«КӨГІЛДІР КӨЗІЛДІРІК» немесе Оқырманмен сырттай сұхбат

Бұл менің өз оқырмандарыммен ой бөлісейін деп, сайлау науқаны басталғалы бері қаперде жүрген жоралғым еді. Соның сәті бүгін түскен сияқты. Бірақ өзіме «пиар» жасау, жалаң жарнаманы жалбағай жамылу – оң жамбасқа салған ойым емес. «Оқырманмен сырттай сұхбат» деп, өзімше жанр жасамақ болған себебім – кездесе кеткен жерде оқырман ағайын жол-жөнекей сұрайтын, атүсті айтылатын анау-мынау мәселені жиып-теріп, осылай жауап берудің жолын іздеген түрім. Қаласаңыз – оқып шығарсыз, «қойшы осыны» десеңіз, газеттің басқа бетіне ойысып жүре берерсіз: қалау еркіңіз білсін – тықпалайтын түгім жоқ.

Сонымен, «осы не дер екен» деп, етене таныс ағайындар менен оқта-текте ненің жәйін сұрайды? Мәселен, соңғы кездері «осы сайлаудан не опа табайын деп депутаттыққа түсіп жүрсің» дейді.
Ең алдымен айтайын – бұл сайлауда маған, менің шашбауымды көтерген ЖСДП-ға дауыс беріңіз деп, нойыс насихаттың нұсқасымен ешкімге емеурін танытпаймын. «Бізге өзің де дауыс бер, өзгені де ерте бар» деп, Зайсандағы жалғыз әпкем таяуда туған күніммен құттықтап, телефон шалғанда да, ләм-мим демегем. Тіпті о жақтағылар менің депутаттыққа түсіп жатқанымнан да бейхабар болса керек. Алыс түкпірдегі Зайсан түгілі, Алматының көшесінде кезіге кеткен тамыр-танысым да менің бұл науқанға ноқталанғанымды білмейтінін көріп жүрмін. Себебі – үйіп-төгіп үгіт жасауға ЖСДП-ның жағдайы жоқ. Бүкіл бизнесті бүктірген билік партиясымен, оның «жолбике жолдастарымен» жарысу – естінің қылығы болмайды.
«Дауыс бер!» деп айтпайтын тағы бір себебім – «газетті пайдаланып, үгіт жүргізді» деген жазғыруға тап болуым мүмкін. Менің жарам жеңіл ғой: партияны «подставить» етуім мүмкін. Сондықтан дауыс беру-бермеу – жағдайға жіті жұрттың өз қалауындағы қақы болмақ. Оның үстіне мен және біздің партия «Нұр Отан» сияқты жарапазан жырлап, «жарқын болашақты» үйіп-төгіп тастай алмайды. Халықты «халауләймен» қарық қылуға қақымыз жоқ.
Айтпақшы, менің өз басым қарайған халық түгілі, 18 жылдан бері «ДАТ»-ты шығарып, жанымда жүрген Кенжетайдың салынар-салынбас жалғыз «времянкасына» кірпіш әперем деп айта алмаймын. Сол 18 жылда менімен бірге жүрген Бақытгүлді қыңқыл-сыңқыл сырқаттан түзеу үшін санаторийге жіберудің мүмкіндігін таппадым. Сөйте тұра, болар-болмасы беймағлұм депутаттық үшін халықты жарылқаймын деп, өтірік айта алмаймын. Бақытгүл мен Кенжеден халық құралады, ал оларды қинаған проблема – жалпақ елдің басында бар.
Ал депутаттыққа түсу мәселесіне келер болсақ, «опа табу» мен үшін мәнді емес. Табылар-табылмас – ол да соншалықты қызғылықты құштарлық дей алмаймын. Елдің бүгінгі саяси жағдайында парламенттегі оншақты оппозициялық депутат (егер өте алса) дүниені төңкеріп тастауы мүмкін емес. Белгілі бір фильмде айтылатындай: «Тут надо всю систему менять»! Ал тұтасқан тұрпайы жүйені ат төбеліндей депутаттар емес, бүкіл халық болып өзгерту қажет. Бірақ солай бола тұрса да, «сайлауға түсуге» не түрткі болды дерсіз.
Ал «түспейік» – кімге қиын қыламыз?! Оған биліктің қылшығы қисая қоймас. Сірескен жүйенің сіресін сындыру үшін, діңгегін діңкелетіп, тірегін ырғау үшін әркім әр жерден әрекет етуі керек шығар. «Жатқан тастың астымен су ақпайды» десек, жұлымырлар жұлмалап тастаған жұрттың жата бергені бұдан былай болмас. Қоғамда қозғау болсын десек, үміт-қайыры белгісіз болса да, қимыл жасау қажет. Халықты жетелесең, жоғын жоқтап алаңға шықпаса, басқа қылар қандай қайран бар?

«Жекелеген тәуелсіз тұлғалардың, оппозицияның қатысуы бұл сайлауды заңдастыруға лигитимдік береді: сөйтіп, биліктің диірменіне су құйып жүрсіңдер» деп жазыпты жуықта бір «Фейсбук-досым». Осыған не дейін?
Оқырман ойының оғаштығы жоқ – мүдделі уайымның сөзі. Расында, ертеңгі күні билік бар дауысты үйіп-төгіп «Нұр Отанға» жазып берген соң, «бұл партия оппозициямен тайталаста жеңіп шықты» деуі – әдеттегі әгугәй. Бірақ «Шегірткеден қорыққан егін екпес» дегендей, билік солай дейді екен деп, дәрменсіз отыруға тағы да болмас.
Екіншіден, бұл билік лигитимдікті «ұрып қойғаны» бар екен. Сайлауды заңдастыратын қарсылас-мыс партия-сымақтарды балалатып тастады: басқалар бұл сайлауға қатыса ма, жоқ па – оған «до лампочки»! Мәселен, әлемдік өркениеттің басындағы демократиялық елдер үшін коммунистік идея – нағыз қызылкөз бәлекет. Мархабат, біздегі ондай жасанды қызылкөз – Косаревтің «халықшыл» компартиясы. Сол Косаревті «біздің дауысымызды ұрлады» деп, сайлаудан кейін «Хабардан» бір-екі рет қақсатса болды – Батыс елдері бұл байбаламды жоққа шығара алмайды. Осылайша оппозициялық «ой» ойнақшып шыға келеді.
Жалпы, биліктің солақай саясат технологиясын игеріп алғаны соншалық, ертеңгі күні қойнындағы қатынын «мынау –оппозиция» дей салуы – мұрын шұқудан оңай шаруа. Әлбетте, ел-жұрт ол қулықтың қитұрқылығын біледі. Бірақ билікке бәрібір: жоқты – бардай ету, барды – құдай ұрғандай ету арқылы Ақорда абыройын жауып жүр. Басқа және адал қарекет қолдарынан келмейді.

«Енді екі-үш күн ішінде түгесілетін науқан барысында билік ЖСДП-ға жетім баланың күйін кештірді, телеэфирден орын бермеді, қалалы жердегі билбордтарды өз кандидаттарының суреттерімен толтырып тастады, т.т. Мұндай қысастық жағдайында биліктің «артын ашу» үшін, сайлауға бойкот жариялау – қиянатқа қарсы жауап болар еді. Бұл қолдарыңыздан келе ме?» – деген талап-тілекке не жауап беруге болады?
Әрине, бойкот жариялау – билік дайындап қойған «жеңілістен» құтылудың ең оңай жолы. Билікке бар бәлені жауып, жантайып жата беруге болады. Бірақ, сайлаушылар, халық алдындағы жауапкершіліктен қалай құтыласың? Қалай болғанда да, протесті электораттың құрығанда тең жартысы ЖСДП-ға дауыс беруге бел буып отыр. Олар ЖСДП-ның өлермен жақтасы болмауы да мүмкін. Бірақ басқа таңдау болмаған соң, оппозицияға дауыс беруге үміт артуда. Оның ЖСДП-ға берген дауысы есепке алына ма, жоқ па – протесті электоратқа бәрібір. Басты мақсаты – қытымырдан осылай өш алу. Тым құрығанда, өз-өзін осындай бір болмашы рахатқа бөлеу.
Ендеше билікке қарсы қауымды мұндай «рахаттан» құр қалдыруға бола ма? Егер сайлауға үш-төрт күн қалғанда бойкот жариялайтын болсақ, сол қарсы қауым ЖСДП-дан мүлде үміт үзбей ме?
Менің ойымша, бойкот – болымсыз шаруа. Бұл бойкот бүгінгі оппозициялық қозғалысқа деген сенімнің соңғы тамшысын сарқумен бірдей болады. Сондықтан көңілге медеу болар-болмас сол сенім алдындағы жауапкершілікті жермен жексен етуге мен түбегейлі қарсымын. Біз депутаттыққа өтеміз бе, жоқ па – ол маған аса маңызды емес. Маңыздысы – елдегі көзге көрінер-көрінбес қарсылық қозғалыстың меселін қайтармау. Елдің ерік-жігерін, тәуменделіктен ада тірлікке деген үміттің шоғын үрлей білуіміз керек. Түптеп келгенде, бұл рухқа қатысты мәселе. Яғни, халықтың еркіндікке деген ынтазар рухын ұрлатпауымыз керек.
Әрине, қалада жүрген, «Фейсбукте» «отырған», кухнясында кіжінген қазақ мынау не оттап отыр деуі мүмкін. Митингіге шақырсаң, кежегесі кері тартатын, алаңға шығуға аттап баспайтын сол қазақ: «Біздің рухымызды ешкім тонай алмайды!» деп, кеуде қағып, менің осы ойымның ойран-топырын шығаруы мүмкін. Бірақ қазақтың жартысы ауылда тентіреп жүргенін ұмытпау керек. Оларға не бірен-саран тәуелсіз газет те, не үздік-создық интернет те, не басқадай балама ақпарат та жетпейді. «Хабар» мен «Қазақстанның» даңғаза дабырасын көре-көре жалыққан ауыл жұрты бүгінде ұзақ-сонар сериалды рух тұтып жүргені – мен ғана білетін жаңалық емес.
Сондықтан қазақтың жартысы «қамалып қалған» ауылдың рухы ұрланса, қазақтың қайнар көзі суалды дей беріңіз. Ауылдағы ағайынның азаматтық рухы қалада жұмыс іздеп жүрген баласына ілініп қана тұр десек, жылы пәтерде жатып алып, жалпақ жұрттың үстінен сөйлеуді қадет қылмайық.

Ал бұл сайлаудан кейін елде қандай да бір өзгеріс болуы мүмкін бе? Биліктің иіні жібіп, қоғамның бойына жылымық тарай ма? – Біздің газет осындай сұрақтарды жиі көтеріп жүргенін оқырман қауым жақсы біледі.
Енді осы сұрақтарға мен де жауап беріп көрейін. Нұрсұлтан Назарбаевтың батыс облыстарға жасаған соңғы сапарының сықпытына қарағанда, бірер аптадан соң өзгеріс бастала қоярлықтай нышан сезілмейді. Ол өзінің осы тоқпейіл жүрісі арқылы елдің бәрі тоқ деп ойлайтын болуы керек. Зауыттар мен мекемелерде судай жаңа жұмысшы киімін киіп алып, өзіне қол бұлғап тұрған, еріксіз жайдары болуға тырысқан қарсы алушыларға қарап, Қазақстанның бәрі бірыңғай мамыражай күй кешіп жатыр деп ойлайтын шығар. Өзін «қарық боп» қарсы алушылардың кемінде 60 пайызы ертеңгі күні төленуі тиіс несиенің пайызын ойлап тұрғанын қайдан білсін?!
Айтпақшы, президенттің осы сапарында жастарға айтқан «алдымен үй ал, сонан соң ғана үйлен» деген сөзі көптің күлкісіне айналғанын да білмейді-ау, сірә! Бұл ретте белгілі саясаттанушы Айдос Сарым президенттің бұрындары айтқанын параллель келтіріп, жақсы пікір жазғанын оқыдым: «Президенттің мұнысы «алдымен – экономика, сонан соң ғана – саясат» дегенге саяды екен» депті ол. Онысының да жөні белгілі болды: экономикамыз мынау – мықырайып қалған, ал саясатымыз – сол баяғы сазға батқан сыңарезу қалпы.
Осы орайда әлеуметтік желілерге шыққан пікірлерді жиып-терер болсаң, тұп-тура бір кітап анекдот болары хақ. Бәрін айтып тауыспаспын, тек қарағандылық Айтқожа аға Фазыловтың жазғанын келтірейін: 25 жастағы жігіттің 150 мың теңгелік жалақысы болса және ол сол табысының 60 мыңын ай сайын үй алуға жинаса, оның 20 жыл өмірі кетеді екен. Сонда 45 жасқа келгенде үй алып, кәрі қызға үйленсе, баласыз қалады, жас қыз оған тимейді. Өмірдің қор боп өткені осы-да.
Айт-ағам желіге жазған пікірдің нобайы осындай. Бұрынғы қазақ алдымен баласын үйлендіріп, содан соң ғана оған отау тігіп беретін салт-дәстүр болғанын жасы жетпістің жуан ортасынан асқан Нұрекең білмепті дегенге кім сенеді? Немесе бұл, ауызға келгенді ақтара салу – халықты не айтса, соған бас шұлғитын қарабайыр тобырға балаудың баламасы ма?
Сонымен, қалай болғанда да, Нұрекең сайлаудан кейін көзіне киген «көгілдір көзілдірігін» тастай ма? Егер сөздің өзіне тиер тоқетерін айтар болсақ, «төрінен – көрі жақын» деген қазақи қалыптың кебін келтірсек: «көзілдірігін» тастауы керек, өзгерісті бастауы керек. Бұл бірінші кезекте өзгеге емес, өзіне керек қадам болуы тиіс. Себебі соңғы 25 жылдық (арғы – кеңестік кездегі 3-4 жылдық билігін айтпағанда) езгісіне ерген, байлауына бағынған қазақ тағы да 5-6 жылға көнеді. Ресейлік империяның патшалық саясатына 300 жыл көндіккен халыққа бұл бес-алты жыл бұйым емес: билігіне бағына, өлмес күнін көре тұрады.
Бірақ осы жуықтағы жылдар ол үшін «халықпен бақұлдасу» жылдары болмақ. Егер осы уақыт аралығында өзгеріс жасап кетпесе, оның тарихтағы тұлғасы «ағаш атқа теріс мініп» қалады. Оның тәуелсіздікті «алып берген», елдің шекарасын «сызып берген», әлем таныған мемлекет «жасап берген», ең-ең 50 елдің қатарына «кіргізіп кеткен»… тағысын тағы еңбектері еш кетеді. Оның бәрі – мұзға жазылған жарылқаулар: күн шықса, еріп кете береді. Себебі «Қасымханның қасқа жолын», «Есімханның ескі жолын» көрген мың жылдық қазақтың соңғы тұтамы «Нұрсұлтанның нұрлы жолынан» қайыр көрмегенін бүгін-ақ біліп отыр. Ал ертең, ол кеткен соң, «нұрлы жолдан» нұсқа қалдырмай, тас-талқан етеді.
Бұл ессіз ерегестің сөзі емес, дүние жаралғаннан бергі тарихтан туған тәжірибенің талқысы осылай дейді. Тірісінде маңдайында – күн, арқасында – ай жарқыраған билеуші ұлты ұлағат қылар, артында қалған ұрпағы ұлы тұтар қызмет қылмаса, оның құрғақ сөзбен «жасап кеткені» ұмыт қалады. Себебі «нұрлы жолдың» несібесі қалың қазаққа бұйырмай, ат төбеліндей байлар мен сарай төңірегіндегі уәзірлердің уысында кетті. Бәрін тізбелеп қайтейін: бұл қара қазақ мал жаятын өрістен, егін егетін егістен айырылған соң, баршаға белгілі басқа жоқты жария ету – қу сөзді сапырғанмен бірдей мылжың болады. Бастысы – Мұхтар аға Мағауин айтқандай, «нұрлы жолдың» соңында «қазақсыз Қазақстан» қалып барады.
Осыны Нұрекеңнің өзі білмей отыр дейсіз бе? Менің ішкі түйсігім алдамаса, жыланның артқы аяғын көрген билеуші бәрін біліп жүр: ол өзінің соңында орны толмас ойық қаларын, ойық емес-ау, аңыраған апан қаларын сезінуі тиіс. Сондықтан бұған дейін «жасап бергенін» қазақтың рухын көтеретін, ерік-жігерін оятатын, еңсесін тіктейтін мұрамен толтырып кетуі керек.
Ол мұра қасаң қоғамды жаңалаудан, өңмеңдеген өкіметтің өңін өзгертуден, қаңғып қалған қазақты билікке жақындатудан, «Ұлы Дала» баласы өз еліне өзі ие болуы тиіс жауапкершілікті жүрегіне жүктеп жүруден, ақыл-санасын сілкуден, миына жаңаша файл жазудан басталады. Оны өркениетте «реформа» деп атайды. Тағы да тулатып алмайын деген болуы керек, оны жуықта Әкежан Қажыгелдин «модернизация» деп атапты. Біздегі саясаткерлер сөзге қалмаудың сыңайымен мәймөңкелеп, оны «транспарация» деп жүр.
Атауын қалай десек те, елге бір өзгеріс жасалу керек кезең туды. Әрине, ол кезеңнің астында да өмір бар, қазақтың мимырт тірлігі жалғаса береді. Бірақ Назарбаевтың өмірі қаншалықты ұзақ болса да, оның президенттік дәуірі соншалықты мәңгілік емес – билеушілік мұрсаты бітеді. Тіпті ол «хамелеон көзілдірік» киіп алса да, осыны түйсінуі тиіс.
Бірақ ол өзгеріс қала көшелерінде ілініп тұрған жарнама қалқаншасындағы «100 қадам» сияқты шексіздік белгісінен ада болуы керек. Шұғыл және ендігі қалған 5-6 жылда жасалып бітуі тиіс. Бұл ел-жұрттың ғана емес, Нұрекеңнің жеке мүддесіндегі міндет деп білем.
«Жеке мүддесі» дегенде, Әкежан Қажыгелдин ұсынған модернизациялау жобасы президент Назарбаевтың соңғы мұрсатына сай келе ме деп ойлаймын. Әкежан айтады (сөзінің нобайы): «Қоғамды модернизациялауды бар құзырды қолына жинап алған президент өз пәрменімен бастауы тиіс. Ал егер өзгеріске өзі мұрындық болмаса, оны бәрібір одан кейін келген ел басшылары жасайды, бірақ оның нәтижесі Назарбаевтың тарихи мүддесіне нұқсан келтіреді».
Экс-премьердің сөз астары осындай. Ал ол астарды Нұрекең түсінді ме, жоқ әлде өзіне жау санаған адамның сөзі деді ме – ол жағы түйсікке тірелетін шешім. Тіпті «жауым» айтты демей-ақ, өзгерістің осыған ұқсас нұсқасын өзім бастадым десе де, оған Қажыгелдин де, халық та көнеді. Өйткені ел алдында өзге таңдау жоқ.

«Сіз неге Нұрсұлтан Назарбаевты сынай бересіз, ол – ел президенті ғой, басқа тақырып таппадыңыз ба?» – Таяуда елге танымал «Жұлдыздар отбасы» журналының «Тікелей байланыс» айдары аясында бір оқырманның телефон арқылы жолдаған сауалы.
Мәселенің мәні де сол – ол ел перзиденті. Оған президенттік құзырды Құдай емес, халық берген. Қалай болғанда да, халықтың еркімен сайланып қойылған ел басшысы. Басқаша айтқанда, халық президентті біздің елімізді, экономикамызды, саясатымызды жүргіз деп, уақытша (?) жалдап алған саяси менеджер. Ол өзін осындай ашық саясатқа арнаған және сол саясаттың ыстық-суығына көнем деп ант берген саяси тұлға.
Ал халықтың қалауымен жалданған лауазымгер, тіпті ол президент болса да, сол халықтың мүддесіне сай қызмет қыла алмаған немесе ел басқару саясатында мүлт кеткен, бұра тартқан, қателескен сәттері болса, жалдаушы (халық) оған неге сын айтпасқа? Оның үстіне халық дауыс беру арқылы жалдап алған тағы бір тұлғалар тобы – депутаттар (сенат пен мәжіліс) президенттің қызметіне баланстық, тепе-теңдік, бақылаушылық, сыншылдық құқықтан жұрдай болса, екеуін бірдей жалдаушы не істеуі керек?
Ол аз десеңіз, елдегі бірінші, ең басты билік халық екені, оған баспасөз және ерік-жігер еркіндігі берілгені Конституцияда бадырайтып тұрып жазылған. Егер президенттің қызметін сынамау, оның жекелеген мәселелерге қатысты саясатына қарсы сөз айтпау қажет болса, ол жағдай сол Ата заңда аталуы керек. Ондайда заңға құлдық ұрушы халық та, Серікболсын Әбділдин мен Әміржан Қосанов та, мен де аузымызды буып, құқықтық қағидаға қарсы келмей жүрер едік.
Ал Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке басына менің тағар ешқандай кінәм жоқ. Керісінше, Нұрекең ағамның ақсақалдық, азаматтық тұлғасына, өзі сенген жолдасына (Нұртай Әбіқаев, Сергей Терещенко, Иманғали Тасмағамбетов, Махмұт Қасымбеков, Сергей Кулагин.., кезіндегі Владимир Ни мен Қаратай Тұрысов…) деген беріктіктігіне тәнтімін. Оның «бір атар» әншілігі мен домбырашылдығы, сөздің түбін түсірер шешендігі, спортқа әуестігі, серілігі, тіпті қыз-қырқынға жақын жігіттігіне дейін бір азаматтың басынан табыла бермейтін қасиеттер.
Ал халықтың бүгіні мен ертеңіне байланысты ел президенті жүргізіп отырған қызметінің дұрыс-бұрыстығын айту, осыған орай ой айту – бұл саясаттың әңгімесі. Оны Нұрсұлтан Назарбаев та, оның төңірегінде топырлаған басқалар да білуі керек.
Айтпақшы, осы саясаттың барысында бұралаңы мен бұлтарысы көп жағдайлар болады. Әрбір билік өзін сақтап қалу үшін жанталасып бағады. Бұл ретте сұңғылалық пен сұмдық та, парасаттылық пен қулық та, инабат пен интрига да аралас-құралас жүреді. Бұларды ел басқару өнерін өз түйсігімен меңгерген жалдамалы лауазымгер парық-пайымына қарай қолданады. Сондықтан жеке-дара биліктің беріктігін бекем ету жолында жандәрмен жанталаспен «құрбанға шалу» (Заманбек Нұрқаділов, Алтынбек Сәрсенбаев, бір деректер бойынша – Марат Оспанов…) – билеушілер өмірінде «қалыпты құбылыс» санала береді («С кем не бывает…» деген сияқты). Оның бер жағында сол билікті сақтау қамымен соттау, айдау, қудалау (Әкежан Қажыгелдин, Ғалымжан Жақиянов, Мұхтар Әбілязов, Серік Ахметов, Арон Атабек, Владимир Козлов, Мұхтар Жәкішев…) «әдеттегі әрекет» санала береді.
Нұрекеңе туған інідей болуға дайын тұрарлық менің бір түйсігім бар: ол – қазақ мүддесіне қызмет қылу. Қазақтың егініне бір құлақ су басқалардан артық бұрылсын, қазағым өз жерінде қағажу көрмесін, көп балалы қазақ әйеліне өзгелерден артық ақы төленсін, қазақтар бастаған ұлттық бизнес теперіш көрмесін деген ой-ниетін айттырмай сезер болсам, мен баяғыда-ақ оппозициялық ойдан ойысып, Нұрекең ағам жаққа шығып кетер едім. Өкініштісі сол – мен Нұрсұлтан ағамның ондай ойынан бейхабармын. Себебі – оспадырлығы оңбай тұрған ресейшіл орысқа елеңдей ме, жоқ әлде әдеттегідей өзім білем деген басқа ойы бар ма – қазаққа деген қабағының ашылған күнін көрмедім.

«ДАТ» газеті Ресейді іреп алам дей ме, неге Путинге қатысты жиі жазады, бұл жарияланымдар қазақ оқырмандарына қажет емес» – деп, редакцияға арнайы аманат айта келген ағайынның реніш танытқаны бар. Расында, газет Ресей тақырыбына неге құштар?
Иә, Қазақстанның шеңберінен шықпайтын шектеулі ғана тиражы бар газет путиндік Ресейдің империялық әрі агрессиялық саясатын жиі жазады. Шынтуайтын айтқанда, бұл – менің жеке өзім «тықпалайтын» тақырып. Оны да «бас оқырмандық» құқымды пайдаланып, еріккеннен ермек етіп жүрген жоқпын.
Бұл – қазақтың басына төніп тұрған қатердің тақырыбы. Грузия, Украина, Молдова елдеріндегі ресейлік агрессияның есер эстафетасы қазаққа да бұйыруы мүмкін қауіп. Ең бастысы – біздің көпшілік қазақ осы қатерді қапер қылмайды. Тіпті Путин патшаны пір тұтатын, оны АҚШ-пен арпалыста «крутой» санайтын ақымақ ойлы ағайындар бар. Сол қазақтар біздің шектеулі таралым арқылы мүмкін болар осы қатерге дайын болсын деймін.
Путин – ол монстр! Әлемдік өркениет көшін өз ырқына, өзге елдерді Ресеймен күштеп санасуға көндірмек болған есердің ерегесімен жүрген «қояншық». Ол беті бері бұрылмайтын керуенге үрген кәнден сияқты. Бірақ ол кәнденнің ядролық азуы бар, қырып-жояр қаруы бар. Сол қару-жарағын салдырлатып, әлемді өз дегеніне көндірмек пиғылын ашақ жария етіп жүрген парықсыз патшаның қиямпұрыс қылығын әшкере етіп отыру – есті елдің міндеті болса керек.
Американы аждаһа санап, исламдық-лаңкестік идеологияның иіріміне батқан халыққа да бұл түйсіктің теріс екенін құлаққағыс еткім келеді. Саясат – жау іздеудің емес, дос табудың құралы. Ал АҚШ қаншама алып ел болса да, жер-жаһаннан жау іздеген ел емес. Ол әлемдік ортақ көзқарастар тәртібін бұра тартқан елдерді өзін және өзгені сыйлауға шақыратын, осы ретте әлемдік-полицейлік рөлді атқаруға мәжбүр болып отырған мемлекет.
P.S. Міне, газеттің екі бетіне сыйдыруға тырысқан айтпағым осы еді. Егер қоғамдағы басқа да мәселелерге қатысты ой бөлісем деген ағайындар болса, [email protected] электронды поштасы арқылы хат-хабар күтем. Жақсы күндерде жайма-шуақ көшелерде жайраңдап жүрейік, ағайын!
Ермурат БАПИ

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн