«Общественная позиция»
(проект «DAT» №06 (277) от 12 февраля 2015 г.
Апта аптығы
Ресми ақпарат көздері жарыса хабар еткендей, кеше Астанада ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті.
Біз бұл кеңейтілген отырыстан қандай «кеңейтілген» мағлұмат алдық. Біріншіден, Қазақстан экономикасында «анау айтарлықтай дербес дағдарыс» жоқ екен. Бары – әлемде болып жатқан жалпы дағдарыстың екпіні ғана. Президенттің сөз сыңайы осындай.
Сөз жоқ, әлемдік мұнай бағасының құлдырап кетуіне байланысты қиыншылық халықаралық сипатта өрістеп бара жатқаны анық. Бірақ ол қиыншылықтан АҚШ немесе Еуропа елдері соншалықты зардап шегіп жатқан жоқ. Экономикасы «зар еңіреп» қалған елдер – мұнайдың экспортына ғана тәуелді болған Ресей мен Қазақстан сияқты шағын және орта кәсіпорындары кенде қалған елдер. Біздің елдегі ішкі жалпы өнімнің жартысынан астамын, мемлекеттік бюджеттің 60 пайызына жуығын мұнай-газ секторы беретін болса, нағыз зарлайтын уақытымыз әлі алда – баррельдің құны 30 долларға дейін түскен кезде болады.
Дағдарысқа «бірінші кері фактор – әлемде мұнай бағасының 2 еседен артық төмен түсуі: барреліне $100-ден көп болды, ал қазір 50 доллардан… Біздің экспорттық тауарларымыз – металдар, тыңайтқыштар мен басқаларының әлемдік бағалары төмендеуде… Екінші маңызды фактор – экономикалық дағдарыс, ресейлік рубльдің құнсыздануы», – дейді ел президенті.
Бұл «анау айтарлықтай» емес, бұл дағдарыс Ресей тарапынан ентелеп келе жатса да, Н. Назарбаев қазақстандық кәсіпорындардың қазіргі қиындықтары Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) кіруімен байланысты емес, деп есептейді.
«Бүгіндері ресейлік рубльдің әлсіреуі фонында және біздің ішкі нарығымызға сырттан көрсетіліп отырған қысымның артуымен біздің өндірушілерге шығын келіп жатыр. Ол рас, бірақ оның Еуразиялық экономикалық одаққа қатысы жоқ, одақ – біздің стратегиялық бағытымыз. Одан біз бас тартпаймыз және Кедендік одақтан да. Біз одақты құру кезінде оған өмір өз түзетулерін жасайды дегенбіз», – деді ол одаққа көз алайтушы ағайындардың алдын алып.
Дегенмен, ол АҚШ пен Еуропа елдері тарапынан салынған санкцияларға байланысты Ресей бүгінде ауыр жағдайда қалып отырғанын растады. «Ол санкциялар ешкімге де пайдалы емес. Еуропа 25 миллард қаражат жоғалтса, Ресей – 41 миллард доллар жоғалтып отыр. Біз Ресей бұл жағдайдан абыроймен шығады деп сенеміз, одан да ары қарай дамиды, ал біз солармен бірге дамимыз», – деді Н. Назарбаев. Президенттің осы сөзіне ден қойсақ, бізде дамудың басқа бағыты жоқ.
Әйтсе де, бізде «анау айтарлық дербес дағдарыс жоқ» бола тұрса да, президент «үкіметке 2015 жылға арналған республикалық бюджет шығынын 700 млрд теңгеге немесе шығынның жалпы көлемінің 10%-ына қысқартуды тапсырды». Бұл қысқарту Қазақстан экономикасы үшін көп пе, аз ба?
Оны да президенттің сөзімен өлшеп көрелік: «Жалпы алғанда, үкімет министрліктердегі, ведомстволардағы, орындар мен холдингілердегі барлық үнемдеу 4 млрд америкалық долларды құрайтынын баяндап отыр. Елестетіп көріңіз», – деді Н. Назарбаев. Ал ендеше валюталық мөлшердегі бұл қысқартуды біздің 30 миллиард долларға жетер-жетпес мемлекеттік бюджетпен өлшеп көрелік: бұл – бюджеттің 15 пайызына жуық көрсеткіш. Яғни, президент қатердің «көзін бадырайтпай» көрсетуге тырысып бақты.
Сөйте тұра, мемлекет басшысы «мектептегі оқушыларының айраны мен булочкасын қазақстандықтардың өздері төлеулері керек» деп есептейді. Бұл, шамасы, оның мектептерде бастауыш кластағы оқушыларға берілетін тамақты қысқарту керек деген ишарасы болса керек.
«Мектептердегі тамақ туралы айтсақ. Не (ата-аналар) өздерінің балаларын қамтамасыз ете (тамақпан) алмай ма? Біз де мектептерде оқығанбыз, аздап тиын-тебен беретін, үзіліс кезінде айран мен булочка сатып алатынбыз және солай өмір сүргенбіз. Мемлекет толығымен өзіне білім беруді, мұғалімдерді, оқулықтарды, мектептерді мойнына алады, ал бірақ мына тірлікке (оқушыларды тамақпен қамтамасыз етуді) ата-аналар өздері шығындауы тиісті… (ҚазТАГ), – деді Н. Назарбаев.
Әрине, ата-аналар өз балалары үшін аузындағысын жырып береді: бірақ сол ата-аналарға үкімет жұмыс тауып беруге және күнкөрісіне жетерлік жалақы алуларына жағдай жасаса жеткілікті. Үнемді халықты қысудың, салықпен қылқындырудың есебінен емес, өндірістік-экономикалық тегершіктерді дамыту арқылы жасау керек шығар…
«Жұмыссыздық» демекші, осы кеңейтілген отырыста сөз сөйлеген ҚР премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев дағдарыстың салдарынан, «қабылданып жатқан шараларға қарамастан және әлемдік экономикадағы жайсыз жағдайдың есебінен, сарапшылардың бағалауы бойынша, 120 мыңға дейінгі жұмысшылардың босатылуы ықтимал», – деді. Дегенмен, Сапарбаевтың сарапшылары «сараңдық» танытқан немесе ол да өз президенті сияқты халықты шошытып алмайын деп отыр: Ұлттық кәсіпкерлер палатасына болжам берген тәуелсіз сарапшылардың пікірі бойынша, биылғы жылдың аяғына дейін 1,5 миллионға жуық адам жұмыссыз қалады. Міне, «қуырдақтың көкесі» алда-жалда осы болжам шындыққа айналған жағдайда болады.
Осы қатерге тосқауыл болатын бірден-бір шара қандай? Кеңейтілген отырыста жұмыссыздыққа жол бермеу жөніндегі бұл шара облыстарға қарай сыра салынғаны белгілі болды. Яғни, жуық апталардың аралығында жергілікті басшылықтар жұмыссыздықты болдырмауға қатысты құжаттар дайындап, оны үкіметке ұсынады. Орталық бюджетке салық жинаумен естері шығып жүрген облыс әкімдері бұл шараның шаңын шығарады дегенге күдік көп. Қағаз бәріне де шыдайды: әкімдер әзірлейтін шараның шаңы құжат жүзінде ғана бұрқырайтыны ежелгі дәстүрден белгілі жәйт.
Ал бұл орайда орталықтың өзі не тындырмақ? Бұл орайдағы президенттің жалынышқа толы сөзі мынадай: «Еңбекақы үшін оны (жұмысшыны) әлдебір жерге жөнелту қажет. Егер ол өз еркімен кетсе, онда – мәселе жоқ, бірақ мен компаниялардың барлық жетекшілеріне жүгінемін, егер өндірісті түсіруге мәжбүр болсаңыздар және адамдарды амалсыздан қысқартсаңыздар, ол (жұмысшы), мүмкін, басқа (жұмыс орнында) жерде жұмыс істейтін болса да, жұмыс орындарын сақтасаңыздар екен. Бұл адам үшін, оның отбасы үшін принципті түрде маңызды».
Әрине, обалы не керек, бұл президенттің тарапынан айтылған қайырымдылыққа толы өтініш: бірақ нарық жағдайында жұмыс істейтін кәсіпорындар «өндірісті түсіруге мәжбүр болса», олар жұмыс орнын қалай сақтап қала алады? Жалақы мен басқа да шығындардың қаржысын қамтамасыз ететін басқадай экономикалық категориялар бар ма еді?
Иә, президенттің бізде «анау айтарлық дағдарыс жоқ» дей отырып, қауіп қылуына қарағанда, Қазақстанды экономикалық қатер күтіп тұрғанын сезінуге болады. Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Үкімет дереу жедел шараларды қабылдау үшін айтарлықтай резерв құруы тиіс. Бір жыл ішінде бәрі де болуы мүмкін, сыртқы және ішкі ықпал да, қандай да бір жедел жайттар орын алуы мүмкін. Ол үшін мен 250 миллиард теңге көлемінде үкімет резервін құруды тапсырдым», – деуі тегін емес.
Қалай болғанда да, «анау айтарлық» қам жасағанымыз жөн сияқты…
Сырым ДАТОВ