Әділ АХМЕТОВ: ТЕАТР ТАБАЛДЫРЫҒЫН жүк тасушы болып аттаған едім

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №45 (362) от 08 декабря 2016 г.

 

Бейсенбідегі бетпе-бет

 


 

 

Кезекті «Бейсенбідегі бетпе-бет» айдарында көпшіліктің көңілінен шыққан «Анаға апарар жол» фильмінде Ілияс бейнесін сомдаған актер, Мемлекеттік «Дарын» Жастар сыйлығының лауреаты Әділ Ахметовпен әңгіме құрған едік.

 

− Әділ, өзіңізді тележүргізуші ретінде және «Астана – махаббатым менің» секілді кішігірім телехикая арқылы танимыз. Бірақ «Анаға апарар жол» фильміндегі Ілияс образы арқылы халық сізді етене тани алған сияқты…

− Иә, солай болды… Маған бір үлкен кісі: «Сенің шығармашылық жолың «Анаға апарар жол» фильміне дейінгі және одан кейінгі кезең болып, екіге бөлінді» деп айтқан еді. Бұл менің өнердегі бағымды ашқан, бойтұмарыма айналған фильм болды. Бұдан ары қарай да оның орны ерекше болып қала беретін сияқты.

Мұндай фильмге түсу – әр актердің арманы. Ол үлкен масштабтағы және біздің тарихымызды дәріптейтін фильм, тақырыптық тұрғыдан да өте ауқымды. Енді мұндай фильм қашан түсірілетіні белгісіз. Кинода халқымыздың бір ғасырға жуық кезеңі көрсетіледі. Әсіресе ел басына түскен нәубет жылдар келешек ұрпақ үшін үлкен сабақ болуы керек. Бірақ біздер тарихымызға дұрыс мән бермейміз…

− Фильм Ялтада өткен «Евразийский мост» халықаралық кинофестивалінде бас жүлдені қанжығасына байлады. Бұдан кейін де режиссер Ақан Сатаевпен шығармашылық байланыс жалғасын табатын шығар?

− Әрине. «Анаға апарар жол» фильмінің көрсетілімі әлі де жүріп жатыр. Бұйырса, жақын арада Түркия еліне ат басын бұрамыз. Киномыз түрік ағайындардың да көңілінен шыққан екен. Одан басқа көршілес мемлекет Қытайда да көрсетілімі болуы мүмкін. Қазіргі кезде сол жөніндегі іс-қағаздарға қол қойылып жатыр. Және Ресейге шығады. Осы шаруалар біткен соң, арғы шығармашылық байланысты көре жатармыз. Аман болсақ, әлі де ол кісімен талай жұмыс істейміз деп ойлаймын.

Ақан Сатаев актерлерге үлкен құрметпен қарайды. Жұмыс істеу барысы, мәнері жағынан басқалардан ерек. Режиссер ретіндегі үлкен ерекшелігі – түсірілім алаңында еркіндік береді. Бұл – актердің жан-жақты ашылуына, ізденісін толыққанды көрсетуіне жол ашатын шығармашылық әдістемелердің бірі деп ойлаймын. Үнемі шығармашылық құраммен ақылдасып отырады. «Мен – режиссермін, қалай айтсам, солай болады» деген диктаторлық мінез Ақан ағада жоқ. Керісінше, бірінші көпшіліктің пікірін тыңдайды. «Мейлінше барлығын өзіңізге ыңғайлы етіп алыңыз» деп айтып отырады. Бұл актерлердің өзіне деген сенімін оятатын, камера алдында еркін болуына мүмкіндік беретін жақсы тәсіл. Сыртыңнан қадағалап, әр іс-қимылыңды шұқып отырмайды. Актерлерге кәдімгідей сенім артады. Және Ақан Сатаев тарихи фактілерге өте үлкен жауапкершілікпен қарайды. Үнемі мамандармен ақылдасып, кеңес сұрап отырады. Өз ісіне бекем болғаннан кейін, туындылары да халықтың көңілінен шығады және де өте сапалы болады деп ойлаймын.

 

− Әлеуметтік желілерде фильмдегі Ілиястың рөліне байланысты оң пікірлер өте көп. Дегенмен де, «кейіпкерді өте мінсіз адам етіп көрсеткен» деген пікірді де оқыдым…

− Кино − ол халықты тәрбиелейтін үлкен құрал. Болашаққа аманат етіп қалдыратын дүние. Иә, өмірде мінсіз адам болмайды. Бәріміздің бойымызда қандай да бір кемшілігіміз бар. Бірақ келешек ұрпақтың өзіне үлгі тұтар бір қаһарманы болуы керек. Сол тұрғыдан алып қарағанда, кейіпкерді неге мінсіз етіп шығармасқа деген ой келеді. Дәл қазіргі қазақ қоғамына осындай Ілияс секілді таза, нағыз ер-азаматтың образы керек деп ойлаймын.

Әрине, кейіпкердің де кемшін тұстарын көрсетуге болатын еді. Басқа режиссер болғанда, бәлкім, солай түсіретін бе еді?! Бірақ бұл жерде Ақан Сатаевтың басты ойы – қазақтың тектілігін, оның бойындағы тазалықты көрсету, сөзінде тұратынын, ішкі сезіміне беріктігін білдіру болатын. Және аманатқа қиянат жасамауды үйрету. Қазір осы қасиеттер тек қазақ ұлтында ғана емес, бүкіл адамзат баласының бойынан жойылып барады.

− Ақан Сатаевтың фильміне түскен кез келген актер «жұлдызға» айналады деген сөз бар. Және көпшілік актерлер содан кейін-ақ «жұлдыз ауруына» шалдығып қалатыны бар екен…

− Жоқ, мен «жұлдыз ауруына» шалдықпадым (күлді). Бұрын көрінбей жүріп, бірден «бұрқ» етіп шыға қалғаным жоқ.

Иә, кейбіреулері ешкім танымай жатып, бір кинодан кейін-ақ жұлдыз болып жатады. Ал мен өнер баспалдағының сатыларымен өз жөнімен ақырындап көтеріліп келе жатқан актерлердің қатарындамын. Алғашында «Қымызхана» бағдарламасынан, кішігірім телехикаяға түсуден бастадым. Басқы кезде актер ретінде оқушылар мен студенттерге ғана таныс болдым. Егер басқалар секілді бірден танымал болып шыға келсем, мүмкін, фильмнен кейінгі халықтың мұндай қошеметін көтере алмай қалар ма едім? Қанша дегенмен бәріміз пендеміз ғой.

Астанадағы Жастар театрының іргетасын қалаушы өнердегі ұстазым Нұрғанат Жақыпбаев ағаның тәлімінде он бес жылдан бері бірге келеміз. Ол кісі өз шәкірттерінің жұлдыз ауруына шалдығуына жол бермейді. Бізге әрдайым «Аязби, әліңді біл…» мақамын мысал етеді. Нұрғанат аға бұрынғының данагөй адамы. Аязби кедейшілікпен өмір сүрген, кейіннен бай болады. Бірақ сол кедей кезінде киген шапанын үйінің төріне іліп қояды екен. Өйткені байлықтың буынан даңдайсып бара жатса, сол жыртық шапанына қарайтын көрінеді. Сонда бұрынғы күні есіне түсіп, бірден тәубесіне келеді екен.

Алғашында театрдың табалдырығын жүк тасушы болып аттадым. Сол кездегі жүк сөмкемізді ағайымыз грим бөлмесіне әдейі ілдіріп қойған. Біздің де театрға алғаш қалай болып келгенімізді естеріне түсірсін дегені болу керек. «Ұстазы мықтының – ұстанымы мықты» дейді: біз төмендеп бара жатсақ, көтеріп қояды, қатты асқақтап кетсек, басып отырады. Осы жағынан ағама ризамын, шүкіршілік айтамын.

 

− Естуімізше, фильмнің бас продюсері Әлия Нұрсұлтанқызы болған соң, актерлердің ақысы да жақсы төленген дейді…

− Жоқ, бұл әшейін айтылған сыбыс әңгіме шығар. Бұрын қалай төленсе, солай болды. Керісінше, бұл фильмде көп қаламақы алдым деп айта алмаймын. Өзіме сценарий ұнады және осы картинаға түскім келген соң, қаламақының мөлшеріне қарамадым.

− Қазақстандық телехикаяларға жиі түсіп жүрген актерсіз ғой: жалпы, қазақ телехикаялары жайында не айтар едіңіз?

− Ең бастысы – сценарийдің құрылымы дұрыс болуы керек. Көп телехикаялардың сценарийі Ресей мен Украинада жазылады. Содан ол қазақшаға аударылғанда, кейбір тұстары әдеби көркемдеуге түсіп кетеді. Оны тәжірибесі аз актер сол күйінше ойнап шығуы мүмкін.

Ал сценарийді шетелдіктер жазғаннан кейін, оның желісінде қазақтың менталитеті аздау болады. Мәселен, кинодағы жігітті енесінің қолында тұрғызып қояды, бір отбасында жалғыз бала болады. Осындай тұстары ұлтымыздың мінезіне сай келмегеннен соң, көрермендердің көңілінен шықпай жатады.

− Алдағы уақытта шығармашылық жолыңызда қандай жоспарларыңыз бар?

− Осы жылы бар күшімді тек киноға салған екенмін. Енді театрдағы жұмысыма көбірек көңіл бөлгім кеп жүр. Күні ертең театрда режиссер, ұстазымыз Нұрқанат Жақыпбайдың сараптауындағы Әбіш Кекілбаевтың «Абылай хан» тарихи-поэтикалық драмасының алғашқы қойылымы болады. Абылай – күрделі бейне ғой. Өте үлкен дайындықпен шығарғалы отырмыз. Бұл біздің театр үшін жақсы белес.

«Анаға апарар жол» фильмінің түсірілімін аяқтағанда, өзіме «бір жылдай ешқандай фильмге түспеймін» деп серт берген едім. Өйткені экран бетінен қайта-қайта көрініп, көрерменге жауыр болып кетпейін деп ойладым. Одан кейін тек «Мұзарт-лайф» жобасын жүргіздім. Ал киноға түсуге ұсыныстар түсіп жатыр. Бірақ әлі нақты келісімімді берген жоқпын. Ойлану үстіндемін.

− Театр мен кино екеуінің қайсысы жаныңызға жақын?

− Бұл «анаң жақсы ма, әлде әкең бе?» деген сияқты сұрақ болды ғой. Маған екеуі де ыстық. Біреуінде біраз тер төккен соң, екіншісін сағынып тұрасың. Бұл да дұрыс шығар деп ойлаймын. Өйткені келесі жұмысқа құлшыныспен, тың оймен кірісесің. Тек бір жолмен ғана жүре берсе, актер біржақты болып кетуі мүмкін. Ал мен барынша екі жақты тепе-теңдікті ұстап жүрмін. Осы тұрғысынан қарасақ, жолым болған актермін.

− Әріптесіңіз Нұрлан Әлімжан бір сұхбатында «өзімді продюсер ретінде сынағым келеді» деген екен. Өзіңіз де «режиссер болу ойымда бар» депсіз. Белгілі бір актерлік қырын танытып алған соң, көпшілігі режиссер, продюсер жұмысына қызығады. Бұны неліктен деп айтар едіңіз? Әлде табыс көбірек табу үшін бе?

− Режиссер болу кез келген адамның қолынан келе бермейді. Театр сыншыларының айтуы бойынша, мықты режиссер бұрын актер немесе суретші болған адамдардан шығады екен. Дегенмен, актерлік шеберлігі мықты болғанымен, кейбіреулер жоғары деңгейлі режиссер бола алмауы мүмкін. Ал қатарда жүрген жай актерден талантты режиссер шығып жатады.

Жалпы, біраз тәжірибеден өткеннен кейін, адамның ішкі дүниесінде өзіндік бір ой қалыптаса бастайды. Кезінде Шәкен Айманов театрда біраз уақытқа дейін жұмыс жасап, актерліктің біраз шыңына жетіп, елу жасқа келгенде кинорежиссерлікке ауысқан. Қандай керемет дүниелер жасады! Қазақтың кино қоржынында мәңгіге қалатын фильмдер түсіріп кетті. Сол сияқты режиссер болу үшін, шығармашылықпен қатар өмірлік тәжірибе де болуы керек деп ойлаймын. Ал жастайынан режиссер болып, кино түсірдім деген – бос әңгіме. Сондықтан бізге де әлі талай белестерді бағындырып, ішкі ой-толғаныстардан кейін ғана режиссерлікке келген дұрыс.

− Еліміздің шетелдердегі мәдениет күндерінде өтетін концерттерді тек сіз ғана жүргізеді екенсіз. Бірақ өзіңізді телеарналардағы кішігірім бағдарламалардан көрмейміз. Соған қарағанда, деңгейі жоғары шоуларды жүргізуден басқаға көнбейтін сияқтысыз ғой…

− Ондай ойым жоқ. Шығармашылық жолым мені осыған жетелеп алып келді. Астанаға 2009 жылы жаңадан келгенде, жатақханада бес жігіт тұрдық: ол кезде театрдан басқа еш жерде жұмыс істемейміз. Жалақымыз 19 мың теңге болған еді. Ол тамағымызға да жетпей қалатын. Содан тойларға шығып, музыкант та болдым. Жанымдағы досымнан асабалықты үйреніп, той да басқарып көрдім.

Ғани Құлжанов ағамыз ол кезде театрдың директоры болатын. Бір күні хабарласып: «Әділ, сен менің даусымды салып жүретін едің ғой, менің бір хабарларымды жүргізіп берсеңші» деп тапсырды. Ол кісі де мемлекеттік дәрежедегі іс-шараларды жүргізетін. Сөйтіп, ойда-жоқта хабар жүргізуші болғаным бар. Осылай бірте-бірте мемлекеттік деңгейдегі концерттерге іліне бастадым. Кейіннен Қазақстанның АҚШ, Швейцария, Түркия, тағы да басқа елдердегі мәдени іс-шараларын жүргізетін болып кеттім. Бұрын студент кезімде телеарнадағы дикторлардың даусын салып жүретінмін. Шыны керек, жүргізушілікке қалай келгенімді білмей қалдым. Бұл жердегі мәселе төленетін қаламақыда ғана емес, мемлекеттік шарадағы жауапкершілікті сезінесің. Әрине, табыс көзі де ренжітпейді…

− Ендеше «ренжімей жүретін» кездеріңіз көп болсын! Сұхбатыңызға рахмет!

 

Анар ДӘУКЕН,

[email protected]

 

 

 


 

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн