«Общественная позиция»
(проект «DAT» №35 (399) от 28 сентября 2017 г.
Ойдан-қырдан
Концерт алдындағы ой
Ән мен өлеңді егіз көріп, қастерлі аманатындай ардақтайтын Роза Әлқожа Алматыға күзбен бірге келді. Айдынға аққу-қаз оралып, жаз өтіп, жапырақ тоналғанын күткен қайсар өнерпаз, асыл жар, аяулы ана, талғампаз композитор, журналист және қарапайым, ақжарқын Роза алматылық оқырмандарымен кездесті. Иә, бұл кездесудің өзгешелігі – өрелі оқырман мен талғамы биік тыңдарманның бас қосуы. Алматы Розаны, Роза Алматыны сағыныпты. Бұған Чехов кітапханасында өткен ерекше кешке қатысқандар куә…
Әлқисса, арманның асқарын бағындыруға асыққан оқушы Роза әйгілі ҚазҰУ-дың журналистика факультетіне түсіп, қалам мен ғаламды қатар тербегісі келеді.
Роза асқан асқақтықпен:
– Түн келеді…
Көз алдымда көп сұрақ,
Сол сұрақтар
жылатарын топшылап –
Жанайқайын естімейді
енді ешкім,
Одан қиын жоқ сынақ!
– деп жырлайды. Тамырының әр соғысы әуенге айналған композитордың, қоңыр үнді әншінің жүрегінің түкпіріндегі қобдишада өмірлік сырлары сақтаулы секілді. Расында, мінезсіз ұлы туындылар жазу қиын.
Адам – қызық жаратылыс. Кейде ішкі дауысты барынша тұншықтырады. Енді бірде сол жанайқайға әсем ән тыңдап, әсерлі күй тыңдап тойтарыс бе-реді. Әлемді әдемілік емес, әуен құтқаратын сыңайлы. Көңілің құлазығанда іздеп, дертіңе дауа болатын әндер болады. Ондай әндер өте аз. «Ол көктем оралмайтынын білсек те», «Жанымнан жырақтамашы» дейтін кездеріміз де жоқ емес.
Роза Әлқожа әндері арқылы көзге көрінбес әлемнің тылсымдарының тамырын дөп басып, тар қапастан кеңістікке жетелей алатын құдіретке ие. Дұрысы – оның әндері құдіретті. Бұл бір сәттік пафоспен айтыла салған дүние емес. Розаны көгіне көтерген – өзінің тыңдарманы. Тыңдарманның деңгейіне түсіп кетіп, не ары емес, не бері емес, екі ортада қалып, екіұдай күй кешіп жүрген талай «жұлдызды» көзіміз көріп жүр. Роза Әлқожа жұлдыз емес, яғни ол бір жалт етіп, жоқ болғысы келмейді.
Меніңше, өз тыңдарманын өрелі туындылармен өрге сүйреу оның өмірлік миссиясына айналған. Тіпті ол Мұқағали, Төлеген, Жұматай сияқты біртуарлардың жырларын әуенге теліп те үлгерді. Бұл рухани жаңғыру деп аталса керек. Бір қуанарлығы – Розаның осы бір даралығын, бірбеткейлігін, қайсарлығын, бар болмысын халық қабылдады. Әйтпесе Мұқағали айтатын «Көтергіш кран секілді» халық оны баяғыда-ақ тыңдауын доғарар еді. Бұл – хас талант үшін ауыр соққы.
Ұлттың ұлт болып қалуы − салт-дәстүрден қол үзбей, оны келер ұрпаққа бүтіндей жеткізуде екені мәлім. «Мен сыйға тартқан орамал» деп қастерлі орамалды, киелі жаулықты ұлттық брэндке айналдырып, оның мәртебесін асқақтату үшін алғаш болып Роза «атқа қонды». Оның осы батыл қадамына риза болғандардың қарасы көп.
Алматыда өткен сырласу кешіне келгендердің көпшілігі – нәзік жандар. Т.Айбергеновтің қызы Салтанат Төлегенқызы: «Әр адамға белгілі бір деңгейде ғана қабілет беріледі. Ол қабілет ешқашан жүз пайыз болмайды екен. Бір қызығы, адам кез келген салада сол деңгейде ғана өзін көрсете алады. Роза барлық саладан өзін сынап көрген. Бойдағы талантын әрда-йым шыңдап отыратыны ұнайды» деп ерекше ықылас танытты.
Г.Шамшиева, Ж.Оразымбет секілді ниеттес жандар да ақ тілегін жаудырды. Ж.Сәрсек, А.Исәділ, Б.Әліқожа естеліктерін айтып, арнау өлеңдерін оқыды.
Шын өлеңді, мәртебелі поэзияны жүректен өткізіп, тереңіне сүңгу үшін ұлан-ғайыр кеңістігі бар алып жүрек керек. Сонда ғана өр өлең әнге айналып, тыңдарман бойына сіңеді. Розаның авторлық әндерінде бағзыдағы еркіндікті аңсау, енді бірде таудай болғысы кеп, асқарға ұмтылу немесе теңіз түбіне жасырынған маржан секілді тереңдік, толағайлық пен қатар аласару да бар. Бір сөзбен айтқанда, әннің жүрегі бүлкілдеп соғып тұр. Ол − сәбидің күлкісіне іңкәр, өмірге ғашық, өлеңге адал, қаламға серт берген, сахнаны кие тұтатын, ана болуды бірінші орынға қоя білген Роза-жүректің лүпілі емес пе?!
Сырт көзге қатал болып көрінетін Роза әнші ақжарқын, жайдары, әрдайым айналасына көмектесуге дайын тұратын жан. Өзімде болмаса да, өзгеде болсын дейтін кеңпейілдік – оның қанына сіңген. Сахна төрінде еркелігі мен өрлігін қатар алып шыққан қайсар ару әр сәтіне шүкір деп, әр күнін бағалауға тырысады. Себебі оның айналасы сәулеге толы.
Расымен-ақ, жақсының ешкімге де жаттығы жоқ, ол Ай мен Күн сынды бәріне ортақ! Елордаға қоныс аударған әнші қазанның бірінші жұлдызында «Арқада салған ән қандай?!» атты ән кешіне дайындық үстінде. Алматы оқырманымен кездесу оның Астанадағы кешіне рухани дайындығы, кемелденуі десек те болады. Өлең атты ұлы құдіреттің құлазыған көңілге жолдас болатынын ұғынған Роза әннің өлеңге, өлеңнің әнге айналып, біте қайнасып кеткенін қалайды. Әндері әуезді, ойлары ерек, өлеңі өр, аяулы ана, дара Розаның «Жүрек назын» Алматы оқырманы, Алматы тыңдарманы тыңдап, жүрекжарды лебіз білдіруге әрдайым дайын! Ән салшы, Роза!
Әлия ІҢКӘРБЕК,
Аikyn.kz