«Общественная позиция»
(проект «DAT» №38 (355) от 20 октября 2016 г.
ДАТ!
Бүгінде белгілі болғандай, қазанның 9-ында ғаламторда Т. Жүргенов атындағы Өнер академиясында 2011–2015 жылдары оқыдым деген актриса Еңлік Сыдықованың (төменгі суретте) «видеосы» жарияланған еді. Еңлік осы «видеода» 2011 жылы сол кездегі академия ректоры болып тұрған Арыстанбек Мұхамедиұлын оқуға түсуге «әуелі ақша сұрап, кейін жыныстық бопсалады» деп айыптады. Қазанның 10-ы күні Мұхамедиұлы өзіне тағылған айыптарды терістеп, Е.Сыдықованың мәлімдемесіне байланысты «жала жапты» деді.
Ел ішіне тарап кеткен ақпарға қарағанда, министрден зәбір көрдік деген қыз-келіншектер қатары біршама артып отыр. Олар министрдің отставкасын талап етуде. «Sputniknews.kz» сайты коррупциямен күрес ұлттық бюросының баспасөз қызметі Мұхамедиұлының атына айтылған айыпқа қатысты жағдайлар анықталып жатқанын хабарлапты.
Айтпақшы, қазақстандық режиссер Талғат Жәнібеков Мәдениет министрлігі мен А. Мұхамедиұлы «Феникс» фильмінің түсірілімін қаржыландыруға «пара» талап етті деп айыптаған болатын. Мәдениет және спорт министрлігінің басшысы айыптаулардан бас тартып, режиссерді сотқа берген еді. Бұл мәселе бойынша министрге қатысты іс қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылды. Енді, міне, Еңлік Сыдықованы қорғамақ болған адвокаттардың бірі Гүлнәр Жуаспаева ханым әлеуметтік желілер арқылы өзіне әлдекімдер қысым жасап жатыр деп мәлімдеді. Осы және Еңлікті қорғауға қатысты мәселенің мән-жайын білмек болып, адвокатты «ДАТ!» айдарының алаңындағы әңгімеге тарттық.
– Гүлнәр ханым, өткен аптаның соңында әлеуметтік желіде өзіңізге жасалып жатқан қысым туралы жазбаңыз шықты. Осы қысымның мән-жайын өз ауызыңыздан естісек…
– Маған қысым жасалды дегеннен гөрі, әріптестерім кеңес беріп, ескерту айтып жатыр дегенім жөн шығар. Адвокаттар әлеуметтік желіде қоғамда дау туғызып жатқан мәселе төңірегінде жиі-жиі пікір алысып, өзара талқылаймыз. Еңліктің видеосы шығып, мен оған қорғаушы болғанымды естіген әріптестерім: «Сен тағы да бір даулы тартысқа кірісіп кеттің, оның артында бір күш тұрғаны (министрдің) белгілі емес пе? Абай болсаңшы! Әлеуметтік желідегі осы мәселеге қатысты жазбаларыңды өшіріп тастағаның дұрыс», – деп жатыр. Желіде жазғаным жалпақ елге жария болсын деген ниетпен, «КТК» телеарнасы арқылы «кез келген өркениетті мемлекетте осындай жағдайға тап болған лауазымды шенеунік пен оған бағынышты қызметкерлер қызметінен кетуі тиіс» деп, ашық түрде мәлімдедім. Іле-шала әлеуметтік желідегі достарым да, достықта жоқтар да «байқа» деп ескертіп жатты. Ал ресми түрде ешкім қысым жасаған жоқ.
– Айтпақшы, сіз Еңлікті қорғауға өз бастамаңызбен қосылдыңыз ба, жоқ әлде Еңліктің өзі сізге қолқа салды ма?
– Әлеуметтік желіні белсенді түрде тұтынушының бірімін. Өзімнің аудиториям, бес мыңға жеткен достарым бар, мың жарым адам менің желідегі парағыма тіркелген. Қолым босаған кезде желіде көтеріліп жатқан мәселелерді талқылауға араласамын. Арыстанбек Мұхамедиұлына қарсы дау басталған күннен бері өзімнің пікірімді көпшілікпен бөлісудемін. Еліміздің Конституциясына сәйкес, Қазақстан құқықтық, зайырлы, демократиялық мемлекет. Сондықтан мұндай даудың соңына министрдің қызметінен кетуі, солайша дау-дамайға нүкте қоюы тиіс екенін әлеуметтік желіде жаздым. Осы жазбадан кейін пікір таластырушылардың белсенділігі артып, екі жарылып жатыр.
Еңлік Сыдықованың бейнежазба арқылы айтқан сөздері қоғамға жария болған соң, оның жақтастары: «Еңлікке қорғаушы тауып бере аласыз ба, өзіңіздің мүмкіндігіңіз болмаса, басқа бір адвокаттарға жол сілтесеңіз», – деп, маған өтініш жасады. Жүк көлігін жүргізушілердің ісімен айналасып жатқанымды, уақытымның тығыз екендігін айтып, елге танымал, батыл адвокат Айман Омароваға хабарласып көріңіздер дедім. Бірақ осы істі жүргізуге Айманның келісім бермегені жөнінде әлеуметтік желіден хабардар болдым. Кейбір әріптестерім мұндай істі алуға дәттері бармайтынын жасырып қайтейін: уақытымның да, мүмкіндігімнің де шектеулі болғанына қарамастан, Еңлікті қорғауға тәуекел еттім. Өзге адвокаттарды, тіпті тепе-теңдікті сақтау үшін, адвокат еркектерді де осы іске араласуға шақырдым. Қатарымыз көбейді, арамызда заңгерлер де бар.
– Еңліктен кейін де бірнеше қыз Арыстанбек Мұхамедиұлын «жыныстық бопсалау» бойынша айыптап, мәлімдеме жасады. Сіз Еңлікті қорғау стратегиясы мақсатында бұл қыздармен жолыға алдыңыз ба?
– Министрден жәбір көрген басқа қыздардың да ар-ожданын қорғау жөнінде ресми келісім жасадық. Енді министр қашан сотқа беретінін күтіп отырған жайымыз бар. Ол қыздардың Алматыда тұратындарымен кездестім, ал басты айыптаушы Еңлікпен телефон арқылы хабарласып отырмыз. Еңліктің айтқандарын растап, куә болуға құлық танытқан қыздармен өзім кездестім, егер іс сотта қаралатын болса, олар Еңлікке қолдау көрсетуге дайын. Бүгінде Арыстанбек Мұхамедиұлынан зәбір көрдік деген қыз-келіншектер қатары біршама артып отыр: бәрі министрдің отставкасын талап етуде. Ал Мұхамедиұлының өзі болса, мұның бәрін жала деп тауып, өзінің ар-намысын сотта қорғауды жоспарлап отыр.
– Жоспары қаншалықты іске асарын кім білген, дегенмен «қызқұмар» министр мұндай айыпқа, өзі туралы жасалған мәлімдемелерге қатысты «ар-намысым мен абыройымды тек сотта қорғап, тек заң жүзінде жауап берем» деген екен. Әдетте уақыты біраз өтіп кеткен мұндай жеке басқа қатысты кикілжің істерді дәлелдеу немесе жоққа шығару тәжірибесі бар ма?
– Министрдің мәлімдемесі жөнінде әзірге ештеңе айта алмаймын, өйткені қожайындары үшін баспасөз хатшылары ғана жауап беріп жатыр. Егер министр Еңлікті сотқа беретін болса, біз барлық дәйектерімізді нақты деректер арқылы дәлелдей аламыз. Әрине, бірнеше жыл бұрынғы оқиғаны жаңғыртып, сотта дәлелдеу оңай болмасы анық. Алайда министрдің әрекеті қоғамнан да, БАҚ тарапынан да, ел тұрғындарынан да қолдау таппайтынына сенімдімін.
Біздің түпкі мақсатымыз – әйел құқының аяққа тапталмауын, үлкен өмірдің есігін енді ғана аттаған бойжеткен қыздардың арын ластамақ болғандар жазадан құтылмайтынын, өзгелер сабақ алу керектігін парламентте отырған көкелеріміз де сезінуі тиіс деп ойлаймын. Нәзік жандыларды қорғайтын адвокаттардың бар екенін, заң барлық шенеуніктерге, министрлер мен әкім-қараларға бірдей екенін ескерткім келеді. Әріптестерімнің арасында да мені «бітпейтін дауды қуып, жеңіліс табатын істі қолына алды» деп, сан-саққа жүгіртіп жатқандар бар. Мен ең алдымен әйел ретінде, ана ретінде, содан кейін ғана адвокат ретінде Еңлік қызымызды қорғап, осы істі аяғына дейін жеткізуге белімді бекем буып отырмын!
– Арада біраз уақыт өтіп кеткен соң, Еңліктің «болған жәйтті» жұртшылыққа жария ету жағдайы заң нормаларында қарастырылған ба?
– Жоқ, мұндай бап бойынша қарастырылған іс тәжірибемізде болмапты. Бұл ең алғашқы рет көтеріліп жатқан мәселе. Егер лауазымды қызметте отырған министр қарапайым ғана қазақтың қызымен соттасатын болса, онда алдын ала соттың қай жаққа қарай бұрылатыны бесенеден белгілі. Сот ешуақытта министрді айыпты деп танымайды, өйткені жемқорлыққа белшесінен батқан біздің сот жүйесінде әділеттілікке қол жеткіземіз деудің өзі артық. Сондықтан біз министр Арыстанбек Мұхамедиұлының қызметінен кетуін талап етудеміз. Егер ол барлық шенінен айырылып, қарапайым адам болса ғана, сот әділ шешім шығарады деп үміттенеміз.
– Шекпенін шешуге ыңғай танытып жатқан министрдің сықпыты әзірге байқалмайды. Ал сіздің қорғауыңыздағы Еңліктің өзі министрді сотқа беруге құлықты емес пе?
– Неге құлықты болмасын, ең бастысы өзінің арын қорғау үшін осындай тәуекелге барып отыр ғой. Әрине, алғашында, бейнежазба ел ішіне тарап кеткенін білген кезде, не істерін білмей, абдырап қалды. Бірақ оны ең алдымен ата-анасы қолдады, әкесі – отставкадағы полковник, қызын дауға оңайлықпен бере қоймас. Олар бұл істі аяғына дейін жеткізуге бар күштерін салуға әзір, өйткені Жүргенов академиясында бұрынғы ректорға қарсы куә болуға ниет білдіргендер қатары көбейді. Тіпті қыздардың жәбір көргені былай тұрсын, еңбек шартының бұзылғаны, жемқорлыққа жол берілгені жөнінде де куәлік ететіндер жетерлік.
– Мәселен, ел арасында Еңлік бұл жағдайды жария еткенде, нені көксеп отыр деген сұрақ бар. Моральдық шығын талап еткісі келе ме деген сыңайда…
– Осы мәселе төңірегінде нешетүрлі алып-қашпа әңгімелер жетіп-артылады. Мен ондай өсектерге бас қатырғым келмейді, еркектердің қызмет бабын пайдаланып, қыздарға, әйелдерге күш көрсету әрекеттері бойынша іс-әрекеттердің бетін ашуға бар күшімді саламын. Ал моральдық шығыннан да құнды ар-намыс мәселесі үшін күрес алдыңғы орында екені басты мақсат деп білемін. Дәл осы істен мені шығарып тастаса да, шындықтың бетін ашуға жанын салып, жалғастыратын адвокаттар бар екеніне сеніңіз. Ондай жағдайда қолдау көрсететінім хақ!
– Дегенмен, ел ішінде және әлеуметтік желіде «бұл скандал «жүргіш» министрді қызметінен алып тастау үшін әдейі ұйымдастырылған» деген пікір бар. Ол жөнінде не айтар едіңіз?
– «Жел соқпаса, шөптің басы қимылдамайды» дегендей, «мешкей» деген жаман атқа себепкер болған министрдің өзінен бар кінәні іздеу керек шығар. Егер моральдық ұстанымы қоғамға залалын тигізген адамды қызметінен алу керектігі жөнінде бастама көтерілсе, кім ұйымдастырса да, қолдау көрсетуіміз керек.
Ал мұндай даудың ұйымдастырылуына өзімнің ешқандай қатысым жоқ. Әлеуметтік желіде бірді-екілі жақтастары мен жалған атты жамылған қолдаушылары ғана бар министрге ара түсушілер аса көп емес. Әлдекімдердің қасақана ұйымдастырған әрекеті деп айтайын десем, министрдің күдігіне ілінгендердің бірі режиссер Талғат Жәнібеков: «Мен Еңлікті танымаймын. Яғни, бұрын-соңды араласқан емеспіз. Соған қарамастан, оның ашық мәлімдеме жасауын батылдыққа балаймын. Себебі мәдениет министрінің қызқұмар екенін бұған дейін де мың мәрте естігем», – дегенін БАҚ-тан естідік.
Мен де қыз өсіріп отырған анамын, жиендерім бар, сондықтан осы іске араластым. Бұл адам туралы бұрын да нешетүрлі қауесеттерді естіп жүрген едім. Еңлік басын көтергенде, мен де қарап тұра алмадым. Бұл істе жеңілсем де, халықтың есебінен күн көріп отырған шенділерге бұл істің «көлеңкесі» түсетініне сенемін!
– Рахмет, Гүлнәр ханым, бастаған ісіңіз жеңіспен аяқталуына тілектеспіз!
Бақытгүл МӘКІМБАЙ,
«D»
Жаңа айыптау
Қазақстан Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлын «азғын» деп айыптаушылардың қатары тағы бір қызбен толығып отыр. Өзін Т. Жүргенов атындағы Қазақ өнер академиясының түлегімін деп таныстырған жас қыз «Азаттық» радиосының «Настоящее время» жобасына сұхбат берген. Ол өзінің студент кезінде ректоры А.Мұхамедиұлының қыздарға қалай қырындағанын айтып берді. (Орыс тілінен жолма-жол аударылды).
«Ол алдымен менің оқудан шығып қалғанымды, қайта қалпына келтіруге болмайтынын айтты. «Құжаттар Білім министрлігіне кетіп қалды», – деді. Мен «ұятыңыз білсін» деп жауап қайтардым да, кабинетінен шығып кетпекші болдым. Сол кезде ол орнынан тұрып: «Жарайды, оқуыңды реттеп беремін, бірақ қоштасар алдында бір құшақтайын», – деп, маған қарай жақындады. Мен одан қорғану үшін күш қолдандым: бұтынан тебуіме тура келді. Ол болса, жүре алмай қалды. Кейін болған жайтты ешкімге айтпауымды жалынып сұрады.
…Күйеуге шыққан бір қыз бар еді. Бұрынғы ректор оған да қырындапты. Өмірін жұмаққа айналдырамын деп уәде берсе керек. Бірақ күйеуі бар екенін айтып, кездесуден бас тартқан соң, оған өзге ұсыныс айтқан. «Сұлу құрбыларың көп, эскорт қызмет көрсетейік» деп ұсынған екен… Кейінірек тағы бір қыздың төсек арқылы грантқа ауысқанын да естідік».
SN-SkifNews.kz