өсімін, кәсіпкершілікті дамытуын қамтамасыз ету – ең өзекті мәселелер. Осы баптарды нақтылап, толықтырып, мамандар мен ақылды азаматтарды жұмылдырып, осы құжаттың ең басты түйіндеріне айналдырса, құба-құп болар еді.
Халықтың сапалық деңгейі – білімде. Ғылымды игермей, өркениет қатарына қосылу жоқ. Білім беру, болашақ ұрпақты тәрбиелеу – мемлекеттікті, оның тәуелсіздігі мен қауіпсіздігін сақтау. Сондықтан оны қаржыландыру мемлекеттің бюджетінің негізгі құрамы болуы тиіс, оның кіріс көзі – ұлттық байлық. Әр елде ұлттық байлықтың өзіндік ерекшеліктері бар.
Біздегі ең басты ұлттық байлық – жер мен ондағы табиғи қазыналар. Олар ешкімнің жеке меншігі болмауы керек, өйткені оған иелік құқығы да, жеткілікті әлеуеті де жоқ. Жеке тұлға жерді, оның қазына байлықтарын табиғи апаттардан, шетелдік басқыншылықтан қорғай алмайды. Есімізді тез жиып, ізі суымай, су аяғы құрдымға кетпей тұрғанда, барлық осы табиғи байлықты мемлекет қарамағына толықтай және түбегейлі қайтару қажет.
Сыбайлас жемқорлық арқылы тоғышарлық жолмен жиналған миллиардтарды да, қылмыс көзі дәлелденсе, мемлекет мүддесіне тәркілеген жөн.
Шетелдердегі, офшорлық шоттардағы миллиардтарды қайтарып, ел экономикасына бағыттау керек. Қай миллиардердің қай елде, қандай банкте, қай офшорда капиталы бар екені халықтан құпия болғанымен, тиісті органдар үшін құпия емес.
Шетелден ақшаны қайтару, шын ниет болғанда, біздің құзырлы органдар үшін шешілетін мәселе. Ақша иелері, біздің биліктің тісі батпайтындай, шетелдік мықты массондық құрылымдармен байланысы жоқ пысақайлар, ал ондағы сыбайластары – қатардағы делдалдар.
«Жаңа Қазақстанға» бастамашы болған азаматтарға, оны қолдаушыларға алғысым шексіз!
Ерсайын ЕРҚОЖА,
ел патриоты
Мен Желтоқсан патриоты Сайлау Лепесовтың «Әкежан Қажыгелдинді елге қайтару керек» («ДАТ», 29.09.2018) деген хатына толық қосыла отырып, елге тек Әкежан Қажыгелдинді ғана емес, сыртқа амалсыз кеткен барлық ел патриоттарын қайтару керек деймін. Ғалымжан Жақиянов, Мұхтар Әбіләзов, Төлен Тоқтасынов, Серік Медетбеков, Ермек Нарымбаев, түрмеде жазықсыз отырған Мұхтар Жәкішев, Арон Атабек, Макс Боқаев, т.б. сияқты азаматтарды шығарып, ел үшін еңбек еткізу мүмкіндігін қайтару керек.
Елдегі «алдымен – экономика, содан соң – саясат» деген сияқты барлық дабыра ұранның күлі көкке ұшқанын халықтың бәрі көріп, біліп отыр. Қазір халықтың арасына барсаң, 90–95% азаматтар бүгінгі ел басқарғандарға риза емес, керісінше, қарсы. Теледидардан биліктің біреуі сөйлеп жатса: «Мынаны өшіріңдер!» дегенге жеткен. Бұны биліктің білмеуі мүмкін емес, олар өз-өздерін алдағандарын қойғандары дұрыс.
Әкежан Қажыгелдин премьер-министр болған кезде, Білім және ғылым министрлігіне қарасты бір республикалық мекеменің басшысы едім. Мекеме айлықсыз отырған күндері болды, 2-3 ай жалақы ала алмай, әрине, қиналдық.
Бірақ қаншалықты қиын болса да, Әкежанның үкіметі енгізген реформалардың барлығы дұрыс екенін түсіндік. Егер ол ары қарай жұмысын жалғастыра бергенде, біз бүгінгідей күйге түспейтіндігімізге менің күмәнім жоқ болатын.
Ақыры, міне, 28 жыл ішінде қазақ қаңғып кетудің алдында тұр. Сондықтан Әкежан сияқты білікті азаматтарды қайтарып, елдің жағдайын көтермесе, оның артының не болатынын бір құдай білсін.
Ал министрлер мен әкімдерді жыл сайын ауыстыра бергеннен еш өзгеріс болмайтындығын білетін уақыт болды. Қазақ елінде президент пен оның жанұясы және жебір шенеуніктерден басқа да қарапайым халық бар екенін ұмытпайық.