ӘДІЛЕТСІЗ ЕЛДІ берекесіздік пен қылмыс ЖАЙЛАЙДЫ

«Общественная позиция»

(проект «DAT» № 45 (269) от 11 декабря 2014 г.

 

 Қарарда қоғам зары бар

 

ӘДІЛЕТСІЗ ЕЛДІ

берекесіздік пен қылмыс

ЖАЙЛАЙДЫ

 

Бұрнағы күні Алматыда Алтынбек Сәрсенбайұлы атын­дағы қордың ұйымдастыруымен «Әділеттілік және мемлекет жауапкершілігі» деген тақырыпта қоғамдық тыңдау өткен еді. Оған елге белгілі бірқатар қоғам белсенді­лері – Төлеген Жүкеев, Серікболсын Әбділдин, Ғаббас Қабыш­ұлы, Рысбек Сәрсенбайұлы, Евгений Жовтис, Әміржан Қосанов, Сергей Дуванов, Айдос Сарым және басқа да танымал азаматтар қатысып, тақырып аясында егжей-тегжейлі сөз сөйледі. Біз төменде сол қоғамдық тыңдауда қабылданған қарарды жариялап отырмыз. Бұл қарар тыңдауға қатысушы заңгерлерлер, құқық қорғаушылар, саясаттанушылар, БАҚ және зиялы қауым, жұртшылық өкілдері бірауыздан мақұл­дады.

 

Қазақстан азамат­та­ры­ның конституциялық құқының қаншалықты қорғала­тынын, әр деңгейдегі соттар­дың әділеттілікті қалай орнық­тыратындығын біз бәріміз де жақсы білеміз. Бүгінгі қоғамдық тыңдау барысында талқылан­ған мысалдар сот жүйесінің әбден былыққа батқандығын ашық көрсетті. Ата заңымызда «Сот билігі Қазақстан Респуб­ликасының атынан жүзеге асырылатыны және азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бос­тандықтары мен заңды мүд­делерін қорғауды, республика Конституциясының, заңдары­ның, өзге де нормативтік құ­қық­тық актілерінің, халықара­лық шарттарының орындалуын қамтамасыз етуді мақсат етіп қоятыны» анық жазылған.

Бұл талап көп жағдайда ор­ындалып жатқан жоқ. Әсіресе азаматтардың құқықтары мен бос­тандықтарын қорғау жөнін­де. Жоғарғы билік тарапынан болатын саяси тапсырыстарды қалайда орындау қажеттілігі сот жүйесінің жазылмаған заң­ына айналды. Судьялар сот тө­релігін іске асыру кезінде тәу­елсіздігінен айырылды, Конституция мен заңға бағынудың орнына бір адамның төңіре­гіндегілерден түсетін тапсыр­ма­ларға жіпсіз байланып қал­ды.

Мемлекет және қоғам қай­рат­кері Алтынбек Сәрсенбай­ұлына және оның қасындағы серіктері – Бауыржан Байбосын мен Василий Журавлевқа жауыздықпен жасалған қастан­дықты саяси террорлық әрекет ретінде бағалаймыз. Қазіргі және бұрынғы қоғамдық тың­дау­ларда, бұл іске қатысты өт­кен сот процестерінің бәрінде бұл тұжырымның шүбәсіз дұ­рыстығы айқын көрінді. Дәлел­дердің жеткіліктілігіне, заңдық негіздердің сәйкестігіне қара­мастан, құқық қорғау органдары Қазақстан Қылмыстық істер кодексінің 233-бабының 4-бө­лігі бойынша іс жүргізуден бас тартты, жәбірленуші жақтың талабын қабылдамады. Мемлекет және қоғам қайраткерінің (Алтынбек Сәрсенбайұлы – дәл сондай тұлға) саяси қызметін тоқтату, не осындай қызметі үш­ін кек алу мақсатында, қо­ғам­дық қауіпсіздікті бұзу, ха­лықты үрейлендіру мақсатында адам өміріне қастандық жасал­ғанын жұртшылық көріп отыр.

