КӨК ТУДЫ ЖЕЛБІРЕТКЕН Ермұратқа Астанадан бір көше бұйыра ма?

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №43 (360) от 24 ноября 2016 г.

 

Базына

 


 

Азаттықтың ақ таңы атып, еліміз егемендігін жария еткен күн – әлем қазақтарының жадында мәңгі сақталды. Шеттегі ағайындар бөріктерін аспанға атып, тарихи Отанына оралудың қамына кірісті. Қазақтар басымызды қоса қалсақ, әңгімеміздің өзегі – Қазақстан жайлы болатын. Елім-ай деп елеңдеп, елден жағымды жаңалық күтетінбіз.

 

Осылай жалтақтап жүрген шақта, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев шетте тарыдай шашырап жүрген қандастарды Ата жұртқа шақырып, тарихи үндеу жасады. Әрі ағайындарды қабылдап, қоныстандыруға арналған көші-қон туралы жарлығын бірге бекітті. Елбасымыздың осы бір батыл шешімінің арқасында тағдырдың тәлкегімен төрткүл дүниеге тараған алты Алаштың баласы Қазақ елі тәуелсіздік алысымен елге ағылды. Ұлы көш басталды…

Осы көштің басында Қытай қазақтары арасынан көздері ашық, көкіректері ояу, нағыз отаншыл, намысшыл азаматтар тарихи Отанға бет бұрды. Оларды шетелдегі тұрақтылық, абырой, атақ, мансап пен байлық елітпеді. Басты мақсаттары – нағыз керек кезде ел іргесін бірге қаласып, Тәуелсіздіктің алғашқы қиындықтарынан бірге өту болды.

Осы жалынды азаматтардың қатарында Қытай елі оқысын деп жібергенде, кері қайтпай, біржолата елде қалып қоюға бекінген белгілі әнші, композитор, актер, ақын-жазушы Ермұрат Зейіпхан бауырым да бар еді. Өзі біздің ауылдың жігіті. Ермұратты сонау бала кезінен білемін. Алғашқы ұстаздарының бірі болып, мектепте дәріс бергенмін. «Болар бала – жасынан» демекші, көзінде оттың ұшқыны бар, өте талапты қара домалақ бала еді. Таңжарық Жолдыұлындай алыптар туған Күнес деген қасиетті мекеннен түлеп ұшып, талабы мен талантын Атамекенде әйгілеп, еңбегін еліне берді. Елге келіп тағдырлас, ағайын-бауыр болдық. Жаны жайсаң, текті, тәлім-тағылымы мол жігіт еді.

Ермұрат Қытайдан келмес бұрын, орта мектепті, Өнер институтын сонда тәмамдап, 1991 жылы оралды. Оның қазақ өнеріндегі жұлдызды сәті елге табан тіреген кезден басталды десек те болады. 1991 жылы күзде Алматыға келіп, Т. Жүргенов атындағы Өнер академиясынан білім алады. 1993 жылы өткен Республикалық «Үкілі үміт» байқауында ІІ орын иеленеді. Алғашқы еңбек жолын М. Әуезов атындағы академиялық драма театрында бастап, одан кейін Абай атындағы Опера және балет театрында, Қорғаныс министрлігінің ансамблінде қызмет етті. «Сыбызғы сарыны» атты прозалық жинағы, «Өзіңе арнадым», «Бұл дүние», «Үшбурыл» секілді поэзиялық жинақтары бірінен соң бірі жарық көре бастаған еді. Әртүрлі өнер байқауларының жеңімпазы да болды. «ҚР Мәдениет қайраткері» атағын алды.

Ермұрат бауырымның ең шоқтығы биік туындысы – «Көк тудың желбірегені» әні. Бұдан бөлек ол 100-ден астам әннің авторы. Оның «Күнес-ай», «Жайлауым – әнім», «Дүние-ғапыл», «Адуынгер», «Екі дүниеде жалғызым», «Айтүрік-ару», «Жанар қыз» секілді әндері де танымал.

Өзінің өнерімен, дарын-болмысымен де жұртшылықты тәнті етіп, елге танылған Ермұраттың 2011 жылы аяқасты өмірден озғаны қабырғамызды қайыстырып кетті. Жеті қырлы, бір сырлы інім көзі тірісінде елдің өнері мен мәдениетіне барын салып, адал қызмет етті.

Ермұраттың бергенінен, берері мол еді. «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» дегендей, Ермұраттың өзі болмаса да, өнері өміршең. Ермұрат дүниеден озғаннан кейін, ағайын-жерлестері мен өнердегі достары болып, бірнеше мәрте еске алу кешін ұйымдастырды. Арнайы телерадио бағдарламалар мен документальды фильмдер жасалды. Жақында осы бір келелі бастама тағы да жалғасын таппақ.

Оның туындыларының басты тақырыбы – патриотизм болды. Әндері жастарды отансүйгіштікке баулып, рухты көтеріп, елдің жігерін тасытуымен құнды. Ермұрат – бүгінде күллі қазақ жатқа айтатын «Көк тудың желбірегені» әнінің авторы. Осы бір әнінің өзі оның дарынды композитор екендігіне көрсеткіш бола алады. Ел біледі – үлкен спорттық додаларда «Көк тудың желбірегені» әні эфирден қайта-кайта беріліп, дарабоздардан жеңіс күткен қазақстандықтардың рухын асқақтатып, жігерін тасытып отырады.

Бұл ән – жаныңды тебірентіп, рухты оятатын нағыз патриоттық ән. Ата жұртқа деген сағыныш пен асқақ рухтан туған ән.

Тағдырын атамекенге байлап, жүрегін қолына алып, Отанына асығып-аптығып жеткен арынды ұл осында өткен жиырма жылға толар-толмас уақытта таланты арқылы туған халқының өнер аспанында жарқырап көрінді. Жарқ етті де, ғайып болды. Өнерімен жалындап келіп, аққан жұлдыздай жанып кетті.

Отанға, туған жерге деген сағыныш, махаббатқа толы Ермұраттың әндерін насихаттап, оның өнерінің, яғни екінші өмірінің жалғасын орындалмаған армандарымен толықтыра түсу – артында қалған ағайынға, өзі шексіз сүйген еліне парыз болып тұр. Ермұрат бауырымыз тірі болса, 50-ге енді ғана толады екен. Қасқайып ортамызда жүрсе, әлі де талай жетістік пен биіктерден көрінері даусыз еді.

Жақында Алматы қаласында Ермұрат Зейіпханұлын еске алу кешін ұйымдастырғалы жатырмыз. Осы орайда биліктегі өнерге жанашыр азаматтарға ой тастап, мынадай ұсыныс көтеруді жөн көріп отырмыз: Ермұрат Зейіпханұлы атына көше, яки өнер мектептерінің есімі немесе азаматтың рухына лайық белгілі бір атақ, дәреже берілсе дейміз. Мәдениет саласындағы атқамінерлерге алыстағы алты Алаштың атынан осындай өтінішіміз бар.

Өнерін сүйген, өнерпазын мәпелеген елдің мәртебесі қашанда биік. Ендеше Ермұрат та осындай құрметке лайық азамат еді. Жасындай жарық еткен бауырымыздың әндері қазақтың өнер көкжиегінде мәңгі қалықтай беретініне сенемін!

Мұқан МАМЫТХАН,

Аlauinform.com

 

 

 

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн