
- Астанадағы LRT құрылысына күзде қосымша 20 млрд теңге бөлінді деп, премьер-министр Әлихан Смайыловтың кеше парламент мәжілісінде жасаған сөзіне сілтеме жасап ҚазТАГ хабарлады.
«Шынында да, біз бұл жобаның болашақ тағдырының нұсқалары туралы көп талқыладық. Осы жобаны одан әрі дамытудың түрлі схемаларын, түрлі нұсқаларын зерделей келе, біз халықаралық сарапшылардың пікірін, жұртшылықтың пікірін ескере отырып, осы жобаны жүзеге асыруды жалғастыру және аяқтау қажет деген ортақ пікірге келдік. Бірақ біршама оңтайландырылған пішінде. Қазір бұл жобаны қаржыландырып жатырмыз. Күзде құрылысты жалғастыру үшін қосымша 20 миллиард теңге бөлдік», – деді Смайылов мәжіліс отырысында.
Оның айтуынша, бұл қаржы игеріліп жатқандықтан, біз оларды дамытудың тиімділігін, осы жоба аясында тұрған мақсаттар мен міндеттердің орындалуын қарастырамыз. «Бұдан кейін бұл жобаны жоспарланған көлемде аяқтау үшін, кезең-кезеңімен қосымша қаражат бөлінетін болады», – деп мәлімдеді Смайылов.
Премьер-министр Смайыловтың LRT жобасын «халықаралық сарапшылар мен жұртшылық пікірін ескере отырып жалғастыратын болдық» деген пікірі шындыққа жанаспайды. Біріншіден, премьердің сөзіндегі «халықаралық сарапшылар» бір миллионға толар-толмас халқы бар қала үшін мұндай аспалы жол қажет емес және бұл жоба осыған сәйкес әлемдік құрылыстан бірнеше есе қымбатқа түсіп отыр деп, әлдеқашан өз бағасын беріп қойған.
Соған қарағанда, Смайыловтың «халықаралық сарапшысы» – экс-президент Назарбаев екенін болжау қиын емес. Өзінен мұраға қалған және жобадағы «өз үлесін» күнібұрын бөліп алған «елдің басы» Қазақстан экономикасына әлі күнге дейін ықпалын жүргізіп отыр деген жоралғыны жоққа шығаруға болмайды.
Екіншіден, LRT жобасын жүзеге асыруға «жұртшылық пікірі» ескерілді деген премьердің пәтуасыз пайымы – қып-қызыл өтірік. Себебі Қазақстан қазынасына қыруар шығын әкелген және жуық жүз жылда қайтарымы болмайтын бұл жобаға жұртшылық әу баста қарсы болған.
Соңғы уақытта LRT жобасы тоқтаған кезде бұл аспалы жолдың жұмысын доғару ел бюджеті үшін арзанға түседі деген пікірлер болған. Расында да, бұл бетон бағаналарды елде ширек ғасыр үстемдік еткен авторитаризм мен волюнтаризмнің куәсі ретінде ескерткішке қалдыру – кейінгі ұрпақтың зердесі мен халықтық қазынаға қолайлы болар еді…
Ермұрат БАПИ