Гендерлік саясат ЕРКЕКТІҢ ҚҰНЫН көк тиын етеді…

«Общественная позиция»

(проект «DAT» № 45 (269) от 11 декабря 2014 г.

 

Бейсенбідегі бетпе-бет

 

Рахман ОМАР:

Гендерлік саясат

ЕРКЕКТІҢ ҚҰНЫН

көк тиын етеді…

 

«Әлемдегі ең сұлу әйел өзім деп біліңіз», – деп, маңғаз да мәнді мәнермен «Сен сұлу» бағдарламасы арқылы талай-талай қыз-келіншектерге сыр ақтартып, олардың жан дүниесіне үңілуге тырысқан белгілі актер әрі тележүргізуші Рахман Омардан көпшілік қауым соңғы кезде көз жазып қалған еді. Бұл жағдайға ол не дейді? – «Бейсенбідегі бетпе-бет» айдарының кезекті сұхбатына зейін қойыңыз.

 

–Рахман мырза, сіздің бұрынғыдай емес, телеарналардан көрінбей кетуіңіздің қандай себебі бар? Біреулер айтады: тамадалық кәсіптің түсімі мол болған соң, той-томалақтан шыға алмай жүр деп…

– Жалпы, өзім кез келген жобаларды жүргізе бергім келмейді. Жасыратыны жоқ, шақырулар көп, жылына 3-4 жобаны жүргізуге ұсыныс түседі. Өкініштісі – мұндай жобаларда тың жаңалық жоқ: Ресей мен Батыс бағдарламаларының қайталанған көшірмесі. Әзірге көңілімнен шығып жатқан ұсыныстар жоқ. Бір жағынан, ырду-дырду ток-шоуларды жүргіземін деп, тәп-тәуір дәрежемді түсіргім келмейді. Өйткені «Мың бір мақал, жүз бір жұмбақ», «Сен сұлу» секілді сүбелі бағдарламаларды жүргізгенім елдің есінде. Алла бұйыртса, алдағы уақытта өзімнің автор ретінде басымда піскен бағдарламамның бірін шығару жоспарда бар. Жас та келді, тәжірибе де мол… Ал асабалық деген бұл қосалқы табыс. Бүгінде мүйізі қарағайдай аға-әпкелерімізден бастап, елге танымал жұлдыздар асабалықтың арқасында күн көріп жүр ғой.

– Айтпақшы, той десе қу басы домалайтын, той өткізу үшін қарызға белшесінен батқан қазақтың бүгінгі жай-күйі сізді қаншалықты алаңдатады? Мәселен, біз қайтадан айналып, Еуразиялық одақ деген империяға еніп кеттік…

– Қазір біреу тойып, біреу тоңып секіретін заманның кері. Бір жақты пікірде қалуға болмайды. Біздің қазақ «Құдай» сөзінен кейін туған-туыстарының арасында «құда» деген категорияны жоғары қояды ғой. Қолымыздағы соңғы малды қонаққа сойып бермесек, қазақ боламыз ба? Қатарластарынан қалмасын деп, баласының абыройын ойлап, құдаларының алдында таба болғысы келмей, амалсыз несие алып, той жасайтын отбасылар бар.

Бір жағынан, бұл ел-жұрттың трагедиясы десек, екіншіден – еншісі бөлінбеген дастархан дәстүрі. Мен талай тойды көрдім: жігіт жақтың тойын құдалары жасап берген кез де болған. Жағдайы жоқ па, әлде жетім бе, білмедім, шарасыздан қыздың ата-анасы көніп, үйлі-баранды етіп, бар жағдайларын жасап берген. Алайда мұны «күшік күйеу» деп айтуға бола ма, болмай ма, білмедім.

– Одақ мәселесін сұрап отырған себебім – той тойлап жүрген қазақ қандай «қораға» еніп кеткенін де аңғармаған сияқты. Біздің халық өзінің болашақ мемлекеттік тағдырына неге соншалықты салғырт қарайды деп ойлайсыз? Әлде қазақтың елдік мәселесін тек мемлекетті басқарған билік қана шешкені дұрыс па?

– Айналып келіп, қайтадан саясатқа тірелдік пе? (Күліп). Ол бір ұзақ әңгіме. Көп нәрсені қазбалап айтқың да келмейді. «Сен саясатпен айналыспасаң, саясат сенімен айналысады» дейді ғой. Қалай десе де, мен саясатпен айналысқым келмейді. Саясаттың да менімен айналысқанын қаламаймын. Ашығын айту керек, қазір қоғамымыз бай және кедей деп іштей жікке бөлінді. Бірақ екі қолға бір күрек деген пысық адамның өлмейтінін анық білемін. Еңбек еткен адам жерде қалмайды. Ақша мәселесіне келсек, сол ақшаны балаларға, болашақ ұрпақтың біліміне салу керек. Талай отбасын көргенмін: қанша жерден қиналып, соңғы нанын жесе де, ақшасын баласының біліміне аударған ата-аналар қазір боз кілемнің үстінде отыр. Бұл – дәлелденген факт.

– Жуырда «Нұрлы жол» деген жаңа экономикалық саясаттың есігін аштық. Осыдан жолымыз оңып, еліміздің жағдайы нұрланып кетеді деген кезекті ертегіге сенесіз бе?

– «Нұрлы жол» жолдауының жақсы-жаман тұстары бар. Жолдаудың маған ұнаған дүниесі – келер жылы Қазақ хандығының 550 жылдығының тойлануы. Бұл арада саясаттың да қатысы бар шығар: алпауыт елдерде, тіпті көрші Ресейдің президенті Путин «Қазақтың бірінші ханы – Назарбаев» деп отыр ғой. Бірақ біздің қазақ хандарының тарихы тереңде жатыр ғой. Келер жылғы іс-шара «қазақ» деп жүрегі соққан азаматтардың бастамасы жастарға, әсіресе өскелең ұрпаққа үлкен ой қалдырады деп білем.

– Дегенмен, сіз саясаттан бұрын, өнердің адамысыз. Ал сіздің тамадалықтан, тележүргізушіліктен бұрын бағаналар өнеріңіз – театр ғой, солай ма?

– Әрине. Маған республикалық деңгейдегі үлкен биліктік қызмет те ұсынылды, партияға мүшелікке де шақырып, депутаттыққа ұсынамыз дегендер болды. Телевизия саласындағылар да өздеріне қарай түбегейлі бет бұруымды сұрады. Бірақ мен театр өнерін еш нәрсеге айырбастамаймын. Өйткені театр – менің рухани қазынам. Киелі шаңырақты атақты театр ардагерлері бізге аманат етіп қалдырған. Бір жағынан, өнердің иісі мұрындарына бармайтын аннан-мұннан келгендерге театр сахнасы таптаурын болмасын деймін. Қазір театрдың отымен кіріп, күлімен шығып жүрген жайым бар. Құдайға шүкір, театр жандану үстінде.

– Сіз «7 арнада» «Super әжелер» реалити-шоуын жүргіздіңіз. Соған қатысатын 50-60 жас аралығындағы әжелердің 1 млн теңге үшін сайысқа түсуін оғаш санайтын көрермен қауым бар. Осы орайдағы сіздің пікіріңіз қандай?

– Бұл сұрақты « «Super әжелер» реалити-шоуын жүргіздіңіз деп емес, неге оны дәл бел ортасынан тастап кеттіңіз?» деп қойғаныңыз дұрыс болар. Мен жобаның дәл ортасында бағдарламаны жүргізбей кетіп қалдым ғой. Бұл жобаға әжелер қатысады, оларға рухани жағынан мән береміз деген соң, келісім берген едім. Бірақ жоба бастапқы тақырыбынан ауытқып кетті. Көбіне батысқа еліктеп, әжелерімізді әуре-сарсаңға салды. Әже деген – ана, ал ана біздің ұғымымызда секеңдеген келіншек емес қой. Сол үшін жоба жетекшілерімен көзқарасымыз сәйкес келмей, сөзге келіп, түсірілімінің ортасынан тастап кеттім. Себебі жоба иелері әжелерімізді сайқымазақ еткісі келді. Алғаш мені хабарға шақыру барысында, менің ойыммен санасатындықтарын айтқан еді, бірақ уақыт өте әжелердің емес, жас қыздардың сайысы болып кетті. Бұл жобаның о баста діттегені, мақсаты мен мәні басқаша еді. Ал кейінгі жағдайына керемет баға бере алмаймын.

– Айтпақшы, бір интернет желісінен сізді «әйел жанының психологі» деген пікірді оқығаным бар. Осы қысқаша жазбаның тігісін жаза кетіңізші…

– Әйел жанының психологі дейтіні – қыз-келіншектерге арналған бағдарламаны жүргізгенім болар. «Қазақстан» ұлттық арнасында алғаш «Сырға» бағдарламасын Гүлмира Дайрабаева екеуміз бірге жүргізгенбіз. Қазіргі Ұлттық арнадағы Ләйлә Сұлтанқызының «Әйел бақыты» бағдарламасы секілді әйелдер мәселесін тереңнен қозғаған едік. Кейін «Сен сұлу» бағдарламасынан ұсыныс түсті. Бағдарламаның мән-мақсаты – әйелдің өз түр-тұлғасына, талғамына өзгеріс енгізіп, психологиялық тұрғыда өзіне сенім туғызу болатын. «Әйел жанының психологі» дегенді менің әріптестерімнің, көрермендердің маған берген бағасы деп білемін. Өзім әйелдің ғана емес, жалпы адамның ішкі дүниесіне, жанын түсінуге бейім адамдардың қатарындамын.

– «Оппозиция деген – мәдениеттің ең жоғарғы түрі. Егер баяғыдай бір партиялық болса, оның кемшілігін ешкім айтпаса, сонда ел қалай түзеледі? Ол – әйеліңнен басталады. Ол – сенің жанашырың», – деген еді Қадыр ақын. Қазіргі таңда қазақ әйелдері бұл «оппозициялық» міндетті атқара алып жүр деп ойлайсыз ба?

– Мен гендерлік саясатты аса қолдамаймын. Жалпы, бұл ата-бабамыздан бері болмаған дүние ғой. Бірақ Батысқа еліктеушілікті, сол мәдениеттің дүние жүзіне кең таралғанын мойындауымыз керек. Егер гендерлік саясаттағы әйелдердің пікіріне құлақ аса берсек, еркектің құны көк тиын болып қалады. Саясатпен әйелдің айналысқаны дұрыс шығар, бірақ сол әйел заты еркектің қабырғасынан жаратылғанын ұмытпай, өз орнын білсе деймін. Олардың қоғамға өзіндік пайдасы тиетін үлесі болсын, бірақ билікке ұмтылмауы керек.

–Туған жерім Алакөлден жер телімін алғанмын, жазда ол жақ Лас-Вегасқа айналады. Өйткені сол жерде демалыс орнын ашсам деген екенсіз. Жоспарыңызды жүзеге асырдыңыз ба?

– «Алакөлге келер жылы мән беруіміз керек, суына шомылып, содан кейін өз бағамды беремін», – деп айтқан бір депутат ағамыздың сөзі бар. Иә, суының құрамы жағынан теңдесі жоқ Алакөлдің болашағы зор. Рас, жер телімін алып қойдым, бизнесімді ертелі-кеш бастаймын.

Сұхбаттасқан –

Жансая ЕРТАЙ,

«D»

Республиканский еженедельник онлайн