«Общественная позиция»
(проект «DAT» №8 (325) от 25 февраля 2016 г.
Апта аптығы
ЕЛІМІЗДІҢ
несие рейтингі
ТӨМЕНДЕДІ
Standard & Poor’s (S&P) рейтинг агенттігі Қазақстан, Оман, Бахрейн және Сауд Арабиясының несие рейтингтерін мұнай бағасының құлдырауына байланысты төмендетті.
Қазақстанның несие рейтингі «қоқыстық» мәртебесімен шектесетін екі сатыға төмендетілген, ал Ресейдің рейтингі «қоқыстық» деңгейдің жоғарғы сатысында қалды.
Wall Street Journal елдердің деңгейін қайта қарауға мұнай бағасына қатысты болжам әсер еткенін хабарлайды. Соңғы болжамдар бойынша, Brent маркалы мұнайдың баррелі 2016 жылы 40 доллар және 2018 жылы 50 доллар болады. S&P мамандары қаңтардың басындағы Катар, Ресей, Сауд Арабиясы және Венесуэланың мұнай өндіру көлемін шектеу туралы шешімі мұнай баррелінің құнына «айтарлықтай ықпал» ете алмайды деп санайды.
S&P «Қазақстанда мұнай саласынан түсетін табыс ЖІӨ 20 пайызға жуығын, салық табысының 50 пайызын және экспорттың 60 пайызын құрайтынын» айтады. S&P сарапшылары «2016 жылы ЖІӨ өсуі тоқтайды немесе біраз қысқарады, бірақ алып оффшорлық Қашаған кен орны мерзімінен бұрын іске қосылса, мұнай өндіру мен оның экспорт көлемі өсуі мүмкін», – деп санайды. Wall Street Journal басылымының жазуынша, S&P сонымен бірге экономиканы «жандандыру» үшін 14,5 миллиард доллар қаржы құю көзделсе де, үкімет 2016 және 2017 жылдары салық тапшылығынан құтылмайды деген пікірде.
Azattyq.org
Бұл екі арада
Қазақстандағы адам құқығы
НАШАРЛАП КЕТТІ
Amnesty International халықаралық ұйымы өткен жылы Қазақстанда адам құқықтарының жағдайы күрт нашарлап кетті деп мәлімдеді.
Құқық қорғаушылар Қазақстанда 2015 жылдың қаңтар айында «араздықты қоздыру» бабы енген жаңа Қылмыстық кодекстің қабылданғанын атап өтті, деп хабарлайды Azattyq.org порталы.
Ұйымның баяндамасында азаматтық белсенділер Серікжан Мамбеталин мен Ермек Нарымбаевтардың қазан айында әлеуметтік желіге даулы кітаптың үзіндісін жариялағандары үшін, «араздықты қоздырды» деп айыпталғанын, кейін «өкініш білдіргеннен соң» босатылғаны айтылған. AI Қазақстандағы адам құқықтарының ахуалы төмендегенін үкіметтік емес ұйымдар туралы заңдарға өзгерістер енгізгенімен де байланыстырады. Онда Астана Ресейдің үлгісімен шетел қаржыландыратын үкіметтік емес ұйымдарға сенімсіздік танытып, қаржыландыру үшін ортақ оператор құрған.
Azattyq.org
Ақтөбеде Сирияға кетпек болған
ОН БІР ЛАҢКЕС ҰСТАЛДЫ
Ақтөбеде Сирияға кетпек болған 11 экстремистен тұратын топ ұсталды, деп хабарлады Ақтөбе облысы прокуратурасының баспасөз қызметінен.
«2016 жылдың 19 ақпанында Ақтөбе қаласында 11 адамнан тұратын діни экстремистер тобы ұсталды. Олардың барлығы Сирия Араб Республикасы аумағындағы ұрыс алаңына қарулы қақтығысқа қатысу мақсатымен баруды жоспарлаған», – делінген сәрсенбідегі хабарда.
Сонымен қатар қадағалау ведомствосында аталмыш тұлғалардың әрекеті Қазақстан заңнамасына сәйкес қылмыс деп есептелетінін атап өтті. Қазіргі таңда күдіктілер ұсталды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
ҚазТАГ
«Қуырдақтың» көкесі
МАЛАЙЗИЯ ҰШАҒЫН
атып құлатқан
РЕСЕЙЛІК РАКЕТА
Халықаралық Bellingcat зерттеу тобы 2014 жылы шілдеде Украинаның Донецк облысында малайзиялық әуе компаниясының Boeing ұшағының апатқа ұшырауына қатысы бар болуы мүмкін әскерилер туралы зерттеуін жариялады.
Bellingcat ұшақ Ресей қарулы күштерінің 53-зенит-зымыран бригадасына тиесілі «Бук-М1» зениттік кешенінен атылған дейді. Зерттеу тобының мәліметіне қарағанда, бұл бригада әскерилері әлеуметтік желілерге өздерінің 2014 жылы маусым-шілде айларында Ресей–Украина шекарасында болғанын көрсететін суреттер жариялаған.
Зерттеуде әскерилердің аты-жөні мен суреттері өзгертілген. Әскерилердің толық мәліметі Халықаралық тергеу тобына берілген.
2015 жылы 13 қазанда Нидерланд қауіпсіздік кеңесі есебін жариялап, Boeing-ті «Бук» зенит-зымыран кешені арқылы «жер-әуе» зымыраны атып түсірген деп мәлімдеген. Есепте зымыран оқтұмсығының нөмірі көрсетілгенімен, ұшақты нақты кім атып түсіргені айтылмаған.
Malaysia Airlines компаниясының Амстердамнан Куала-Лумпурге ұшатын MH17 рейсі 17 шілдеде Украинаның шығысында атып түсірілген. Ұшақ бортында болған 298 дам түгел қаза тапқан.
Azattyq.org