«Общественная позиция»
(проект «DAT» №06 (277) от 12 февраля 2015 г.
Бейсенбідегі бетпе-бет
Бүгінде ел-жұрт арасында танымал болған «Айтуға оңай» телебағдарламасы қалай жасалады? Оның саясаты мен тақырыбын кім анықтайды? Осы тектес сұрақтарға орай «Бейсенбідегі бетпе-бет» айдарында сұхбат берген телепродюсер Досан ҚЫЗАЙБЕКҰЛЫ өзінің «Айтуға оңай» бағдарламасынан неге кеткенін де сөз етті.
– «Арқада қыс жылы болса, арқар ауып несі бар?» дегендей, біздің естуімізше, сіз «Қазақстан» арнасындағы «Айтуға оңай» бағдарламасынан тектен-текке кетпеген сияқтысыз ғой… Кілтипанның кілтін айта аласыз ба?
– Менің «Айтуға оңайдан» кету себебім – тек жұмыс орнымның ауысуымен ғана байланысты. Дәл қазір Талдықорғандамын. Облыстық «Жетісу» телеарнасына директордың орынбасары қызметіне ауыстым. Басқа ешқандай кілтипан жоқ.
– Ендеше жаңа жұмыс орныңыз құтты болсын!
– Рахмет! Бұл жерде де тың дүниелер жасауға деген талпыныс мол.
– Досан мырза, айтуға оңай дегеніміз болмаса, күн сайын шығатын «Айтуға оңай» бағдарламасын дайындау оңай болмаған шығар?
– Әрине! «Айтуға оңай» аптасына 5 күн қатарынан шығады. Сол бес күнге бір жазғанымызда 10–12 хабар дайындаймыз. Есептей беріңіз, әр хабардың тақырыбына сай кейіпкері мен сарапшы ретінде шақырылатын қонағы бар, жиналатын көрермені бар дегендей. Тақырыпты ашып, соған сай сюжетін жасап, сарапшыны табу оңай емес. Айналып келгенде, қажырлы еңбекті, ізденісті қажет ететін үлкен жұмыс.
– Осы бағдарламаның кезекті тақырыбын кім анықтайды немесе таңдайды? Бұл жөнінде арна басшылығы нұсқау беріп отырушы ма еді?
– Бұл жөнінде арна басшылығынан ешқандай нұсқау жоқ. Басшылықтың міндеті – өзіміз таңдап алған тақырыпты мақұлдап, бекітіп беру. Оның үстіне «Айтуға оңай» бағдарламасына республиканың әр аймағынан жолданған хаттар түсіп жатады. Көпшілігі жеке мәселесі мен тағдырына қатысты жағдайларын айтып, хабарластындары да бар. Солардың ішінен іріктеп, көпшілікке ортақ сарыны бар тақырыпты таңдаймыз.
– Дегенмен, бағдарламаның кейбір шығарылымы шынында да айтуға оп-оңай тақырыпқа арналатынын, әлеуметтік тұрғыда салмағы жоқ мәселелер қозғалатынын мойындайсыз ба?
– Айына 20-22 хабар эфирден өтеді. Енді, өзіңіз ойлаңыз, осы хабарлардың бәрін «шедевр» жасау мүмкін бе? Бір жылда 12 ай болса, қанша бағдарлама түсіріледі: есептей беріңіз. Ал оның бәрі бірдей керемет болуы мүмкін емес. Сондықтан ара-арасында, өзіңіз айтып отырғандай, әлеуметтік салмағы жеңіл тақырыптар болып тұрады. Оның үстіне көрерменнің көңілін құлазытатын ауыр тағдырға қатысты тақырыпты көрсете бермейік деген ұстанымымыз болатыны рас. Қайталап айтайын, «Айтуға оңай» тұрмыстық-әлеуметтік мәселелерге арналған ток-шоу, демек, кезекті бағдарламалар да сол сұранысқа сай жасалады.
– Мәселен, қазіргі экономикалық дағдарыстың жағдайын түсіндіріп, тым құрығанда, халыққа басу айта алатын тақырып неге қозғалмайды? Соған қарағанда, бағдарламаның тақырыптық форматына арна басшылығы тарапынан ішкі цензура жасалатын сияқты ғой…
– Бұған арна басшылығының ешқандай қатысы жоқ. Негізінде, арнада экономика жөнінде әңгіме қозғайтын «Айтуға оңайдан» басқа да бағдарламалар жетерлік. Экономика саласы біздің бағдарламаның форматына, бағытына сай келмейді. Сіз біздің бағдарламадан экономика төңірегінде қозғаған тақырыбымызды көрдіңіз бе?
– Көрмедік, бірақ көргіміз келеді. Мәселен, Астана іргесіндегі Қоянды мәселесіне орай «Қамшы.кз» порталында жазылған бір материалға қалдырған оқырман пікірінде: «Ұлттық арна пульттік арнаға айналды» деген пікірді көзіміз шалып қалғаны бар. Оның бер жағында екінің бірі айтатын – отандық арналар асыраушыларының тапсырмасын ғана орындайды деген пікірді ескерсек, сол жақтың біз білмейтін біраз жырына қанық журналист ретінде бұған сіз не айтар едіңіз?
