Бәрекелді!
Қазақстанық режиссер Әділхан Ержановтың «Үй иелері» фильмі халықаралық Канн кинофестивалінде «Арнайы көрсетілім» секциясы бойынша дебюттық қадам жасады.
Ал сарапшылар фильмді интеллектуалдық деңгейі өте жоғары, сапалы әрі көркем туындылар қатарына жатқызған. Ал Батыс кинокритиктері қазақстандық режиссердің бұл туындысын «Жақсы» деп бағалап, Кафка мен Кариусмякидің қолтаңбаларын сезінгендігін білдірген.
Сосын да сарапшылар қазақстандық жас режиссердің бұл туындысын биылғы «Канның жаңалығы» деп бағалап, фильмді «қара юмор» жанрына жатқызған.
Бәлкім, «Канның жаңалығы» болуға залдың, анығы, көп-көп көрерменнің ыстық ықыласы себеп болды ма екен: Канн фестиваліндегі көрсетілімнен соң, көрермендер 5 минут бойы қол соғумен болған деседі.
Мұндайда қалай бөркіңді аспанға атып қуанбасқа?! Оның үстіне бұл фильмнің көтерген тақырыбы да қаймана қазақтың қайсыбір бүйірінде отырған үй мәселесі екенін ескерсек, батыстың ішке бүкпей, бас бармақ көтеруінің де реті бар-ақ!
Ал бізде Каннан бұрын бұл фильмді, кәне, қазақтың естіп-білгені? Әлде «қолда барда алтынның қадірі жоқ» дегеннің өзі осы болғаны ма?!
Топтаманы дайындаған – Төлеу ТҰРМАН