«Общественная позиция»
(проект «DAT» №31 (395) от 31 августа 2017 г.
Әлеумет әуресі
Мойындау
Бұл туралы кеше «ҚазАқпарат» агенттігі «Әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға арналған жаңа мүмкіндіктер» атты халықаралық бизнес-конференцияда сөйлеген ҚР парламенті сенатының депутаты Дариға Назарбаеваның сөзіне сілтеме жасап хабарлады.
«18 миллион халықтың 8,5 миллионы ғана жұмыс істейді. Сонда жұмыс істейтін бір адам екі жұмыссызды бағуына тура келеді», – деді сенатор. Яғни, осылайша сенатор-ханым елдегі жұмыссыздықтың етек жайып кеткенін еріксіз мойындады.
Дегенмен, ол Қазақстан халқы жұмақта өмір сүріп жатыр деп ойлайтын болуы керек: «Біз ерекше кезеңде, еркін елде өмір сүріп жатырмыз. Біз жоғары білімді қазақстандық қоғамның бір бөлігіміз. Әрқайсымыз саясатта, бизнесте, ғылымда биік жетістікке жете аламыз… Әйел болмаса, білім мен денсаулық сақтау саласы әлдеқашан құрдымға кетер еді, жұмыссыздық 30 пайызға дейін жайылатын еді», – деді сенатор.
«D»
БАСТАР мен ТАСТАР
Қызылорда облысының Қазалы қаласында Ғ.Мұратбаев атындағы мұражай бар. Соның қапталында Ғанидың ескерткіші, оның артында коммунистердің алты көсемінің бюстілері тұр. Жақын арада қаланың 150 жылдығын тойлайтындықтан шығар, мүсіндерді жерге қойып, тұғырларын жөндей бастапты. Бір тұғырдың быт-шыты шытыпты. Маркс тұғырында тоз-тоз боп тұр, Энгельстің басы жерде жатыр. Жерде мұрны сынған Кировке басын тақап, Сталин «жайғасыпты». Лениннің алдында етпетінен біреу жатыр.
Осы шашылып жатқан көсемдерді көрген қазіргі «нұротандықтар» – бұрынғы коммунистер не дер екен? Халықтың есінде мәңгі сақталамыз деп ойлайтын шығар. Әрине, кімнің сақталып, кімнің датталып кетерін уақыт көрсетеді.
Кешегі көсемдердің мұжылып біткен мүсіндерін көргенде, осыдан 16 жыл бұрынғы оқиға есіме түсті. Қазалы аудандық кітапханасында М.Шоқайға арналған кеш өтті. Төрде бұрынғы коммунистер – аудан әкімінің қазіргі орынбасары Д.Алтынбаев отырды. Оған қарап: «Бұрын Мұстафа Шоқайды халық жауына, Ғани Мұратбаевты жастар көсеміне теңедіңіздер. Енді Мұстафа ақталды. Сонда Ғани кім болады?» – дедім. Коммунист-бишікеш үндемеді. Үндейтіндей жөні жоқ еді: ұлт тұлғаларына қатысты тарихи мәселе Ақордада шешілетін болған соң, ол пақыр не десін?
Енді деймін-дағы: Ғанидың артымен коммунист көсемдердің мүсіндерін сақтап қала ма? Жоқ әлде бір кездері бас болған, ал бүгінде керексіз тастарды күресінге тастай ма? Қалай болғанда да, көп қалған жоқ: Қазалының 150 жылдық тойын күте тұрайық, бастар мен тастардың тағдыры не болар екен…
Серік ЖӘБИ
Ақтөбедегі Милы ауылында МИСЫЗДАР ҒАНА ҚАЛДЫ?
Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданындағы Милы ауылы тұрғындарының аузында жүрген сөз – ондағы небәрі 26 оқушысы бар орта мектептің келер жылы бастауышқа айналатыны туралы әңгіме ғана. Екі кісінің басы қосылса, мектептің жайын айтады. Өйткені отыз шақты түтіні бар ауылда мектеп пен медициналық пункттен өзге ешқандай мекеме жоқ.
Милы – облыс орталығы Ақтөбеден 300 километр, аудан орталығы Комсомолдан 170 километр жердегі шалғай ауыл. Күре жолдан қашықтау орналасқан ауылдағы мектепте еңбек етіп жүрген 30 тұрғыннан өзгелердің (оның 17-сі – мұғалім) тұрақты табысы жоқ. Шалғайдағы жұрт мал өсіріп, өз күндерін өздері көріп отыр.
«Азаттық» тілшісі Милыға барғанда, ауыл мектебінің есігінде құлып тұрды. Мектеп іргесінде көмір үюлі жатыр. Ауладағы гүлдерді шелектеп су тасып суарып жүрген әйелдер өздерін «еден жуушылармыз» деп таныстырды. Олардың айтуынша, мектеп басшысы қалаға кеткен.
Мектеп директоры Жаңагүл Шалабаева «Азаттық» тілшісіне телефонмен берген сұхбатында 1977 жылы салынған Милы мектебінің материалдық базасы мен білім сапасы жақсы, кадрлары жеткілікті екенін айтты. «Ауылымыздың жағдайы жақсы. Милы мектебінің негізгіге айналуының басты себебі – бала санының аздығы. Ауылымызда соңғы жылдары бала туу көрсеткіші күрт төмендеп кетті», – деді Жаңагүл Шалабаева.
Ал осы мектепте 1991 жылдан бері қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беретін Ұлдай Қайратбаеваның сөзінше, «мақтанатындай дәнеңе де жоқ». «Соңғы үш-төрт жылдың өзінде Милыдан 20 шақты отбасы көшіп кетті. Жұрт күнкөріс қиындағасын көшіп жатыр. Мұғалімдерде де бұрынғыдай бедел жоқ. Өз басым оқу-тәрбие процесіндегі олқылықтар туралы аудандық білім бөліміне сан мәрте айттым. «Арызқой Ұлдай» атанғаным болмаса, осы кезге дейін менің сөзіме құлақ асқан ешкім болмады», – дейді мұғалім.
Аты-жөнін атағысы келмеген тағы бір тұрғын жұрттың көшіп жатқаны рас екенін айтты. «Келер жылы ауыл мектебі бастауыш болса, жұрт үдере көшетін болар. Осы көшенің бас жағындағы үш үй буынып-түйініп отыр. Мына бір үйді иесі 150 мың теңгеге беріп кетті. Ана бір үй әлі өтпей тұр», – деді ол терезесіне қаңылтыр қағып тастаған шеткі үйді иегімен нұсқап.
Әйтеке би аудандық білім бөлімінің бас маманы Қаныш Жарымбетовтің айтуынша, Милы мектебі келер жылы бастауыш мектепке айналуы әбден мүмкін. Өйткені негізгі мектеп болуы үшін бала саны 41-ден кем болмауы тиіс.
«Милы секілді шалғай ауылдардан жыл сайын жүздеген бала көшіп кетіп жатыр. Бала санының азаюының негізгі себебі – ішкі миграция. Жұрт аудан орталығы Комсомолға, тоғыз жолдың торабындағы Қарабұтақ ауылына, реті келсе, облыстың орталығы Ақтөбеге қоныстануға тырысады. Әйтеке би ауданында бала саны тым аз жеті мектеп бар. Оның алтауы – бұрын өз алдына дербес аудан болған кезде Қарабұтаққа қараған ауылдар», – дейді Қаныш Жарымбетов.
Әйтеке би аудандық білім бөлімінің дерегінше, Милы орта мектебін соңғы кездері жылына бес-алты бала ғана бітірген, ал биыл Милыда 10–11-сыныпқа баратын бала жоқ.
Аудандағы Жарөткел, Мамыт мектептерін де Милы мектебі сияқты оңтайландыру күтіп тұр. Өйткені қазір Жарөткелдегі мектепте 38 оқушы, Мамытта 28 оқушы бар. Аудандық білім бөлімінің бас маманы оптимизация туралы мектеп басшылары мен ата-аналарға алдын ала ескерткендерін айтады. «Бұрын аудан орталығы болған Қарабұтақ ауылына интернат салу керек деген мәселені екі-үш жылдан бері көтеріп келеміз. Егер интернат салынса, біраз мәселе шешілер еді. Интернат ашылған жағдайда алыс ауылдардағы жабылып қалған мектептердің мұғалімдерін сонда жұмысқа алар едік», – дейді Қаныш Жарымбетов.
Ал облыстық білім департаментінің айтуынша, Қарабұтақтан интернат салуға сұраныс берілмеген. «Жергілікті атқарушы органдар мәслихат сессиясында қандайда бір нысанды салуға бюджеттік тапсырыс беруі керек. Соңғы сессияларда мұндай мәселе көтерілмеген» деп хабарлады Ақтөбе облыстық білім департаментінің баспасөз қызметі. Департамент дерегінше, облыс аумағында қазір жеті мектеп-интернат салынып жатыр. Осы интернаттардың құрылысы аяқталысымен, 2018–2020 жылдар аралығында 29 шағын жинақталған мектеп оңтайланады. Яғни, 27 мектепті қайта құру жоспарланып отыр, ал екі мектеп жабылады.
Azattyq.org