«Общественная позиция»
(проект «DAT» №18 (382) от 12 мая 2017 г.
Оқу орындарындағы қысастық
Мектептегі қиянат
Мұғалімдер кәсіподағының жарғысын және оның құрылымын өзгерту туралы ұсынысымыз қоғамдық ұйым тарапынан ескерілгенмен, әлі күнге дейін қаралмай келеді. Аудандарда, облыста 20–30 жыл бойы отырып қалған кәсіподақ төрағалары мұғалім мәселесімен айналыспайды деуге болады. Оларға деген сенім мүлде жойылған. Мұғалімдер кәсіподағы тек әкімдер мен директорлардың «көсеуіне» айналды. Сондықтан мұғалімнің мәртебесімен айналысатын уақыт жетті.
Кейбір кәсіподақ жетекшілеріне осы жөнінде уәж айта бастасаңыз: «Азын-аулақ мұғалімдерден жиналған қаражатпен әрең күн көріп отырмын» деп бастайды әңгімелерін. Ондайларды кәсіподаққа мүлде жолатпау керек! «Әрең күн көріп отырғандар» басқа салаға барып жұмыс жасасын.
Иә, бүгінгі таңда кәсіподақтың облыстық, аудандық салалары мүлде жұмыс атқармайды деуге болады, ал бастауыш кәсіподақ ұйымы туралы мүлде айтпай-ақ қояйын. Түрлі концерттер мен керексіз семинарлар, мерекелік шара ұйымдастырудан әріге бармайды.
Мәселен, баспасөзде жария болған Түркістандағы мұғалімдердің жаппай сенбілікке шыққанын Оңтүстік Қазақстан облысының кәсіподағы, аудандық кәсіподақ теріске шығарып, мұғалімдердің сенбілікке, концертке өз еріктерімен барғанын мәлімдеді (қатынас хаттың фотокөшірмесін қараңыз). Сол жердің мұғалімдерінің әлеуметтік желідегі жанайқайын олар қайдан білсін?! Өз еріктерімен, костюм-шалбармен жүріп, көше тазалаған адамды қайдан көрдіңіздер?! Өз еркімен тазалайтын адам жұмыс киіммен келеді.
Елімізде Конституция бойынша мәжбүрлі еңбекке тыйым салынған. Қазақстан Республикасы Конституциясының 24-бабы 1-тармағына сәйкес «Әркімнің еңбек ету бостандығына, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдауына құқығы бар. Еріксіз еңбекке соттың үкімі бойынша не төтенше жағдайда, немесе соғыс жағдайында ғана жол беріледі».
Түркістанға қарасты №9 Некрасов атындағы мектеп-гимназиясы мұғалімінің сотта жеңіп тұрған шешіміне қарамастан, мектептің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы «защити нашего директора» деп қол қойып, мөр басып, әкімдерге хат жолдаған. Масқара!
Келесі жағдай Қызылорда облысында, Жаңақорған ауданы Бесарық бекетіндегі №247 мектепте орын алып отыр. Бұл мектепте директор жаппай «репрессия» жүргізген. Заңды өрескел бұзуға жол берген. Мұғалімнің сыртынан «еңбек шартын» жасаған. Ата-ана мен оқушыларға арыз жаздырған. Бірақ оқушының «директордың айтуымен жаздым, кешіріңізші» деп артынан арызын қайтарып алғанына қарамастан, мұғалімге қатаң сөгіс берілді. Бірнеше сөгіс беріп, артынша қызметінен босатып, небәрі 6 сағатпен мұғалім етіп қалдырған. Бұл жағдайда да біздің құқық қорғаушы бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы директордың жанынан табылып, «заңды» шешімдер шығарып беріп отырған. Әзірге істің алды сотта қаралып жатыр, арты – сотқа беріп жатыр.
Ал Алматы облысының Қарасай ауданында орын алған жағдай былай болған: Мұндағы кәсіподақ мектеп директорымен бірігіп, заңсыздыққа жол берген. Ол жағдай баспасөзде жазылып, оның соңы үлкен шуға айналған соң, артынша кәсіподақ төрағасы орнынан алынды. Бірақ оның орнына Алмалыбақ ауылдық округінің әкімін кәсіподақ ұйымына төраға етіп сайлады! Әкімнің кәсіподақта неcі бар? Қандай қатысы бар? Педагогтардың пікірі қайда қалды?
Енді барып, сол кәсіподақ төрайымы «мұғалімдердің сенбілікке шығатынын аудан әкімі белгілейтінін, мұндай шаралар аудан басшысының бұйрығымен өткізілетінін» мәлімдеді. Бұл не? Не масқара? Бұл кандидаттың тікелей өтіп кеткеніне кінәлілер жауапқа тартылуы тиіс! Алматы облыстық кәсіподағының төрағасын жауапқа тарту керек: төрағалардың кандидатурасын қарағанда қайда қараған? Енді ол мұғалімдермен жиналыс, семинар өткізудің орнына әкімдердің жиналысында жүр.
Әй, айналайын, кәсіподақтағы ханымдар мен мырзалар! Қазір қандай ғасыр екенін жақсы білесіздер: бір жағымсыз ақпарат болса, қолма-қол республика көлеміне тарайды. Соны неге ойламайсыздар? Ақшаны емес, ар мен ұятты бірінші орынға қойғандарыңыз жөн-ау!
Жалпы, мұғалімдердің кәсіподаққа деген сенімдері жоғалып барады. Оған себеп – әкелерінен мұраға қалған қызметтей, бір орынға 20-30 жылдап жабысып отырып алса, оларға кім сенеді?! Кәсіподақ төрағалары үш жылға ғана сайлану керек. Үш жылдан соң, арасына үзіліс жасап, кәсіподақтың бұрынғы төрағасы қайтадан сайланбауы керек.
Міне, осындай келеңсіз жағдайларға байланысты ұйымның Жарғысына және кәсіподақтың құрылымына модернизация жасалып, оның жұмысын жетілдіру керек. Кәсіподақ – мектеп директоры мен әкімнің, әкіреңдеген әркімнің қолшоқпары болмауы тиіс!
Республикалық кәсіподақтың жетекшілері облыстық, аудандық және бастауыш ұйымдардың төрағаларына тиісті заңды жаттатқызулары керек. Тест алыңыздар, кітаптар шығарып, қолдарына нұсқаулық беріңіздер, әйтеуір үйретіңіздер – дұрыстап жұмыс жасасын. Қолшоқпар болғанды қойдырыңыздар!
Құрметті ұстаздар, егер бастауыш кәсіподақ сіздерге көмек көрсете алмаса, оның жұмысы көңіліңізден шықпаса, ұйымның жарғысында мынадай жолдар бар:
«Кәсіподақ – қоғамдық ұйым, оның қызметі меншікті Жарғысымен реттелетін болғандықтан, «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі Жарғысының 4.11-тармағына сәйкес, бастауыш кәсіподақ ұйымына жеке өтініш беру арқылы кәсіподақ мүшелігінен шыға аласыз».
Кім көрінгенге «көсеу» болып, мектеп директорларының қанауына тап болып жүргенше, мұндай кәсіподақтан шығып кеткен абзал. Сол арқылы сіздер ұйым жұмысына өз наразылықтарыңызды білдіре аласыздар. Ал заң бойынша ұйым қатарынан өз еркімен шыққан мұғалімге ешкім де, ешқандай да шара қолдана алмайды. Бұл әр мұғалімнің өзіндік ерік-жігеріне ғана қатысты шешім болмақ.
Мейіржан ТЕМІРБЕК,
«Ағартушы» қоғамдық
қозғалысының мүшесі
Университеттегі зорлық
«Нұр Отанға» 300 теңге төлемегендер ДИПЛОМ ҚОРҒАЙ АЛМАЙДЫ…
Алматыдағы Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін биыл бітіретін студенттер «Нұр Отан» партиясына ақша жинап, кейбірі партияға «еріктерінен тыс мүше болып жатқандарын» айтады. Ал университет басшылығы «студенттердің таңдау еркі бар» дейді.
Қазақ мемлекеттік аграрлық университетінің аты-жөнін атағысы келмеген 4-курс студенті «Нұр Отан» президенттік партиясына деп 300 теңге өткізгенін айтады. Оның сөзінше, факультеттегі деканат өкілдері «ақша жинамасаңдар, диплом қорғауға кірмейсіңдер» деп ескерту жасаған.
– 300 теңге жинап алып кетті. «Беру міндетті, бермесеңдер – диплом қорғауға кірмейсіңдер» деді. Топтағы бүкіл студент бердік. Кейін бұл ақшаның «Нұр Отан» партиясының бір жылдық жарнасы екенін білдік. Бірақ партия билетін берген жоқ. Енді университеттен маман және «Нұр Отан» партиясының мүшесі болып шығамыз, – дейді ол.
Жастар арасында «Аграрка» аталып кеткен осы университетте агрохимия мамандығында оқитын К. есімді магистранты да бұл жағдайды растады. Ол университетте «Нұр Отан» партиясына мүше болуға шақыратын жиналыстар жиі болатынын айтады. «Қазір университетте «Нұр Отан» партиясына деп бізден ақша жинап жатыр. Бұл декандар мен университет басшылығының бастамасы деп ойлаймын. Жеке куәлігіміздің көшірмесін және 300 теңгені өткіздік», – дейді магистрант.
Қазақ мемлекеттік аграрлық университетінің Мұхтарбек (есімі өзгертілді) деген студенті «Нұр Отан» партиясына мүше болғанын кейін білген. Оның айтуынша, деканат қызметкерлері себебін айтпай, 300 теңге жинап алып кеткен. «Қазір бізде мемлекеттік емтихан және диплом қорғау кезі болып жатыр. Диплом алдында 300 теңге жинап алып кеткен. Бұл ақша «Нұр Отанның» жылдық жарнасы екенін кейін білдік. Сонда айына 25 теңгеден өткіздік. Бізден ешкім «партияға мүше боласыңдар ма, ойларыңды айтыңдар» деп сұраған жоқ», – дейді ол.
Осы жағдайға байланысты «Азаттық» тілшісі Қазақ мемлекеттік аграрлық университетінің басшылығына хабарласты. «Нұр Отан» партиясының осы университеттегі өкілі Тимур Сейілханов бұл оқиғаны өзгеше түсіндіреді. «Студенттер мемлекеттің саясатына риза. Студенттердің өздері маған келіп: «Президенттің саясатына сай грантта оқып, стипендия алып жатырмыз, неге партияға мүше болмаймыз?» деді. Шағым айтып жүргендер – нашар оқитын, сабақтан қалатын студенттер болар. Біз ешкімді қинамаймыз. Ал партияға мүше болғысы келген адам бізге келіп, форма толтырады. Біз ол форманы тексереміз, кез келген адамды мүше ете бермейміз. Оқыған, дарынды, білімді, көзқарасы түзу азаматтарды ғана іріктеп аламыз. Қазір көп секталар бар. Жастар соларға мүше болып жатыр. Ал халықтық партияға мүше болса, несі айып?» – дейді ол.
Ал университеттің оқу ісі жөніндегі проректоры міндетін атқарушы Бақыт Халықова бұл жайттан хабардар екенін, студенттердің шағымы тексерілетінін айтты. «Бұл жайт туралы Instagram желісінен оқыдым. Студенттерді қинап жатқан жоқпыз. Қазір тексеріп жатырмыз. Партияға мүше болғандар да, мүше емес студенттер де бар. «Ауыл» партиясына да мүше студент, мұғалімдер бар. Әркімнің өз таңдауы бар», – дейді ол.
Қазақстанда студенттерді ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев басқаратын «Нұр Отан» партиясына күштеп мүше ету жайы бұған дейін де сөз болған. Сондай оқиғаның бірінде – бірнеше жыл бұрын атыраулық студенттерді бұл партияға сырттай кіргізген кезде жастар мұндай мәжбүрлеуге наразылық танытқан. Елде студенттерді биліктің саяси науқандары кезінде ерікті-еріксіз үгіт-насихат жұмыстарына жегу, оларды белгілі бір адамның не ұйымның жағымды имиджін жасау ісіне жұмсау ісі жиі болады.
Руслан МЕДЕЛБЕК,
Azattyq.org
• Түпнұсқадағы бас тақырып: «Сектаға мүше болғанша, халықтық партияға мүше болса, несі айып?»