Суббота , 5 июля 2025

Динара МӘЛІК: ӨЛЕҢНІҢ ӨЗІ әлемнен түскен ПЕРІШТЕ

«Обще­ствен­ная позиция»

(про­ект «DAT» №8 (372) от 2 мар­та 2017 г.

Бей­сен­бі­де­гі бетпе-бет

 


«Бей­сен­бі­де­гі бет­пе-бет» айда­ры­ның кезек­ті қонағы – сыр­шыл поэ­зия өкілі Дина­ра Мәлік өз өлең­дерін интер­нет желілері арқы­лы жари­я­лап, маңай­ы­на үлкен оқыр­ман­дар қауы­мын топ­та­сты­ра біл­ген жаңа­шыл ақын. Оқыр­ман үшін ең қызы­ғы – Дина­ра­мен сұх­бат­та­су бары­сын­да ақын қыздың өмірі мен өлеңін­де­гі ішкі сезім­дері аста­сып кет­кенін білдік.

 

− Дина­ра, сіз өз өлең­деріңізді әле­умет­тік желілер арқы­лы оқыр­ман­дар талқы­сы­на ұсы­нып, поэ­зи­я­ны халы­ққа жет­кі­зудің соны жолын тап­ты­ңыз. Жаны мен рухы нәзік поэ­зия интер­нет тех­но­ло­ги­я­ла­ры­на қан­ша­лы­қты сіңім­ді бола­ды екен?

− Әле­умет­тік желі арқы­лы әрбір жыры­ң­ды жария етіп, жаңа­лы­ғы­ң­ды бөлі­су қан­ша­лы­қты тиім­ді болға­ны­мен, көзі­міз үйрен­ген қағаз бетіне, басы­лым­дарға шыққанға жет­пей­ді ғой. Интер­нет­тің шап­шаң­ды­ғы мен шет­сіз-шексіз кеңісті­гі бол­ма­са, оның бетін­де­гі өлең сияқты нәзік дүни­е­лер оқыр­ман­ның жүре­гіне жетіп жатыр деп айта алмаймын.

 

– Мәсе­лен, сіздің «Фейс­бук­тағы» бір посты­ңыз қан­ша оқыр­манға жетеді?

– Оқыр­ман­ның санын емес, сапа­сын сал­мақтаған дұрыс шығар. «Лүпіл» басу арқы­лы атақты болу ақы­лға сый­май­ды. Ол да бір қары­зға алған қарым­та секіл­ді. Мәсе­лен, жекеңе хат жазып, «маған «лүпіл» басып, пікір қал­ды­ры­ңыз­шы неме­се парақ­шаңы­зда бөлісіңіз­ші» деп өті­нетін­дер көп. Менің әле­умет­тік желі­де тұрақты қол­да­на­ты­ным – «Фейс­бук». Адам­ның ала­сы да, құла­сы да оты­ра­ды бұл жер­де. Өз аты-жөн­дерін жасы­рып, басқа лақап атпен лағып оты­ра­тын­дар да көп. Оны өзіңіз де білесіз… Сон­ды­қтан мен үшін жазы­лған дүни­е­лерім, кей­бір қажет­ті деректер мен сурет­терім­нің қол­жетім­ді әрі сенім­ді жер­де болға­нын қалай­мын. Қапе­лім­де шығар­ма­шы­лы­ғым­ды қажет еткен газет-жур­нал­дарға осы парақ­шам­ды ақта­ра салып, алып бере қоя­мын. Әйт­пе­се ком­пью­тер­де­гі дүни­е­лер­дің сақта­лу ғұмы­ры­на оның өзі де сенім­ді емес. Әр жазған постым қан­ша адам­ның көзіне түс­кенін бай­қап оты­ра­мын. Жылы пікір­леріне риза­шы­лы­ғым­ды да біл­діре­мін. Шыным­ды айт­сам, жазға­ным оқыр­ман­ның ойы­нан шықты ма? – Бұл мен үшін қиын­дау сұрақ. Қалың оқыр­ман­ның пат­ша көңілін сара­лап шығу мүм­кін емес.

 

− Бүгін­де бір жас ақын­ның жаңа жыр жинағы ары кет­кен­де бір мың дан­амен жары­ққа шыға­тын бол­са, сізді апта­сы­на қан­ша адам оқи­ды? Мұн­дай есеп­те­улер шыға­рып көр­діңіз бе?

− Есеп­те­ген емес­пін… Мен­де апта бойы, кей­де айларға созы­ла­тын шығар­ма­шы­лық ойдың тоқы­ра­уы бола­ды. Ондай­да кітап оқу арқы­лы өзім­ді құтқа­рып жүре­мін. Сон­ды­қтан менің жыр­ла­рым­ды қан­ша­лы­қты адам оқи­ды? – Ол жағын дөп басып айту қиын. Бірақ таудай арман­дар арқа­лап жүр­генім­ді біле­мін. Бұл мен үшін үлкен жауапкершілік.

Негізі, ақын-жазу­шы­лар­дың кіта­бы­ның тира­жын көбей­ту мәсе­лесі әде­би­ет қауы­мы ара­сын­да әр жер­де қыл­тиып көтеріліп жүр­ген тақы­рып. Енді шеші­мін таба­мыз деп жатқан­да, мәсе­ленің тұтқа­сын ұстаған билік­те өзгерістер баста­лып кете­ді. Яки бол­ма­са, талап-тілек­тер құбы­ла қала­ды. Мем­ле­кет­тік тап­сы­ры­стың тізі­міне енсең ғана екі мың дана кітап шыға­ра ала­сың. Деген­мен, деме­ушілер табы­лып жат­са, кітап­тың тара­лы­мын көбей­ту өз қолы­ңы­зда. Бірақ бұл басқа әңгіме…

− Деген­мен, кітап болып шыққан жинақты сауда­лау арқы­лы тым құры­ған­да өз қала­мақы­ң­ды өзің табуға аз-маз мүм­кін­дік бар. Ал желі­де­гі өлең­дер­ден қан­дай пай­да түсуі мүм­кін? Ақы­нға да күн көре­рлік нәпақа керек емес пе? Бұл мәсе­лені қалай шешіп жүрсіз?

− Кітап болып шыққан өлең­деріңді сату – мар­дым­сыз тір­лік. Ең үлкен қателік те осы екен. Осы жағ­дай­ды басым­нан кеш­кен­мін: бес кіта­бым шыққанға дей­ін кітап сату­дың соңын­да жүр­дім. Мек­теп дирек­тор­ла­ры­на, оқу орын­да­ры­ның бас­шы­лы­ғы­на, үлкен ұжым­дар­дың жетек­шілеріне өтініш айта-айта жүріп, біраз кіта­бым­ды өткізіп көр­дім. Бірақ бас­шы­лық өз қара­уын­дағы қыз­мет­кер­лер­ге «алсаң да ала­сың, алма­саң да ала­сың» деген тық­па­ла­у­мен өткіз­ген кітап­та қадір қала ма? Ол қыз­мет­кер поэ­зи­я­ны оқи ма, кіта­пқа деген пей­ілі түзу ме – ол жағы маңы­зды емес. Өзің тиесілі тең­гені қал­таңа салға­ны­ңа мәз боласың.

Жал­пы, нәпақа­ны кітап­тан, жазған өлең­дерің­нен іздеп, пай­да­ның соңы­на түсу, әде­би­ет­ті «кәсіп көзіне» айнал­ды­ру – қазір­гі жағ­дай­да ақыл­ды тір­лік бол­май­ды. Арнайы кітап дүкен­дері­мен заң­ды түр­де келісім-шар­тқа оты­рып, кіта­бы­ң­ның біраз бөлі­гін өткізіп қоюға бола­ды. Ізде­ген адам сенің кіта­бы­ң­ды біре­удің тала­бы­мен емес, өз қала­у­ы­мен, поэ­зи­яға деген махаб­бат­пен сатып алады.

Ал желі­ге салы­на­тын өлеңді өзім үшін, ішкі жан тебіренісім­ді, өзім­ді сақтап қалу үшін ғана жаза­мын. Өмір­ден, өлең­нен өзім­ді табу үшін, кей­бір қателік­тер­ден ары­лу үшін, тәу­бе­ме келу үшін жазамын.

 

− Айт­пақ­шы, был­тыр бас­па­дан бір кіта­бы­ңы­здың шыққа­ны жөнін­де Фб-парақ­шаңы­здан оқы­ған едік. Оның өті­мі қалай болды?

− Ол жинағым­ның шығуы­на фило­соф-жазу­шы, бел­гілі қоғам қай­рат­кері Мыр­за­гел­ді Кемел аға­мыз сеп­ті­гін тигізді. Ол аға­тай­ым өзіңіз тиек еткен желі­де­гі жыр­ла­рым­ды жинақтап жүр­ген екен. Кей­ін­нен менің рұқ­са­тым­ды алып, кітап етіп басып бер­ді. Бұл кітап­ты сатқан жоқ­пын: өлең­ге деген өресі биік кей­бір оқыр­ман­да­рым мен таны­ста­рым өздері сұрап алып тұрды…

 

− Жас ақын­дар үшін өлең­дер жинағын жеке кітап етіп шыға­ру мәсе­лесі өте күр­делі екенін біле­міз. Деген­мен де, әріп­те­стеріңіз ара­сын­да үкі­мет­тің жәр­де­мі­мен кітап шығарған­дар бар ма?

− Әрине, бар. Көп десем де бола­ды. Мем­ле­кет­тік тап­сы­ры­спен кітап шыға­ру мәсе­лесі бел­гілі комис­сия мүше­лері мен бас­па­гер­лер­дің талқы­сы­нан өтіп тізім­де­леді ғой. Бұл тұрғы­да менің екі кіта­бым жарық көр­ді. Бұның бір тиім­ділі­гі – мем­ле­кет­тік тап­сы­ры­спен шыққан кіта­бы­ң­ды әр облыс, аудан, ауыл кіта­п­ха­на­ла­ры­нан таба ала­сың. Ыры­с­бек Дәбей, Тоқтарәлі Таң­жа­рық, Құра­лай Омар, Бақыт­гүл Бабаш, Нази­ра Бер­да­лы, Ерлан Жүніс және көп­те­ген жас ақын-жазу­шы­лар осы ілти­паттың жемісін көрді.

 

− Дина­ра, желі­де жари­я­ла­нып жүр­ген сіздің өлең­деріңіз көбі­не­се махаб­бат­тың нәзік сезі­мін тер­бей­ді. Басқа тақы­рып­тар сізді қызы­қтыр­май ма?

− Өзім­нің жаны­ма лири­ка, сыр­шыл­дық сезім иірім­дері жақын. Осы тақы­рып арқы­лы ішкі дауы­сым­ды жет­кіз­гім келеді. Әйел ада­мы­на «ұр да жық» өлең­дер­ден гөрі, нәзік­тік пен бол­мысы­на лай­ық, әйел арма­нын­дай жұм­бақ жыр­лар тән деп білем. Әрине, желі­ге жай­ғасқан­дар­дың көбісі – өзі­міз қатар­лы жастар. Содан болар, жастар­дың жаны­на жақын, махаб­бат тақы­ры­бын­дағы жыр­ла­рым­ды желі­де жиі жари­я­лап тұрамын.

 

− Мәсе­лен, аза­мат­тық лири­ка­ны өнді­ре жазып жүр­ген Нази­ра Ерма­хан өз өлеңін­де қаза­қтың «жан­ды жеріне» тиетін жер мәсе­лесін көтер­ді. Ал сіздің ФБ-парақ­шаңы­здан мұн­дай әле­умет­тік тақы­рып­тар­ды неге көрмейміз?

− Аза­мат­тық тақы­рып­та жазу үшін, өзге­ше ақыл мен пара­сат керек. Аза­мат­тық поэ­зия қызуқан­ды­лы­қты жақтыр­май­ды. Жер мәсе­лесі бол­сын, халы­қтың қабағы­на кір­бің түсіретін кей­бір жәйт­тер тура­лы өз көзқа­ра­сым­ды айта да, жаза да ала­мын. Бірақ затым әйел және ана болған соң, жала­у­ым­ды желбіретіп, оңды-сол­ды жалын­ды жыр жазып, ұран салғым кел­мей­ді. Ұлда­рым­ды рухы мықты аза­мат етіп өсіру­ге, таным-түсіні­гіне мей­ірім­ділік пен иман­ды­лық нұрын құюға барым­ды сала­мын. Қазақ тілін­де сөй­ле­у­ге, қаза­қ­ша ойла­у­ға, қара­пай­ым болу­ла­ры­на көмек­те­се­мін. Ұлтын, жерін сүй­етін, сатқын емес ұрпақ өсір­сем – менің поэ­зи­ядағы аза­мат­тық үнім сол болады.

 

− Жал­пы, сіз «поэ­зи­ядағы аза­мат­тық пафос» деген­ге қалай қарай­сыз? Әлде өлең­ге әле­умет­тік-сая­си тақы­рып өгей ме?

− Жүрек­тен шыққан әрбір өлең – өз әле­мің­нен түс­кен пері­ш­те. Ақын жүре­гі­нен өткен шығар­ма­шы­лық жаны­ңа батқан жағ­дай­лар­да ғана өлең болып туа­ды. Әркім сая­сат­ты өзін­ше қабыл­дай­ды. Өзін­ше жасап ала­ды. Өмір­дің өзі сая­сат емес пе? Мыса­лы, сіздің отба­сы­ңы­здың да өз сая­са­ты бар. Өлең­дерім­де сіз айтып оты­рған сая­си-әле­умет­тік тақы­рып­тар­дың жиі кез­дес­пей­тіні рас. Бірақ жоқ емес.

Менің жаным­ның аппақ пер­десін үлбіре­ген сезім­дер тер­беп жүр. Бұл менің кезеңім шығар… Қазір осы­лай сөй­ле­гісі келіп тұрған жүрек­ке ақыл қонған күні тақы­рып тіз­гіні ауы­сар деп ойлаймын…

 

− Жас ақын­дар ара­сын­да сізді «пуб­ли­ка­ны жақ­сы көреді және сын­ды қабыл­дау жағы кем­шін» деген пікір бар ғой…

− Қазір­гі кезең­де көзі тірі сын­шы­лар­дың ішін­де мықты, ақы­лы кемел, кемең­гер­лі­гі биік сын­шы­лар жоқ. Неме­се олар ілу­де біреу. Сын дегеніңіз біре­удің «жер-жебіріне жету» емес. Сын жазу үшін оның шығар­ма­сы­на деген биік көзқа­рас болу керек. Шығар­ма­ның олқы­лы­ғын көр­сең, автор­ды көр­ге емес, шыңға сүй­рей­тін ақыл айт. Бір өлең арқы­лы емес, бүтін шығар­ма­шы­лы­ғын сіңіріп, автор­дың бол­мысы­на еніп барып сын жазу керек.

Әрине, мен де сын­ды қабыл­дай­мын. Бірақ ол сын өлеңді түсіне білетін, қол-аяғы бүтін жыр­ды бұтар­лап таста­май­тын бол­са. Жұме­кен Нәжі­ме­де­но­втің сын­да­ры қан­дай ғажап! Көп созбай, әдеп­тен озбай, өлең­ге қаты­сты ғана қағи­да­ны қол­данған. Біздің сыни мақа­ла­лар­ды оқы­саң, шығар­маға емес, авторға деген рені­шті, тістеніп тұрған өшпен­ділік­ті көресің. Сынға сын­мен де жау­ап жазып жатқан еке­уа­ра кикіл­жің­дер­ді де оқып жүр­міз. «Өзің диу­а­на­сың, кім­ге пір бола­сың» деген ере­гес сын бола алмай­ды. Қан­дай да бір сын адам­ды түңіл­діру­ден бұрын, түзе­уі керек. Әде­би­ет­те де солай. Сын­ның шыңы биік бол­са, біздің әде­би­ет әле­мі де біраз таза­ла­нып, тара­зы­ла­нып қалар еді. Өкініш­ке орай, қазір­гі жағ­дай олай емес.

 

− Сіздің өлең­деріңіз неге жолы бол­маған махаб­батқа әуес?

− Сіз қалай қабыл­даған бол­саңыз, демек, солай болға­ны. Махаб­бат­та жолым болып, көсіліп жылы өмір сүр­сем, мен қан­дай өлең жазар едім? Ондай аста-төк бақы­тқа кенел­ген жыр оқы­ла­ды деп ойламаймын…

Бірақ сіздің «жолы бол­маған махаб­бат» дегеніңіз ауыр­лау енді. Бір жағы­нан керісін­ше, менің жүрек көзім­ді шел бас­пай, махаб­батқа құмар бол­сам, жан тебіренісін сезі­ну­ге асы­қ­сам – бұл менің поэ­зи­ядағы жолым­ның болған­ды­ғы емес пе? Біре­уді сүйе алмай, сағы­на алмай, жаны жұқа­рып, мез­гіл-мез­гіл ауқат ішіп, киі­мінің түсін өзгер­тіп жүр­се де, көз жана­ры­нан салқын­дық көрініп тұра­тын көп пен­де­лер­ге қараған­да, бұл ғани­бет сезім шығар.

Махаб­бат деген­ді мен бір адам­ды сүй­іп, соны сағы­ну­мен ғана шек­те­мей­мін. Менің әле­мім − махаб­бат, өлеңім − махаб­бат. Өмір сүру­ге ұмты­лған секунд­та­рым, балам­ның көңіл-күй­ім­ді сұраған сәтінің өзі махаб­бат. Менің еске­русіз, еле­усіз өтпе­ген күн­дерім, сағат­та­рым­ның бәрі махаб­бат мей­ірі­мі… Өйт­кені, білесіз бе, әйел адам еле­усіз болу­дан, таса­да қалу­дан, жылы сөз есті­мей қалу­дан қорқа­ды. Өзін-өзі жақ­сы көр­мей, өзіне көңілі тол­май жүр­ген сәт­тер­ден ауыр айқас жоқ. Жүре­гің мен сезі­міңді, сүй­ік­ті болуға асы­ға­тын сүй­кім­ді шақтар­ды сақтау керек.

 

− Сіздің кей­бір өлең­деріңіз интим­нің иірі­міне терең батып кете­ді. Бұл поэ­зи­ядағы өз дауы­сы­ңы­зды іздеу жолын­дағы тал­пы­ныс па?

− Интим­дік жыр деген­ді оқыр­ман әртүр­лі түсі­неді. Біз­де «дем», «құшақ», «ерін» деген тір­кестер кез­дес­се, интим­дік тақы­рып деп түй­е­міз. Мен бар болға­ны шынай­ы­лы­ққа жақы­н­мын. Бұл «атың шық­па­са, жер өрте» деген­нің кей­пі емес. Өмір­ден сезін­генім­ді жазу ғана менің шығар­ма­шы­лы­ғым. Ол шығар­ма­шы­лық қол­дан құра­с­ты­рып, құшаққа қызы­қты­ру емес. Ашы­лып емес, астар­лап жет­кі­зе біл­гім келеді. Әйел әле­мін­де­гі әде­мі сезім­дер мен арпа­лы­сқа түс­кен ақыл­ды, көз­ге көрін­бей­тін сабыр­дың сал­мағы, жан­та­ласқан жан­ның дауы­сы жырым­да анайы түр­де емес, мөл­дір күй­ін­де көрін­се деймін.

 

− Ал енді «газет­ке сұх­бат беріп оты­рған бұл қыз кім?» деген оқыр-манға өзіңіз жай­ын­да не айтасыз?

− 1988 жылы Қызы­лор­да облы­сы, Жалағаш ауда­ны, Мәде­ни­ет ауы­лын­да дүни­е­ге кел­ген­мін. Қазір­гі кез­де Алма­ты облы­сын­да тұра­мыз. Өзім­ді түсі­нетін, ең ақыл­ды «сын­шы­ла­рым» – өз отба­сым­да… Алдағы уақыт­та жаңа жыр­ла­рым­ды топ­та­сты­рып, бес мың тираж­бен өз көңілім мен талға­мым­нан шыға­тын жинағым­ды шығарғым келеді. Үйім бол­сын деп емес, кіта­бым шық­са ғой деген тілек ішін­де­гі тіріміз.

Өзім тура­лы басқа не айтуы­ма бола­ды? Ойла­рым мен отба­сым­нан басқа бай­лы­ғым жоқ. Ойым – менің арман­да­рым­ның орда­сы. Уақыт сені жұбатқа­ны­мен, жыл­дар сені аямай­ды. Сен аял­даған­мен, күн­дер мен түн­дер сені күт­пей­ді. Өлең жазу мен өмір сүру еш тоқта­мауы керек.

 

Сұх­бат­тасқан –

Анар ДӘУКЕН

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн