«Общественная позиция»
(проект «DAT» №44 (408) от 30 ноября 2017 г.
Желідегі жазбалар
Бүгін «Forte Bank»-ке кірдім. Байқағаным – барлығы орысша сөйлеп жатыр. Банк қызметкерлерін айтпаймын, тұтынушылардың өздері «здравствуйте» деп бастайды. Бәрі қазақ. Қызметкерлердің құлағы үйренген-ау деймін, менің қазақша амандасқаныма қарамай, анықтама, т.б., қағаздарды орыс тілінде берді.
Сөйтсем, қазақ тілде тек сұраныс бойынша басып береді екен. Естеріңізге сала кетейін, бұл шетелде емес, Қазақстанда орын алған жағдай. Қазақстанда қазақ тіліндегі бланкты алу үшін арнайы сұраныс керек. Қызық, иә?
Қазір банктікі дұрыс емес десем, орыс тіліне қарсы болған сияқты боламын. ҚАЗАҚ ТІЛІН ҚОЛДАУ, ЖАН АШУ – ӨЗГЕ ТІЛГЕ ҚАРСЫ ШЫҒУ ЕМЕС. Сол нәрсені көбіміз шатыстырып жатамыз. Бірақ банктікі дұрыс деп те айта алмайсың ғой. Сонда шешім қандай?
Мен өз басым «Forte Bank»-ке мынандай ұсыныс тастар едім. Құжаттарды кейбір басқа банктер сияқты бірден екі тілді қылыңыздар. Қазақ тілін тек сұраныс бойынша беру – бұл дұрыс шешім емес. Немесе орысша сәлемдесіп, орысша сөйлеп тұрған адамдарға орыс тілді нұсқасын, қазақша сөйлеп келген адамға бірден қазақша нұсқасын ұсыныңыз. Меніңше, өте әділ шешім. Себебі біздің қазақтан да бар ғой – бір жерге барып алып, «здравствуйте» деп бастаймыз. Сосын өзіміз «неге барлық жерде тек орыс тілінде» деп айқай шығарамыз. Қазақ тілінің дамуы банктен басталмайды, өзімізден басталады.
Араларыңызда сол банктің тұтынушылары бар ма? Банк қызметкерлеріне қазақша сөйлеп, кішігірім флэшмоб жасасақ қалай? Мүмкін, біздің арқамызда ең ірі банктердің бірі құжаттарын екі тілдіге өзгертер?
P.S. Банк парақшасы (әлеуметтік желілер мен интернеттегі – Ред.) да тек орыс тілінде жүргізіледі екен. Менің жазғанымды түсінсе жақсы…
Ләйлә СҰЛТАНҚЫЗЫ
Балтық бойы елдері ӨЗ ТІЛДЕРІН осылай тірілткен еді
90-жылдардың басында Латвия, Литва және Эстония мемлекеттеріндегі орыс тілді тұрғындар жергілікті халықтың тілін – мемлекеттік статус алған тілді – мойындамай, Кеңес өкіметі кезіндегідей, басқалардың орыс тілінде сөйлеуін талап етуін тоқтатпады. Мемлекеттік тілді білуді, үйренуді керек етпеді. Бұл елдерде де біздердегі сияқты, алғашқы кезеңде «бұл – сенің мемлекетіңнің тілі, оны білу, қолдану – сенің парызың» деген сияқты ақыл-кеңестер, жұмсақтап айтулар болды.
Алайда орыс тілді азаматтар «өзгелермен түсінісу үшін, мен олардың тілін білуге тиісті емеспін, менімен түсінісу үшін басқалар менің тілімді білсін!» деген шовинистік, ақымақ ұстанымнан айрылғылары келмеді. Мемлекеттік тілді міндеттеу басталғанда, орыс тілділер «біздің тілімізді кемсітіп жатыр!» деген айқай-шу көтеріп, жалайырға жар салды. (Айта кету керек, «біздің тіліміз кемсітіліп жатыр» деген жылау мен зарлау – бейшара орыс тілділердің ең тиімді тәсілдерінің бірі).
Бұндай арсыздықты күтпеген Прибалтика елдерінің мемлекеттік органдары алғашқыда тосылып та қалды. Алайда осы жағдайда елу жылғы орыс тілділердің езгісін көріп, қандары қайнаған жергілікті ұлт өкілдері жаңа тәсілді – мәдениетті, адам құқығын бұзбайтын жаңа әдісті ойлап тапты.
Бұл тәсілдің негізінде «Сенің қандай тілде сөйлейтініңде менің жұмысым жоқ, ал мен өзімнің тілімде сөйлеймін» деген ұстаным жатты. Жоғарыдағы елдердің дүкендері мен кассаларында, транспорттары мен тұрмыстық қажетті өтеу орындарында, т.т. орыс тілінде сөйлеген адамдарға мемлекеттік тілде, сол мемлекетті құрған ұлттың тілінде жауап беріле (немесе мүлдем жауапсыз қалдыру да орын алды) бастады.
Алғашқы кезеңде орыс тілділер аңтарылып қалды да, кейіннен «орыс тілін кемсітушілік (дискриминация) жүріп жатыр!» деп, сан түрлі орындарға, адам құқығын қорғайтын, бақылайтын Еуропа ұйымдары мен құрылымдарына арыздар жазып, көмек сұрады. Алайда бұл мәселені тексеруге келген сан түрлі комиссиялар адам құқығының бұзылуының ешқандай да дерегін таба алмады.
Прибалтиканың жергілікті тұрғындары: «Маған орыс, ағылшын, неміс, т.б. тілдерде сөйлеген адамға ешқандай ренішім жоқ. Себебі әр адамның өзінің сөйлеу тілін таңдау құқығын толық мойындаймыз, құрметтейміз.
Сондықтан басқа тілде сөйлеген адамға «аузыңды жап, біздің мемлекеттің тілі – латыш тілі. Сен сол тілде сөйлеуге тиіссің» деген сөзді айтпаймыз. Бірақ олар да біздің қай тілде сөйлеуді таңдау құқығымызды сыйласын. Біз өз тілімізде сөйлеуді таңдаймыз. Оған ренжімейтін шығар» деп жауап берді. Орыс тілділердің: «Олар орыс тілін біледі, ал мен латыш тілін білмеймін. Сондықтан олар бізге орыс тілінде жауап берулері керек» деген сөздерін естіген еуропалық адам құқығын қорғаушылар талып қала жаздапты.
Естерін жинаған комиссия мүшелері: «Кешіріңдер, олардың – латыштардың – іс-әрекетінде адам құқығын бұзатын ешқандай белгі жоқ. Олар сендердің ауыздарыңды жауып, латыш тілінде сөйлеуге мәжбүрлеген жоқ. Үнсіз тыңдап, түсінбегендері жауап бере алмай, ал түсінгендері өз тілдерінде жауап берді. Бұл жерде ешқандай тілдік дискриминацияны көріп тұрған жоқпыз. Егер сендерге орыс тілінде сөйлеуге тыйым салса, тілдік дискриминация деп соны айтуға болады. Жергілікті ұлттың өз тілінде сөйлеуі – мәдениеттілік пен өздерінің ана тілдерін, мемлекеттің тілін құрметтеуі ғана. Бұл – олардың таңдауы. Ал сіздердің «менің түсінетін тілімде жауап беріңдер» деп талап етулерің – барып тұрған бассыздық, адам құқығын сыйламаушылық» деген тұжырым айтыпты.
Ұзын сөздің қысқасы, осы «Прибалтика тәсілі» арқылы жергілікті ұлт өкілдері аз уақыттың ішінде өздерінің ұлттық тілін – мемлекеттік тілді тірілтіп алды.
Дос КӨШІМ
БІР СӨЙЛЕМДЕГІ ЕКІ БИЛІК –
бірін «тақтан тайдыру» керек
Саясатта шаруамыз шамалы. «Егер сен саясатпен айналыспасаң, саясат сенімен айналысады» деген мақалды жақсы білсек те, соның суын сапыруға зауқымыз жоқ. Есесіне саяси шолуларды сүйсініп оқимыз.
Міне белгілі саясаттанушы жазған саяси шолуды желдірте жөнелмей, байыптап санаға сіңіріп отырмыз. Қазір өтімді екі тақырып бар: не қырғыз-қазақ тайталасы, не алыстағы Африканың түпкіріндегі Мугабе деген ақсақалдың абыройдан айырылуы. Мынау – сол Африканың бақытсыздыққа ұшырап, бейшара болған елі туралы талдамалы мақала. Авторын сіздер сұрасаңыздар да, біз айтпаймыз. Негізі жақсы жазатын, екі жүзді қанжар сияқты қаламгер. Тек бір сөйлемге бола тұтылып қалды. Асығыстығы себеп болса керек. Бір жазғанын үстінен редакциялап өтпеген…
Хош. Сараптамада Зимбабве африкалық халық одағы (ЗАПУ) мен Зимбабве халқы ұлттық одағы (ЗАНУ) атты екі партияның арасын шиырлаған Мугабенің жұлдызды сәті былай сипатталған:
«Осы екі партияның арасындағы ұзақ мерзімді саяси және қарулы қақтығыстан кейін билікке шона тайпасының өкілдерінен құрылған, Роберт Мугабе басқарған, қытайлықтарға арқа сүйеген, Маоның жолымен жүріп, қытайлық үлгідегі социализм құрамыз деген ЗАНУ билікті басып алады».
Жай оқырман осы қалпында мүдірмей оқып кетері хақ. Ал сіз – редакторсыз. «Екі шоқып, бір қарауға» тиіссіз. Иә, көзіңізге бірден түсті: бірінші «билікке» деген сөз артық. Өйткені сөйлемнің соңы «билікті басып алады» деп аяқталады. Егер бірінші «билікке» сөзі қалдырылса, онда екінші «билікті» сөзі сызылып, баяндауышы «басып алады» сөзінің орнына «келеді» деген сөз болуы керек.
Бірінші нұсқада: Осы екі партияның арасындағы ұзақ мерзімді саяси және қарулы қақтығыстан кейін шона тайпасының өкілдерінен құрылған, Роберт Мугабе басқарған, қытайлықтарға арқа сүйеген, Маоның жолымен жүріп, қытайлық үлгідегі социализм құрамыз деген ЗАНУ билікті басып алады.
Екінші нұсқада: Осы екі партияның арасындағы ұзақ мерзімді саяси және қарулы қақтығыстан кейін билікке шона тайпасының өкілдерінен құрылған, Роберт Мугабе басқарған, қытайлықтарға арқа сүйеген, Маоның жолымен жүріп, қытайлық үлгідегі социализм құрамыз деген ЗАНУ келеді.
Біз үшін бірінші нұсқа тәуір. Себебі екінші нұсқада «билікке келеді» деген әрекеттің бір сөзі анда, бір сөзі мұнда қалады.
Ал бірінші нұсқаны күшейту керек еді. Өйткені бұл – шағын хабар емес, саяси шолу, талдамалы мақала. Біз «ұзақ мерзімді саяси және қарулы қақтығыстан кейін» деген тіркесті «ұзақ мерзімді саяси тартыстан және қарулы қақтығыстан кейін» деп жазар едік. Алдымен саяси тартысты, одан қарулы қақтығысты. Санаға сіңімді болмақ.
Енді мына бір: «шона тайпасының өкілдерінен құрылған, Роберт Мугабе басқарған, қытайлықтарға арқа сүйеген, Маоның жолымен жүріп, қытайлық үлгідегі социализм құрамыз» деген тіркесті де құлпыртқан, яғни редакциялаған жөн сияқты. Мұнда «құрылған» және «құрамыз» деп бір түбірден шыққан екі етістік тұр. Яғни, сөз қайталау аңғарылады. Одан қашу үшін бірінші «құрылған» сөзін «тұрған» деген дұрыс. Содан соң бажайлап қарасаңыздар, мұнда «ған», «ген» жұрнақтары арқылы жазылған есімше көп: «құрылған», «басқарған», «сүйеген», «құрамыз деген». Тек бес тіркестің бірі ғана «жүріп» деген өткен шақтық көсемше етістік түрінде жазылған.
Кеттік, осыны жөндейік: «шона тайпасының өкілдерінен тұрып, Роберт Мугабе басқарған, қытайлықтарға арқа сүйегендіктен Маоның жолымен жүріп, қытайлық үлгідегі социализм құрамыз деген» болып шықты. Тұтас тіркес шілдің қиындай әр жакққа шашырамай, екі нақты нәрсені аңғартты. Ішкі: «шона тайпасының өкілдерінен тұрып, Роберт Мугабе басқарған» және сыртқы: «қытайлықтарға арқа сүйегендіктен Маоның жолымен жүріп, қытайлық үлгідегі социализм құрамыз деген».
Сонымен бұл сөйлемнің біз редакциялаған нұсқасы мынадай: «Осы екі партияның арасындағы ұзақ мерзімді саяси тартыстан және қарулы қақтығыстан кейін шона тайпасының өкілдерінен тұрып, Роберт Мугабе басқарған, қытайлықтарға арқа сүйегендіктен Маоның жолымен жүріп, қытайлық үлгідегі социализм құрамыз деген ЗАНУ билікті басып алады».
Ал автордың нұсқасымен салыстырып көріңіздер.
Қайнар ОЛЖАЙ