КӘРІМДІ ЖӨНГЕ САЛУҒА құзырыңыз жететін шығар…  

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №08 (279) от 26 февраля 2015 г.

 

Жанайқай

 

Қазақстан Республикасы

парламенті сенатының төрағасы Қ. Тоқаевқа хат

 

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Өзіңіз жақсы білесіз, атам қазақта «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын. Жаманның жамандығын айт, құты қашсын!» деген керемет сөз бар.

Басқаны былай қойғанда, Сіздің Сыртқы Істер министрі, ҚР премьер-министрі болған жылдарыңызда елбасы жолға қойған Көші-қон саясатының дұрыс жүргізілуіне, алыстан келетін қандастарымыздың шетелден виза рәсімдеу, елімізге келіп құжаттану жағында сіңірген еңбегіңізді біз бұл күнде сағына еске аламыз, аузымыздың суы құрып айтып жүреміз.

Сіздің кәсіби дипломаттығыңыздың, қытай тіліне жетіктігіңіздің арқасында көп кедергілер шешіліп, Шыңжаңдағы этникалық қазақтардың Атажұртқа оралуына жақсы жағдай жасалды, даңғыл жол ашылды…

Тіпті сол елде туып өскен, оқыған біздің өзіміз Сіздің «Беласу» атты кітабыңыздың «Аспан астындағы дауыл» атты тарауын оқығанда барып, Қытайдың бізге құпия болып келген көп сырын білдік қой!

Үкімет басына К.Мәсімов  қалай келді, ағылып жатқан ұлы көш дәриясы солай суала бастады. Келе салып, 1992 жылы 23 қыркүйекте қабылданған «Шетелдердегі қазақ диаспорасы өкілдерінің Қазақстан Республикасында болған кезінде әлеуметтік-экономикалық жеңілдіктермен қамтамасыз ету туралы» №791 қаулысының күшін жойды. Үкімет жағынан әр жылы 20 мың отбасыға деп бөлініп келе жатқан квотаны пышақпен қиғандай тоқтатты. Жаңаөзеннің жаласын түгелімен оралмандарға жапты. Итін Лондонға дейін жүгіртіп, қандастарымызды қаралатты. 2012 жылы 28 наурызда №362 Қаулы қабылдап, «Соттылығы» және «Шығу парағы» деген пәлені ойлап тапты. 2011 жылдың 22 шілдесінде президент қол қойған, 16 тамыздан бастап ресми қолданысқа енген №478 «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Халықтың көші-қоны мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңында: «Сондай-ақ Қазақстан аумағынан кеткен адамдар мен олардың ұрпақтарынан, егер олар тарихи Отаны ретінде тұрақты тұру үшін Қазақстан Республикасына қайтып оралған болса», – деген батпандай бапты жол ортадан алып тастағанын алдыңғы мақаламда айтқанмын. Кейін Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті бір жиналысында елбасыға жазушы Смағұл Елубай арқылы айтқызып, «түсіп қалған» мәтінді 17 күнде қайта қалпына келтірттік…

Қайсы халық екені қапелімде есіме түспей отыр, семіз бұқаның арқасына атпен келіп, найза сұғып ойнайтын; қансырап жатқан жануарды көріп, мәз болатын; ләззат алатын бір ұлт болушы еді ғой. Мына К.Мәсімов та құдды сол секілді, шеттен келетін қандастарымыздың алдына алынбас қамалдарды қойып, құжаттана алмай шулап, жылап еңіреп жүргенін көріп, жаны содан тоят табатын, рақаттанатын, іштей мәз болатын көрінеді.

Жүз жасағыр ардақты Нұрсұлтан Әбішұлы «Қандастарымызға жол ашуымыз керек. Қазақтың жері кең. Орналасамын деген жерін өзі таңдасын!» деп, Қазақ көшін бұрынғы арнасына салмақ болып, тапсырма беруін ғой, берді! Сол заң жобасын қазір мәжіліс талқылап жатыр. Алла қаласа, жақында сенатқа да барады.

Бірақ ана атаңа нәлет ЕКІ АНЫҚТАМА бұл Заң аясында емес, тек Үкімет қаулысы арқылы күшін жояды, не өзгертіледі екен. Бес бірдей сенатор хат та жазды, Кәрім Қажымқанұлы өзгерпей, әлі қасарысып отыр.

Егер осы екі кедергі алдағы жерде көшіп келген қандастарымыздан тағы талап етілсе, бес, әлде оныншы мәрте қайталауым шығар бұл – қос палатаның мақұлдаған заңының құны көк тиын болмақ! Сіздердің есіл еңбектеріңіз селге кетпек! Елбасымыздың тапсырмасы далада қалмақ!!!

Осы №111 Қаулыдағы ЕКІ АНЫҚТАМА құжатты шетелге шығатын азаматтарына Қытай үкіметінің бермейтінін, ол туралы арнайы қабылданған заң-ережелерінің бар екенін К.Мәсімов өте жақсы біледі. Бірақ өзгертуге, қазақтардың келуіне жол ашуға тым ынталы емес. Және де Ұлт Көшбасшысы  Н.Назарбаевты қазаққа қарсы қойғысы келеді. Алыстағы ағайынды Атажұртына оралтқысы жоқ! Қазақтың санының көбеюін жаны қаламайды. Одан өзге себебі жоқ!!!

Сонда бұл жігіт бір емес, екі мәрте Үкімет басына әкелген білдей президентін тыңдамайтын, аямайтын, «Қандастарымызға жол ашуымыз керек!» деген тапсырмасын орындамайтын болғаны ма?!

Қайда әлгі «Сіздің адал көмекшіңіз болғанмын, қазір де солай, болашақта да болып қала беремін!» дегені?! Сондағы «адалдығының» түрі осы ма?! Оған не дауа өзі?!

Уәждеріне қарағанда, Үкімет «ЕКІ АНЫҚТАМА» құжатты шеттен келетін қандастарымыздан «Мемлекеттік және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатына» талап етіп отыр екен.

Тәуелсіз Қазақстанның тарихында Үкімет басқарған жалғыз К.Мәсімов емес! Алаштың аймаңдай ұлдары кезек-кезегімен бұл саланы ұршықша үйіргенін біз жақсы білеміз.

Сонау С.Терещенко (1991–1994), Ә.Қажыгелдин (1994–1997), Н.Балғымбаевтардан (1997–1999) бастап, Қасым-Жомарт Кемелұлы (1999–2002), Өзіңіз, кешегі Иманғали Тасмағамбетов (28.01.2002–11.06.2003) пен Д.Ахметовке (2003–2007) дейін алыс-жақын шетелдерден тып-тыныш, жым-жырт келіп Қазақстан аумағына қоныстанып жатқан оралмандар, бүгін К.Мәсімов үкімет басына келгенде, аяқ-астынан АТА ЖАУ болып шыға келгені ме?! Қазақ Елінің «Мемлекеттік және қоғамдық қауіпсіздігін» бүлдіре қойып па?!

Айтыңызшы, Сіз өз қандастарыңызды осыншама қорлатуға, арын таптатуға қалай шыдап тұра аласыз?!

Дана Нұрекең қандастарын болашақтағы сол «Мемлекеттік және қоғамдық қауіпсіздікті» сақтау мақсатында шақырып отырған жоқ па?!

Шетте тарыдай шашырап жүрген қандастарымыздың ұлтаралық достық пен қоғамдық тыныштықты сақтаудағы сауаттылығы мен еңбегіне тіпті Елбасымыздың өзі дән риза! Сенбесеңіз, видео-жазбаны көріңіз. Сол қазақтар сол деңгейінен жоғарыламаса, еш төмендеген жоқ әлі.

Міне, мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізу туралы ұсыныс айтылып жатыр. Сонда тұрақты тіркеуге тұра алмай, не азаматтыққа қолы жетпей, қандастарымыз тағы шулап жүрсе, Елбасымыздан ұят емес пе?! К.Мәсімов шімірікпегенімен, ұяттың отынан біздің бетіміз күйіп барады…

Сондықтан, құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, Сізден өтінеріміз біреу-ақ: мына «ҚЫТАЙ ХАЛЫҚ РЕСПУБЛИКАСЫ ТӨЛҚҰЖАТ БЕРУ ТӘРТІБІ» мен «ҚЫТАЙ ХАЛЫҚ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АЗАМАТТЫҚ ТУРАЛЫ ЗАҢЫН» оқып, ана «бауырыңызға» жазбаша түсіндіріп берсеңіз ғана болғаны! Осыған шамаңыз жететін шығар!..

Ауыт МҰҚИБЕК,

ақын,

Астана

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн