«Общественная позиция»
(проект «DAT» №33 (397) от 14 сентября 2017 г.
Желідегі жазбалар
Ендігі белгілі болғандай, дүйсенбі күні ҚР парламенті мәжілісінде «Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселелері туралы» деген тақырыпта парламенттік тыңдау өткен еді. Тыңдау барысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ҚР президентінің жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссия жұмыс тобының ұсыныстары талқыланды.
Парламенттік тыңдауда ҚР парламенті мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин латын әліпбиіне көшу тек қазақ тіліне қатысты екенін атап өтті. «Мемлекеттік тілге қатысты реформа мемлекеттің тіл саясатына қатысты өзгерістерді қарастырмайды. Бұл туралы елбасы қысқа әрі нақты айтқан болатын. Әліпбиді өзгерту тек қазақ тіліне қатысты. Латын әліпбиіне көшуі тек қазақ әліпбиі мен орфография ережесін реформалауға байланысты. Бұл тіл фонетикасы мен графикасы арасында тиісті байланысты орнатуға мүмкіндік береді. Осылайша, латын әліпбиін енгізу елдің ішкі мәселесін шешуге, мемлекеттік тілді дамытуға бағытталған», – депті төраға. Оның айтуынша, орыс тілінде шығатын басылымдар бұрынғыша кириллицада шыға береді.
Ал осы тыңдаудан кейін әлеуметтік желінің ауаны қандай? «Фейсбук» желісінен алынған төмендегі топтамаға назар аударыңыз.
Марат ТОҚАШБАЕВ:
– Қандай қиындық, қандай мәселе туындаса да, латын әліпбиіне көшу тездетілуі тиіс. Кіріл әлфавиті – Ресей Федерациясының мемлекеттік әлфавиті. Кіріл әлфавиті – Қазақстан үшін орыс диаспорасының жазу-сызуы. Диаспораның әлфавиті – Қазақ мемлекеттілігінің әлфавиті бола алмайды. Бұл іс жүзінде елді деколонизациялаудың басты тетігі. Сондықтан латынға өтуді қолдаймыз.
Алайда қазақи латын әліппесі елді шатастыратындай емес, қонымды, үйлесімді, қазақтың үндестік заңдарына икемді форматта жасалуы тиімді! Латын әліпбиін орнықтыруға байланысты таяу арада ғалымдардың, қоғам өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстелдер өткізілуі қажет.
Дәурен ҚУАТ:
– «Латын әрпіне неге қазақ тілді орта ғана көшуі керек?» – деп мәселе көтеріп отырған қауымға қарата мынаны айтқым келеді:
Шулап-шұрқырап, көдедей көп сияқты көрініп жүргенімен, орыстілді жұрттың қарасы қазір азайып барады. Ендеше оларға қарайлап отырудың қажеті қанша? Бізбен бірге латынға көшсін, қаламаса, сары жұртында сарғайып отыра берсін. Содан кейін, латын графиксы – әлемдік бренд, оған біз ғана емес, бағзыдан төл жазуы болған қытай, жапон сияқты елдер де қол созып отыр. Бұған қосып айтарым: латын – өлі тіл. Оның артында қазақтың ділін, тілін, дінін «шауып алатындай» ештеңе жоқ. Латынға өту арқылы қазақ тілі, қазақ жазуы сәнге айналатын болады. Мен сәуегей, иә болмаса көріпкел емеспін. Бірақ жаңаға ұмтылу, жаңалықтың басынан табылу ұлтты да жаңашыл етіп көрсетеді. Ал ескіні ескере отырып, жаңашыл болудың несі жаман?
Рысбек МӘУІТ:
– Латынға тезірек көшу керек. Ұсынылған нұсқа әлі талқыланар, түзетілер, бірақ бір қауіп болып тұр. Орыс сыныптарына баратын балалардың саны қауырт артып кететін сияқты. Латын әліпбиінен қорыққан кейбіреулер балаларын орыс сыныптарына бере бастапты. Қазақ-орыс біріккен мектептердің директорлары «биылғы бірінші сыныпқа келген оқушыларда орыс сыныптары көп болды» деп дабыл қағып отыр.
Асылхан МАМАШҰЛЫ:
– «Латын әліпбиіне қазақ тілі ғана көшеді, орыс тілі кирилл әліпбиінде қала береді» деген президенттің сөзін жақсылыққа балаған едім. Өзге бір елдің мемлекеттік тілінің әліпбиін біз не үшін ауыстыруымыз керек деп, үкіметтің орыс тілінен бас тартуға жасаған алғашқы қадамы деп ойлағанмын.
Шынында, Қазақ елі латын әліпбиіне тек қазақ тілін ғана ауыстыра алады. Бұл дегеніңіз қазақ елін біртұтас қазақ тіліне көшіру деген сөз еді. Біз ағылшын, қытай, түрік тілдерінің әліпбиін өзгерте алмаймыз ғой. Сол сияқты Ресейдің де мемлекеттік тілі – орыс тілінің де әліпбиін өзгерте алмаймыз. Өзгерте ме, өзгертпей ме – орыстар өздері біледі. Сондықтан қазақ тілін латын әліпбиіне көшіреміз деген соң, көшірудің қамын ойлау керек. Нығматулин сияқты орыс тілділердің «болашағына алаңдап», жалтақтай берудің қажеті жоқ. Бұлар жалтақтай берсе, Қазақ елінің заңын да солардың мүддесіне қарай өзгерте салуы да мүмкін.
Нұрбақыт ЖОРТАБАЕВ:
– Қазақ тілі басқа да түркі тілдері секілді жалғамалы (агглютинативті) тілдер қатарына жатады. Бір дыбысты екі әріппен (диграфтармен) белгілеу – сөздердің бірнеше есе ұзаруына әкеледі. Мысалы, «шөңге» сөзін алайық: shoengge. Оған жалғау жалғайық: shoenggelerding не sho’nggelerding. Осы дұрыс па? Бұл европалық тілдерде дұрыс шығар, бірақ түркі тілдерінде болмайды ғой!
Қазақ тіліне керек дыбыстардың барлығына әзірбайжан, түрік тілдерінде таңбалар беріліп қойған. Ешқандай жаңа нәрсе ойлап табудың қажеті жоқ. Біреурер 26 әріпке сыйдыру үшін «Ғ» дыбысын «Q» деп белгілейтін нұсқалар шығарып жатыр. Бұлай дұрыс емес. Бұл әлемдік мәдениетпен итнеграцияға емес, керісінше, оқшаулануға алып келеді. Оған қоса, түркі тілдері бір-біріне жақын тілдер. Ол тілдерде сөйлеушілер бір-бірін дұрыс түсіну үшін, сөздердің жазылуы мейлінше ұқсас болуы керек емес пе?
Жарылқап ҚАЛЫБАЙ:
– Аса құрметті Сейдаxмет Құттықадам аға! Қазір ғылым мен жаңа теxнологияның қарыштап дамыған заманы, минут сайын орыстанып бара жатқан қазақ xалқы сіз ойлағандай қашан орыс тілін қойып, жаппай ағылшынша сөйлегенін күтіп отырсақ, тариxта қазақ тілі мен салт-санасын сақтап қалған қазақ Жер бетінде қалмайды. Егер қалса да, сол кездегі биліктің саясатына ықпал ететін қазақы топ та қалмауы мүмкін.
Мен сізді ғалым-журналист, еліне жаны ашитын ұлт зиялысы ретінде өте қатты сыйлайтын әріптес інілеріңіздің бірімін. Бірақ сіздің және сіз сияқты совет үкіметінің орыстық-интерниоционалистік идеологиясы сүйегіне дейін сіңіп кеткен Олжас Сүлейменовті ұстаз тұтқан, өкінішке орай, көптеген зиялы қауым арасында жүрген «адасқан ұрпақ өкілдері» аңсайтын «совет үкіметінің жұмақ заманын» қолдамаймын да және бөлісе де алмаймын. Меніңше, ҚР үкіметінің дәл осы латын қарпіне көшу туралы саясатын қолдау керек. Себебі Ресей империясының ықпалынан құтылудың бұл алғашқы бір баспалдағы. Ал арғы жағын жаңа ұрпақ шешеді.
Сейдаға, айналайын көкем менің, осы күнге дейін қазақ елі үшін ақыл-ойы, білімі арқылы күресіп келе жатқан, аса білімді ғалым әрі саясатқа да араласқан еркін азаматтың бірісіз, сол себепті де Асқар Құмыран мырзаның дәйекті жауабына байланысты өзіңіздің жаңа ой-пікіріңізді таразы басына салып барып, жауап беріңіз!
Топтаманы дайындаған –
Бақытгүл МӘКІМБАЙ,
«D»