Ұлтқа ұлағат па?
Тағы да дау шықты. Бұл жолы анау-мынау әкімнің айлығы мен шаруаның шайлығы жайында емес, тұп-тура биыл тойланғалы отырған Қазақ хандығының 550 жылдығы төңірегінде туындады. Яғни, әйдік мерекеге арнап, «Қазақстанның халықтық рухани дамыту» (ҚХРД) қоры ұйымдастырған логотип конкурсы интернетте дауға қалды: әлеуметтік желіні пайдаланушылар бұл байқау әділ өтпегенін айтады.
Аталған сайысқа 14 автордан 46 жұмыс келіп түскен екен. Іріктелген эскиздердің (сызбалар) арасынан қазылар алқасы Нұразхан Алмас Шайкенұлының шығармасын үздік деп тапқан. Бұл туралы байқауды ұйымдастырушы ҚХРД қоры: «…Жобаны қорытындылау барысында комиссия мүшелерінің ескертулері мен ұсыныстарын ескере отырып, шешім қабылданып қойды», – деп хабарлаған болатын.
Бұл жерде Қор меңзеген «ескерту мен ұсыныстың» қалай ескерілгенін, әсіре кімдердің «ескерткенін» қайдам, осы даудың дәл ортасында жүрген «MenQazaqpyn» жобасының жетекшісі Бақытжан Бұхарбаев «конкурс ережесіне сай өтпеді» дейді. Бұхарбаевтың бұлай бүлінуінің де өз бәтуәсі бар көрінеді. Оған себеп – 14 үміткердің ішінен қара үзіп шыққан Алмас Нұразхан ҚХРД қорының бұрынғы президенті болған деседі…
Болса болсын! Кімнен қалмаған тақ, кімнен кетпеген қадір? Күні ертең патшадан да сол орын-тақ қалатыны анық. Алайда бұл жердегі алабөтен әңгіме – қай шығарманың жүлдеге лайықты болғанын айта білуде болып тұр. Эскизге (суретте) жатып та қарадық, тұрып та қарадық: ұтып шыққан «ұлы еңбек» – Қазақстан туының 80 пайыз көшірмесі. Автордың жалғыз-ақ «шеберлігі» – көк байрақтағы күн ішіне шаңырақтың сұлбасын салған. Қалған күн де, қалықтаған қыран да – тудың көшірмесі.
Бұл эмблемадан Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған символдық белгіні байқау мүмкін емес. Шамасы, байқау иелері көк тудың көшірмесін көлбеңдетіп, бүгінгі «ханды» мәз етпек болған сыңайлы. Себебі сонау 1992 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінде Қазақстанның туы қандай болуы керек деп, оннан астам эскиз таласқа түсіп жатқанда, Нұрсұлтан Назарбаев бір бұрыштан дәл осы туды көлбең еткізе алып шыққан еді. «Маған осы ұнайды» деген соң, депутаттар сайланғанына апта болмаған президенттің көңілін қалдырмаған.
Әрине, бүгінде «Көк тудың желбірегені…» деп, асқақтата ән салып жүрміз. Оны мақтан тұтамыз. Бірақ сол көк туды тігінен көтеретін жағдай туғанда (олимпиадалық ойындарда, спорттық жарыстарда, т.б.) осы тудағы қыранымыз тұмсығын көкке қадап, қырындап «ұшатыны» көңілге қонбайды. Тіпті сол спорттық жарыстардың көрермендері: «Күннің қасындағы шимай нені білдіреді?» деп сұрағанда, оның қыран екенін түсіндіре алмай әлек болған кездеріміз де жиі кездеседі.
Міне, сол «қисық ұшатын» қыранды Қазақ хандығының 550 жылдығына логотип ретінде тықпалап, конкурс қожайындары ел президентіне жағып қалудың амалын ойластырған сияқты. Әйтпесе хандар киген қалпақты қойып қойса да, эмблеманы ессіз деп ешкім айтпас еді.
Қозыбай ҚҰРМАН,
«D»