ЕЛ БОЛАМ ДЕГЕН ЕЛ «инглиштан» бұрын,«ӘЛІППЕНІ» ОҚЫТАДЫ

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №13 (377) от 06 апреля 2017 г.

 

Басқа пәле – тілден…

 

 


 

Халықты шөлді жердің масасы сияқты шуылдата беру көбейіп барады. Бұл жақсы үрдіс емес. Тіл төңірегіндегі тақырып та «тілін тартатын» түрі жоқ. Тыныш отыра алмадық. Пікірімізді тыңдар құлақ болса! Иә, Абай «Дүниенің кілті – орыста» деп айтып кетті. Тамырынан ажырамай, әлемдік өркениетке ілесу үшін осылай сілтеді. Халқының қамын ойлайтын білімді қазақ осылай айтса керек. Ал енді қазір «Дүниенің кілті – ағылшынға» ауысқанын мойындамасақ, білгеніміз қайсы?!

 

Бірақ Білім және ғылым министрлігінің позициясын құптай алмаймын. «Шаш ал десең, бас алатын» принциптен арыла алмай-ақ қойдық. Әлі социалистік «подходтан» әрі аса алмай отырғанымыз жанға батпай қоймайды. Министрліктің қазіргі позициясы Сталиннің коллективтендіру саясатымен пара-пар саясат екенін байқау қиын емес. Барлық қазақты ағылшынша өлсең де сайрата алмайсың. Бұл – барып тұрған прожекторизмнің классикалық үлгісі. Неге?

Негесі сол – қазір заман басқа, заң басқа. Қазір – коллективизмнің дәуірі емес, индивидуализмнің дәуірі. Биліктің кез келген саясаты нарықтық экономиканың канондарына негізделуі керек. Жоспарлы экономиканың заңдарын ұмытатын кезіміз жеткен жоқ па? Осы заңдылықты ескермей, алашапқын бола берудің не жөні бар еді?

Мына заманда қай қазаққа ағылшын тілі ауадай қажет – олар биліксіз де меңгеріп жатыр. Қазақ халқының ұл-қыздары соншалықты ақымақ емес. Өмір мен заманға бейімделудің шартты рефлексі баяғыда-ақ қалыптасқан. «Болашақ» бағдарламасымен оқып келгендерді былай қойғанда, елімізде жүріп-ақ қазіргі жастар ағылшын тілін меңгеруге маңыз бергенін көз көріп отыр. Индивидуальды түрде. Мәселеге осы тұрғыдан қарауды мақұлдау керек. Керек десеңіз, билік осыған ықпал жасауы қажет.

Ал енді орта мектепте ағылшын тілін жаппай оқыту дегеніңіз – абсурд. Ойбай-ау, біз әлем көшіне ілескен жұрт болғанымызбен, өзінің территориясы бар, бекітілген шекарасы бар, тілі бар, ділі бар, салт-дәстүрі мен бір басынан асып жатқан байлығы бар Қазақ деген ел емеспіз бе?! Осы елді көркейту үшін жаппай «инглиштендірудің» қажеті бар ма? Жоқ. Өйткені біз ең алдымен қазақ екенімізді ұмытпай, осы жерді ұлы мемлекетке айналдырумен айналысатын адамдарды дайындауымыз керек. Ол ең алдымен қазақ тілі арқылы жүзеге асырылуы тиіс.

Ал мына жаппай «инглиштендіру» саясаты барлық қазақты АҚШ пен Батысқа гастербайтерлікке жіберу мақсатын қойып отырғандай әсер қалдырады. Бұдан басқа мақсат көріп тұрған жоқпын. Елдің ішінде ешкім қалмаса, мемлекетіміздің атын ұмытып қалмаймыз ба? Елдің ішінде еңбек ету үшін ағылшын тілін білмесек, арам қатамыз деп кім айтып жүр? Маразмның нақ өзі!

Ел болатын елдің шаруасы бұлай болмаса керек. Ел болатын ел елдігіне қам жейді. Ел болатын ел ең алдымен елдің ішін қалай ретке келтіремін деп қайғы жейді.

Сондықтан да қазақ тілін бейшара қылып көрсеткенді толық және түпкілікті қою керек. Немересін «Жапырағым менің» деп еркелететін аталар азайып кетті. «Пәленшені жер жұтып кетті ме, көзіме түспейтін болды ғой» деп, астарлап сөйлейтін қазақ азайып бара жатыр. Екі мағынаны «четный-нечетный» деп, бір сөзбен әрі-бірі қайталап айтатын орыс тілінен сорлы емеспіз. Құдайға шүкір, «жұп-тақ» деп тақылдап тұрған тілді жұтаң деп жүргендердің өздері бейшара!

Әлі күнге дейін оқу процесін «АБВГДЕЙКА» принципімен жүргізіп отырған БҒМ қазақ тілін оқытудың элементарлық мәселелерімен айналысқаны жөн дер едім. Кез келген ұлы іс кішкентай нәрседен басталатынын басымыздан шығармайықшы, ағайын!

Осы бізде, пән демей-ақ қойдым, дисциплина бар ма «Дыбыстану» деген? Қазақ тілінің құдіретін білу үшін ең алдымен әріпті емес, дыбысты оқыту керек. Дыбысты дұрыстамай, сауатты қазақ болу мүмкін емес. Бірінші сыныпқа барған балаға «Әліппені» оқытқанда, ең алдымен дауысты дыбыстағы әріптерден бастап оқыту керек.

 

P.S. Постскриптумды білетін қазақ білгісі келсе, ағылшыншаны өзі-ақ біліп алады. Don’t panic! Туын сүйгенде ғана еңкейетін қазақты жаппай «инглиштендіру» тізерлете алмайтынын біліп тұрмын. Өйткені кез келген саясат халықтың санасынан өткенде ғана жүзеге асатынын БҒМ ұмытпауы керек. Ұмытпағаның не, есінен шығармауы тиіс!

Шархан ҚАЗЫҒҰЛ

 

 

 

 

ОРЫСТЫҢ ТІЛІ – БИЛІКТІҢ ТІЛІ


 

Рас, орыс тілі бізде орыс диаспорасының ғана емес, биліктің тілі. Билік болғанда, алдымен «үлкен отбасының» тілі. Осыны билік пен «үлкен отбасының» мойындайтын уақыты жетті. Бірақ билік әрнені сылтау етіп, орыс тілінің қажеттілігін айтудан танар емес.

 

Ілгеріде, 90-жылдары президенттің өзі бастап: «Үй өзімдікі демегін, үй сыртында кісі бар», «Жасы ұлғайған адамдарға тілді қыстап үйретудің қажеті жоқ», «Орыс тілі көп ұлтты Қазақстанда ұлтаралық тіл қызметін атқарады», т.б. дегенді үнемі ескертіп отыратын. Билік әлі де сол сөзін қайталаудан жалықпай келеді.

Алайда бұның бәрі осы күні ескірген аргумент. Өйткені «үй сыртында кісі бар» екен деп, жылдар бойы үндемей отыра беру, сыпайылап айтсақ – ұят. Бұл үнсіздік көршінің қас-қабағын баққан үнсіздіктен гөрі, қорқақтықты, қосүрей болып сорлаған сорбақтықты білдіреді. Екіншіден, Қазақстан Тәуелсіздігін жариялағанда, қазақ тілін үйрене алмайтын үлкендер: қарттар, шал-кемпірлер қазір таусылып бітті. Қазір олардың орнын мемлекеттік тілді үйренгісі келмейтін нигилист буын басты. Олар кешегі жастар еді. Олар қазақ тілінде сөйлеп үйренуді кеше бастағанда, бүгін сайрап тұрар еді. Жоқ, қазақ билігі қазақ тілін оларға қасақана түрде үйретпеуге тырысты, сөйтіп орыс тілін өз мүдделері үшін (билік пен байлықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін) сақтап қалды.

Әйткенмен де, Қазақстанда орыс тілінде сөйлейтін орта азайып барады. Орыс тілінің негізгі иесі – орыс диаспорасы біздің елдегі халық санының 26,1 пайызын әрең құрап отыр. Өзгелері қазаққа қаны да, тілі де жақын түркі елдері. Олар ешкімнің бұйрығынсыз, пәрменінсіз қазақ тілінде сөйлеп кетті. Сонда аз ғана санды диаспораның (26,1 пайыз орыстың) тілі қалайша ұлтаралық тіл болып қалады?

Көрдіңіз бе, «орыс тілі көп ұлтты Қазақстанда ұлтаралық тіл қызметін атқарады» дейтін биліктің бұрынғы аргументі де ескірген, ештеңеге жарамайтын, істен шыққан аргумент. Бірақ сонда да орыс тілі тұғырынан таяр емес. Өйткені бұл тілде ешкім бетінен қақпайтын, қарсы келмейтін, көлденең уәж айтпайтын билік сөйлеп отыр.

Өткенде бір топ қазақ зиялысы Конституцияның 7-бабының 2-тармағын алып тастауды талап етті (сілтемеге қараңыз: http://abai.kz/post/view?id=12843). Бұл талап осыдан алты-жеті жыл бұрын да күн тәртібіне қойылған болатын. Алайда ондай талапқа биліктің бүйрегі бүлк етіп, сирағы сылқ еткен жоқ. Тіпті елең қылып қоймады да. Себебі ақ жағалы ұлықтар, шенеуніктер армиясы «ресми тілден» айырылғысы келмейді. Бұл тілден айырылса, олар биліктен де айырылатын сияқты. Өйткені бүгінгі шенеуніктер, әсіресе үкіметтегілер, әкім-қаралар қазақ тілді мамандармен бәсекелесе алмайды. Осыны жақсы білгендіктен, бәрі жабылып, қазақ тілінде сөйлейтін ортаны биліктің маңына жуытпауға күш салуда. Сөйте тұра, елді алдап, алдарқатып қоюды да ұмытпайды.

Қайтіп дейсіз ғой? Орындалуы беймүмкін бағдарламалар арқылы. Мәселенки, 2011–2013 жылдары іс-қағаздары мемлекеттік тілге көшуі керек болған. Бұны ресми билік 2009–2010 жылдары айтты. Айтты да қойды. Енді 2020 жылы Қазақстан халқының 90 пайызы қазақ тілінде сөйлейді деп жүр. Онысы енді рас. Қазірдің өзінде бұл жоспар орындалып үлгерді.

Жөн делік, халықтың 90 пайызы 2020 жылы қазақ тілінде сөйлеп кетсін, сол кезде билік, анау «үлкен әулетке» мүше іскер, табыскер бизнесмен жастар сөйлей жөнеле ме? Жоқ. Сөйлемейді. Конституциялық реформа кезінде бұл жайт әсіресе байқалды. Неге десеңіз, билікті заң шығарушы орган мен үкімет арасында бөлістің нақты көрінісі мемлекеттік тілден басталуы керек еді. Себебі мемлекеттік тіл дегеніміз – алдымен қазақ халқы. Ал қазақ халқы биліктің ісін бақылаушы, бағалаушы, пәрмен етуші күш болуы керек. Осыны ескертіп, зиялы қауым президенттен бастап, барлық билік өкілдеріне ашық хат жазды. Ашық хат, әрине, әдеттегідей жауапсыз қалды. Демек, тіл мәселесінде биліктің шексіз үстемдігі осылай жалғаса бермек. Сөздің қысқасы, бүгінгі жүйе, бүгінгі билік түбегейлі өзгермей, қазақ тілінің басындағы хәл де өзгермейді.

 

Шәріпхан ҚАЙСАР,

Abai.kz

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн