«Общественная позиция»
(проект «DAT» №38 (355) от 20 октября 2016 г.
Пайым патшалығы
Қазақта «күшігінен таланып қалған» деген сөз бар. Бұл жастайынан өзінен үстем, күші басым біреулерге бағынышты болып, күнкөріс тіршілігі сол күштінің қас-қабағын қарап өтіп келе жатқан бейшара адамға қатысты айтылатын сөз. Ал өмір бойы осылай біреуге жалтақтап күн кешіп келе жатқан адам қолына аздаған билік тисе, өзінің қол астындағыларды отырса – опақ, тұрса – сопақ күйге түсіреді.
Бүгінгі қазақ билігі Мәскеудің алдында сол «таланып қалған» иттің күйін елестетеді. Ең қасіреттісі сол – орыс патшасы заманында да, Кеңес кезінде де Ресей басшылығы түшкірсе де, «жәрәкімалла» деп қалыптасқан қазақ басшылығы өзінің сол «таланып қалған» санасынан арыла алмағаны аздай, енді қалың қазақты ашықтан-ашық басынуға шықты.
Әйтпесе әнеугүні Дариға ханшайым Нұрсұлтанқызының қасиетті Түркістан шаһарына барып, жазудың бәрін қазақша жазып қойыпсыңдар, орысшасы қайда мұның деп зіркілдеуін қалай түсінеміз? Бұрындары Алматы қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов Алматыда бүкіл іс қағаздары қазақшаға көшіріледі дегенде, «бұл не масқара» деп, Олжас (орыстар оны Алжас дейді) Сүлейменовке қосылып, ту-талақай болған да осы ханшайым еді.
Әнеугүні қолына қылыш тұрмақ, қарыс сүйем таяқ ұстамай, қазақтың жерін Ресейге де, Қытайға да сатқызбаймыз деп, бейбіт митингіге шыққан қазақтарға қарсы билік қарақұрым полицияны қаптатып жіберді. Талай қыз-жігіттерімізді, тіпті қалт-құлт еткен кейбір қарияларды сүйрелеп, автобусқа тиеп алып кетті. Қазақстан жерін саудаға салуға қарсы шыққан қалың елдің ішінен бір орыс көрмеген сол жерде тұрған біраз зиялы азаматтар: «Апыр-ай, әшейінде тілегі бір, жүрегі бір, тату-тәтті тұрып жатырмыз» дейтіндердің мұнда біреуі де жоқ қой, қазақ жеріне қазақтан басқаның жаны ашымайтын болғаны ма?!» – десті.
Сол митингіге шыққан қолында қу таяғы да жоқ момын қазақты қойша қуалаған полиция күні кеше Семейде, Өскеменде, Шемонаихада казачество өкілдері баяғы қазақтарды жылдар бойы қанға бөктірген кезде киген киімдерін киіп, қазақты шапқанын шауып, шаппағанын қойша бауыздаған қылыштарын жалақтатып, сол замандағы туларын қайта көтеріп, тайраңдағанда, қазақ басшылары көзін тарс жұмып, құлағын тас қылып бітеп, Үкімет үйіндегі, Ақордадағы кабинеттерінде ауыздарына құм құйылғандай бұғып отырды. Өйткені кеңестік кезде билікте қызмет істеген аталары мен «папаларын» кеңестік Ресейдің аюлары кішкентай кезінде талап тастаған болса, бұлардың өздерінің санасы жастайынан орысша тәрбиенің талапайына түскен. Яғни, «күшігінен таланған».
Ал бүгінгі үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың келе сала қарамағындағы министрлермен жиындарын орысша өткізуі қазақ халқын, қазақ елін Ресейге тәуелді етудің ашықтан-ашық көрінісі десек, Құдайдан басқа ешкімнен кешірім сұрай қоймайтын шығармыз. Әлде елбасының «орысқа – қазақша жауап берсеңдер, оңдырмаймын» дегенге саятын сөзінен Сағынтаевтың да санасы таланып қалды ма екен?
Бірақ адамға бекзаттық, намысқойлық, азаматтық, зиялылық сияқты асыл қасиеттер оның ата-тегінен, яғни қанмен келеді дейтін еді ғой қазекем. Оның растығы генетика ғылымында да дәлелденген еді-ау, ә?! Ендеше қанмен келетін сол тектілік, сол бекзаттық Б. Сағынтаевтың жиналысында ат шаптырым үстелдің қос қапталына жайғасқан қазақтың қысықкөз қара домалақ министрлерінің ешқайсысында… Сонда оларға орыс тілі де қанымен келгені ме? Әлде бұл 25 жыл ішінде қазақтың ұлттық санасын оятпау саясаты жалғастырылуының улы жемісі ме екен?
Жақында «31 арнадан» (2.10.2016) бір қызық көрдік. Сонда бір жігіт онша асыл тұқымды да емес, жәй ғана бір итке қазақша сөйлеп, қазақша пәрмен беріп, ал әлгі ит оның қазақша сөздеріне кәдімгідей түсініп, айтқанының бәрін істеп тұрды. Қайран қалдық. Сонда «менің миымды алып тастап, басқа ми салмаса, мен қазақша сөйлей алмаймын» дейтін министрден бастап, Сағынтаевтың айналасындағы министрлердің миы әлгі «31 арна» көрсеткен жағдайдан кем болғаны ма?
Әнеугүні көк базарға (оны қазақтар «зеленый базар» деп сөйлейді) барып, ет алып тұрып, қасымдағы бұтына балағы шорт кесілген шорты киіп, көйлегінің омырауынан бір кездегі қос анарын бүгінде әжім басқаны көрініп тұрған, басына тай қазандай қалпақ киген кемпірге қарап:
– Мына жылқы, сиыр етін сататын жерде шошқаның етін де сатып тұрғаны несі? Тіпті Қытайда да бүйтпейді ғой! – дедім.
Сөйтсем, әлгі қазақ әйелі: «Какая вам разница? Вы в каком веке живете? Надо же, так отставать от цивилизации. Тем более, у нас 130 с лишним национальностей», – деп, шұбырта жөнелгенде, аузыма не орысша, не қазақша сөз түспей, тілім байланды да қалды. Бір жағынан қатынмен бажылдасуды ар көріп, ет сатып тұрған жігітке қарап: «Қазақ жерден айырылып жатыр, тіліңнің жағдайы қандай екенін жаңағы орыстілді қазақ кемпір де көрсетіп берді, ал енді дәл мына төрт түлік малдың етінің жанына әкеліп шошқаның етін үйіп қою – Қазақстанда ислам дінін қорлаудың бір түрі ғой», – деп мұңымды шақтым.
Кейбір сөздерін қанша жерден кінәласақ та, Монтескье: «Бір елдің заңдары, Конституциясы сол елдің тілін, климатын, топырағын ескере отырып жазылуы керек», – деген екен. Әшейінде батысшыл, өркениетшіл қазақ басшылары қазаққа жаны ашыса, осы сөзді басшылыққа алуына болар еді ғой.
Иә, баж еткіштер баж ете берсін. Бірақ жоғарыда біз келтірген мысалдың бәрі қазаққа қарсы жоспарлы түрде жасалып жатқан бір жымысқы саясаттың бар екенін айқын көрсетіп-ақ тұр.
Жақында орыс патшасы заманындағы «Санкт-Петербургский вестник» газетінен үзінді оқыдым. Онда «Егер Ресей мемлекетінің мүддесі үшін қырғыздарды (қазақтарды – М.К.) құрбан ету керек болса, оларды құрбан ету керек» дегенді оқыдым. Ол саясатты Кеңес үкіметі одан әрі жалғастырғанын әлгі қазақ министрлер білмеуі мүмкін емес. «Қазақстан Ресейге бодан болғаннан бастап, қазақтың өмір сүруінің өзі проблемаға айналды» деп Ахаң – Ахмет Байтұрсынұлы да айтып кеткен. Ендеше тәуелсіздік алдық дегелі 25 жыл өтсе де, жиындарын өз тілінде өткізуге батылы бармай отырған адамдарды «күшігінен таланып қалған ғой» демеске лаж бар ма?
Сырт көз сыншы ғой. Осының бәрін, яғни билік қит етсе, қазақтың еңсесін басып отырғанын, соның бәрі аз болғандай «террорист», «экстремист» деген қап-қара бәле-жала атаулының бәрі қазаққа жабылып жатқанын көріп отырған және «шовинизм», «великоросс» ауруларынан айықпақ түгілі баяғыда қазақты қырып-жойған қанды қылышын қайта жалаңдатып, тайраңдап жүрген казактар құтырмағанда – кім құтырсын?!
Әрине, бүгін біз айтқан бұл жағдаяттар айтылып та, жазылып та келе жатқанына 25 жыл болды. Бірақ соның бірде-бірінен нәтиже жоқтығына қарағанда, Қазақстанда қазақтың айтқан сөзі желге ұшқан заман орнаған ба деп қаласыз.
Әйтсе де, әлгі «31 арнадағы» қазақ сөзіне түсінетін ит еске түскенде, апыр-ау біздің биліктегілер қазақ сөзіне сол … құрлы түсінбейтін болғаны ма деген жаман ойға түсіп кеткеніңді де байқамай қалады екенсің. Сонда да Құдайым қазақты «Басшысы намыссыз – ел жетім, қорғаушысы жоқ – жер жетім» күйден сақтасын деп, тілек тілеуден жаңылмаймыз.
Мырзан КЕНЖЕБАЙ,
ақын, ҚР Мәдениет қайраткері
Айтпақшы
ҚАЗАҚТЫҢ
ЕКІ ДЕРТІ
Қазақтың ой-санасына әбден меңдеп кіріп алып, алға да бастырмай, аяғына оралғы болып отырған екі үлкен дерт бар:
Біріншісі – әсірешүкіршілдік. «Тірі жүргенімізге шүкір…», «Ел іргесі тыныш болсын», «Орыстың қаһарынан сақта…», т.с… (Қорқақтық, ездік, намыссыздық, тексіздікке апарар жол…)
Екіншісі – қараңғылық. Соқыр сенім. «Биліктегілердің жазасын Алла береді. Олар о дүниеде қызық көрмейді, тозақтың отында өртенеді…». (Қара басын күйттеген екіжүзділік, арамтамақтық, құлдыққа барар жол…). Догматизм мен фанатизмге бірдей ұштасып жататын осы бір тәубашылдығы халықтың өзінің түбіне жетіп, биліктегілерді одан ары дәндетіп, аранын аша түсуде…
Қазіргі қазақ елі-жері, тілі, ұрпағының болашағы үшін басын ауыртқысы келмейді. Тіпті өзінің қарнының аш-тоқтығына да, басында баспанасының бар-жоқтығына да мән бермейді. Бар ойлайтыны – «нұротандықтардың» мәнсабынан айырылмауы мен елінің «басы»-ның амандығы. Осы екеуі орнында болса, «патша»-сының мұң-мұқтажсыз билік құруы үшін «орысқа орысша ғана жауап беруге» де, өз елінде отырса да, өз тілін ұмытуға, қазақша сөйлегендігі үшін кешірім сұрауға да дайын. «Кемеңгер» жалғыз партиясы «жеріңді босат, еліңді сат» десе де көнеді. Қайтадан отар болудан да бас тартпайды. Орысқа ғана емес, қытайға да қабат құл болудан «қорықпайды». Ұрпақ керек жоқ. Керегі – өз құлқыны ғана.
Бұл – фатализм. Құрдымға құлататын ғана жол. Қазақ мәңгүртігі аздай, енді мутант мақұлыққа айналып бара жатқандай…
Сырт көзге солай көрінеді…
Camat Nasiruly – «Фейсбук»