«Общественная позиция»
(проект «DAT» №34 (398) от 21 сентября 2017 г.
Ойдан-қырдан
Қалың көрерменнің сүйікті әншісіне айналған, отандық шоу-бизнесте жүргеніне
20 жылдан асқан Мәдина Сәдуақасоваға қатысты ел арасында түрлі әңгімелер айтылады. Біреулер оны өте көрікті әнші десе, тағы біреулер «өзінен кіші жігіттің басын айналдырып алған» деп сөгіп жатады. NUR.KZ порталына эксклюзивті сұхбат берген Мәдина жеке өміріне қатысты айтылатын көптеген алып-қашпа әңгіменің нүктесін қойды.
– Мәдина ханым, қоныс ауыстырып, жаңа үйге көшіп жатқаныңызды білеміз. Өміріңіз бен шығармашылығыңызда қандай жаңалықтар бар?
– Өмірімде болып жатқан жаңалықтың бірі – жақында үш бөлмелі пәтер алдым. Қазір қоныс аударып, үйімді жайғастырып жатырмын. Алматының жоғары жағында орналасқан, әдемі үй. Ертегі жазатын жазушы Райхан Аманиядан сатып алдым. Ол кісінің үйі сондай шығармашылыққа толы. Әрбір деталь, ванна, гардероб – бәрі-бәрі өзінше ерекше. Сол үйді көрдім, одан кейін мүлдем ешқандай пәтер қараған жоқпын. Бұл менің алғашқы және соңғы қараған пәтерім. Үйдің аурасы құдды ертегіге кіргендей әсер қалдырады, сол себепті үйді ойланбастан сатып алдық. Қазір қонақ күтіп жатырмын. Қоныс той бар, туған күнімді де тойладым. Сәкен Майғазиев және Мақпал Исабековамен көршімін. Шыны керек, ол жерде ішім пыспайды. Балам тіптен мәз. Құдай қаласа, сол үйде бақытты ғұмыр кешуге дайындалып жатырмыз.
– Бүгінде Instagram желісінде 2 миллион оқырманыңыз бар. Жеке парақшаңызды өзіңіз жүргізесіз бе?
– Мен Instagram желісіне баламды босанып болған соң, кештеу келдім. Парақшамды пиар-директорым Маржан жүргізеді, сондай-ақ өзім де жиі кіріп отырамын. Екі миллион оқырманым бар болған соң, онда бәрі бар. Негатив те, позитив те, түрлі сыни пікірлер де кездеседі. Бұл Instagram мені көп нәрсеге үйретті. Байқасаңыз, менің парақшамда негатив аз. Көбіне менің фигурама тиіседі, бес тонна, он тонна деп макияжды айтады, одан кейін жолдасыма тиіседі. Жолдасыма сөз тигізгендерді мен де аямаймын. Ол өзі әлеуметтік желіде мүлдем отырмайды. Кейбір пікірлерді көргенде көңіл-күйің түсіп кетеді. Сосын мен оны жазған адамның парақшасына кіріп, кім екен деп қараймын (күліп). Шынын айтсам, маған пікір жазған әр адаммен соттасып отырмаймын, ұнамаған пікір болса, өшіріп тастайтын адамдар бар. Бір айтарым, кім менің отбасыма тиіседі, мен ол адамды аямаймын.
– Ашық көйлек киеді деп сізді тыңдармандарыңыз жиі сынға алып жатады. Ең алғаш «Сүйген жүрек» әнімен купальникте бейнебаянға түскен әншілердің бірісіз. Қазақ қыздарының ашық киімді батыл киюіне жол ашып бердім деп ойламайсыз ба?
– Жоқ, әрине. Бұл сөзіңізбен келіспеймін. Мен купальникпен жүргенде, кейбіреулер купальниксіз жүрген. Мен ерсі, ұсқынсыз, нәпсі оятатын киімдерді кимеймін. Тіпті сол купальниктің өзі 60-жылдардағыдай жабық, әдемі болды. Ол кадрдың өзін алыстан түсірді. Оның үстіне бейнебаянда мен бассейнде жүремін, енді ол жерде мен басқа қандай киім киемін?! Сол себепті мен ол бастаманы бастадым деп айта алмаймын. Байқасаңыздар, тұрмысқа шыққалы мен жабық киімдер киетін болдым. Жалпы, бұл сахна, эстрада, ол жерде бәрі әдемі, эстетикаға сай болуы тиіс. Мен ешқашан қатты көзге оғаш көрінетін киім киген емеспін.
– Қазақ эстрадасындағы сыртқы келбеті көп өзгермеген, өзіндік харизмасы, стилі бар әншісіз. Осы қалпыңызды сақтауыңыздың қандай құпиясы бар?
– Ең алдымен әке-шешемнің, бауырларым мен қазіргі отбасымның, ұлымның тілегі мен қолдауының арқасы. Мен өзі өте жолы болғыш адаммын, оның да әсері бар шығар. Одан кейін менің айналамдағы адамдардың әсері, көрермендерімнің қолдауы. Халқым ешқашан мені елеусіз қалдырған емес, қайда барсам да, зор ықыласпен күтіп алып жатады. Ал жеке күтіміме келетін болсам, өзіме қатал қараймын. Бала босанған соң екі айдан кейін диета ұстадым. Спортпен айналысамын, жеке диетологым бар, мені шөппен емдейтін емшім бар. Көп ауырмаймын және мүлдем дәрі ішпеймін. Емшінің қайнатып берген шөптерімен емделемін. Бет күтіміме қарайтын косметологтарым бар. Жалпы, айналаңдағы адамдардың энергиясы, жылуы болмаса, байлығың да, басқа дүниең де түкке керек емес. Сол себепті бірінші кезек жақсы адамдардың арқасы деп білемін.
– Соңғы кезде шоу-бизнесте жас қыздардың отбасылы адамға екінші жар болуы жиілеп барады. Сіздің оларға деген көзқарасыңыз қандай?
– Әркімнің өз өмірі, өз көзқарасы, өз ойы, шешімі бар. Сол себепті менің оларға пікір айтуға хақым жоқ. Кімнің өмірінде қандай жағдай болып жатқанын білмеймін. Менің жеке өмірімде де сәтсіздіктер орын алған, мені де сынап жататындар болады. Сондықтан оларға қатысты сыни пікір айтқым келмейді. Бір ғана айтатыным, балалардың жылағанын қаламаймын. Әрине, тағдыр ғой, дегенмен сол жағдайда мен: «Балалар жылап қалды ма екен, жүрегі ауырып қалды ма екен», деп бірінші кезекте соны ойлаймын. Тоқалдыққа тиіп жатқан қыздар өздеріне жақсы болған соң тиетін шығар, оларды мүлде аямаймын. Мен әйел ретінде, ана ретінде тоқал алып жатқан азаматтың бірінші жары мен балалары қандай сезімде болды екен деп ойлаймын.
– Сізді екіншісіне жүкті деген болжамдар айтылып жатыр…
– Ондай болжамдар өте көп болды. Шынын айтсам, мұндай жаңалықты естудің өзі көңілге сондай жағымды естіледі. Бір кездері көпшілік мені «баласы жоқ, отбасы жоқ, қара басын ойлап қалған» деп сынаса, қазір «о, ұлың қалай» дейді де, бәрі менің ішіме қарап жатады. Кішкене толып қалсам, өздерінше болжам жасайды (күліп)…
– Жеке кешіңізде өзіңіздің ата-анаңыз, жолдасыңыз жайлы айттыңыз. Бірақ енеңіз жайлы бір ауыз сөз қозғамадыңыз. Оның себебі неде?
– Біздің үйлену тойымыздың кешінде бір арна жасырын камерамен кіріп, жасырын сюжет жасаған. Содан олар біздің тойымызды, менің қайын енемді түсіріп алған. Кейіннен көпшілік оны талқылап, түрлі әңгімелер айтылды. Осы оқиғадан кейін енем өзі туралы ақпараттың ешқайда шыққанын қаламайтынын жеткізді, тіпті «Instagram-ға да суретімді салма» деді. Маған ол кісінің бір ауыз ескертуі жеткілікті. Әйтпесе қайын енеммен қарым-қатынасымыз жақсы. Осы уақытқа дейін бірге тұрып келдік.
– Күйеуіңіз өзіңізден алты жарым жасқа кіші. Сізді көпшілік жас жігіттің басын айналдырып алды деп жатады. Бұған не дейсіз?
– Біз үйленгенге дейін Олжас төрт жыл бойы маған қамқор болып жүрді. Төрт жыл бойы менің қуанышымда да, қайғымда да бірге жүрді. Мысалы, менің үйімді тонап кеткенде, жеке кешімді бергенде, сәтсіздікке ұшыраған «Азиада» кезінде, мен ҚазҰУ-ға оқуға түскенде келіп көмектесетін. Мен оның басын айналдырған емеспін. Алғашында тіпті мен оны жанашыр, дос адам деп қабылдағанмын. Себебі ол маған «сіз» деп сөйлейтін. Кейіннен ол түрлі сыйлықтар жасай бастады, туған күнімнің бәрінде жанымда болды, жаңа жылдарды бірге қарсы алатынбыз. 8 қыркүйек тура 35-ші туған күнімде ол маған ұсыныс жасап, ақ түсті айфон телефоны мен неке жүзігін сыйлады. Ұсыныс жасағаннан кейін ол маған тура ертең АХЖ-ға барайық деді. 2009 жылы алғаш аппақ раушан гүлдерімен келген кездегі оның айтқан сөздері мынау болды: «Сен менің жарым боласың, біздің тойымыз болады. Және әйелім болған кезде кекіліңді жинап жүресің», – деген.
– Не дегенмен көптің алдында жүресіз, көріктісіз, танымалсыз. Күйеуіңіз сізді қызғанбай ма?
– Қызғанышы бар болса да, ол маған көрсеткен емес. Мен де қызғаншақ адам емеспін. Мүмкін, кейін қызғанатын шығармын…
Nur.kz
АҚБОТА ауыз жиғызып ҮЛГЕРТПЕДІ
Газетіміздің өткен санында ғана Ақбота Сейітмағамбеттің бір басылымға берген сұхбатын «Тоқал болған жалғыз мен бе?» деген атаумен көшіріп басқан едік. Енді, міне, ауыз жиып үлгергенше, Ақбота Дәурен Айдарқұловпен айырылысып үлгерген екен. Бұл туралы Stan.kz порталы жазады.
Бұған дейін: «Жарыммен сүйіп қосылдық, оны басқаға кетеді деп ойламаймын» деп жалпақ жұртқа жар салған Ақбота Сейітмағамбет күтпеген мәлімдеме жасады. Ол Дәурен Айдарқұловпен айырылысып тынғанын мәлімдеп, желідегі оқырмандарына жан сырын ақтарды.
«…Сыртымнан балағаттап, әртүрлі болжамдарыңызбен жеке өміріме қол сұққандарыңызға рахмет. Сіздердің арқаларыңызда иммунитетім қалыптасып, өмір сүруге және қуана білуге күш таптым. Бүгін бар шынымды айтып, бұл хикаяның нүктесін қойсам деймін.
Бұрынғы күйеуім екеуміздің арамызда не болып жатқаны сіздерге қызық еді ғой?! Мен ол адамды өз еркімен жіберіп, оған ренжімеуге бел будым. Сіздер арамызда болған жайттан бейхабар болдыңыздар. Оның бірінші және екінші отбасынан не себепті кетіп қалғанын да білмейсіздер. Міне, үшіншісінен де кетіп барады. Сіздер бұл адамды мүлдем танымайсыздар. Істеген ісі өзінің ар-ұятына қалсын. Тіпті сырттай жүретін 10 әйелі болса да, бақытты болсын. Менің ендігі бар уайымым – ұлым. Періштем үшін Аллаға сансыз шүкір айтамын. Мені жалғыз қалды екен деп аяудың қажеті жоқ. Жанымда сүйікті інім мен жақындарым бар», – деп жазды Ақбота.
Stan.kz