– Шындығына келсек, біздің ұжымның басты міндеті – хабарды дайындап беру. Ұлттық арнамен біз тек жұмыс бабындағы ғана әріптестерміз. «Қазақстан» арнасы – тапсырыс беруші, біз – орындаушы. Бар мәселе – осында. «Айтуға оңайды» жасайтын жеке бір компания. Ұлттық арнаның ішкі саясаты жөнінде пікір айтуға біздің құқымыз жоқ. Жалпы, бұл сұрақтарыңызды сол телеарнаның қызметкерлеріне қойғаныңыз дұрыс болар еді.
– Жуықта бағдарлама жүргізушісі Бейсен Құранбек «Айтуға оңайды» меншігіне алыпты деген сөз шықты, мемлекеттік арнада мұндай жағдай мүмкін деп ойлайсыз ба?
– (Күліп) Ұлттық арнаның тапсырысын ғана орындайтын адамның біреудің мүлкін жеке меншігіне алуы мүмкін бе? Заңды тұрғыда ондай рәсім жасау тіпті де мүмкін емес.
– Досан мырза, бүгінгі продюсерлер теледидар мен шоу-бизнестің құдайы дейді, осы тым асыра айтылған сөз емес пе?
– Шыны керек, өзімді теледидар мен шоу-бизнестің құдайы деп есептемеймін. Әр продюсердің деңгейі әртүрлі. «Айтуға оңайдың» продюсері болсам да, өзімді ешқашан құдайдай сезінген емеспін. Керісінше, мұрнымнан шаншылып, қалай да хабарды әдемі ету, көрермен көңілің табу деген мәселені ойлап, ұжыммен бірге зыр жүгірдім. Басқа хабарлардағы продюсерлер өздерін қалай сезінетінін білмеймін. Өзім ала таңнан қара кешке дейін кәдімгі қатардағы журналистермен бірігіп, ұйымдасып, жұмыс атқардым. Жалпы, «Айтуға оңайда» қызмет жасау – шахтада көмір қазғанмен бірдей.
– Мемлекеттік телеарналардың ұлтқа қызмет ету мүмкіндігін «рейтинг» деген бәлекет тұсап тұр деген мамандар пікіріне недей уәж айта аласыз?
– «Рейтинг» кедергі дейсіз бе? Рейтинг деген ол жасалған дүниеңнің көрсеткіші ғана ғой: оның ұлтқа қызмет етуге не кедергісі барын түсінбедім…
– Оның түсінбейтін несі бар? Мәселен, ұлттық салт-дәстүрге қатысты немесе дәстүрлі әндерге байланысты бағдарламалар көрермен арасынан жоғары рейтинг жинауы өте қиын. Бірақ ондай бағдарламалар елге, қазаққа танымдылық тұрғысында өте қажет. Ал рейтингісі төмен болған соң, ол бағдарлама ұлттық мұраға қажет болса да, оны арна басшылары эфирден алып тастайды. Осыдан ұлттық мүдде опық жейді. Біздің білмегіміз осы мәселенің астары ғой…
– Расымен де, ұлттық салт-дәстүрге қатысты немесе дәстүрлі әндерге байланысты бағдарламалар жеткіліксіз. Бірақ оған рейтинг қана кедергі ме екен? Егер сол хабарлар өз деңгейінде жасалса, оны эфирден алып тастауға кімнің дәті барар еді? Қазір әркім өзінше жан баққан уақыт. Телеарналарға да табыс табатын жобалар қажет. Нарық заманында осындай ережемен келісуге тура келеді. Сондықтан «эфирден алып тастайды» , «рейтингі жинай алмайды» деп, етегімізді жасқа толтыра бергенше, әрекет жасаған жөн деп ойлаймын. Біздің жыртығымызды сырттан келіп ешкім жамап бермейді.
– Жалпы, қазақстандық орталық телеарналардың ортақ кемшілігі деп қандай кінаратты атай алар едіңіз?
– Отандық арналардың ортақ кемшілігі – арзан күлкіге құралған әзілкеш бағдаламалардың шектен тыс көбейіп кеткені. Бүгінгі күні сол жеңіл әзілге құралған бағдарламарды қысқартса деймін. Өзіңіз айтқандай, халық тамашалап көретін, ұлттық бағыттағы бағдарламалар мен балаларға арналған мультфильмдер, ұлттық бағыттағы киноларды көбейту керек. Шын мәнінде, бізде сырттан келетін өнімдер, айталық, шетелдің түрлі сериалдары, шоулары, бағдарламалары көбейіп кетті. Түрік, корей, үнді телехикаяларының орнына өзіміздің өнімдерді көбейтсе, дұрыс болар еді. Әйтпесе жат елдің мәдениеті жастарға, әсіресе өскелең ұрпаққа зиянын тигізетіні жасырын емес. Ал сол өзгенің сериалдары мен хабарларын көріп, өгей мәдениетті сіңіріп өскен ұрпақ келешекте кім болады? Әлбетте, бұл үрдіс жақсылықтың белгісі емес.
– Айтқан мәселелерге ой-пікір білдіргеніңізге рахмет!
Жансая ЕРТАЙ,
«D»