ЕЛДЕГІ ДӘРМЕНСІЗ ЖАҒДАЙҒАІШІҢ ҚАЗАНДАЙ ҚАЙНАЙДЫ…

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №44 (361) от 01 декабря 2016 г.

 

ДАТ!

 


 

 

Кешелі бері Алматы қалалық Ішкі істер департаменті шарық ұрып, бұған дейін әртүрлі наразылық акцияларына қатысқан бірнеше белсендіні іздестіру үстінде. «Қолға түскендерін», мәселен, Құрал Медеуов пен Сүйіндік Алдабергеновті полиция қызметкерлері департаментке айдағандай етіп алып барған. Ал Марат Уатқан, Қуат Күнболатов және Асхат Берсалимовке шақырту тапсырған.

Ескерте кетейік, азаматтық белсенділер Құрал Медеуов, Сүйіндік Алдабергенов пен Асхат Берсалимов қазанның 23-і күні Алматының орталығында Атырауда заңсыз митинг ұйымдастырды және араздық қоздырды деген айыптар бойынша сот ісі қаралып жатқан кезде Макс Боқаев пен Талғат Аянды қолдау акциясын өткізбек болғанда полицияға ұсталған еді. Кейін оларды әкімшілік сот заңсыз митинг өткізген деген айыппен 10 тәулікке қамауға шешім шығарып, үшеуі абақтыда отырып шыққан.

Әлеуметтік желілердегі хабарламаларда полиция «алдын ала әңгіме өткізу үшін белсенділерді шақырған болуы мүмкін» деген болжам айтылды. Осы ақпараттың мән жайын білу үшін Алматыдағы белсенділер Құрал Медеуов пен Сүйіндік Алдабергеновті «ДАТ» айдарында әңгімеге тарттық.

 

– Сіздер белгілі бір қоғамдық ұйым немесе қозғалыстың атынан белсенділік танытып жүрсіздер ме, әлде бұл сіздердің жеке азаматтық белсенділіктеріңіз бе?

Құрал Медеуов: Біз ешқандай да ресми тіркелген ұйымға мүше емеспіз. Бізді атышулы жер дауы біріктірді. Осы мәселенің төңірегінде көзқарастарымыз сәйкес келіп, бір-бірімізбен танысқанбыз. Біразымыз Ермек Нарымбаев пен Серікжан Мамбеталиннің сотына келіп-кетіп жүріп таныстық. Жерге қатысты мәселеде ниет-тілегіміз ел тағдырымен ортақ болды. Биыл көктемде ауыл шарушылығы мақсатындағы жерді жеке меншікке сатуды және шетелдіктерге ұзақ мерзімге жалға беруді көздейтін заң өзгерістеріне қарсы шықты деген айыппен сотты болып, Алматыда мамырдың 21-і күні болады деп жоспарланған қарсылық жиын қарсаңында «рұқсат етілмеген митинг ұйымдастырмақ болды» деген айыппен 15 тәулікке қамалдық.

 

– Алматы қалалық Ішкі істер департаменті сіздерді не үшін іздеп, шақыртып жатқандарын түсіндірді ме? Оларды қандай сұрақтар «мазалап» жүр екен?

– Биылғы жылы үйден есіктің алдына шықсам болды – полиция ойламаған жерден ұстап әкететін жағдай үйреншікті әдетке айналды. Соңғы екі үш айдың ішінде ұзын саны 4 мәрте ұстап әкетті.

Соңғы рет мүлде күтпеген жағдай болды. Сыртқа шықсам, полиция қызметкерлері мені күтіп тұр екен. Бірден ұстап алып, департаментке алып келді. Полицияның әрекеттеріне қарап отырып, бала кезімдегі соғыс туралы совет фильмдері еске түседі. Онда фашистер партизанды ұстап алып: «Нешеусіңдер? Қаруды қайда тықтыңдар?» деп тергейтін. Бізбен де дәл сондай жағдай болды. Полиция әй-шәй жоқ: «Ермек Нарымбаев сендерді қарулы қақтығысқа шақырып жатыр, сендерге қару-жарақты кім жеткізеді?» – деп, қайдағы бір қақтығыстар туралы сұрақ жаудырды. «Біз бәрін біліп отырмыз», – деп сес көрсеткен полицей өзін «Нұрланмын» деп таныстырды. Басында ол жігіт маған телефон соғып, өзін «әкімшілікте істеймін» деп таныстырған еді. Кейін мен оған «Сен әкімшіліктенмін деп едің, өзің «ДВД»-да істейді екенсің ғой. Неге маған өтірік айттың?» – десем: «Пришлось…» – деп жауап қайырды. «Ермектің артында Америка тұр, ол Украинада қандай ақшаға өмір сүріп жатқанын білесің бе?» – дейді.

 

– Сіздерге полиция қызметкерлері қандайда бір талап қойып, ескерту жасады ма?

– Бізбен тек қана әңгіме жүргізген сияқты. Жеке өзім ешқандай қағазға қол қойған жоқпын. Ал Сүйіндік пен басқа жігіттерге протоколға қол қой деген екен, олар қоймапты. Негізі осы оқиғалар аяқ асты болғандықтан, басында өзім де түсінбей қалдым. Кейін ойлап қарасам, бұның барлығы бізді Макс Бокаев пен Талғат Аянның сотына жібермеудің әрекеті болған екен. Себебі біз Атырауға бармақшы едік. Нақты айтқанда, Алматы қаласының өкілі ретінде Атыраудағы сотқа қатысу үшін мен жол жүрейін деп отырғам. Бірақ полицейлер қысым жасап, жолыма кесе-көлденең тұрды. Өйткені менің жалдамалы пәтерде тұратынымды пайдаланып: «Сен Атырауға барсаң, пәтеріңнен қуып шығады, ал егер бармасаң, онда пәтер иесіне айтамыз – шығарма дейміз», – деп, мені алдамсыратқан болды. Сөйтсем, полицейлер мен тұрып жатқан пәтердің иесімен сөйлесіп қойған екен.

«Сен биыл екі рет әкімшілік жазаға тартылғансың. Бұған қоса жер дауына байланысты қылмыстық іс әлі жабылған жоқ. Енді жауапқа тартылып жатсаң, ол «рецидив» болады. Сол кезде 2-3 жылға бас бостандығыңнан айырыласың. Соны ойла!» – деп қысым жасаған соң, Атырауға бармауға мәжбүр болдым.

Сондықтан Ермек Нарымбаев тек сылтау ғана болды. Негізгі мақсат – біздерді Атырауға жібермеу болған деген ойға келдік.

Сүйіндік Алдабергенов: Құрал айтып өткендей, маған Алматы қаласының Ішкі істер департаментінің коридорына кіре берістен сұрақ қою басталды. Олардың айтулары бойынша, 16–17 желтоқсанда Алматы қаласында митинг өткізу жоспарланыпты-мыс. Соған байланысты «митинге кім қатысады, ұйымдастырушылары кімдер?» деген сұрақтардың астына алды. Үш сағатқа созылған әңгіме осы мәселенің төңірегінде болды. Бұған қоса Атырауда өтіп жатқан Макс пен Талғаттың сотына бармауымды талап етті.

Мен оларға: «Сотқа барып қатыссам, заңға қайшы келетін тұсы бар ма?» – десем: «Сен ол жерде митинг ұйымдастырасың, Атырауға барсаң, жергілікті халықтың рухын көтересің, оларды митингке шығуға шақырасың», – деп, ақылға сыймайтын нәрселер айтты.

«Ешқандай митинг ұйымдастырмаймын, оларға қатыспаймын» деп қолхат жазып бер деп талап етті. Мен, әрине, ондай қолхат жазудан бас тарттым. Әңгімеміздің соңы айқайға ұласты. Мені тергеген капитан Олжас Қожабаев деген полиция қызметкері. Бірақ «қызметтік куәлігіңізді көрсетіңіз» деген талабымды орындамады.

Мені сол күні ұстаудың өзі де заңға қайшы әрекет. Үйімнің есігінің алдына шыққан кезімде полиция қызметкерлері күтіп тұр екен. Ұстап алып, Бостандық ауданының ішкі істер бөліміне барамыз деп алдап, кейіннен Алматы қаласының ІІД-не алып келді. Сол жерге келісіммен, Олжас Қожабаев бірден: «Біз сенің митингке дайындалып жатқаныңды білеміз» деп, дүрсе қоя берді. Мен оған «Қандай дәлелдеріңіз бар?» деп едім: «Ермек Нарымбаевтың шығарған видеосы, сендерге берілген нұсқау, сендер енді қару сатып алайын деп жатырсыңдар» деп, адамның ойына келмейтін қияли жаланы жабуға кірісті. Мен оған: «Нарымбаевтың видеосында шатағым жоқ, ол менің қожайыным емес» десем де, айтқанымды тыңдаймай, өздерінің сөздерін таңып әлек болды.

 

– Иә, әлеуметтік желіде Ермек Нарымбаевтың 16–17 желтоқсан күндерінде ереуілге шығуға нұсқаулықтар жасап жатыр деген хабар таратқаны рас. Сіздер сырттан нұсқау беретін азаматтардың сөзіне ден қоясыздар ма?

– Жоқ! Біз Ермек Нарымбаевтың көптеген пікірімен келісеміз. Жер мен тілге қатысты, қазаққа қарайлас кез келген мәселелерде қарапайым халықтың ойы бір жерден шығады. Біз – өзіміздің жүрегіміз бен санамыздың ықпалына бағынатын азаматтармыз. Әрине, біз Ермектің жазғанын, айтқанын оқып, біліп отырамыз. Жақында ғана: «Абай мен Алтынсарин көшелерінің қиылысында тұратын бір әйелді үйінен шығарайын деп жатыр. Сендер неге қол қуысырып отырсыңдар» деп жазған болатын. Біз сол жерге бардық, әйелді тауып алып, қолымыздан келгенше қолдау білдіріп, оны тұрып жатқан жалғыз үйінен шығармауға атсалыстық. Онда тұрған қандай жамандық бар? Біздің қолымызда билік жоқ, бірақ намыс пен қарапайым халыққа деген жанашырлық бар.

 

– Ермек Нарымбаев қауіпсіз жерде, шетте отырып, сендерді қарулы қақтығысқа итермелеуді дұрыс деп есептейсіздер ме?

Қ.М.: Әрине, Ермек кей жағдайда қатты кетеді. Біз де жас бала емеспіз ғой – дұрыс пен бұрысты ажырата алмайтын. Ермек жаңағы әйелді пәтерінен қуып шықпас үшін, «пышақ, таяқтарыңда дайындап барыңдар» деп жазған. Біз оның айтқанын сөзсіз орындайтын ақымақ емес шығармыз…

Кеше ғана маған Рысбек Сарсенбайұлы ағамыз телефон шалды: «Бұл жігітке (Нарымбаевқа) ермеңдер, абайлаңдар, біз сендерді уайымдап отырмыз. Себебі билік сендерге де Макс пен Талғатқа істегендерін жасаулары мүмкін. Кез келген уақытта «Құралға жарылғыш заттар апарып бердім» деген бір «куәгерлер» пайда болып жатса, еш таң қалмаймыз», деп ескертті. Біз де дүрмекке ере жөнелетін азаматтар емеспіз, кез келген әрекетіміз осы елдің заң шеңберінде жасалатынын ескереміз.

С.А.: Әрине, Ермектің айтып отырған мәселесі біздің елдегі жағдайға еш жанаспайды. Видеоның өзін көрген емеспін, бірақ естуім бойынша, ол «қару сатып алыңдар» деп айтқан екен. Біз Атыраудағы сотқа бару үшін жол-пұлға ақша таба алмай жүрсек, Ермектің қару-жарақ сатып алыңдар дегені ешбір қисынға келмейтін сөз.

Қ.М.: Не болса да, біз көрерімізді халықпен бірге көреміз. Алайда қараңыздаршы, Макс пен Талғатқа жасалған әділетсіздікке өз басым шыдай алмай кеттім. Осыны көре тұра, үндемей қалсам, өзімді қор болып кететіндей сезіндім. Мысалы, Макс пен Талғатқа қатысты қолдау акциясын өткізер алдында мен қоғам белсендісі Асхат Берсалимовке айттым: «Өстіп ештеңе білмегендей отыра береміз бе?» – деп. Өзім орысшаға шорқақтау болғандықтан, Асхаттың телефонын алып, әлеуметтік желіде қазақшалап: «Макс пен Талғат босатылсын деген талаппен митингіге шығуға кім дайын?» деп жаздым. Кейін оны әлеуметтік желіде өз атымнан бөлісу үшін тағы жарияладым. Біраз адамдар қолдау білдірді. «Қашан, қай жерге шығамыз?» деген сұрақ туғанда, келесі күні Арбатқа шығамыз деп бірауыздан шештік. Ал осы шараны кім бастады десеңіз, ол – мен. Сотта да, полиция қызметкерлеріне де «мен бастадым» деп шынымды айттым.

 

– Митингілерде, наразылық акцияларында көп жағдайда жасы жеткен үлкен адамдар жүреді. Қазіргі жас буынның қоғамдық өмірдегі белсенділігі неге төмен деп ойлайсыздар? Әлде бәрін қорқыныш билеп алған ба?

Қ.М.: Осы жағдай бәріміздің жүрегімізге батады. Қазір жастар арасында қорқақтық, намыссыздық, надандық басым. «Сен тимесең, мен тимен бадырақ көз» деген ұстаныммен жүр. Біз сияқты белсенді, жалау көтеріп жүргендер – «ақыл есі жоқ, бассыз» адамдар болып көрінеміз. Ал намыссыз адамда патриоттық сезім қайдан болсын?! Оның үстіне қоғамды үрей билеген. Көбі митингіге шықсаң, қамап тастайды деп ойлайды. Ал жеке жерде халықтың көбі бүгінгі билікке наразы екендіктерін айтады. Бірақ митингіге шыққысы келмейді.

Ата заңымыз бойынша, азаматтар өз ойларын ашық айтуға құқылы. Біздің барлық әрекеттеріміз өзіміздің Конституцияның шеңберінде жүреді, заң талаптарын аттамаймыз. Сондықтан бізді ұстап, қамап жатқан биліктің әрекеттері Ата заңға қайшы. Заңды белден басып, қорқыту деген осы! Мысалы, Макс пен Талғат та Конституция шеңберінде жасаған әрекеттері үшін сотталды. Әрі беріден соң, осы жігіттер жер дауы мәселесін көтерген соң ғана билік қателігін сезініп, мораторий жариялап, Жер кодексі қайта қаралып жатыр. Осыған мұрындық болған – Макс пен Талғат. Қазақтың болашағын ойлағаны үшін сотталып отыр. Бұл ақылға да, заңға да сыймайтын жағдай ғой!

С.А.: Жастардың қоғамдық өмірдегі белсенділіктерінің төмендігі – тәуелсіздік заманындағы 25 жылдық басып-жаншу саясатының нәтижесі. Адамдарды үнемі қысып келді, алға ұмтылып шыққан серкелерді қамап, қудалап, атып асып, өлтірді. Заманбек пен Алтынбекті айтсақ та жеткілікті. Жастар да, олардың ата-аналары да бәрін көріп-біліп отыр ғой. Әрине, олар өз балаларына «тыныш отырыңдар, ешнәрсеге араласпаңдар» деп айтады. Менің таныс бір тәтем бар, ол кісінің маған айтқаны: «Мен сендердің барлық айтқандарыңды қолдаймын, керек болса, митингілерге қатысамын, бірақ балаларымды жолатпаймын, олардың амандығы мен үшін елдің болашағынан да артық», – деген еді. Әрине, ол кісіні түсінуге болады. Осының бәрі сөз бостандығының жоқтығы, репрессиялар, қоғамға қысым жасаудың нәтижесі. Осыны көріп отырған ата-аналар өз балаларына «ешнәрседе жұмыстарың болмасын, тыныш үйде отырыңдар» деп айтқаннан басқа не дейді.

 

– Билік пен полицияны 16–17 желтоқсанда болып қалу қаупі бар азаматтық шаралар алаңдататын сияқты. Сіздермен әңгіме барысында полиция қызметкерлері бұл жайлы сұраған жоқ па?

С.А.: Полиция тергеушілері көбінесе арандататын сұрақтар қоюға әуес: «Күлікбаевтың жасаған қылмысына қалай қарайсыз?» деп, ойыңды басқа жаққа бұрғысы келеді. Ал 16–17 желтоқсанда қандай шаралар болар-болмасынан ешқандай хабарым жоқ.

 

– Атыраудағы екі азамат өздерінің конституциялық құқықтарын жария түрде жүзеге асырғандары үшін бес жылдық жазаға кесілді. Биліктің осындай жазалау әрекетінен кейін жастарды қорқыныш сезімі билейтіні рас қой?

С.А.: Макс пен Талғат туралы айтар болсам, алдағы апелляцияға үлкен үміт артып отырмыз. Оның үстіне Тәуелсіздіктің 25 жылдығына рақымшылық жарияланды, одан да дәмеміз зор. Бұл екі азамат – бүгінгі заманның батырлары. Олар биліктен заңға қайшы немесе шамадан артық ешнәрсе талап еткен жоқ қой. Макс пен Талғат ата-бабадан қалған жердің сатылуы мен шетелдіктерге жалға берілуіне қарсы шықты. Олар тек халықтың пікірін жеткізді. Билік азаматтардың сөзіне құлақ асып, жердің ешкімге сатылмауына, жалға берілмеуіне 5 жылға мораторий жариялап, Жер туралы заңға өзгерістер енгізетін болды. Президенттің өзі де айтты емес пе: «Осындай отаншыл азаматтарымыздың бар екендігі қуантады», – деп. Сонда логика қайда? Бір жағынан, билік бұл әрекеттерді құптап отыр, ал екінші жағынан, жерге жанашырлық білдірген азаматтарды соттап жатыр.

Оның үстіне Атырауда өткен митингіде бірде-бір заң бұзушылық орын алған жоқ. Бірде-бір ағаштың бұтағы сынбады, бірде-бір арыз-шағым немесе жәбірленуші болған жоқ. Сондықтан билік есін жинап, ақылға келеді деп үміттенеміз.

 

– Көктемде бес мың адам болып жиналған атыраулықтар осы жолы неге өз батырларын қорғай алмады деп ойлайсыздар?

Қ.М.:

– Қазақ өзі момын халық ғой. Сондықтан қазаққа көшбасшы керек. Көшбасшы болған уақытта қазақтар кез келген мәселені шешіп алады. Атыраудағы митингіден кейін репрессия толқыны әлі жалғасып жатыр. Адамдар жұмыстан шығарылды. Бір заводтан 200 адам жұмыстан шығарылыпты дегенді естігем. Осының бәрін көріп отырған қарапайым қазақ еріксіз «тыныш отырып, отбасымды асырайын» деген ойға келеді. Біреудің басында кредиті бар, біреу баласын оқытып жатыр, енді бірінің баласы бюджеттік мекемеде жұмыс істейді, оларды да түсінуге болады. Бірақ елдегі дәрменсіз жағдайға ішің қазандай қайнайды…

 

– Амал нешік? Бастарың аман болсын, жігіттер!

 

Азамат ШОРМАНХАНҰЛЫ,

«D»

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн