«Общественная позиция»
(проект «DAT» №35 (399) от 28 сентября 2017 г.
Латын – лаң болмасын!
Хат
Жоғары мәртебелі Президент мырза! Мен кәсіптік-техникалық білім беру саласындағы дуалдық жүйемен танысу үшін Германияда оқып қайтқан адаммын. «Карл Дуйсберг Геззельшафт» қоғамының халықаралық сертификатының иегерімін. Латын әліпбиінің негізінде жасалған жаңа «Алтын көпір» қазақ әліпбиінің авторымын.
Сол Германияның үлкен ғылыми-мәдени орталықтары болып табылатын Кёльн және Ганновер қалаларының аэропорттарында үлкен латын әріптерімен «Türk haya іolları» деген жазуды көріп, мынау «Түрік ауа жолдары» деген сөз ғой деп, ішіме сондай ыстық көрінетін. Сонда біздің ел осы латын қарпіне қашан көшер екен деп армандайтынмын.
Енді, міне, сол арманымыз жақындағанда, қазағымыз бірімен-бірі айтысуға көшті. Латын қарпіне көшу жөніндегі сіздің тарихи шешіміңізді қолдайтындар мен қолдамайтындар болып екіге бөлінді. Тіпті қолдайтындардың өзі үш топқа бөлініп, бір келісімге келетін түрлері жоқ. Бірінші топ латын әліпбиінің ұлттық нұсқасын қолдаса (неміс, түрік, әзірбайжан, т.б.), екінші топ бір дыбысты қосарланған әріппен белгілеу керек деген тұжырымға келіпті. Ол нұсқа парламенттің отырысында қаралғаны мәлім. Мұнда қазақ фонетикасының төл дыбыстары және кейбір дауыссыз дыбыстар бар. Мысалы: ә – ае, ө – ое, ү – ие, ғ – gh, ң – ng, ж – zh, ш – sh және ч – ch. Сонда шәш деген сөз shaesh – алты әріппен жазылатын болады, ал қазақтың қасиетті сөзі тәңіршілдік (тенгрианство) 11 әріптен 17 әріпке көбеймек (taengiershieldiek).
Бұл ұсынылып отырған 8 диграф мен ұсынып отырған «Алтын көпір» әліпбиіндегі 24 әріптің тура 33 пайызы. Егер осы нұсқаға көшсек, үш беттік мәтінді 4 бет етіп жазуға мәжбүр боламыз. Бұл республика көлемінде зор шығын: қаншама артық қағаз, қымбат картридж бояуы босқа кетеді. Уақыттан да ұтыламыз.
Бәрінен бұрын 1-сыныпқа барған 6-7 жастағы балақайлар асхана – ashana деген сөзді ашана деп бүлдірмей ме? Мұндай мысалдар жетіп артылады, тіпті айтуға ыңғайсыз сөздер де кездеседі.
Ал енді ортақ нұсқа – ол әлемдік стандартқа сай «Qwerty» пернетақтасына негізделіп жасалған жаңа қазақ әліпбиінің 3-нұсқасы.
Мұндағы негізгі қағидалар:
1) Әрбір дыбысқа жеке символ;
2) Кириллицадағы ъ (жуандық белгісі – твердый знак) и әрпі арқылы, ь (жіңішкелік белгісі – мягкий знак) апостроф арқылы, щ әрпі (ашшы, тұшшы) деп жазылмақ;
3) Қосарланған дыбыстардан тұратын ё (ио), ю (иу), я (иа) әріптерінің қажеті жоқ;
4) Ал кірме дыбыстар ф, ц, ч әріптерін мынау технократиялық заманда алып тастауға болмайды. Фото, фантастика, фирма, цех, цикл, цитрамон, чат, чартер, чемпион, т.б. сөздерді жазу қиынға соғады;
5) Ұлттың, мемлекеттің атауы қ әрпінен басталатындықтан, Q әрпі алынды.
Қазақ тілінің фонетикасындағы төл дыбыстарымызды оқшаулай бермей (бұл егіз дыбыстар), бір символмен ғана белгілеу керек (а-ә, г-ғ, и-і, н-ң, о-ө, ұ-ү, х-һ). Тек бұл дыбыстарға француз әліпбиіндегі жұмсақтық белгісі апостроф қойса болды. Мысалы: А – Ә (А’), Г – Ғ (G’), И – І (І’), н – ң (n’), О – Ө (О’), Ұ, Ү – (U’), һ (қаһар) – (һ’).
Бұл әліпбидің нұсқасында латынның 24 символы алынған, себебі екі символдың Х пен W (дубль вэ) әріптерінің қажеті жоқ, неге десеңіз, K, S әріптері жоғарыда бар (EXPO – ЭКСПО), W (дубль вэ) дегеніңіз запастағы В әрпі деген сөз, ондай әріп В – V тағы бар, сөйтіп 24 әріппен шектелдім.
Егер бізді дүние жүзі танысын десек, сырттағы 5 миллион қазақтың басын қосамыз десек, егер біз келешек ұрпақтың болашағын ойлап, олардың дүниежүзілік өркениеттің соңынан ілесіп кететіндей жағдай жасауды қаласақ, осы 3-нұсқа тиімді болар еді.
Менің жасаған жаңа әліпбиім «Алтын көпір» аталуының терең символикалық мағынасы бар. Ол Ұлы Дала елінің, қасиетті Қазақстанымыз бен әлемдік өркениет арасында алтын көпір болса деген үміт еді.
Жоғары мәртебелі Президент мырза!
Әлем пайдаланылатын «Qwerty» пернетақтасынан ауытқымайық деген сіздің нақты шешіміңіз болмаса, әліпбидің халыққа қонымды, балаларға үйренуге оңай, қызығушылық тудыратындай нұсқасы қабылданатынына сенім аз. Бар үміт сізде!
Бейбіт ӘМІРБЕК
Диграф негізіндегі әліпбидің
ҚАЗАҚҚА ТОҒЫЗ ҚАУПІ?
Жуықта Ш. Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың үйлестіру-әдістемелік орталығы парламентте латын графикасына негізделген қазақ әліпбиінің жаңа нұсқасын ұсынғаны белгілі. Латын графикасының 25 қарпін пайдаланатын бұл әліпбиде қазақ тілінің өзіне тән төл дыбыстар диаграфпен, яғни қосарланған қаріптермен таңбаланған. Яғни, «ә» әрпін – «ae», «ө» әрпін – «oe», «ү» әрпін «ue» деп жазу көзделген.
Жалпы, қазақ қоғамы, соның ішінде әлеуметтік желілердегі көзіқарақты халықтың басым көпшілігі бұл жобаның оқуға да, жазуға да ыңғайсыздығын айтып, қарсылығын білдіріп жатыр. Диграф нұсқасымен жазуды қолдағандар өте аз. Бірақ мемлекеттік ақпарат құралдарында дәл осы нұсқаны насихаттаудың жиілеп кеткенін ескерсек, диграф негізіндегі әліпбиді енгізуге талпыныс бар екені байқалады.
Біздің ойымызша, қосарланған қаріптерді енгізу қазақ тілінің, Қазақстан қоғамының болашағы үшін қауіпті. Оның мынадай себептері бар.
Біріншіден, бұл қазақ тілді қоғамның жаппай сауатсыздануына алып келеді. Қарапайым халықты, мектеп мұғалімдері мен білім саласы қызметкерлерін былай қойғанда, күнделікті қоғамдық-саяси мәселелерді оқып, талқылап отыратын көзі қарақты қазақ тілді ортаның өзі үйреншікті сөздердің оқылуын түсінбей, оқыса, жаза алмай, жазса, оқи алмай қиналып жатыр. Оқып, жазуды үйреніп кету оңай дегенімен, сөздерді қатесіз жазу, қосарланған әріпті бір дыбыс етіп айту, буынға бөліп, тасымалдауда үлкен мәселелер туындайды. Бұл жазу мектептерде енгізілгеннен бастап, сауатты түрде оқып, жаза алатын мамандар тапшы болады. Диграф таңба үйреншікті болмағандықтан, халықтың сауат ашу процесі өте баяу жүреді, әрі ел ішінде сауат ашуға деген ынта төмендеп, кітап оқуға, білім алуға деген құлшыныс азаяды.
Екіншіден, жаңа жазу емлесі толық қалыптаспағандықтан, әрі мектептерде сауатты мұғалім, жақсы оқулықтар жетіспейтіндіктен, қазақ мектептерінде білім сапасы төмендеп, оларға деген сенім азаяды. Орыс тілділер түгілі, қазақ тілділердің өз ішінде балаларын көз үйренген кириллица әліппесімен оқытатын орыс мектептеріне беру үрдісі қарқын алады. Бұл қазақ тілінің іс жүзінде мемлекеттік тіл мәртебесін алуына үлкен кедергі жасайды.
Үшіншіден, ақпарат қазақ және орыс тілдерінде балама негізде ұсынылғанда, орыс тілділерді былай қойып, қазақ тілділердің өздері оқуға жеңіл орыс мәтіндерін таңдауға көшеді. Заңдардың, келісім-шарттардың, ресми құжаттардың қазақ тіліндегі нұсқасына деген қажеттілік қазіргіден де азаяды.
Ақпарат құралдарының ішінде орыс тілінде жазатындарының оқырманы әлдеқайда артады. Бұл қазақ тілді БАҚ-тардың ескі кириллицаны да қатар пайдалануына алып келеді. «Тілді бұрап отырғанша, осы жақсы» деген қағида қалыптасады. Бұл халықтың санасын жаңа графикаға көшіруді кешеуілдетеді. Мекемелер, ақпарат құралдары ақпаратты таратқанда, оны екі әліпби нұсқасында да таратуға мәжбүр болады. Бұл олардың шығындарын екі есе арттырады.
Төртіншіден, үкімет пен халықтың арасындағы коммуникация нашарлайды. Латын қарпімен шығатын мемлекеттік басылымдарға деген қызығушылық төмендейді. Кириллицамен жазылған қазақ мәтіндері үкіметке деген наразылықтың құралына, символына айналады.
Бесіншіден, қазақша ғылыми еңбектер жазуға, оларды оқуға құлшыныс азаяды. Қазақша ғылыми тіл, терминдер толық қалыптасып бітпегені белгілі. Онсыз да санаға сіңбеген терминдердің диграфпен жазылуы мәтінді одан сайын қиындатып, оқырманды шатастырады. Бұл қазақ тіліндегі сапалы ғылыми еңбектердің санын төмендетіп, оларға деген сұранысты азайтады.
Алтыншыдан, халықтың сауатсыздығын пайдаланып, қылмыс жасаушылар, елді алдап-арбаушылар көбейеді. Латын қарпімен жазылған түсініксіз келісім-шарттарға қол қоямын деп, адамдар жиі алданады.
Жетіншіден, қазақ тіліндегі жер-су, кісі аттарының халықаралық деңгейде дыбысталуы өзгереді. «Көкшетау» – «Коекшетауға», «Әбдіжәміл» – «Аебдіжаемілге», «Нұр әлем» – «Нұр аелемге» айналады. Тек шетелдіктер ғана емес, Қазақстандағы қазақ тілін білмейтін басқа халықтың өзі географиялық атауларды оқылуы бойынша атай бастайды. Бұл елдегі ұлтаралық қарым-қатынасқа, қазақстандықтардың шетелдіктермен коммуникациясына өте үлкен кедергі келтіреді.
Сегізіншіден, орыс тілділердің, шетелдіктердің қазақ тілін оқып, үйренуге деген жалпы құлшынысы төмендейді. Диграф негізіндегі әліпби қазақ тілін, мәдениетін, әдебиетін зерттеп жүрген шетелдегі ғылыми-зерттеу институттарының жұмысын әлдеқайда ауырлатады. Бұл қазақ мәдениетін насихаттауға біршама кедергі келтіреді.
Тоғызыншыдан, диграф негізіндегі әліпби бізді түркі халықтарына жақындатудың орнына бұрынғыдан да алшақтатып жібереді. Латын қарпіне көшкен көршілердің ешқайсысы диграфты пайдаланбайтындықтан, олардың біздің мәтіндерді түсінуі қиындайды, бұған дейін бірдей не ұқсас дыбысталып келген сөздердің дыбысталуы өзгереді. Олар біздегі «үйді» «уей» деп, «көлді» «коел» деп оқиды. Бұл түркі халықтарының арасындағы интеграцияны баяулатады. Ұзақ мерзімдік тұрғыдан қарағанда бұл жалпы қазақ тілі фонетикасының өзгеріске ұшырауына, төл дыбыстардың жойылуына алып келеді.
Қазақ тілін латын қарпіне көшіру – Қазақстанның рухани жаңғыруының маңызды бөлігі екені шүбәсіз. Бірақ біз түркі халықтары пайдаланып отырған, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғалымдары қолдаған диакритикалық негіздегі әліпбидің енгізілуін қолдаймыз. Бұл әліпби жоғарыдағы проблемалардың алдын алуға, қазақ тілінің латын қарпіне оңай өтуіне мүмкіндік береді.
Президент Н.Назарбаевтың өзі «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деген болатын. Көпшіліктің қолдауына ие бола алмаған әліпби нұсқасы қазақ тілінің жеңіл де заманауи тіл болып қалыптасуына кедергі келтіреді. Бұл – сайлау, заң қабылдау сияқты белгілі бір саяси науқанның аясындағы өткінші нәрсе емес, тілдің, ұлттың болашағын айқындайтын тарихи оқиға. Бұл – Қазақстан халқының бірлігі, тұтастығы, яғни ұлттық қауіпсіздік мәселесі, Сондықтан осы жауапты сәтте науқаншылдыққа, ұраншылдыққа, жағымпаздыққа бой алдырмай, дұрыс таңдау жасайық.
Мұхтар СЕҢГІРБАЙ