Әкежан ҚАЖЫГЕЛДИН: БІЗДІҢ ПРОКУРОРЛАР ешқандай миллиардтарды ІЗДЕП ЖҮРГЕН ЖОҚ

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №42 (406) от 16 ноября 2017 г.

Салықтан қашу жолы

 


Багам аралдарындағы офшорларға қатысты жарияланған мәліметтер Сауат Мыңбаевтың миллиардтық қаржысы бар компанияға қожалық етушілердің бірі екендігін көрсетті. Алайда Мыңбаевтың күмбірлеген түсінігіне сүйенсек, оның «офшорлық есепшоттары жоқ».

Осыдан бір жыл бұрын жария болған «Панама ісі» қазақстандық бюджет үшін еш пайдасын тигізбеді. Істе көрсетілген тұлғалардың біреуі де ақшасын елге қайтарған жоқ. Қазақстанның Бас прокуратурасы депутат Азат Перуашевтың сұрауына берген жауабында Қазақстан азаматтарының шетелдегі ақшаларын қайтаруға дәрменсіз екенін мойындады. Біздің тергеушілер шетел банктеріне сұрау сала алмайтын болып шықты.

Соған қарағанда, «жоқты іздесең де таппайсың» деген жағдай орын алып тұр. Әкежан Қажыгелдин қазақстандық капиталдың елге оралу мәселесімен бұрыннан айналысуда. Оның болжамымен, елден шығарылған қаржы көлемі 140 млрд долларды құрайды. Қазақстанның экс-премьері ресми «қазына іздеушілердің» салғырттығы мен елге тиесілі ақшаның қайтару жолдары жөнінде айтып берді.

 

Осыдан екі жыл бұрын депутат Перуашев: «Жемқор мен салық төлеуден қашып жүрген кез келген адамның есепшоттарын жария етемін, тіпті сол адамдардың арасында Тимур Құлыбаевтың өзі болса да», – деген сөзін биік мінбеден айтып, айбат көрсетіп еді. Ал 4 жыл бұрын «Ақ жол» партиясының депутаттары қаржы ағымдарының ашықтығын қамтамасыз ететін «Kazakhstan Financial Integrity Center» деп аталатын қор да құрған. Сол қордың жұмысы жөнінде біреу бір нәрсе естіді ме?

Бас прокурорға арнап айтарым: «Ұрланған миллиардтарды қайтару жөніндегі сұрауды жазудың еш қиындығы жоқ. Бұл тіпті Нигерия мен Гаити секілді мемлекеттердің прокурорларының қолынан келетін іс. Оған осы мемлекеттердің диктаторларының жымқырған жарты миллиард долларын Лихтенштейн мен Швейцария банктері қайтарғаны дәлел. Бас прокурор Астанадан жедел түрде Гаитиге барып, тәжірибе жинақтауы тиіс деп қалжыңдаудан басқа амал жоқ.

Біздің прокурорлар ешқандай миллиардтарды іздеп те жүрген жоқ. Өйткені абайсызда үлкен тұлғалардың шетелдік есепшоттарын тауып алулары әбден мүмкін. Ал ол үшін шендерінен де айырылып қалулары ғажап емес. Кезінде Швейцариядағы есепшоттардан миллиондаған ақшаның абайсызда табылып қалғаны АҚШ-тағы «Қазақгейт» ісіне түрткі болғаны естерінде қалған болу керек.

Мен «Нұр Отанның» тыңшыларына, «ханшайым» мен «ханзадаларға» арандарыңды ашпай-ақ, алдымен «марғаулармен» жаттығыңдар деп кеңес берер едім. Мысалы, бұрынғы вице-премьер, екі дүркін қаржы министрі, мұнай, энергетика, сауда, ауыл шаруашылығы министрі болған Мыңбаевтан бастаса болар еді. Оның «Самұрық-Қазына» қоры мен «ҚазМұнайГаз» компаниясына басшылық еткенін айтпаса да болады.

Оның баспасөз мәслихатында айтқан сөзіне құлақ аспай, журналистер жария еткен құжаттарға назар салу керек. Сол құжаттар бойынша, Батыстың ірі банктеріндегі үш есепшоттың өзінде ғана Мыңбаевқа тиесілі жарты миллиард доллар бар. Мысалы, «Barclays Wealth» банкінде. Өзге де банктерді атап шығуға болады… Бұл ақша Қазақстаннан «Унимилк» компаниясы арқылы шығарылып отырған. Оған Мыңбаев багамдық «Меридиан груп» арқылы бақылау жасаған. Қазір енді сол компаниядан басын ала қашып отыр.

Бұл фактілер үкіметтік жемқорлықпен айналысатын халықаралық мамандар үшін құпия емес. Президент Назарбаев «капиталист-министрлердің» жинап-терген ақшалары жөнінде жақсы хабардар. Мен оған осы мәліметтердің мән- жайын хабарлап, сол ақшаны уақытылы елге қайтармаса, Батыс оны өзіне тәркілейтінін талай ескерткенмін.

Мыңбаевқа тиесілі жарты миллиард долларды елге қайтарудың нұсқаулығын Азат Перуашев пен бас прокурор үшін арнайы жазып берейін.

1. Қаражаттың қылмыстық жолмен шығарылғанына күдіктенгендіктен, аталған банктердің және сол елдің «Қылмыстық жолмен табылған қаржыны тазалауға қарсы ұлттық агентстволарының» басшылықтарына Қазақстанда тергеу амалдары аяқталғанға дейін есепшоттарды «қатырып» қоюға өтініш жасау.

2. Ақшаның қайнар көзін анықтау мақсатында бас прокурор өзінің шетелдік әріптестеріне құқықтық көмек көрсету жұмысы аясында сұрау жолдап, есепшоттардың үзінді көшірмесін алуы тиіс.

3. «ҚазМұнайГаз» бен «Самұрық-Қазына» қорының жетекшісі өзіне тиесілі жарты миллиард долларды заңды-заңсыз жолмен тапқаны туралы шешім шығаруы тиіс.

4. Салық органдары аталған жарты миллиард доллардан салықтың төленгенін немесе төленбегенін анықтап, қажет болған жағдайда айыппұл мен өсімақыны тағайындауы қажет.

5. «Нұр Отан» Мыңбаевтың партиялық жарнаны толық мөлшерде төлегенін тексеруі тиіс. Партия тарапынан сөгіс жариялансын. Сонымен қатар Мыңбаевтан да өзге тұлғалардың қызметтерін жете тексеру қажет.

Қазіргі министр Бақыт Сұлтанов Әзербайжанның халықаралық банкіне Қазақстанның зейнетақы қорынан 71 миллиард теңге аударғаннан кейін, банк өзінің дефолтқа ұшырағанын жария етеді. Осылайша, біздің зейнеткерлердің жинап-терген 220 миллион доллары саналы түрде құрдымға кетті. Банктің күйреу жағдайында екендігі алдын ала белгілі болды емес пе! Не үшін? Анығырақ айтқанда: қаншаға? – деген сұрақ орынды болар еді.

Жақында ғана Нидерландыда «ҚазМұнайГаз»-ға тиесілі 5 миллиард долларға тыйым салынды. Осы қаржыны босатып, несиесіз тұншығып жатқан Қазақстан экономикасына қайтаруды ойластыру керек.

Қазақстандық ақшаны анықтап, оны «қатырып» қою қиын емес екенін тағы қайталап айтамын. Жақын айналадағы қазақстандық олигархтар мен шенеуніктердің аты-жөні шетелдік банктердің «қатерлі тізіміне» енгізілгені қай заман.

Егер де солардың бірі ақшасын қайта тығуға әрекет жасайтын болса, онда есепшоттағы ақша сол сәтте «қатырылып», қылмыстық іс қозғалатын болады. Одан кейін Батыс соттары сол ақшаны үкімет пен министр Сұлтановқа қайтару туралы шешім шығаратыны екіталай.

Қазақстанның жемқорлары мен олигархтары өздерінің байып кетуіне жол ашқан режиміне өздері сенбейді. Әйтпегенде өздерінің миллиардтарын «Халық банкте», «Қазкомда», не болмаса БТА-да сақтар еді. Олардың бәрін, «жыласа да, шаншылса да, кактусты кеміріп жатқан» тышқандармен салыстыруға болады. Өйткені біздің жемқорлар қауіп айналып өтер деген үмітпен өз ақшаларын Батыста әлі де сақтап отыр.

Жақында ғана Экваториялық Гвинеяның қазіргі президентінің баласына қылмыстық жолмен табылған ақшаны тазартумен айналысты деген айып тағылып, сырттай 3 жыл бас бостандығынан айыру үкімі шығып, 30 млн еуро көлемінде айыппұл салынды. Оның АҚШ, Франция мен Ұлыбританиядағы бүкіл қаржысы мен мүлкі тәркіленді.

Сондықтан біздің жерлестер Батыс пен Шығыстағы құпия шоттарындағы ақшаны елге өз еркімен қайтарғаны дұрыс болар еді. Бұл іс оларға өз отанында қаперсіз өмір сүріп, мұрагерлерінің болашағына деген сенімділіктің кепілі болар еді. Біздің бағдарлама ұлттық экономиканың жандануына өз ақшасын құйған адамдардың мүлігін тәркілеу мен қудалауды көздемейді. Репрессия мен азаматтық соғыстың қажеті қанша?

•Түпнұсқа: facebook.com/notes/бәсе/акежан-кажегельдин-деньги-мынбаева-нужно-вернуть-в-казахстан/1771909799779475/

 

 

 

 

ЖЕМҚОРЛЫҚ ҚАЗІРГІ РЕЖИМГЕ

оппозиция мен революциядан да қауіпті

 

Қазақстанның экс-премьері Әкежан ҚАЖЫГЕЛДИН осы офшорлық дау-дамайға қатысты украиналық телекомпанияға да сұхбат берген еді.

 

Питер ЗАЛМАЕВ:

– Немістің «Süddeutsche Zeitung» басылымы жария еткен «Paradise Leaks» (Жұмақтағы мән-жай) атты мәліметтердің ішінде НАТО-ның бұрынғы бас хатшысы, Мадонна мен Боно поп-жұлдыздары және Британ патшасының жанұясының өкілдерімен қатар, сіздің бұрынғы отандастарыңыздың есімдері көрсетілген. Бұл бірінше рет емес. Осы адамдар жайында айтып өтсеңіз. Олар кімдер?

 

Әкежан КАЖЫГЕЛДИН:

– Шындығына келгенде, бұл таңқаларлық жағдай емес. Біздің шенеуніктер 2000 жылдардан бастап отандық экономикадан қашып, шетелде тығылуды әдетке айналдырған. Қазіргі оқиғаның бір қызығы – мемлекеттік қызметте 20 жыл жұмыс жасаған бір ғана шенеуніктің әңгімесі. Бұл адам министрлер кабинетіне менің кезімде келген болатын. Ол әртүрлі саланың министрі болып, кейінгі 15 жыл бойы мұнай-газ саласында қызмет жасаған. Оған елден қыруар қаржыны сыртқа шығарып, ақшаны тыққан деп тағылып отырған күдіктің астарында нақты істер болуы әбден мүмкін. Сондықтан ендігі кезекте оған ақталуға тура келеді.

 

Питер ЗАЛМАЕВ:

– Сіз әлемдік қаржы орталықтарының бірі – Лондонда тұрасыз. Бірнеше жыл бұрын Назарбаевтар отбасының жылжымайтын мүлігіне қатысты жанжал орын алып еді, сол жанжалдың себебі неде болды және құзырлы мекемелер тарапынан қандай да бір іс жасалды ма?

 

Әкежан КАЖЫГЕЛДИН:

– Ең үлкен дау-дамай президент Назарбаевтың үлкен қызы рэкет пен өзгенің мүлігін тартып алып, капиталды шетелге шығаруымен байланысты болды. Шығарылған қаржының басым бөлігі Еуроодақ мемлекеттері мен Ұлыбританияда мүлік иемденуге жұмсалған. Кейін анықталғандай, Ұлыбританиядағы мүлік ең ауқымды болған. Қазір осы іс құқықтық тұрғыдан тексеріліп, процесс жүріп жатыр. Менің ойымша, бұл іс осыдан 15 жыл бұрын Рахат Әлиев пен Дариға Нұрсұлтанқызынан зардап шеккен адамдардың пайдасына шешіліп, олардың мүліктері қайтарылады.

 

Питер ЗАЛМАЕВ:

– Капиталдың офшорға кетуіне тосқауыл қою үшін, Батыс мемлекеттері мен олардың қаржы институттары қалай күресуі керек? Бүгінгі таңда Батыс демократиясы Қазақстан мен Украина сияқты мемлекеттерден шығарылған капиталдың панасына айналып кетті. Дегенмен, әлемнің басты қаржы орталықтары ретінде жағажайы пальмаға толы аралдар емес, Лондон мен Нью-Йорк қалып отыр ғой.

 

Әкежан КАЖЫГЕЛДИН:

– Бұл сұраққа екі тұрғыдан жауап беру керек. Батыс елдерінің басшыларына өз азаматтарына берген уәдесінде тұру керек. 2008 жылғы дағдарыстан кейін олар заңсыз қаржыны анықтап, есепшоттарды «қатырып», тәркілейміз деп уәде еткен. Сол айтқандарын дәйекті түрде жүзеге асырып келеді. Оны мойындамауға болмайды. Ал ақшасы шығарылып жатқан мемлекеттер жемқорлықпен көзбояушылық жасамай, шынайы түрде күресулері қажет. Өйткені жемқорлық – қазіргі режим үшін оппозиция мен революциядан да қауіпті.

 

Питер ЗАЛМАЕВ:

– Қажыгелдин мырза, бізге қосылғаныңыз үшін үлкен рахмет!

 

Топтаманы қазақшалаған –

Димаш АЗАМАТОВ,

«D»

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн