«Общественная позиция»
(проект «DAT» №20 (291) от 21 мая 2015 г.
Дұрыс ұсыныс!
Келесі жылы Әлихан Бөкейхановтың туғанына 150 жыл, 2017 жылы Алаш Орда үкіметінің құрылғанына 100 жыл толады.
Кезінде әскери сынақ алаңындағы жабық та, жасырын қала болған Курчатовтың алғашқы атауы «Москва – 400», «Жағалау», «Семей-21» деп те аталды. Өткен ғасырдың 60-жылдары қалаға КСРО-ны ядролық қаруға ие қылған, елімізде ең алғаш атом бомбасы мен сутегі атом бомбасын сынаған ғалым И.В. Курчатовтың атын берді.
Ол жер бұрын картада «Конечная» станциясы немесе «Молдары» селосы деп көрсетілген. Ядролық зерттеу полигонын құру туралы шешім КСРО Министрлер Кеңесінің және КОКП Орталық Комитетінің ұйғарымы бойынша, 1947 жылы 21 тамызда қабылданды. Полигон сынақтарына дайындық жұмыстары 1949 жылғы шілде айында аяқталды. Қаланың іргетасы осы кезде қаланды. Сол жылдың 29 тамызында КСРО-да алғаш ядролық құрылғының сынағы өткізілді. Сынаққа тікелей ғылыми жетекшілікті И.В. Курчатов атқарды. 1953 жылғы 12 тамызда полигонда алғаш термоядролық құрылғы, 1955 жылы 22 қарашада – сутегі бомбасы сыналды.
Қазірде Қазақстанның Ұлттық ядролық орталығы орналасқан қалада жаңа технологиялар паркі ашылған. Курчатов қаласының құрамына Курчатов қаласының өзі, Дегелең бекеті және Молдары ауылы кіреді. Қазіргі таңда қаланың негізгі жүйе құраушы кәсіпорыны – ҚР Ұлттық ядролық орталығы. Қаладағы ғылыми-техникалық потенциалды сақтап, жаңа технологияларды пайдалану мақсатында ҚР-АҚШ біріккен «СЕМТЕХ» кәсіпорыны құрылды. «КК Интерконнект» атты электронды құрылғылар мен печатьті платаларды өндіру кәсіпорны жұмыс жасайды. Геологиялық барлау жұмыстарымен қазақстан-американдық «ФМЛ Казахстан» кәсіпорны айналысады. Бұрынғы сынақ аумағында болашағы зор қазба байлықтарының мол қоры бар. Алтын мен мыс, сонымен қатар руда емес шикізаттарына да бай. «Габбро» табиғи тасын қазу және өңдеу жұмыстарымен «Дегелең» кәсіпорны айналысып келеді.
ШҚО-ның бұрынғы әкімі Б.Сапарбаевтың кезінде Курчатов қаласының аумағында Абыралы ауданын құру туралы бастама көтерілген болатын.Үкіметке осындай ұсыныстармен шыққан сол кездегі облыс басшысы Курчатовтағы Ұлттық ядролық орталықтың негізінде ғалымдар қалашығының бой көтеретіндігін, қаланың осы потенциалын пайдаланып, аудан құрудың тиімділігін дәлелдеп бақты.
Бұрынғы Абыралы ауданының елді мекендерінің малдан басқа табыс көзі жоқ. Қаладан арнайы экономикалық аймақ құрып, кәсіпорындар ашылатын болса, аудан орталығы болатын қалада елге жұмыс табылар еді. Курчатов қаласының қазіргі әл-ауқаты жаман емес. Қаланың экономикалық әлеуетін толық іске асырып, жер асты қазба байлықтарын дұрыс пайдалана білсе, бұл өлке әлі-ақ гүлденіп кететін болады.
Семей ядролық полигон территориясының 95 пайызын ауыл шаруашылығына пайдалана беруге болатынын Ұлттық ядролық орталық мамандары көптеген жылдар бойғы зерттеу нәтижелеріне орай көз жеткізді. Ал қалған 5 пайыз жер ол тікелей ядролық сынақ жасалған жерлер. Ондай аумақтарды пайдалануға мүлде болмайды деп саналады. Қазіргі уақытта бұрынғы сынақ алаңында болған жерлердің зерттеліп, тексеруден өткен бөліктері халықтың өтініші бойынша ауыл шаруашылығы үшін пайдалануға беріліп жатыр. Негізінен мал шаруашылығымен айналысатын қожалықтар – Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданы мен Семей қаласының және Павлодар облысы Май ауданының шаруа қожалықтары.
Сонымен қоса, болашақта АЭС құрылысы бойынша қала тұрғындарының азаматтық мәселесі де ойландырады. Мысалы, Байқоңырда орын алған жағдайлардан баршамыз хабардармыз. Ғарыш айлағындағы тұрғындардың конституциялық құқығы қаншама рет бұзылды. Ресей «Байқоңыр» ғарыш айлағын жалға алды. Курчатовта стратегиялық нысан салып, оны бірлесіп игеретін болса, Байқоңырдың кебін киюіміз әбден мүмкін екенін де жоққа шығаруға болмайды.
Басқа – басқа, адамзат баласына орасан зор қауіп төндірген, қазақтың жері мен еліне өлшеусіз қасірет әкелген ғалымның есімін алған қаланың атауын өзгертеуді кешіктірмеу керек. Әрине, ол Кеңестер Одағы кезінде ғылымға өлшеусіз үлес қосты деп есептелді. Бірақ ол ашқан жаңалық адамзатты қырып-жоюға арналған еді. Сол үшін түрлі мемлекеттік сыйлықтар мен атақтарды алып, барлық жағдайы жасалды. Кеңес Одағының саяси басшылары елді өркендетудің орнына жаппай қырып-жоятын қаруды иеленудің жолына барын салды. Осы жолда халықтың байлығы мен өмірін де аяған жоқ. Ақыры өздерінің түбіне жетіп тынды.
Семей полигоны арқылы қазақ халқын сынақтың нысанына айналдырды. 40 жыл бойғы сынақтар кезінде жүздеген мың адам радиация салдарынан ауруға ұшырап, көз жұмды. Жас сәбилер өмір есігін аша салып шетінеп кетті. Өз-өзіне қол жұмсап жатқандар осы күнге дейін тыйылар емес. Экологияға келген зиянда өлшеу жоқ. Еуразия құрлығының кіндігі орналасқан Дегелең сынды Сарыарқаның шоқтықты да қастерлі бір тауын күлге айналдырды.
Бүгінгі егемен ел ретінде қазаққа өлшеусіз қасірет әкелген залым ғалымның атын жерімізден, халықтың санасынан мүлде өшіру керек. Ол тіпті А.Сахаров сынды осы сынақтары үшін халықтан кешірім сұрап, опынып өкінген де жоқ.
Ал біз болсақ, Курчатов сынды адамның есімін алған қала атауын өзгерткіміз келмейді. Оны Петропавл мен Павлодар секілді мәселе қылып көтерген де емеспіз.
Енді «Ғылым қаласы» мәртебесі бар осы қалаға Әлихан Бөкейхан есімі әбден лайықты деп ойлаймыз. Бұл қаладан өзінің туған жері Ақтоғай да алыс емес. Сынақ алаңының эпицентрі болып, күлге айналған Дегелең тауының құрметіне қаланың бір ауданын «Дегелең» деп атаса дұрыс болар еді.
Айтқандай, тарихшы-ғалымдар қозғап жүрген бір мәселе – 2017 жылы Алаш Орда үкіметінің құрылғанына 100 жыл толу құрметіне орай осы үкіметтің 1917 жылдан 1920 жылға дейін ресми астанасы болған Семей қаласының Жаңа Семей бөлігін «Алаш» қаласы деп атауды да ұмытпай, заңдастырған жөн. Әлихан мен Алаш есімін бір-бірінен бөліп қарай алмаймыз. Осы істің шешімі өзіміздің ерік-жігерімізге байланысты болмақ.
Ардақ БЕРКІМБАЙ,
Abai.kz