«Общественная позиция»
(проект «DAT» №38 (309) от 05 ноября 2015 г.
Апта аптығы
Келді-кетті демеңіз
ҚР парламентінің сенаты Ұлттық банк төрағасы лауазымына президенттің көмекшісі қызметін уақытша атқарушы – президент әкімшілігінің Әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімінің меңгерушісі Данияр Ақышевтың кандидатурасын мақұлдады, деп хабарлады бұдан бұрын ҚазТАГ.
Ұлттық банк жүйесінде бірнеше жылдан бері жұмыс жасап, соңғы кезде президент әкімшілігі бөлімінің меңгерушісі, ҚР президентінің көмекшісі болып келген жас жігіттің бас банкир болып тағайындалуын сарапшылар әртүрлі бағалауда. Осы тағайындау болған күннен теңгенің долларға шаққандағы бағамы күрт өсе бастағанын ескерсек, Ақышевтың ақыры не болары беймағлұм. Себебі – ел президенті оған қаржы нарығының сұранысы мен ережесіне сай қызмет қыл деп, еркіндік берсе де, ертеңгі күні Қазақстандағы доллардың құны еуроны басып озар болса, Нұр-көкесі Ақышевтың арқасынан қаға қоймасы аян.
Сондықтан Данияр мырза не Қазақстанның банк-қаржы саласын жөндейді, не Келімбетовтің соңынан кетеді. Ал Қазақстанның қазіргі хал-ахуалына қарағанда, Данияр мырзаға «жөндеу» жұмыстары оңайға соқпайтын түрі бар. Осы тұрғыдан келгенде, банк секторы сарапшыларының «Ақышев атылуға келді» деуі далбаса сөз болмаса керек.
Дегенмен, оны тағайындау жөніндегі жарлыққа қол қояр алдында Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазір банкке және ұлттық валюта – теңгеге деген сенім азайды, бұған жол беруге болмайды. Елде теңге өтімділігінің тапшылығы сезіледі, экономиканы несиелеу көлемі төмендеуде. Бұлар – төмен көрсеткіштер, оларды түзету үшін жұмыс істеу керек. Данияр Ақышевтың білімі мен тәжірибесі оған осы міндетті атқаруға септігін тигізетініне сенімдімін», – деген еді.
Мұндай «сенімді» Назарбаев мырза кетіп қалған Келімбетов келген кезде де айтқан. Бірақ қаржы-банк саясатын жасамақ түгілі, ол саланың терминологиясын түсінбей кеткен Келімбетовке деген сенім күл-талқан болғанын қос девальвацияның дегенінен біле беріңіз.
Десек те, Ақышевтың айы оңынан туғаны оның өзінен бұрын, қарайған халыққа қажет қисын боп тұр. Тәлтіреңдеген теңгенің түзелуі – мұқым елдің мүддесін мазалаған міндет. Ал егер Данияр дағдарысты дендемесе, дөкей оны дендейді. Сол себепті Даниярға денсаулық және табысты қызмет тілейік.
Ермұрат БАПИ