«Общественная позиция»
(проект «DAT» №8 (372) от 2 марта 2017 г.
Апта аптығы
Қазақстанда билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу реформасы аясында Конституцияның 23-бабына өзгерістер мен түзетулер енгізіледі деп мәлімдеді Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Ресми БАҚ-тың хабарлауынша, Назарбаев бұл туралы кеше билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді бөлу жөніндегі жұмысшы тобының кезекті отырысында айтты.
«Жұмыс тобы үлкен жұмыс атқарды. Конституциялық реформаларды жалпы халықтық талдау өтті. Көптеген түзетулер енгізілді. Олардың барлығын біз қарап шықтық. Біз жұмыс тобының мүшелерімен отырыс өткізіп, талқыладық. Барлық ұсыныстарды тыңғылықты қарап шықтық», – деді Н.Назарбаев сәрсенбіде билікті қайта бөлу жөніндегі жұмыс тобының отырысында.
Бұл ретте мемлекет басшысы елдің саяси жүйесіне түбегейлі өзгерістер енбейтінін атап өтті және енгізіліп жатқан өзгерістердің уақыты келгенін айтты. «Қазақстанның негізгі саяси үлгісі сақталады. Біз президенттік республика болып қала береміз. Заманауи талаптарға сәйкес мемлекеттік басқару жүйесі жұмсақ болуы тиіс. Реформалар нәтижесінде биліктің бір тармағына толық өкілеттілік беріледі, ол тәуелсіз жұмыс жасайды. Биліктің әр тармағымен осылай болады. Сондықтан биліктің әр тармағы жауапкершілікті сезінуі керек», – деді президент.
Н.Назарбаев Конституцияға енгізілетін түзетулер жобасының жалпыхалықтық талқылауға шығарылғанын еске салды. «Мен талқылаулар барысын тыңғылықты қадағалап отырдым және халық талқылауы барысында негізінен біз енгізген өзгертулер қолдау тапқанын айта аламын. Бүгін біз азаматтардан келіп түскен ұсыныстар мен пікірлерді қараймыз, қорытындысын шығарып, одан ары не істеуіміз керектігі жайында шешім қабылдаймын», – деді президент.
ҚР Президенті әкімшілігінің басшысы, жұмыс тобының жетекшісі Әділбек Жақсыбековтың айтуынша, талқылау барысында ел азаматтарынан 6 мыңнан астам ұсыныс келіп түскен. Ұсыныстар әртүрлі және жалпы халықтық талқылауға шығарылған жобамен шектелмейді. Олардың барлығы бірнеше блок бойынша жүйеленді.
Сөйтіп, алғашқыда үкімет және басқа да атқарушы органдар деңгейінде 40 өкілеттікті беру болжанған, қорытындысында жобада елбасының 35 өкілеттігі қайта бөліске салынды. Атап айтқанда, ол – экономиканы, қаржыны, мемлекеттік мүлікті басқарумен, әкімшілік-аумақтық құрылымға қатысты бірқатар мәселелерді шешумен байланысты өкілеттікке қатысты жекелеген мәселе. Ұсынылып отырған Конституцияға өзгертулер мен заңдар парламент пен үкіметтің жауапкершілігі және өкілеттігін кеңейтуге бағытталған. Жұмыс тобының пікірінше, олардың қабылдануы билік тармақтарының арасындағы теңгерімнің нығаюына, сондай-ақ меморгандардың жұмысының тиімділігін арттыруға септігін тигізеді.
Өз кезегінде Н. Назарбаев «азаматтар білдірген пікірлер алшақтығы билік жүйесіндегі кемістіктер мен ескерілмеген тұстары» туралы айтып тұрғанын атап өтті. Ресми БАҚ таратқан ақпаратқа қарағанда, Нұрсұлтан Назарбаев ел ішінде наразылық тудырған 26-баптағы «әркімге» жоламайтын болды.
«D»