Сонымен, «ДАТ» газеттер сериясының шыққанына 23 жыл болды (1998 жылдың 15 көкек күні бірінші саны шықты). Мынау зымыраған заманда бұл аз емес – бір ұрпақтың (25 жыл) ғұмырына пара-пар уақыт.
Әрине, айтар көп. Бірақ газет пен оның он рет өзгерген редакциясы бастан кешкеннің барлығын жіпке тізгендей түгендеп шығу – оңай емес. Оңай болмайтыны – біріншіден, «ДАТ»-ты алғаш шығарған және кейінгі редакциялар («ДАТ-Ақбота», «ДАТ-Ертіс», «ДАТ-Колесо», «СолДАТ», «Апта – Неделя», «Айна-плюс», «Жұма-таймс», «ДАТ-Тасжарған») құрамында болған біраз жорналшы бүгінде ортамызда жоқ. «ДАТ»-тың бірінші редакторы Шәріп Құрақбай, «СолДАТ»-тың бірінші редакторы Марат Қабанбай, «ДАТ» пен «СолДАТ»-тың директоры Арғынғазы Мадиянов, танымал публицист-аудармашы Ғалымжан Мұқанов, талантты журналист Асхат Шәріпжанов, жетпіске қараған шағында «Тасжарғанды» іздеп келген Кемелбек аға Шаматаев… ғаламат адамдар еді, шіркін! Біздің алтын адамдарымыз мәңгілікке жамылған топырақ торқадан бұйырсын!
Екіншіден, «ДАТ-тықтар» көрген құқайды: атыс-шабыс, редакцияға шабуыл, бандиттік соққыға жығылу, қудалау, аңду, соттау… – етегіміз жасқа толарлық тарих. Бүгінде әлдекімдердің: «Барлық газеттер жабылды, билік «ДАТ»-ты неге жаппайды?..» деген күлбілте күдігі осындай қудалаудың құқайын көрмеген, дивандағы далбаса адамның сөзі. Әлбетте, қарсы шыққанды атып тастау түкке тұрмайтын билікке газетті жауып тастау – шырпы сындырғанмен бірдей шаруа. Бірақ бүкіл дүниеге тарайтын тәуелсіз газетті жапты деген дабыра делқұлы билікті діңкелеткен бас ауруға айналады: АҚШ Конгресі мен «ОБСЕ»-ден бастап, Жовтис досымыздың бюросына дейін «шулайтыны» анық. Онсыз да қарабет болған биліктің басына жаңа «сақина» керек пе?
Дегенмен. біз «қуғын көрдік» деп ешқашан еңіреп, жылаған емеспіз! Тәуелсіз газеттің тарихы – біздің тағдырымызға айналды: күлден қайта жаралдық, мұқалмадық, қатайдық, қайралдық, қайта ұмтылдық… Әлі де сол – елге керек-ау деген газетті сүйреп келеміз. Көк тиын қаржысыз қалған күндері – қарыздандық, бірақ басқаға арызданбадық!
Кезінде 40 адамға дейін болған редакциямызда «ДАТ»-тың алғашқы құрамынан қалған үшеуміз – Бақытгүл Мәкімбай, Кенжетай Нұрмұханбетұлы (Айтбакиев) және мен. Соңғы келген жорналшымыз – Азамат Шорманханұлы алты жылдан бері бізбен бірге.
Бізге бұл газетті шығару қажеттігі адами міндетке, азаматтық парызға айналды. Тоқтатсақ – ел-жұрттың табасына тап боламыз. Біздегі бүгінгі түсінік осы. Біз таңдаған соқпақта басқа бұрылыс қалмады!
Біраз қыз-жігітті өсірдік. «Біз – «ДАТ»-тан шыққанбыз!» деген мақтанышын жасырмай, басқа басылымда бас болып жүрген талай жігіттеріміз де бар. Өкініш демейміз – бізді ұмытып кеткендер де жоқ емес…
Мынау суреттер – біздің тарихтың бір тұтамы ғана:







- Жалпы жиыны 23 жылда «ДАТ»-та 180-ге жуық адам қызмет қылған екен. «ДАТ»-тың алғашқы редакциясы (1998 жыл).
- Редакцияға жасалған қарақшылық шабуыл кезінде (2002 жыл) ауыр соққыға жығылған Бақытгүл «жедел жәрдем» көлігінде жатыр.
- АҚШ елшілігі мен «ОБСЕ» өкілдері «ДАТ»-ты қорғауға келді (атышулы «Қазақгейт» жемқорлық шырғалаңын тұрақты жариялап тұрған газетті АҚШ Конгресі өз қамқорлығына алған 2001 жылдың жазы).
- Серікболсын Әбділдин мен Ғазиз Алдамжаров ағаларымыз бізді іздеп келген кез (2002 жыл).
- «Тасжарғанның» бірінші құрамы – 2005 жыл.
- Біз қудалау мен сотталудың арасында жақсы серуен де құра білдік. «ДАТ-Общественная позиция» газетінің бірінші редакциясы – 2009 жыл).
Құрметті, «даттықтар»!
Енді екі жылдан кейін, бұйыртса, «ДАТ» медиа-жобасының 25 жылдығын атап өтеміз. Сол ширек ғасырлық датаға орай «ДАТ»-тың анықтамалық жинағын шығару ойымызда бар. Егер сіздің архивіңізде «ДАТ»-та жүрген кездің суреті сақталса, шағын анықтамалық жазбамен редакцияға жолдауыңызды сұраймыз.
Аман болайық!
Ермұрат БАПИ
Құттықтау!
«ДАТТЫҢ» ЖОЛЫ даңғылға айнала берсін!
- «ДАТ» жобасының жетекшісі Ермұрат БАПИ мырзаға
Елімізге белгілі басылым «Дат» жобасы ұжымын бүгінгі 15 сәуірде жарық көргеніне 23 жыл толуымен құттықтаймыз!
Еліміздің демократиялық дамуы жолында Бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі зор екені белгілі. Алғашқы демократиялық басылымдардың бірі ретінде «Дат» басылымы елдің датын билікке жеткізу үшін, ақпарат майданында қажырлылық пен қайсарлық көрсетіп келе жатыр. Талай өткір мәселелерді көтеріп келе жатқан «Дат» жобасының еліміздегі БАҚ арасында көрнекті орын алуында белгілі журналист, салмақты саясаткер Ермұрат Бәпидің еңбегі зор екені белгілі. Бүгінгідей қиын-қыстауы көп, оған пандемиясы қосылған заманда газет шығарып, оны еліміз бойынша таратып отыру талмас жігер, табанды еңбекті талап етеді.
«Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы 2012 жылы парламентте фракциясын құрған кезде алғаш қолға алған «Мемлекеттік тіл туралы заң жобасын жасап ұсынғанда, үкімет өткізбей тастаған еді. Сол кезде қолдап шыққан екі басылымның бірі – осы «Дат» басылымы болатын.
Әрине, «Ақ жол» партиясының елге белгілі қалыптасқан өз көзқарасы бар болғандықтан, «Даттың» бетінде шығып жатқан кейбір жарияланымдар бойынша өзіндік ұстанымы бар болса да, демократиялық сөз бостандығын құрметтеп келеді.
«Ақ жол» партиясы «Даттың» жолы даңғылға айнала берсін деп, әрдайым «Ақ жол» тілейді.

Азат ПЕРУАШЕВ, «Ақ жол» партиясының төрағасы,
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты