«Общественная позиция»
(проект «DAT» №33 (397) от 14 сентября 2017 г.
Мәселенің мән-жәйі
Cонымен, біраз уақыт жыр болған латын әліпбиіне көшу мәселесіне байланысты алғашқы құптарлық қадам жасалды. Ал бұл қадамның жалғасы, жаңа әліпбиге көшу жүйесі қалай болмақ? Бұл жөнінде біз Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры Ербол Тілешев мырзаны сөзге тартқан едік.
– Мемлекеттік тілдің латын әліпбиіне көшуі, әрине, бәріміз үшін үлкен жаңалық. Қоғам тарапынан бұл бастаманың үлкен қолдауға ие болғанын жоққа шығаруға болмайды. Алайда қазақ әліпбиінің латын графикасы жобасы парламентте талқыланғаннан кейін, әлеуметтік желіде жобаға қатысты түрлі пікірталастар болып жатыр. Әңгімені осыдан бастасақ…
– Сұрағыңыз өте орынды. Сондықтан біз алдымен осы әңгіменің басын ашып алайық. Біріншіден, қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру халықтың, қоғамның тарапынан зор қолдауға ие болғаны рас. Бұл бәрімізді қуантады. Біз қоғамға Қазақ әліпбиінің латын графикасындағы бірыңғай стандартты жобасын таныстырдық. Еліміздегі беделді тіл мамандары, ғалымдар қатысқан бұл жоба қатып қалған догма емес: оны дамыту мақсатында әлі талай-талай талқылау және дамыту жұмыстары жүреді. Біз жаңа әліпбиді жасау кезінде латын қарпінің классикалық, оңтайлы үлгісін басшылыққа алып отырмыз.
Екіншіден, әлеуметтік желіде, қоғамда осы жобаға қатысты түрлі пікірталастардың болуы заңды және біз үшін аса маңызды. Себебі біз бұл жобаны халықтың талқысына ашық ұсынып отырмыз. Кез келген орынды, ұтымды ұсыныстар болса, оларды талқылауға, тыңдауға дайынбыз.
Үшіншіден, Бірыңғай стандартты енгізу кезең-кезеңімен, жүйелі әрі кешенді түрде жүргізілетіндігін баса айтқым келеді. Бұл мәселеде ешқандай асығыстыққа жол берілмейді.
– Ербол мырза, бұл мәселенің рухани, әлеуметтік және лингвистикалық қырлары толық зерттеліп, ескерілді деп айта аласыз ба?
– Әлбетте, тілдің бір әліпбиден екінші әліпбиге көшуі – тарихи үлкен бетбұрысты оқиға. Қазақстан қоғамы үшін әліпби тақырыбы кем дегенде ширек ғасырдай уақыт айтылған, көтерілген тақырып. Кеңестер Одағы ыдыраған соң, көп кешікпей Әзірбайжан, Өзбекстан, Түркіменстан сияқты мемлекеттердің жаңа әліпбиге көшуі сол кездегі Қазақстан қоғамын да елеңдеткенін көпшілігіміз жақсы білеміз. Содан бергі уақытта мамандар тарапынан бұл мәселе сан рет көтерілді. Мемлекет басшысы да бұл мәселені бірнеше рет айтты. Міне, сол уақыттан бері елімізде латын әліпбиі жөніндегі әңгімелер мамандар тарапынан ғана емес, жалпы қоғам тарапынан жиі-жиі айтыла бастады. Осы кезеңнен бері ғалымдар, оның ішінде Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының мамандары түркі тілдес мемлекеттердің латын әліпбиіне көшу тәжірибесін саралап, оның себептері мен салдарларын тілдік тұрғыдан да, әлеуметтік тұрғыдан да зерделеді.
Енді сұрағыңыздың әлеуметтік-қоғамдық жағына келсек, әрине, әліпби ауыстыру – үлкен қоғамдық мәселе, өйткені оның әрбір адамға қатысы болатындықтан, ол таза лингвистикалық қана мәселе емес, әлеуметтік те мәселе болады. Осы арада дәл қазір латын әліпбиінің Қазақстан кеңістігіндегі мазмұнына тоқталайық. Біріншіден, әлемдік қауымдастыққа құлаш сермеген Қазақстан сияқты мемлекеттің кеңістігіне латын таңбалары кіргелі қашан? Ол бізге ең алдымен нарықпен, жаңа технологиялармен, күнделікті тұтынатын тауарлармен, жарнамамен, киномен, музыкамен еніп жатыр және жылдан-жылға оның өрісі де кеңеюде. Сондай-ақ латын әліпбиі біздің жастарымыз бен балаларымыздың көбісі құлшына үйреніп жатқан ағылшын тілімен еніп жатыр. Ол күнделікті қолданатын компьютермен, қол телефондарымен және жылдам енуде. Яғни, Қазақстанның ғаламмен қатынасы, сол ғаламыңыздың Қазақ елімен қатынасы латын әліпбиінің кеңістігінде жүзеге асып жатқанын көзіміз көріп отыр.
Сұрағыңыздың лингвистикалық жағына келер болсақ, латын әліпбиін қабылдау әлгі аталған қоғамдық-әлеуметтік мәселелермен сабақтас. Қазақ баласының дүниенің келбетін көруінің, оны тануының бір арнасы, қаласаңыз да, қаламасаңыз да, осы әліпбимен байланысты. Сондықтан біз бұл әліпбидің нұсқасын еліміздің, қоғамымыздың, азаматтарымыздың қажеттілігі үшін қабылдайық деп отырмыз. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында елбасы: «Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, ком-муникацияның, сондай-ақ ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты», – деп, оның өзектілігін өте қисынды жеткізді. Президенттің осы тағдыршешті бастамасын жүзеге асыру ең алдымен тілші ғалымдарға жүктеледі. Сөйтіп, ірі мемлекеттік мәселенің жүзеге асуы мамандардың білім-білігімен, қабілет-қарымымен, еңбегімен орындалады. Осы арадан әліпбидің таза лингвистикалық мәселесі көрінеді.
– Халықтың рухани өмірінің дамуында, мәдени мұрасының сақталуында тілдің орасан рөлі жөнінде қай халықтың болса да, ойшылдары, оқымыстылары көп айтқанын баршамыз білеміз. Ғалым ретінде қазақ тілінің тарихи рөлі жөнінде не айтуға болады? Бұл да түрлі пікірталастарға тамызық болып жүрген тақырып.
– Дұрыс айтасыз. Жалпы халықтың дербес халық, дара ұлт болуының үлкен бір кепілі – әлбетте, оның тілі. Қазақ ойының тарихына қарасақ, тілдің ұлтты сақтаудағы рөлі ең алдымен Алаш зиялыларының еңбектерінде кездеседі. Ал тілдің әлеуметтік маңызы, тарихи миссиясы мейлінше кең көлемде Ахаңның, ұлтымыз үшін аса қадірменді Ахмет Байтұрсынұлының еңбектерінде әрі білгірлікпен, әрі тереңдікпен жеткізілді. «Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі», – деп, ұлт үшін тілдің тағдырлы тірегі екенін айтса, енді бір пікірінде: «Егер де біз қазақ деген ұлт болып тұруды тілесек, қарнымыз ашпас қамын ойлағанда, тіліміздің де сақталу қамын қатар ойлауымыз керек», – деп, тілді адамның, ұлттың ең ұлы қажеттіліктерінің басында тұратынын безбендейді. Ахаңның замандастары Әлихан Бөкейхан, Ғұмар Қараш, Міржақып Дулатов, Хәлел Досмұхамедұлы, Жүсіпбек Аймауытов, Мұстафа Шоқай, Елдес Омарұлы, Мағжан Жұмабаев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Қошке Кемеңгерұлы, тағы да қаншама зиялылар тілді ұлтты сақтайтын ең басты рухани тұғыр ретінде баса айтады. Олардың пікірлері әлі де өзекті, әлі де құнды.
Енді олардың сөздерін сырттай қызықтамай, оның мазмұндық деңгейіне көтерілер болсақ, мынадай тағылымды аңғарар едік. Қай халықтың болса да кейбір дәстүрі, кейбір жәдігерлері, тіпті аса көркем деген әдеби шығармалары ұмытылуы немесе кеңестік кезеңдегідей оларды атауға, оқуға тыйым салынуы мүмкін. Бірақ халық ол дәстүрлерсіз, жәдігерлерсіз, шығармаларсыз рухани мәдениеті толық болмаса да, өмір сүре алады. Бірақ халық туған тілінсіз өмір сүре алмайды. Өйткені тіл оның рухани мәдениетінің бір бөлшегі ғана емес, тіл – сол халықтың өзі. Сол үшін де әлемдік лингвистиканың негізін салған В.Гумбольдт: «Тіл халық рухының сыртқа шығуы сияқты: халықтың тілі оның рухы, халықтың рухы оның тілі және осыдан асқан сәйкестікті елестету қиын», – деп, соны әлемде алғашқылардың бірі болып жан-жақты дәйектеп берді.
Әліпби – сол тілді жеткізуші һәм сақтаушы форма. Сондықтан әліпби жасау, оны енгізу тілді сақтаумен тікелей байланысты. Әліпби – мемлекеттік әрі ұлттық төтенше маңызды мәселе. Қазіргідей ғаламдық қарым-қатынастардың жедел қарқыны латын әліпбиіне көшуді қажет етеді. Бүгін жасалып жатқан қадам – ұрпақтың қамы, сондықтан мұнда парыздың да, жауапкершіліктің де салмағы бар деп білемін.
– Парламентте таныстырылған әліпби нұсқасына, оның жасалуындағы негізгі ғылыми принциптерге тоқталайық. Осы нұсқаны жасау барысында қандай ғылыми принциптер қолданылды? Бұл нұсқаға дау айтушылар көп болып тұр ғой…
– Әліпби жасаудың отандық және шетелдік ғылыми тәжірибелері бар және олар хатқа түскен, жинақталған. Жұмыс тобы осылардың негізгілерінің барлығымен дерлік жан-жақты танысып, ғылыми тәжірибелерді саралады. Көпшілік білетіндей, осыдан бір ғасырдан сәл астам уақыт бұрын Ахмет Байтұрсынұлының әліпбиі жасалды. Ахаңның қазақ тіл білімінің негізін салуы, осы ғылымның барлық негізгі салаларына қалам тартуы оның әліпбиін канондық нұсқа деңгейіне жеткізді. Яғни, Ахмет Байтұрсынұлының қазақ тілін тұтас зерттеуі, тіл табиғатын терең тануы ол дайындаған әліпбиді де ең жоғарғы деңгейдегі нұсқа етті. Бұл әліпбиге оның замандастары, әріптестері айрықша баға берді. Сондай-ақ тіпті Алаш зиялыларына тыйым салынған кезеңнің өзінде 1970 жылғы «Әліпби құрастырудың математикалық формуласы» атты еңбегінде белгілі орыс ғалымы Н.Ф. Яковлев әліпби жасаудағы математикалық дәлдік пен нақтылық туралы айта келіп: «… осыған сәйкес тәсілмен әліпбидегі таңбаларды қысқартып, «сингармонизм» аталатын заңдылықты толық сақтаған, оны интуитивті түрде орындап шыққан түркі-татар тілдерінің бірі – қазақ тілінің әліпбиін жасаған жергілікті қазақ Байтұрсын болды… ол осындай формуладан шығып мүлтіксіз орындаудың жаңа көкжиегін көрсетті», – деп жоғары берген. Енді Ахаңның осы әліпбиді жасауда қандай ғылыми принциптерді негізге алғанына келейік. Біріншіден, Ахаңның әліпбиі қазақ тілінің төл дыбыстық жүйесін толық қамтуымен ерекше. Екіншіден, ол әліпби оқу мен жазу дағдысының оңай болуымен бағалы. Үшіншіден, автор қазақтың төл дыбыстарымен бірге шет тілден енген дыбыстарға қалай қарағанымен де біз үшін өте құнды.
Қазақ ғалымының осы принциптері жалпы әліпби жасаудың әлемдік ең озық ғылыми тәжірибелерімен ұштасып жатыр. Бұдан шығатын қорытынды: біз бүгін де Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми принциптерін басшылыққа алуымыз керек. Сонымен бірге латын әліпбиінің қазіргі ғаламдық кеңістіктегі рөлі мен маңызы жөнінде де ұмытпағанымыз абзал. Парламентте ұсынылған жобаға оралсақ, Ахмет Байтұрсынұлының да, әр тілдерге арналған латын әліпбиі нұсқаларының да тәжірибелері басшылыққа алынғанын атап айтамыз. Бұл нұсқада 25 таңба және 8 диграф бар. Таңбалардың барлығы дерлік классикалық латындағы дыбыстарға сәйкес келеді. Ал диграфтар қазақ тілінің дыбыстық жүйесін толық қамту үшін алынды. Мысалы, «ае» диграфы қазақтың «ә» дыбысын береді. Бұл диграфтың алынуы оның «ә»-нің дыбысталуына жуықтығынан. Кезінде Ахмет Байтұрсынұлының «ә» дыбысын беру үшін тура осы «ае» таңбаларын алғандығы жөнінде өз зерттеулерінде танымал ғалым Әлімхан Жүнісбек жазып жүр. Бұған қоса, дәл осы диграф бірқатар тілдерде «ә» дыбысын береді. Енді осы «е» әрпі арқылы диграф беруді біз «ө» және «ү» дыбыстарын беруде қолдандық. Соның нәтижесінде бұл дауысты дыбыстарды диграфтар арқылы берудің принциптік негізін құрады. Ал дауыссыз дыбыстарды беруде біз «һ» әрпін пайдаландық.
– Көптеген ұсынылған жобалардан таңбалардың астына немесе үстіне ноқаттар қойылғанын аңғардық. Ұсынылған әліпбиде ондай ноқаттарды байқамадық. Оның себебі неде?
– Дұрыс байқағансыз. Әліпби түзуде сол ноқаттарды пайдаланбай, тек қана латынның төл таңбаларын ғана алудың маңызы айрықша. Себебі латын әріптеріне әртүрлі диакритикалар қою, бір жағынан, әліпбиді латын әліпбиі емес, қоспа әліпби етеді, екінші жағынан, төл дыбыстарымызды сақтауға толық мүмкіндік пен кепілдік бермейді. Себебі мобильді телефондар, смартфондар, планшеттер, нетбуктар, ноутбуктар, компьютерлер жазудың да құралына айналғанда және олар бізге әлемнің түкпір-түкпірінен келетіндіктен, олардың клавиатураларында 26 таңбадан тұратын латын әліпбиі ғана орналастырылатындықтан, оларды тұтынушылар өзара осы классикалық латын таңбаларын ғана пайдаланады. Әрине, компьютерлерге, ноутбуктарға, планшеттерге қосымша бағдарламалар енгізуге болады. Бірақ адамның күнде ең көп қолданатыны – мобильді телефон. Қазірдің өзінде «ә»-ні «а»-мен алмастыру, «қ»-ны «к»-мен алмастыру, т.с.с. дыбыстарды жазбау әсіресе жастардың арасында кең етек алған. Осылайша кете берсе, онда төл дыбыстарымыз енді бір 20-30 немесе 40-50 жылдан кейін не болмақ, соны ойлауымыз керек.
Әліпбиімізді диакритикалық белгілерсіз түзуіміздің тағы бір себебі халықаралық ақпараттық жүйеге ену, әлемдік технологияны игеруде жатыр. Оның үстіне біз ұсынып отырған диграфтар сырттан емес, баршаға белгілі латын әліпбиінің төл таңбалары, ал диакритикалар – кейін пайда болған жасанды таңбалар. Дегенмен кейбір әріптестер диграфтарды пайдаланғаннан гөрі диакритикаларды қолданған жөн деп санайды. Әліпби нұсқасы жарияланғаннан кейін осындай пікірлер де айтылуда. Әрине, әліпби жасаудың әртүрлі тәсілдері мен әдістері бар. Бұл арада ғылыми көзқарастардың алуандығы да байқалуда. Қарапайым адамдарға келсек, олардың белгілі бір бөлігі диграфтарды, енді бір бөлігі диакритикаларды оңтайлы қабылдауы мүмкін. Олардың ерекшелігі туралы жоғарыда айтылды.
– Сіз шет тілден енген дыбыстардың осы жаңа нұсқада неге қолданылғаны жөнінде толығырақ әңгімелеп берсеңіз, оның қандай себептері болды?
– Бұл әліпбиден в, ф, ц сияқты дыбыстардың орын алуы, олардың әрқайсысына таңба берілуінің өзіндік принциптері бар. Қазақ тілінің төл фонетикалық жүйесіне кірмейтін орыс тілі арқылы грек, латын тілдерінен келген халықаралық сөздерде кездесетін ф, в фонемасы сол орыс тілінің өзінде де көпке дейін қабылданбай, бөтен, жат дыбыстар болып келген. Сондықтан ф фонемасынан басталатын сөздер орыс тілінде мүлде аз, бірнеше сөздер фабрика, фирма, фильм дегендер Еуропа тілдерінен келген. Сондықтан әліпбидің қатарынан в,ф дыбыстарын алып тастаған дұрыс емес. Бұл дыбыстар және оны белгілейтін әріптер бізге шетелден енген ғылым салаларындағы терминологиялық жүйені беру үшін керек. Мәселен: «фабрика» деген сөзді «пәбірійкә» деп бере алмаймыз ғой. Бұл арада біз жас ұрпақтың сапалы білім алуын да мықтап ойлануымыз керек. Бұл болашағымыз үшін үлкен мәселе. Айталық, әлемдегі бүкіл физика ғылымы СИ жүйесіне негізделеді, химия сияқты іргелі сала Д.Менделеевтің периодтық таблицасына негізделеді. Ондағы терминдер мен атауларда жоғарыда аталған дыбыстар көп қолданылады. Бүкіл әлем қабылдаған осындай ғылымдық жүйелерді біз қалай өзгертпекпіз, әрине, өзгертуге болмайды.
– Ал енді осы мәселеге Ахмет Байтұрсынұлы бастаған қазақ ғалымдары қалай қараған?
– Бұл мәселені өзім де айтқым келіп отыр еді. Сұрағаныңыз жақсы болды. 1924 жылы Орынборда Қазақ білімпаздарының сиезі болған. Бұл ғылыми жиынға сол кездегі барлық дерлік қазақ оқымыстылары жиналған. Сиезде қазақ әліпбиіне басқа тілден енген дыбыстарды алу қажет пе, қажетсіз бе деген мәселелер талқыланды. Мысалы, сиезде сөйлеген Елдес Омарұлы шет тілінен енген бірнеше дыбысты қазақ әліпбиінен шығару керек деген ұсыныс айтады. Сол кезде Ахмет Байтұрсынұлы: «… қазақ тілінде сақталуға аз да болса ақысы бар «һ»; өйткені «һ» дыбысымен айтылатын қазақтың өз тілінде аз да болса, сөздер бар» – дейді. Яғни, Ахмет Байтұрсынұлының әліпби жасаудағы ғылыми принципінде тілдік қордағы сөздердің де маңызына айрықша мән берілген. Біз бүгін сол Алаш зиялыларының осындай принципін қазіргі қазақ тіліне ғылым мен технология, заман тілімен енген ц, ф, в дыбыстары қолданатын сөздердің жазылуын да мықтап ескергеніміз абзал. Біз осыларды негіз ете отырып, осы әліпби жобасында осы дыбыстарға орын бердік. Ал қазіргі ғылым мен технологияның дәуірінде біз осы мыңдаған сөздерді, әрине, алып тастай алмаймыз. Егер олай істесек, оны күнделікті ғылым, бизнес, жаңа технологиялар саласында қолданып жүрген қоғамның үлкен бөлігінің түсініспеушілігін қалыптастырамыз.
– Жоғарыда да айттық, әліпби нұсқасы жарияланған бір-екі күннің ішінде қоғамда алуан пікірлер айтылуда. Олардың көбісі осы нұсқаны ағылшын әліпбиімен салыстырып жүр. Осы мәселеге сіз қалай қарайсыз?
– Иә, ондай құбылыс бар. Өйткені біздің латын әліпбиі туралы түсінігіміз бен ассоциацияларымыз ағылшын әліпбиімен, тіпті осы тілмен байланысты. Бұл арада біз мына нәрсені жақсылап ұғынғанымыз жөн. Ағылшын әліпбиі – латын графикасындағы көп әліпбилердің бірі, яғни ағылшын әліпбиі ағылшын тілінің төл әліпбиі емес. Бірақ біздің азды-көпті білетініміз – осы ағылшын тілі мен әліпбиі.
Қазақ тілі мен ағылшын тілі әлемдегі тілдер тобында тоқайласпайды. Әрқайсысы басқа тілдік семьяға жатады. Яғни, олардың фонетикасында, грамматикасында, стилистикасында түбірлі айырмашылықтар бар. Сондықтан латын әліпбиі негізіндегі қазақ әліпбиін жасауда біз ағылшын тілінің тәжірибелеріне жалтақтай бермеуіміз керек. Егер ол тәжірибелерді өз әліпбиімізді пайдалансақ, онда тіпті ол қазақ тілінің әліпбиі болмас еді. Әрине, қазір жұрт жаңа нұсқамен танысып жатқанда, олар біз қаласақ та, қаламасақ та, жаңа әліпбиден ағылшын әліпбиінің ерекшеліктерін іздейді. Кейбір ұқсастықтар болуы мүмкін. Бірақ бұл қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне құрылған қазақ әліпбиі екенін жақсылап ұғынайықшы. Осындай маңызды принципті ескеріп, қайталап айтайын, ең алдымен қазақ тілінің дыбыстық жүйесі басшылыққа алынды.
– Енді түрлі пікірталастарға себеп болған сұрақты қойсам деп отырмын. Сіздер жариялаған нұсқа тура осы күйінде қабылдана ма?
– Бұл нұсқаға әлі де апробациялық жұмыстар жүргізілмек. Оған жастар, әртүрлі сала мамандары қатыстырылады. Осы апробацияның нәтижелері де бұл әліпби нұсқасының қолданысқа икемділігін айқындауға негіз болады. Сонымен бірге мамандар тарапынан айтылып жатқан ұсыныстардың ғылымилығы да ескерілмек. Яғни, елімізде латын әліпбиіне көшу кезең-кезеңімен жүзеге асырылады десек, нақты нұсқаны қабылдау жұмыстарына да белгілі бір уақыт қажет болады. Бұл, әлбетте, әліпбидің сапалы деңгейде орындалуына оң ықпал етері күмәнсіз.
– Ербол Ердембекұлы, сіздің ойыңызша, латын әліпбиіне көшу қанша уақытқа созылады?
– Әрине, қандай да болсын, халыққа, болашаққа қажет бастаманың жылдам әрі сапалы орындалуын барлығымыз қалаймыз. Әліпбидің нақты нұсқасы бекітіліп, оны өміріміздің барлық саласына енгізудің жұмыс жоспары жасалғанда, біз оған мейлінше нақтырақ жауап береміз. Латын әліпбиі таңбаларының отандастарымыздың көпшілігіне таныстығы санамызға сенім ұялатады. Оның бер жағында латын әліпбиіне көшуді жаппай қолдап жатқан халықтың көңіл-күйі мен ықыласты пікірлері сенімімізді бір күшейтсе, ал халқымыздың бойындағы білімге құштарлық ол сенімді бекіте түседі. Олай болса, әліпбидің жаңа нұсқасы көп созылмай, межелеген уақытта қабылданады деп сенеміз.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Айсұлу ОСПАН,
«D»