«Общественная позиция»
(проект «DAT» №36 (353) от 6 октября 2016 г.
Екінші тарап не дейді?
Жаңаөзендегі еңбек дауына байланысты «Бұрғылау» компаниясының екі мыңға жуық жұмысшылары бастаған ереуілге «тіл табысу» үшін жергілікті прокурорлар мен полицияның күзетуімен келген жеке меншік акционерлер өкілі – KazPetroDrilling компаниясының президенті Рахмет Хайруллаевтың уәжін ашынған жұмысшылар қабыл алмады.
Ол былай дейді (Azattyq.org): «Жеке меншік мердігер компания ретінде тапсырушыға тәуелдіміз, егер тапсырыс болмаса, біз де жұмыссыз қаламыз. Ал бізге тапсырыс беруші де («ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы – Ред.) жаңа ұңғыма санын бұрынғы мөлшерден қысқартты. Биыл 30 мамырда жоспарлы жұмыс көлемі таусылған соң, тапсырыс күрт кемігендіктен, екі айға жуық уақыт жұмыс сағатын қысқартуға тура келді. Тек кейін қосымша 32 ұңғымаға тапсырма келген соң, бұрынғыша 8 сағатқа көштік. Біз үшін басты міндет – қазіргі бар еңбекақы көлемін сақтап қалу болып отыр».
Сонымен бірге Рахмет Хайруллаев жұмысшылар талап еткен мұнай-газ секторына арналған бірыңғай жалақы жүйесін «Бұрғылау» компаниясына енгізу мүмкін еместігін айтты. Оның сөзінше, мұнай-газ секторына арналған бірыңғай жалақы жүйесі «ҚазМұнайГаз» және оның еншілес мекемелері сияқты ұлттық компанияларға арналған. Ал жеке меншік кәсіпорындарда еңбекақы басқа ережемен төленеді.
Бұрғышы шеберінің көмекшісі Бауыржан Қуанышев бұл уәжбен келіспейді. Ол жалақы дауына қатысты 2009 жылы «Бұрғылау» компаниясында болған наразылықты еске алды. Қуанышев 2009 жылы жасалған арбитраждық келісім бойынша жоспар орындалған жағдайда жұмыс беруші жұмысшыға «бонус» төлеуі тиісті екенін айтты.
Бұған жауап ретінде «қиын жағдайға қарамай жалақыны уақтылы беріп жатырмыз» деген Хайруллаев дағдарыс кезінде жұмыс көлемін қысқартпай ұстап тұрғанын алға тартты. «Бізге биыл 200–250 ұңғыма берілуі керек еді. Бірақ 122 ұңғыма ғана алдық. Оларды мамыр айының соңына дейін бұрғылап бітірдік. Жұмысшыларды ақысыз еңбек демалысына жіберуге болар еді, бірақ біз қосымша 34 ұңғыма алып, жұмыс орнын сақтап қалдық», – деді ол.
Хайруллаевтың сөзінше, бас тапсырыс беруші «ҚазМұнайГаздан» тапсырыс азайған. Сондықтан жұмыс құны да 15 пайызға кеміген. Ол жұмысшыларға «ұңғыманы дайын күйінде өткізуге шығын көп кететінін» түсіндіруге тырысты. Алайда Хайруллаевтың «уәждеріне сенбейміз» деген жұмысшылар «президент пен министр араласпаса, мәселелері шешілмейтінін» айтты.
Наразы жұмысшылар акционерлері Рахмет Хайруллаевтан өздері сайлаған кәсіподаққа қысым жасауды тоқтатуды сұрады. «Үш жылдан бері кәсіподақ мүшесі ретінде айлық табысымыздың 3000 теңгесін жарна етіп төлеп келеміз. Бірақ кәсіподақ төрағасы жұмысын жасай алмай отыр. Біз сайлаған кәсіподаққа тиіспеңіздер. Басты талабымыздың бірі – осы», – деді Ербол Қажелинов есімді жұмысшы.
Хайруллаев бұл мәселеге араласа алмайтынын мәлімдеді. Оның сөзінше, бұрынғы кәсіподақ ұйымы «жаңа сайланған кәсіподақты заңға сай емес» деп сотқа берген. «Бізге кәсіподақ ұйымын кім басқарса да бәрібір. Сот шешімі шықпай жатып, ол кәсіподақпен жұмыс істей алмаймыз», – деді бас акционердің өкілі.
Талаптарына «нақты жауап алмадық» деп ренжіген наразы жұрт жағдайын көрсету үшін Хайруллаевты жұмыс орындарын көруге шақырды. Бірақ бас акционер өкілі бұл ұсыныстан бас тартты. Сонымен, Жаңаөзендегі «Бұрғылау» кәсіпорыны жұмысшыларының кәсіподаққа қысымды тоқтату, жалақыны көтеру және жұмыс жағдайын жақсартуды талап еткен наразылығы жалғасып жатыр.
«Азаттық» тілшісінің хабарлауынша, талаптары орындалмаған жағдайда аштық жариялайтындарын мәлімдеген 150 жұмысшы қала әкімдігіне арыз тапсырды.
«Бұрғылау» жұмысшысы Бекарыс Төлесінов жұмысшылардың аштық жариялайтындары туралы арыздарын Жаңаөзен қаласының әкімі Елубай Әбіловтың атына жолдағандарын айтты. «Талап орындалмаса, 14 қазаннан бастап осы автобекет алдында аштық жариялайтынымызды мәлімдеп, арыз түсірдік», – деді ол «Азаттыққа».
Жаңаөзенде ереуілдеп тұрған «Бұрғылау» кәсіпорыны жұмысшыларымен кездесуге қазанның 3-і күні облыс прокурорының орынбасары Ержан Бердібеков пен Маңғыстау облысы еңбек басқармасының өкілі Мерей Мәжитов келді. Жұмыс беруші мен жұмысшылардың өкілдері қатысқан жиын кешкі сағат 8-ге дейін созылды. Қабылданған шешімді ортаға шығып оқыған «Бұрғылаудың» бас акционері – «Казпетродириллинг» компаниясының президенті Рахмет Хайруллаев бірыңғай жалақы жүйесінің айырмашылығын есептеуге уәде берді. «Біз бухгалтериямызды сіздердің өкілдеріңізге көрсетейік. «ҚазМұнайГазға» ұсыныс жасадық, егер олар бізге тарифті көтерсе, біз (мәселені) шешеміз», – деді Рахмет Хайруллаев.
Оның сөзіне қарағанда, толық жұмыс күні жасалғанымен, қысқартылып тасталған жұмыс сағаттары қайта есептеледі, «бонус» деп аталатын 13-жалақы 2016 жыл үшін 2017 жылдың наурызында төленеді, қысқарған еңбек демалысы қалпына келтіріледі. «Жұмысшылардың шегендеу цехындағы 2014 жылдан бастап төленбей қалған сағаттарға қатысты арызы бар екен. Оны еңбек басқармасымен бірлесе зерттеп төлейміз», – деді бас акционер.
Хайруллаев жұмысшылардың кәсіподақ төрағасына тағылған жалған айыпты алып тастау, кәсіподаққа қысым жасауды тоқтату, оның есепшоты мен кәсіподақ кабинетін ашу туралы талаптарын облыс прокурорына білдіру қажетін айтты. «Облыс прокурорына арыз жазуды ұсынамын. Сотқа тартылған бес жұмысшыға қатысты облыстық сотқа апелляциялық шағым беру керек», – деді Рахмет Хайруллаев.
Бұған наразылық білдірген жұмысшылар жауапқа қанағаттанбайтындарын айтты. «Біздің басты талабымыз – кәсіподақ төрағасы Сәдуақас Бекқалиевті қудалауды тоқтату. Оны жұмыс берушінің талабы бойынша қудалап отыр. Біз осыны дереу тоқтатуды талап етеміз!» – деп мәлімдеген жұмысшылар наразылықтарын тоқтатпайтындарын айтты.
Еске салсақ, «Бұрғылау» кәсіпорыны басшылығы жұмысшылар ереуілінің лидері ретінде Сәдуақас Бекқалиев, Төребек Жолдыбаев, Бауыржан Қуанышев, Ақылбек Нұрлыбаев, Ержан Құлатаевқа қатысты жұмысшылар ереуілін заңсыз деп тануды сұрап, қазанның 1-і күні Жаңаөзен қалалық сотына арыз түсірген. Жұмыс беруші арызын қанағаттандырған Жаңаөзен қалалық сотының судьясы М.Жұмаева жұмысшылардың 30 қыркүйек және 1 қазан күні өткізген ереуілдерін заңсыз деп тану туралы шешім шығарған.
Ескерте кетейік, бас акционермен кездесу кезінде наразы ереуілшілер «Әділдік орнасын!», «Аса құрметті елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, үмітіміз сізде. Біз сізге сенеміз!», «Еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесін талап етеміз», «Кәсіподақ төрағасы ортамызға келсін!», «Елбасы жолдауы орындалсын!» деген ұрандар іліп қойды.
Ал ереуілші жұмысшылардың бұл
ұрандарына Ақорда
қандай жауап қатады – ол жағы
әзірге белгісіз. Белгілісі – бір ғана жәйт: егер үкімет тарапынан ереуілшілер талабына құлақ асу болмаса, бұл ереуіл үлкен әлеуметтік-саяси толқуға
ұласып кетуі әбден мүмкін.