Суббота , 5 июля 2025

ЕҢ АЛҒАШҚЫ МАҚТАУ(Ертегі)

«Обще­ствен­ная позиция»

(про­ект «DAT» №44 (361) от 01 декаб­ря 2016 г.

Уақыт уыты


Ықы­лым заман­да Көк­жай­лау деген жер бар екен, сол жер­ді мекен еткен Көн­біс деген ел бар екен. Ол елді билей­тін Дүдә­мал деген хан болып­ты. Бір қызы­ғы – ол кез­де біре­уді мақтау һәм жаман­дау деген бол­мап­ты. Дұры­сты – дұрыс, бұры­сты – бұрыс деп өмір сүріп­ті жұрт.

Бір күні ерік­кен хан – енді не мақтау, не жаман­дау бол­ма­са, ерік­пей қайт­сін, еліне жар салыпты:

– Кім­де-кім менің кім екенім­ді, қан­дай адам екенім­ді беті­ме бүк­пе­сіз айтар бол­са, ол айтқа­ны бұл­жы­май­тын дәлелі бар шын­дық бол­са, онда мен… онда мен қызым­ды соған бере­мін! (Енді ол хан ғой, қызын қан­шаға бер­гісі кел­се, сон­шаға береді де!).

Бұл жар­лы­қты есті­ген ел сарай­ға лап қояды. Апыр­май, енді ханға күй­еу бала бол­са, Көк­жай­ла­удың бір пұшпағы соны­кі емес пе?! Көр­ші елден де небір сұңғы­ла­лар сапы­ры­лып келе бастай­ды. Сулы жер­ден Жела­яқ, шулы елден Саққұлақ, қулы жақтан Тау­соғар дей­сің бе – құдай-оу, хан сарайы шетел­дік­ке лық тола­ды. Шын­дық айту жабық есік артын­да, хан­ның Шибұт, Жарғақ­бас, Қыл­кеңір­дек деген уәзір­лерінің, сарай ақын­да­ры мен орда­ның оқы­мысты­ла­ры, зын­дан басты­ғы мен жен­дет­тер­дің ғана қаты­суы­мен өте­ді. Сырт­тағы жұр­тқа ұзын құлақ арқы­лы «үміт­кер­дің басы шабыл­ды», «үміт­кер зын­данға қамал­ды», «үміт­кер­ге дүре соғыл­ды» деген сияқты ақпа­рат­тар ғана келіп жатады.

Сарай іші жым-жырт. Алды­ңғы­ла­ры­ның тағ­ды­ры анау болға­сын, соңғы­ла­ры не айта­рын біл­мей. дал болып, кей­біре­уі кел­геніне өкініп, күміл­жіп тұр.

Тыны­шты­қты хан бұзады:

– Тағы кім бар?

– Мен бар! – деп, бір жас бала атып шыға­ды. Бала­ның аты жоқ, бала деген соң – бала. (Ол кез­де мет­ри­ке бер­мей­тін шығар, дәкү­мент сұра­май­тын шығар – сөзді бөл­мей, ары қарай тыңдаңыз).

– Ойпыр­май, бұл қай бала? – деді Дүдә­мәл хан.

– Дүба­ра хан жіберді –

бақ сына деп,

Сәлем айт Дүдәмалдай

жақ­сы­ға деп.

Өз еркім­мен мойнымды

иген екем,

Жен­дет­тің қылышының

асты­на кеп,

– деп, балаңыз періп қалады.

– Мына­уың шешен ғой ағып тұрған! – деп хан таңданады.

– Иә, тілі тас жара­ды! Әй, «сұңғы­ла жары­мес», не өнерің бар?! – деп қостай­ды Шибұт уәзір.

Бала тұрып:

– Мен­де қай­бір өнер бол­сын, қой соңын­да сал­пақтап жүрем, жалғыз шешем бар, соған қарай­лаған бір бай­ғұс­пын. Бар біл­генім – өтірік айта алмай­мын, тек шын­ды­қты айта­мын. Содан сор­лап жүр­ген жанмын…

– Өй-дөйт деген ай! Тек шын­ды­қты ғана айта­мысың? Мына­уың кере­мет қой?! Қане, айт­шы бір шын­ды­ғы­ң­ды? – деп хан жұтынады.

– Не жайлы?

– Не жай­лы болу­шы еді?! Мен жайлы!

– Рен­жіп қал­май­сыз ба? – дей­ді бала қасқайып.

– Әй, әй, бала, абай­ла! – деп, Жарғақ­ба­стың бір жері лүп ете қалады.

– Шын­ды­ққа адам рен­жу­ші ме еді? Қане, жібер шын­ды­ғы­ң­нан! Тың­дай­ық! – дей сала­ды хан ием.

– Онда,.. онда, өз оба­лы­ңыз өзіңіз­ге, Хан ием, мен ескерт­тім, тек шын­ды­қты айта­мын! Бетің-жүзің демей­мін, сой­ып салам!

– Ақы­рын­дап, сәл-пәл жұқар­тып айт, өлгің кел­ме­се… – деп, Шибұт сыбыр ете қалады.

– Не деп жатыр мына бала? – деп, Саққұлақ құлағын жай­ып салады.

– «Шын­ды­қты» айтам дей­ді! – деген Тау­соғар­дың үрей­лі үні шығады.

– Ұрлы­қты?

– Иә, дәл соны!

– Күрек бар ма жақын ара­да? – дей­ді Желаяқ.

– Оны қайтесің?

– Мына бала­ның көрін қаза берей­ік дегенім ғой, бекер тұрғанша…

– Оу, бас­та­саң­шы енді! – деп хан­нан сабыр кетеді.

Бала бір жөт­кірініп ала­ды да:

– Хан ием! Егер шынын айтар бол­сам, мына Сіз,.. (айна­ла­дағы­лар бүрісіп, құлақта­рын жауып, көз­дерін жұмып жатыр)… Мына Сіз, барып тұрған, көзі­ме айт­ты деп рен­жі­сеңіз – өзіңіз біліңіз, мына Сіз дүни­е­де­гі ең… (біре­улер жылап, біре­улер үрей­лі дауыс шыға­рып жатыр)… дүни­е­де­гі ең мей­ірім­ді адамсыз!

Жұрт «Уһ!» деп қалады.

– Өй, шын­шы­лым сол! – деген Жарғақ­ба­стың жарқын дау­сы саңқ етеді.

– Соңғы жағын тағы бір қай­та­лап жібер­ші?! – деп, хан өтініш жасады.

Бала қай­тар емес:

– Рас айтам, мей­ірім­дісіз! Соны­ңыз дұрыс па? Хан аты­ңы­зға лай­ық емес қой!

Жұрт қай­та­дан тына қалады.

– Хан деген ептеп қаһар­лы болуы керек емес пе?! Ал Сіз бол­саңыз, Хан аты­ңы­з­бен тұнып тұрған мей­ірім­сіз! Не көрін­ді Сіз­ге? Мұны­ңыз не? Мына мен сияқты кедей-кеп­шік­ті төріңіз­де тай­раң­да­тып қой­ған­ша, ит қосып қуу керек еді ғой! Жоқ, Сіз өзіңіздің мей­ір, шапаға­ты­ңы­з­бен мені де құр­мет­ті қонақтар­мен тең­дей күт­келі жатыр­сыз! Апыр­май, бұл дегенің масқа­ра ғой!

Сосын Сіз бар ғой, барып тұрған… (көп­шілік іше­гін тар­тып, қатып қалады)

…барып тұрған, қалай айт­сам екен, нағыз тең­десі жоқ данышпансыз!

– Дәл осы жерін қат­ты­рақ айт­шы?! – дей­ді Хан, өзіне тіке айты­лған шын­ды­қтан жер­ге кірей­ін деп тұрып.

Бала шеге­леп тұрып айтады:

– Даны­шпан­сыз! Ұят емес пе мұны­ңыз?! Қаза­қтың қай ерте­гісін­де хан­ның миы істе­уші еді. Оу, ептеп ақы­мақтау бола салуға бола­ды ғой! Жоқ, Сіз ақы­лы­ңы­здан алжас­пай­сыз! Теңді – теңі­мен, тезек­ті – қабы­мен демей, қызы­ңы­зды айт­ты­руға кел­ген қан­ша­ма хан­за­да­мен мені тең баға­лап, әуелі сын­нан өтсем, қызы­ңы­зды жетек­тетіп жібер­гелі тұр­сыз! Масқа­ра ғой мұны­ңыз! Сосын Сіздің ең масқа­ра қылы­ғы­ңыз… – дей бергенде:

– Жоқта­удың сөзі бар ма сен­де? – деп Жела­яқ Тау­соғар­дан сұрайды.

– Бар, міне. Минуспен айта­сың ба, плюспен бе?

– Жибой айтам, – деген Жела­яқтың дау­сы діріл­деп шығады.

– Жана­за шыға­ра ала­тын біреу бар ма екен? – деген Саққұлақ сарай­ды көз­бен сүзіп шығады.

– Сіздің ең сорақы қылы­ғы­ңы­зды айт­пай тұра алмай­мын, Хан ием! – деп, ана жүгер­мек әрі қарай жалғай­ды… (жұрт­та ес жоқ, әлсіз­дер талып жатыр)… Сіздің адам төз­бес, ел шыда­мас тағы бір кемшілігіңіз…

Жела­яқ шыда­май, жоқтау айта жөнеледі:

– Әуелеп ұшқан дуадақ,

Көбе­лек­ті қуалап,

Шын­дық айтып нең бар ед –

Өлдің ғой сен, ой, дурак!

– Марқұм-ай, жақ­сы бала еді, жастай кет­ті-ау! – деп Саққұлақ солқыл­дап тұр.

Тау­соғар жоқта­уды жалғайды:

– Ауы­лың сенің іргелі,

Етек-жеңің түр­мелі.

Шын­дық айтып несі бар –

Жал­ты­рап жүріп бір жері!

Бала шімірі­гетін емес, нақ сөй­леп тұр:

– Сіз,.. Сіз – әлем­де­гі ең,.. ең… әділ хан­сыз! Иә, иә, әділсіз!

– Ибай-ай, мына бала сой­ып сал­ды-ау! Соңғы­сын, мына биік­теу жер­ге шығып, тағы бір айт­шы, басқа­лар дұрыс естісін! – деген Хан­ның сөзі әрең шықты.

– Сіз әділ­сіз! Өзге хандар бар­мақ басты, көз қысты жасап, елдің бер­ген үлдесі мен бүл­десіне қарап, адам­ды баға­лап жат­са, Сіз өйт­пей­сіз! Қолы­ңы­зға қара бақыр бер­ме­ген мені хан­ша сый­лап, қар­сы ала­сыз! Оны­ңыз не?! Есті­ген жұрт­тан ұят емес пе? Енді мені, мына қу кедей мені, күй­еу бала дегіңіз келіп отыр! Мұн­дай әділ­дік­ке қалай төзе­міз?! Төзе алмай­мыз! Шыдам­ның да шегі бар, шын­дық – осы, Хан ием! Мен айт­пай тұра алма­дым, арғы жағын өзің біл! Шаба­мын десең – міне бас!

Тым-тырыс тыны­штық.

Өмірі мұн­дай шын­дық есті­ме­ген Хан кем­сең­деп тұр. (Айы­бы­ңы­зды бетіңіз­ге бас­са, сіз қай­тер едіңіз?).

– Ойпыр­май, мынан­дай аяу­сыз, ащы шын­ды­қты өмірі есті­ген емес­пін! Қам­шы­дай осып түсті ғой! Бет­пе-бет келіп, маған шын­дық айтқан адам­ды тұңғыш көріп отыр­мын! Қайт­сем екен?! – деп, хан­ның тізесі діріл­деп, өзі кем­сең­деп кетті.

– Зын­дан­да шірітейік!

– Жоны­нан тас­па тілейік!

Хан­ның ама­лы құры­ды. Өксі­гін баса алмай, әрең сөйлейді:

– Жоқ! Бұл бала­ның айтқа­ны ащы бол­са да – шын­дық! Осын­ша­ма жыл жаным­да жүріп, қай­сысың осы бала­дай менің кем­шілі­гім­ді беті­ме баса алды­ң­дар? Есең­гіретіп, еңсем­ді басып таста­ды ғой… Уәдем – уәде! Бер­дім қызым­ды осы­ған! Өз тәлей­і­нен көре жатар!

Жұрт шу ете қала­ды. Сарай­дағы бұл әңгі­ме бір­ден сыр­тқа тарай­ды. Хан сарай­дың алды­на бар халы­қты жиып, кешірім сұрайды:

– Ал, халқым менің! Мына бала­ның беті­ме айтқа­ны­ның бәрін мой­ын­дай­мын. Рас, ондай кем­шілік­терім бар, Хан бол­сам да, пен­де­мін ғой мен. Егер қай­сы­біріңді сол мей­ірім­ділі­гім­мен, даны­шпан­ды­ғым­мен кем­сітіп, әділ­ді­гім­мен рен­жіт­кен бол­сам, кешірім өті­нем, асыл халқым! Өзім­нің артық кетіп бара жатқа­ным­ды мына бала бол­ма­са, тіп­ті аңғар­май бара­ды екен­мін. Көзім­ді ашқа­ны­на рах­мет! Менің мей­ір-шапаға­тым­нан шапа­лақ жеген­дерің бол­са, айы­пқа бұй­ыр­маң­дар! Қай­тей­ін, ана­дан солай туға­сын?.. Сүт­пен біт­кен мінез сүй­ек­пен кете­ді де… Кешіріңдер!

– Апыр­май, халқы­ның алды­на шығып, кінә­сын мой­ын­даған нет­кен даны­шпан еді!

– Халқы­на бас иіп, кешірім сұраған нет­кен кіші­пей­іл еді!

– Осын­дай ханы­мыз бар біз бақыт­ты­мыз ғой!

– Сіз­де еш кінә жоқ, Сіздің қадіріңіз­ге жет­пей жүр­ген бізді аямау керек! – деп, дүй­ім жұрт еңіре­ген­де, етек­тері жасқа толыпты.

Осы балаға дей­ін ханға кім­нің не айтқа­ны бей­мәлім күй­ін­де қалып­ты. Ал мына бала­ның шыңғыр­та айтқан шын­ды­ғын сарай шебер­лері тасқа басқан екен, содан біз­ге дей­ін жетіп­ті дей­ді. Ең алға­шқы мақтау жай­лы тасқа басы­лған заң­ды дәку­мет осы деп жүр ғой ғалым­дар. Уот, тәк!

Ал ең бірін­ші жаман­дау қалай шыққа­нын келесі кез­дескен­де айтармын…

Асқар НАЙМАНТАЕВ

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн