Болашақта Қазақстан қандай ел болуы керек деп, президенттік сайлауға белсене шыққан Жарылқап Қалыбайдың сайлауға қатысудан бас тарту мәселесі жөнінде сайлау штабының жетекшісі, белгілі кинорежиссер, ұлт жанашыры Еркін РАҚЫШЕВ мырзаға хабарласқан едік.
–Жарылқап Қалыбайдың президенттікке үміткерліктен өз еркімен бас тартуын қоғам дұрыс түсінеді деп сенемін, – деп бастады сөзін Еркін мырза. – Орталық сайлау комиссиясы белгілеген – 93 мың адамның қолын жинау «межесіне» жете алмадық. Себебі, біріншіден, бізге берілген уақыт өте тар – шын мәнінде екі-ақ күн болды. Олай дейтінім – мүмкін болған уақыттың бес күні Наурыз мейрамына тап келді. ОСК қол жинау үшін толтырылатын парақтарды наурыздың 15 күні беруі тиіс еді. Ал комиссия уақытты мейілінше созып, парақтар әрең дегенде 18 наурыз күні кешке ғана қолымызға тиді. Ар жағында қалған екі жұмыс күнінің ішінде тоқсан мың адамның қолын Жарылқап түгілі, Назарбаевтың өзі де жинай алмас еді. Екіншіден, ОСК-нің облыстық бөлімшелері жергілікті жерде өткізілген қолдардың басым бөлігін жарамсыз деп тапты. Ол неге жарамсыз – оған олар мыңқ деп жауап бере алмады. Осының бәрі нағыз үміткерді сайлауға жібермес үшін жасалған қитұрқылықтар деп білем.
– Дегенмен, қол жинау барысындағы кедергілердің мән-жайын нақты біле алдыңыздар ма?
– Ол айтпасақ та түсінікті жәйт қой. Билік осы сайлауда тағы да өзінің қитұрқы әрекеттерін жасап бақты. Қаламы қарымды, ұлт жанашыры бола білген азамат осы сайлауға қатысатын болса, талай шындықтың беті ашылып, қалың қазаққа мәлім болар еді. Сондықтан қайткен күнде де оны өткізбеудің айласы жасалды.
Мына қызықты қараңыз: 40 миллионнан астам тұрғыны бар Польшадағы президенттік сайлауға 100 мың қол жинаса, он жеті миллион халқы бар мемлекеттің президентін сайлау үшін, 93 мың адамның қолын жинауды талап ету – сондай айланың үлгісі дер едім.
Сонымен бірге ОСК-нің берген бланкілері де қарапайым адамға түсініксіз түрде дайындалған, жергілікті жердегі азаматтарды түсіндіру үшін қосымша уақыт керектігін ешкім ескермеген. Ал президенттікке үміткер ретінде тіркелгендер үш адамның жүздеген мыңнан асыра қалай қол жинағаны – құрт қайнатып жүрген кемпірге де мәлім – әкімшілік ресурстардың күші. Ал Жарылқаптың артында тұрған партиясы, қалталы демеушісі жоқ екені тағы белгілі, бірақ оның артында шын мәнінде қалың елі – қазағы тұрғанын баса айтқым келеді. Жер-жердегі ынта білдіріп, сенімді өкіл болған азаматтар Жарылқап Қалыбайды қолдау үшін қол жинауға белсене араласты. Амал нешік, анық он күн уақытымыз болғанда, 100 мыңнан асыра дауыс жинар едік.
– Еркін мырза, сол «қалың елі – қазағы» Қалыбайға қол жинап бере алмады деген өкпе-ренішті енді кімге айтамыз?
– Халыққа реніш айта алмаймын… Ел-жұрт өте тығыз уақытта қолынан келген мүмкіндігін аяп қалған жоқ. Республиканың түпкір-түпкірінен телефон соғып хабарласып, қолдау көрсеткендері қаншама! Биліктің жасаған қысастығына деген ашу-ызаларын білдік. Ұлты үшін отқа түсуден тайынбайтындарын да ашық айтқан азаматтарға мың алғыс!
Қол жинау науқанындағы сенімді өкілдер ақысыз, тегін қызмет етті, Жарылқаптың қалтасынан қаржы шыққан жоқ. Алматыдағы штабымызға күні-түні келген жұртта есеп болған жоқ. Қазақтың көзі қарақты, зиялы азаматтары ұсыныс-пікірлерін айтып, қолдау көрсетуге әзір екендіктерін жеткізді. Сайлау науқаны кезінде әлеуметтік әділетсіздіктің бетін ашып, елді жайлаған жемқорлықты, халықтың мұң-мұқтажын билікке жеткізуді Жарылқап Қалыбайға аманат етіп жатты. Ел азаматтарының көзіндегі отты көріп, жігерленген едік…
– Бұл сайлаудың нәтижесі қандай болатыны алдын ала белгілі болса да, жігерлеріңіз жасымапты: ендігі үміт неде?
– Дәрменсіздік танытуға болмайды: ел ішінде ағарту жұмыстарын белсенді жүргізу керек. Биліктің бас-көзсіз насихатынан «зомбиға» айналып қалған жұрт аз емес. Солардың көзін ашу керек. Мәселен, тәуелсіздіктің жиырма үш жылында ешқандай сайлау өз мезгілінде және әділ өткен жоқ. Осы ширек ғасырға жуық уақыт бойы билік өзін-өзі мақтап, халықтың санасын әбден сансыратып, өз дегенін жасауда. Ал қара қылды қақ жарып шығатын азаматтарға жол қашан да жабық.
Сайлау алаңында халықпен кездесу мүмкіндігін пайдалану – Қалыбайдың басты мақсаты болды. Билік сайлаудың қортындысы қалай боларын алдын ала қаттап қойса да, Қалыбайдан қорыққан сыңайлы. Себебі билік өзі жеңіске жететінін білсе де, Қалыбайдың артында тұрған халықтан сескенді, осынша уақыт алдай берудің амалы да түгесілген сыңайлы. Экономикалық дағдарыстан гөрі, билік саясатының дағдарысы қазаққа қауіпті болып тұр дер едім.
– Еркін мырза, қаласаңыз да, қаламасыңыз да, президенттік сайлау өтеді. Сол сайлаудан енді нендей жаңалық күтіп отырсыз?
– Бұл сайлаудан ешқандай жақсылық та, жаңалық та күтпеймін. Бұл сайлау – тәуелсіздік алған қазақ тарихындағы ең соңғы әділетсіз сайлау боларына сенімдімін!
Бақытгүл МӘКІМБАЙ,
«D»