КЕДЕНДЕ ЖҮРІП, КЕПЕСІЗ ҚАЛДЫМ

«Общественная позиция»
(проект «DAT» №8 (325) от 25 февраля 2016 г.

КЕДЕНДЕ ЖҮРІП, КЕПЕСІЗ ҚАЛДЫМ

Мен Кеден органында 1994 жылдың сәуір айынан бастап қызмет атқарып келемін. Жақын арада зейнет жасына толамын. Баспана мәселесі бойынша ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Дәулет Ерғожинге айтар өтінішімді «ДАТ» газеті арқылы білдіруге мәжбүр болып отырмын.

Алматы облысында 2000 жылдан бері пәтер кезегінде тұрамын. 2008–2015 жылдар аралығында «Қорғас» кеденінде қызмет атқардым. Бұрын басымда төрт бөлмелі пәтерім болған. Сол үйді әкімдік 1998–2000 жылдар аралығында бұзып тастады. Қазіргі күнге дейін сол бұзылған үйде тіркеудемін. Баспана мәселесіне байланысты барлық құжаттарға тиісті анықтамаларым да бар. Жаныма аяздай батқаны – Талдықорған қаласында 10–15 пәтер берілгенімен, одан маған ештеңе бұйырмады. Облыс департаменті Өтеген батыр кенті, Батталханов, 11«а» ғимаратында орналасқан. Осы өңірде де үй берілгенімен, одан да құралақан қалдым. Бармаған жерім, ашпаған есігім жоқ. «Үмітсіз – шайтан» деген, бір арманым орындалып қала ма деген желеумен әр күннен үміттеніп келемін. Аядай бөлме болса да, өз үйіме қашан қол жеткізер екенмін деген арманға жетер күн бар ма екен?
Қазіргі таңда Алматы облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінде қызмет етуіме байланысты «Қорғас» кедендік бекетінде қызметтік пәтерде тұрамын, зейнеткерлікке шығуыма байланысты қызметімнен босатылсам, баспанасыз қалам ба? Қызметтік өтілім – 49 жыл. «Еңбегіне қарай өнбегі» деп бекер айтылмаса керек, атқарған қызметім бағаланып, «Үздік кеден қызметкері» төсбелгісін, тағы басқа да әртүрлі мадақтамалар алғанмын. Сөйте тұра, пәтерге мұқтаждық жаныма батады. Алматы қаласынан бір бөлмелі пәтер алуыма ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Д. Ерғожин мырза қол ұшын береді деген үміттемін.

Жамалбек АЯШЕВ,
кеденнің аға офицері

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн