Ұлт көшбасшысының парызы – ҰЛТ АМАНАТЫН ОРЫНДАУ

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №8 (372) от 2 марта 2017 г.

 

Ашық хат

 


Тәуелсіздігіміздің 26 жылына қадам басқанда, демократиялық өзгерістерді талап еткен Конституциялық реформа жасау тарихына тап болдық. Енді осы жолы елбасымыздың өзі демократиялық жаңаруды бастап жатқанда, демократиялық талап бойынша (азшылық көпшілікке бағынады) мемлекетіміз мемлекеттік тілін Конституцияға жеке-дара статус беріп жазып алмаса, бұдан кейін қай заман, қандай кезеңге тап боламыз?!

 

«Түркі халқы үшін Түн ұйықтамадым, Күндіз отырмадым…» деген Көк түрік қағандарындай Көк туымызды көкке өрлетіп, Тәуелсіз Қазақстан мемлекетін бүгінгідей әлем таныған биік деңгейге жеткізген Тұңғыш президентіміз – Ұлт көшбасшысы алдында тағы бір Ұлттық міндет, Ұлт аманаты тұр! Ол Ұлттың арманын орындау – Мемлекеттік тіл мәртебесін әперу болып табылады! Ұлт көшбасшысы Ұлт аманатын орындауды өзіне парыз деп санағанда, ел де өзін елміз деп санайды!

Мемлекеттік тіліміз – Қазақ тілі Тәуелсіздігін алатын кезі жетті! Өйткені 28 жыл бойы Қазақ тілі – мемлекеттік тіл деген аты болса да, Конституцияның орыс тілі туралы 7-бабының 2-тармағына Тәуелді болып келді.

Осы уақытқа дейін мемлекеттік тілді білуге мәжбүрлемеген елбасыға өзге ұлт өкілдері алғысын айтып, енді қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесін жеке-дара иеленуіне өздері де қолдау жасауы тиіс! Бұл жолда Қазақстан халқы ассамблеясы мен парламентіміз, қоғамдық-саяси күштер, зиялылар қауымы қайрат көрсетуі керек!

2015 жылы елбасымыз тарихта тұңғыш рет Біріккен Ұлттар Ұйымында қазақша сөйлеп, бүкіл әлем президенттері алдында қазақ тілінде баяндама жасап, Қазақ хандығының 550 жылдығына керемет тарту жасаған еді.

«Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар! Ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік Тіл болды. Бұл мәселені даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн. Біздің тіліміз мемлекеттің барлық жүйесінде қолданылуы үшін, барлық жерде керек болуы үшін, біз өзімізді-өзіміз қамшылауымыз керек және осыған өзіміз атсалысуымыз қажет», – деген елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ тілі Мәңгілік дауға айналмай, Мәңгілік елдің Мәңгілік тілі болуы үшін, бұл Ұлт алдындағы қасиетті парызы мен міндетін өзгеге қалдырмай, өзі орындауы керек! Ел елбасыдан осыны күтіп келеді!

Өйткені Кеңес Одағының құрамынан шықпаған бодан кезімізде қазақтардың саны республика халқының 39,7 пайызын құраған, 1989 жылы қабылданған Тілдер туралы заң талабынан 28 жылдан соң, бостан кезіміздің 26 жылында 70–75 пайыз кезімізде шыға алмасақ, ешуақытта да шыға алмаймыз?!

ХХ ғасырдың басындағы Алаш көсемдері «Оян, Қазақ!» деп жар салғаннан бері бір ғасыр өтті. Биыл сол Алаштың 100 жылдығы! Тәуелсіздігімізге ширек ғасырдан асты! Енді қашан оянамыз? Елбасымыздың осы Демократиялық жаңаруға бастауын, Қазақтың ояна бастауына – ұлттық жаңғыруға шақыру деп, ұлт мүддесін ұлықтаған ұлттық ұран деп қабылдайық!

Жоғарыда көтерілген мәселелерді саралай келе, біз, Қазақстанның қоғамдық ұйымдары, зиялы қауым өкілдері, осы Ашық хатымыз арқылы Конституциялық реформаға байланысты Президент әкімшілігі жанындағы комиссияға ұсынысымызды мәлімдейміз:

– ҚР Конституциясының 7- бабының орыс тіліне байланысты 2-тармағы алынып тасталсын!

 

Мәтінді толық оқыдым, қолдаймын және қолымнан бас тартпаймын деп қол қоямын:

• Ә.НҰРПЕЙІСОВ, Қазақстанның Халық жазушысы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты; Д.ИСАБЕКОВ, жазушы-драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты; А. ӘШІМОВ, КСРО және Қазақстанның Халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты; Қ.ЖҰМӘДІЛОВ, Қазақстанның Халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты; Т.ӘБДІКҰЛЫ, жазушы, ҚР Мемлекеттiк сыйлығының лауреаты; А.АЙТАЛЫ, профессор, қоғам қайраткері; Т.ШАРМАНОВ, Ұлттық Ғылым академиясының академигі; К.ОРМАНТАЕВ, Ұлттық Ғылым академиясының академигі; Ө.АЙТБАЕВ, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы, Ұлттық Ғылым академиясының академигі; М.МЫРЗАХМЕТОВ, Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты; Ғ.ҚАБЫШҰЛЫ, жазушы, қоғам қайраткері, Қазақстанның құрметтi журналисi; Н.НҮСІПЖАНОВ, ҚР халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты; С.ДОСАНОВ, жазушы, ҚР Мемлекеттiк сыйлығының лауреаты. Халықаралық М.Шолохов атындағы сыйлықтың лауреаты; Ұ.ЕСДӘУЛЕТ, ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, КР еңбек сіңірген қайраткері; Е. РАУШАНОВ, ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты; М.ӨТКЕЛБАЕВ, математик, Ұлттық Ғылым академиясының академигі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты; С.ЕЛУБАЙ, жазушы, қоғам қайраткері; С.СМАТАЙ, жазушы, қоғам қайраткері; Ж. ЕРМАН, ақын, КР еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан айтыс ақындары одағының төрағасы; А.ОСМАН, «Мемлекеттік тілге құрмет» бірлестігі төрайымы, Қазақстан Халқы Ассамблеясының мүшесі; М.ҚОЙГЕЛДІ, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, Қазақстан тарихшылары қауымдастығының төрағасы; Д.КӨШІМ, «Ұлт тағдыры» бірлестігі төрағасы; Қ.ИСА, ақын, «Қазақ үні» газеті президенті, Халықаралық С.Есенин атындағы сыйлық иегері; И.САПАРБАЙ, ақын, «Тарлан-Платина» сыйлығы лауреаты, С.ТҰРҒЫНБЕКОВ, ақын, ҚР еңбек сіңірген қайраткері; К.ӘМІРБЕК, ақын, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Президент сыйлығының лауреаты; Д.ЫСҚАҚ, филология ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық Ш.Айтматов академиясының академигі; М.КЕМЕЛ, экономика ғылымдарының докторы, профессор; З.ҚАБЫЛДИНОВ, тарих ғылымдарынвң докторы, профессор; С.ЖҮСІП, «Алаш» ғылыми-зертеу институты директоры; Д.МӘСІМХАНҰЛЫ, ақын, филология ғылымдарының докторы, профессор; Д.КЕНЖЕТАЙ, дінтанушы, философия және теология ғылымдарының докторы; Б.САРБАЛАҰЛЫ, сыншы, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты; Ә.ҒАЛИ, саясаттанушы, тарих ғылымдарының докторы; С.ҒАББАСОВ, жазушы, медицина және педагогика ғылымдарының докторы, КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі; С.БАТЫРШАҰЛЫ, экономика ғылымдарының докторы, Астана қалалық «Мемлекеттiк тiл» республикалық қоғамдық қозғалысының төрағасы; Э.ТӨРЕХАНОВ, жазушы, Алматы қалалық «Қазақ тiлi» қоғамының төрағасы; З.ЖАНДАРБЕК, ғалым, тарих ғылымының кандидаты; Б.ӘЛІМЖАНҰЛЫ, ақын, жыршы-манасшы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері; К.МЫРЖЫҚБАЕВ, әнші, ҚР еңбек сіңірген әртісі; Ж.ЖҮЗБАЙ, күйші, ҚР еңбек сіңірген қайраткері; С.АҚСҰҢҚАРҰЛЫ, ақын, Т.ӘБДІКӘКІМҰЛЫ, ақын; Ғ.ЖАЙЛЫБАЙ, ақын, ҚР еңбек сіңірген қайраткері; Р. БЕЙСЕНБАЙТЕГІ, «Желтоқсан ақиқаты» бірлестігі Павлодар облыстық филиалының төрайымы; А.САРЫМ, саясаттанушы; Р.ЖҰМАЛЫ, саясаттанушы; М.ТОҚАШБАЕВ, «Президент және халық» газетiнiң бас редакторы.

Ашық хатқа барлығы115 адам қол қойған. Қол қою әлі де жалғасуда.

 

 

 

Айтпақшы

 

ҚАЗАҚТЫҢ САНЫ

Мемлекеттік тіл мәртебесін

ҚАМТАМАСЫЗ ЕТЕДІ

 

«Қазақстан Республикасында 1989 жылғы халық санағында 16199,2 мың адам тіркелді. 1999 жылғы санаққа дейінгі аралықта Қазақстан халқы 1246,1 мың адамға кеміген. Мұның басты себебі бұрын қуғын-сүргінге ұшырап, Қазақстан жеріне көшіріліп, қоныстандырылған өзге ұлт өкілдерінің, әсіресе орыстардың, украиндардың, немістердің, кавказ халықтарының, т.б. өз атамекендеріне көшіп кетуі болды. 1989 жылмен салыстырғанда 1999 жылы ұлттық құрамда да айтарлықтай өзгеріс болды. Мысалы, қазақ ұлты 1468,1 мың адамға (22,9%) көбейіп, республика халқының жартысынан астамын (53,4%-ын) құрады. Оның есесіне орыс ұлты өкілдерінің саны 1582,4 мың адамға (26,1%-ға) кеміді» (https://kk.wikipedia.org/wiki).

 

Яғни, 1989 жылдан 1999 жылға дейін он жылда халық санағында қазақтар 22,9 пайызға көбейіп, 53,4 пайыз болса, орыстар 26,1 пайызға кеміген. Ал 2009 жылы қазақтар, ресми дерек бойынша, 63,1 пайызға жетті.

Сонымен қоса, қазақстандық орыс диаспорасы өкілдерінің 25,3 пайызы қазақ тілін түсінеді, 8,8 пайызы оқи алады, 6,3 пайызы жазады. Еліміздегі диаспоралардың өкілдері әлі де өздерінің, не ұрпақтарының тарихи отандарына қоныс аударғанын қалайды. Мәселен, «Сіз, өз балаларыңыздың болашағын қазақ елімен байланыстырасыз ба?» деген сауалға қазақтардың 96,9 пайызы, орыстардың 53,5 пайызы, басқа диаспора өкілдерінің 78,5 пайызы – «иә» деп жауап берген. Ертең елімізде қазақтар 75-80 пайызды құрағанда, іс қағаздары Ресей тілінде қалып жатса, ұлттық наразылық туатыны айқын. 2013 жылы өткізілген халық санағының қорытындысы бойынша халықтың этноқұрамы келесідей: қазақтар – 65,2%, орыстар – 21,8.

Әр онжылдық санақта еліміздегі халық санына шаққанда, кемінде 10 пайызға өсіп отырғанымызды ескерсек (1989 жыл мен 1999 жыл арасындағы он жылда қазақтар 13,7 пайызға өсті), қазақтың бүгінгі саны шамамен 75 пайызға жуықтайды деген болжам бар. Себебі атамекенге көшіп келуші қандастарымыз да мол, керісінше, тарихи отандарына көшіп кетуші орыс ұлты өкілдері де көп.

Сонда қазақ халқы 75 пайыз деп алатын болсақ, 2013 жылғы орыстан өзге ұлттардың сандық пайызы 9,7 қалыпта қалған күннің өзінде (түркі тілдес диаспоралардың өсімі жоғары, олардың көбісі мемлекеттік тілді жақсы біледі), басқа халықтар (саны 1 пайыздан төмен диаспоралар) 2013 жылғы санақ бойынша 4,4 пайыз болса, онда орыс ұлтының өкілдері 10 пайызға жуық төмендейді деп санауға болады….

Ендеше 10–20 пайыз ғана, кезінде өзіміз отары болған ұлт диаспорасына өзге ұлт өкілдерінен сансыз артықшылық-астамшылық беріп, ширек ғасырдан астам әлі құлдық ұра беру – негізгі ұлт – қазақтарды тілдік кемсітушілік болып саналады. Қазір Қазақстандағы орыс тілін білмейтін, шала білетін түпкілікті қазақтарға (көбінесе ауыл халқы) ресми саны ғана миллионнан аса оралман ағайындарымыздың басым бөлігін қоссаңыз, орыстілділердің санын он орап алады. Сонда Конституциядағы орыс тілі туралы 7-баптың 2-тармағы орыстардан үш еседей көп халықтың – негізгі ұлттың намысына тиіп, ширек ғасырдан астам тілдік кемсітушілікке, яғни мемлекеттік тілдік кемсітушіліке ұрындырып келеді.

Qazaquni.kz

 


 

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн