Жаңаөзеннің БОЗДАҒЫ қайтыс болды

ҚОШ, БАТЫР!

Жаңаөзен оқиғасына қатысты алты жылға сотталып, жазасын өтеп шыққан ереуілшілер белсендісі Мақсат Досмағамбетов 29 қыркүйек күні қатерлі ісіктен қайтыс болды. Бұл туралы «Азаттық» тілшісіне Досмағамбетовтың анасы Оңайгүл Досмағамбетова хабарлаған.
Мақсат Досмағамбетов бет сүйегіндегі қатерлі ісік диагнозымен Маңғыстау облыстық ауруханасының онкологиялық бөлімінде жатқан. Ол 2012 жылы Жаңаөзенде «жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырушы» деп танылып, алты жылға сотталған. Қазақстан сотының барлық апелляциялық инстанциялары оның жазасын жеңілдетуден де, істі қайта қараудан да бас тартқан. 2012 жылғы Ақтаудағы сотта Мақсат Досмағамбетов ең алғаш рет түрмедегі азаптау туралы ашық мәлімдеме жасап, оның тергелуін талап етті. Оның арызынан соң қамаудағы 21 мұнайшы сотқа азаптау туралы шағым түсірді. Сот сараптамасы оның қабырғасының, бет жақ сүйегінің сынғанын анықтаған, деп жазды «Азаттық».
Еске салсақ, 2015 жылы ақпанның 5-інде Мақсат Досмағамбетов шартты түрде мерзімінен бұрын босатылды. 2017 жылы желтоқсанның 19-ында ол жазасын толық өтеді.
Мақсат қайтыс болардан бір күн бұрын «Азаттықтың» тілшісі Сәния Тойкен өзінің «Фейсбуктегі» парақшасында былай деп жазған еді: «Қазір ауруханада тұрмын. 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасынан соң абақтыға қамалып шыққан Мақсат Досмағамбетов аса ауыр халде ауруханаға түсті. Қан кетіп жатыр. Сөйлей алмайды. Атқылаған қанға қарамастан, маған хат жазып берді. Айтуынша, дәрігерлер оны реанимациядан шығарып тастаған. Ол өмір сүруі тиіс. Өзі айтқан түрмедегі азаптау туралы БҰҰ-ға шағымданып үлгерген жоқ! Ол ең бірінші болып, түрмедегі азаптау туралы айтып, тергеуді талап еткен еді. Өзінің сол түрмедегі ұрып-соғудан соң бет рагына шалдыққанын айтқан. Мұнайлы Маңғыстауда онкоаурухана жоқ. Мен оның жанарынан от байқадым. Менің жағдайым осы деді».
Жаңаөзеннің боздағы Мақсат Досмағамбетовтың қайтыс болуына байланысты «ДАТ» медиа-жобасының редакциялық ұжымы марқұмның отбасына, туған-туыстарына, қанды қырғыннан зардап шеккен маңғыстаулық ағайындарға қайғырып көңіл айтады.

(медиа-проект «DAT» №35 (447) от 4 октября 2018 г.)

Республиканский еженедельник онлайн