ҚР сенатының бұрынғы аппарат жетекшісі Е. Өтембаевты алдымен қылмыс жасауға тапсырыс беруші ретінде айыптады. Кейіннен жаңадан ашылған жағдайларға байланысты оны қылмысқа итермелеуші ретінде қайта соттады. Қоғам бұған да үлкен күмәнмен қарады. Енді жеті жылы қысқартылған жазадан оны мерзімінен бұрын шарт­ты түрде босату мәселе­сінің қаралуы өте ауыр қыл­мыс­тың астарын аша түсті. Барынша бүркемеленген, біржақ­ты жүргізілген істің шикіліктері шығып жатыр. Мұның бәрі саяси тапсырыспен жасалған тер­рорлық әрекет екендігінің ай­ғағы.

2006 жылғы 11 ақпандағы қасіретті оқиғаға қатысты Тал­дықорғанда, Қаскелеңде өткен сот процестерінде, Жоғарғы сотта істі қараған судьялар сот төрелігін іске асыру кезінде тәу­елсіз болды, Конституция мен заңға ғана бағынды деп айту қиын.

2006 жылғы Шаңырақтағы оқиғаға, 2011 жылғы Жаңаөзен мен Шетпедегі қырғынға қа­тыс­ты соттардың жоғарғы би­ліктің ықпалымен өткендігі бар­шаға аян. Мемлекеттік басқа­рудағы жөнсіздіктерге байланысты туындаған кез-келген наразылықтарды, қарсылық­тарды, азаматтардың келіспеу­шілігін аяусыз басып-жаныштау саясатын ұстанған елде әділеттілік болмайды. Құқық­тық мемлекетпіз деп жариялау жеткіліксіз. Президенттен бастап қарапайым адамдарға дейін заң алдында бірдей жау­аптылықта болуы тиіс. Қағаз жү­зінде қалдырмай, оны іске асыру – мемлекет басшысының төл міндеті. Онсыз президентті азаматтардың конституциялық құқықтарының кепілі санау қи­сынсыз.

Тәуелсіз, еркін ақпарат құр­ал­дарын, оппозициялық ұйым­дарды, қозғалыстар мен бір­лестіктерді, қайраткерлерді, қо­ғам белсенділерін қудалау құралына айналған соттарды саяси тапсырысты орындаушылар қатарына қосуға тура келеді. Саяси қарсыластарына қарсы бұзақыларды да пайдаланатын елде қолдағы, бағы­нышты әрі тәуелді заң саласы қызметкерлерін жұмсау әлде­қайда өркениетті көрінер. Бірақ оның үнемі көрініс табуы, үй­рен­шікті әдетке айналуы өте қау­іпті. Ең алдымен мемле­кеттің өзіне қатерлі. Билік пен байлық үшін бір-бірімен қы­рықпышақтасатындар құқық қорғаушыларды қолшоқпар жасайды. Жоғары шенділер арасындағы шайқастар онсыз да халықтың сенімінен айырыл­ған сот жүйесін, прокуратураны, ұлттық қауіпсіздік, жем­қор­лықпен, қылмыспен күрес ме­ке­мелерін талқандап тынады.

Біздер, қоғамдық талқы­лау­ға қатысушылар, жоғарыдағы мы­салға келтірілген істерде, сон­дай-ақ «Адам бол», «Жұл­дыз­дар отбасы – Аңыз адам» журналдарына, «Трибуна» га­зе­тіне қатысты шығарылған сот ше­шімдерінде жаппай заңсыз­дық­тардың орын алғандығын, әділетсіздікке жол берілгендігін атап айтамыз. Мұндайға еш­қа­шан да төзуге болмайды! Аза­маттардың заңға, заң орындарына, мемлекеттік билікке деген сеніміне орасан нұқсан кел­тірген теріс құбылысқа бүгін тосқауыл қойылмаса, ертең кеш болады. Қателіктерді тү­зетуді, саяси астары бар себептермен адам өмірі қиылған қылмыстардың – Заманбек Нұр­қаділовке, Алтынбек Сәр­сен­байұлы мен Бауыржан Бай­босынға, Василий Жу­равлевқа жасалған қастандықтың ақи­қатын ашуды талап етеміз! Бұл істерді әуел бастан бұрмалаған, жауып тастаған, қылмыс жа­сау­шылар қатарындағы күдікті­лерді, мәселен, Р.Әлиев пен Ә.Мұсаевты және басқаларды қорғаштаған тергеушілер, прокуратура қызметкерлері мен судьялар қылмыстық жазаға тартылуы тиіс! Олардың көп­шілігі әлі де жоғары лауазымды қызметтерді атқаруда. Мұндай масқаралыққа неліктен жол бе­рілгендігін президент халыққа түсіндірсін! Басты тапсырыс бе­рушілер мен орындау­шы­лар­дың жазасын тартар сәт туарына сенеміз.

Саяси тұтқындарға байланысты халықаралық ұйым­дар­дың өтінішін ескеріп, оларды босату қажеттігін еске саламыз!  Тәуелсіз журналистер мен ақпарат құралдарын сот ар­қылы қудалаудың соңы мем­лекеттің ақпараттық қауіпсіз­дігіне орасан нұқсан келтіре­тіндігін, оның сөз бостандығын шектеу, демократиялық мүдде­лер­ден бас тарту болып шыға­тын­дығын қаперге саламыз.

Әділетсіздік орныққан мем­лекетті берекесіздік, қылмыс жайлайды. Ереуілдер мен тол­қулар үдейді. Әділеттің ту ті­гетін жері – сот. Сайқымазаққа айналған қазақстандық сот жүйесін өркениетті елдердің үрдісімен ғана түзетуге болады. Оның жолы – сот билігін дер­бес ету, шын мәніндегі тәу­елсіздігін орнықтыру. Бар би­лікті өз қолына алған бір адам­ның қызметке тағайындауына тәуелді судьялардан әділетті­лікті күту – аспандағы айға қол созғанмен тең.

Біз судьяларды жалпыха­лық­тық сайлаудан өткізуді қа­лаймыз! Еліміздің бүгіні мен болашағы, әділетті қоғам үшін осындай қадам жасауға мін­дет­тіміз!

Алматы қаласы,

2014 жылғы 9 желтоқсан

 

 

Бұл екі арада

Нақты қылмыскер түбінде

ЖАЗАДАН ҚҰТЫЛМАЙДЫ

Астананың апелляциялық сот коллегиясы ҚР сенат аппаратының экс-жетекшісі Ержан Өтембаевты мезгілінен бұрын шартты түрде еркіндікке шығару туралы бірінші сатыдағы сот қаулысын өзгеріссіз қалдырды, деп хабарлады ҚазТАГ тілшісі.

Сонымен бірге апелляциялық сот коллегиясының судьясы Алма Есімова «зардап шегушілердің жеке шағымы қанағаттан­дырылмасын» деген шешім шығарды. «Зардап шегуші тараптың шағымында көрсетілген уәждері бірінші сатыдағы соттың зерттеп және бағалауынан өтті. Зардап шегушілердің ұстанымы Өтем­баевты шартты түрде мезгілінен бұрын босатудан бас тартуға сөзсіз негіз бола алмайды», – деді ол.

Ал сотқа зардап шегушілер тарапынан қатысқан Рысбек Сәрсенбайұлы: «Өтембаевтың түрмеден босатылуына біздің ізгі ниетіміз қарсы емес, оның үстіне ол бұл қанды қылмыстың нақты фигуранты болмағанын біз Талдықорғандағы сотта мәлім еткенбіз, – дейді. – Ал Алтыкен мен оның серіктерін атуға тапсырыс берген қанішерді біз түбінде бәрібір табамыз!».

«D»

 

Республиканский еженедельник онлайн