«Общественная позиция»
(проект «DAT» №42 (359) от 17 ноября 2016 г.
ДАТ!
Сейсенбі күні біздің газеттің редакциясында қуанышты һәм ұлағатты шара өтті. Елге етене танымал ағайынды ұсталар – Махмұт және Айтберген Жетенұлдары (Құлментегі) халық жазушылары Қабдеш Жұмәділов пен Софы Сматаевқа «Алмас қылыш» сыйлығын тапсырды. Редакцияның алақандай бөлмесін қазақтың мақтан тұтар азаматтарының тұлғасы кеңейтіп, көңілімізді бір көтеріп тастағандай болды.
«Алмас қылыш» сыйлығы туралы Махмұт Жетенұлы мырза: «Біз ұлтжанды бір топ қоғам өкілдерімен ақылдасып, кеңесіп, келісіп, осыдан бірнеше жыл бұрын «Алмас қылыш» сыйлығын тағайындаған едік. Содан бері ұлт мүддесін ұран еткен азаматтарға қоғам өкілдерінің сыйы ретінде өз қолымыздан құйған ежелгі көшпенділер қаруын сыйлық ретінде тарту етуді дәстүрге айналдырып келеміз», – деді.
Ағайынды ұсталардың кішісі Айтберген Жетенұлы сыйлық тапсырар сәтте: «Біз, әрине, қалталы кәсіпкер емеспіз, бірақ ежелгі көшпенді қазақтың ұсталық өнері қолымыздан келеді. Оны бүгінде Қазақстан ғана емес, Түркі дүниесіне танытқан сыңайдамыз. Қазір біз өзімізбен пікірлес қоғам өкілдерінің келісімімен бұл сыйлықты елім деп, жерім деп, ұлтым, мәдениетім, ар-ұятым деп жүрген ұлтжанды азаматтарға беріп жүрміз. Кейінгі жастарға үлгі боларлық ағаларымызға да беріп келеміз. Ұлы Абай атамыз айтқан ғой: «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең, істің бәрі бос!» – деп. Сол үшін де бұл сыйлық біздің қолымызбен жасалған халықтың сыйлығы, қабыл алыңыздар, ағалар!» – деп, қос айбалта сыйлықтың кезекті иелері Қабдеш және Софы ағаларға тапсырды.
Түркияның «Түркі дүниесі алдындағы сіңірген еңбегі үшін» сыйлығының иегерлері, Қазақстанның мәдениет қайраткерлері, өнер зерттеушілері, танымал теміршілер Құлментегілердің еңбегін бүгінде әлем таниды десек, қатты қателеспейсіз. Олардың қолынан шыққан көшпенді халықтың қарулары бүгінде Америка, Франция, Германия, Түркия, Қытай және тағы басқа көптеген елдерде көне жәдігердің қайталанбас үлгісі ретінде сақталуда.
Ал енді Тәуелсіздіктің 25 жылында төрткүл дүние таныған ұлт ұсталарына әлі күнге ел ішінен жөні түзу бір шеберхана бұйырмай тұрғанын айтудың өзі ұят. Алматы қаласының атынан атағы дардай көрмелерге қатысып жүрсе де, қала ішінен шеберхана салуға ұлтарақтай жер ала алмай отырса да, ұлтқа қызмет етіп отырған ағайынды теміршілер атакәсіптерінен танған емес.
«Алмас қылыш» сыйлығын тапсыру рәсімінен кейін, Махмұт пен Айтберген Құлментегін «ДАТ!» айдарының төріне шығарып, әңгімеге тарттық. Тілшінің қойған сауалына ағайынды ұсталардың алма-кезек берген жауаптары оқырман қауымға ой салар деген ниетпен ұсынып отырмыз.
– Ең алдымен, қадірменді ұсталар, қазақ ұлт патриоттары атынан жыл сайын дәстүрлі түрде берілетін «Алмас қылыш» сыйлығын тағайындау идеясы қалай туды?
Махмұт Құлментегі: – Сөз басында айта кетейін, бұл сыйлық белгісіз бір интригалардың салдарынан мемлекеттік марапаттан қағылған, билік өзіне «өгей» санаған, бірақ ұлт алдындағы ерен еңбектері мен ерліктері ескерілуі тиіс азаматтарға беріледі. Ал бұл сыйлықтың кезекті иегерін біз үшеуіміз ғана емес, қоғамдағы ұлтжанды азаматтар анықтайды. Біз олармен ақылдасып алған соң ғана, «Алмас қылыш» сыйлығына лайықты тұлғаларды атауға құқылымыз.
Ал сыйлықтың туу тарихы биліктің қоғам өкілдерін алалау, марапатқа лайық азаматтарды жік-жікке бөлу салдарынан осыдан бірнеше жыл бұрын туған. Содан бері ағайынды үшеуіміз ақылдаса келіп, ұлт патриоттарымен кеңесіп, ұлт мүддесін ұран еткен азаматтарға қоғам өкілдерінің сыйы ретінде, өз қолымыздан құйған ежелгі көшпенділер қаруын сыйлық ретінде тарту етуді дәстүрге айналдырып келеміз.
Біз көшпенді халықпыз ғой, ежелден жауынгерлікті бойына сіңірген ұлттың ұрпағымыз емес пе?! Ал бірі-біріне қару сыйлау – сол көшпенділердің заманынан келе жатқан дәстүр. Айбалта – қазақ батырларының елі мен жерін қорғау жолында пайдаланған қаһарлы қаруы, ат үстінде қайқы қылышқа, семсерге, сап сияқты қаруларға бой бермейтін құдіреті бар. Қарапайым тұрмыс-тірлікке де ыңғайлы құрал.
Айтберген Құлментегі: – Сыйлықтың маңызы – өсіп келе жатқан ұрпаққа патриоттық тәрбие беру, қазақ халқының ұлттық құндылықтарына құрметпен қарауға баулу. Бізден басқа мемлекеттерде мұндай көне жәдігерлер үлкен бағаға ие. Қазір біз өзімізбен пікірлес қоғам өкілдерінің келісімімен бұл сыйлықты елім, жерім, деп ұлтына қызмет етіп жүрген азаматтарға беріп жүрміз. Сондықтан бұл сыйлықты біздің қолымызбен жасалған халықтың марапаты деп қабылдаған жөн.
– Бұған дейін осы «Алмас қылыш» сыйлығы берілген азаматтар арасында кімдер бар?
– Бұрнағы жылдары «Алмас қылыш» қазақтың маңдайалды ақын-жазушылары, елге еселі еңбек еткен азаматтар – Жәркен Бөдеш, Олжас Сүлейменов, Сәтімжан Санбаев, Арон Атабек, Роллан Сейсенбаев, Иран Ғайып, Герольд Бельгер, Талғат Айтбайұлы, Ермұрат Бапи, Сұлтанхан Аққұлына тапсырылды.
Бүгін екі ақсақалымыз, ұлтымыздың мақтанышы – Қабдеш Жұмәділов пен Софы Сматаевқа осы сыйлықты тапсырудың сәті түсіп отыр. Қазаққа дәл осы екі жазушыдан артық қызмет еткен қаламгер кемде-кем шығар-ау?!
– Ал енді осы сыйлыққа берілетін қаруды жасау жағына тоқталайық: ең алдымен есіл еңбек пен асқан ұсталық, теміршілік шеберлікті қажет ететін қаруды айлап, жылдап жасаған еңбектеріңіздің өтеуі қандай?
– Біз бұл үшін ешкімнен ақы, өтем сұрамаймыз. Еңбектің өтеуі сол – сыйлық лайықты иесін тапса, еңбегіміздің ақталғаны дей беріңіз. Бұл – бізге ертеден жеткен темірші-ұсталық өнердің дәстүрі. Негізгі мақсаты – жас ұрпаққа тәрбие беру, еліне еңбек еткен ерлерін бағалау, құрмет тұту.
Негізі, ұлттық дәстүрді сақтау – ұлттық идеологияның бір тамыры. Мағжан ақын айтпақшы, «елдің елдігін сақтайтын – оның мәдениеті, әдебиеті, салт-дәстүрі, тарихы» деп. Қазақтың әншілік, күйшілік, жыршылық, бәдізшілік, термешілік өнерімен қатар, теміршілік өнерін насихаттау қажеттілігін ұмыт қалдырмауымыз керек. .
– Сыйлыққа берілетін бұл қаруды мемлекет беретін «ширпотреб» марапаттармен салыстыруға келмейтіні анық. Бұл – қайталанбас және жалғыз дана қаруды жасау құпиясын аша аласыздар ма?
Махмұт мырза: – Әрбір ұстаның, шебердің өзіндік құпиясы болады. Қолөнердегі құпия – ұстаздың шәкіртке беріп кететін әдіс-тәсілі. Жалпы, теміршілік тек қана кәсіп емес, өзіндік терең философиясы бар өнер: бір сөзбен құпиясын ашу тіпті де мүмкін емес. Дәстүр жалғастығын ұрпақтан-ұрпаққа жетелейтін өнеріңіздің бірі де осы – теміршілік. Жасалатыны бір қару болғанымен, оның өмірге келу жолдары әрқилы болып келеді. Қазақтың қару-жарақ, сауыт-саймандары, негізінен, тек ат үстіндегі жауынгерге лайықталады. Алыс жолға алып жүруге жеңіл болуы, қарсыласқан жауына қарсы қолдануға ыңғайлы болуы керек.
Сол себепті де біз бұл салада халықтық мұраларды терең зерттеп, оқып, ілім-білімді жетілдіріп отыруға мүдделіміз. Дәл қазіргі кезеңде ұлтымыздың ұмытылып, кенже қалған теміршілік сияқты қасиетті өнерін қазақ халқының рухани әлемін байытып, отаншылдық рухын асқақтататын киелі өнердің бір саласы деп есептеу керек.
Айтберген мырза: – Бес қаруын асынып, жауға шапқан Махамбеттің өлеңдеріне арқау болған – алмас қылыш, егеулі найза, айбалта ел аузында жатталып қалды. Ақтамберді мен Дулат Бабатайұлының жырындағы ер қаруы – бес қарудың бірі болған айбалтаға қатысты жалынды өлең жолдары ұмыт қалып бара жатыр. Бүгінде ол қарулар тек соғыс құралы ретінде емес, бабадан қалған жәдігер іспетті бағалауға тиіспіз. «Отан соғысы» деп аталатын қырғыннан қалған, қазақтың ұлттық мұрасына қатысы жоқ танк, зеңбірек, пулеметті де паркке қойып, «шедевр» жасап жүрміз ғой. Ал қазақтың жерін, елін қорғаған бес қаруға құрмет жасалса, артық па? Кең байтақ ел мен жерді батыр бабаларымыз қалай қорғады, қандай қару-жарағы, қандай қорғаныс кұралдары болғанын ұрпағымыз танып-білуге тиіс.
Махмұт мырза: – Қазақтар адамзат өркениетіне ауыздық, үзеңгі, таға, жарғақ шалбар, дөңгелек тәрізді дүниелерді қосты. «Жалаңбұт жүрген Еуропа халқына көшпенділер шалбар кигізді» деген сөз бекер емес. Түркілердің тұрмыс-тіршілігі адамзат кәдесіне жараған бұйымдарды ойлап табуға ықпал етті.
– «Қару» дегеннен шығады: көшпенділердің жаугершілік заманынан қалған осы жәдігерлерді түркі дүниесінің мұрасы ретінде насихаттау үшін «Қазақ қару музейін» (Оружейная палата) ашу жөнінде мемлекеттік билікке ұсыныс жасап жүргендеріңізден хабардар едік. Оның ақыры не болды?
Махмұт мырза: – Бір емес бірнеше рет жергілікті жердегі қала әкімінен бастап, үкімет басшысы мен президентке дейін хат жаздық. Алматы қаласына әкімдікке тағайындалған сәтте Байбек мырзаға да хат жолдадық. Бірақ осының бәріне мойын бұрған біреуі жоқ. Негізі, бұл теміршілік өнер ағайынды үшеуімізге ғана емес, жалпақ қазаққа қажет мұра еді – амал нешік?!
Қару – өркениет әлеміндегі үлкен мәдениеттің бір парасына жатады. Мемлекеттіліктің пайда болуы да осы қару-жараққа келіп тіреледі. Қару жасай алатын ұстасы бар елді – мемлекеттілігі қалыптасқан деп саналған.. Еуропаны аяғынан тік тұрғызған Еділ, Аспарух сияқты билеушілердің асығы алшысынан түсуінің бір сыры осы – қаруда жатыр. Кенесары хан да орыс әскерімен 10 жыл бойы зеңбіректер мен отқаруға қарсы кең далада осы көшпенділер қаруының көмегімен толассыз шайқасты.
Ал біздің Қазақтың қару-жарақ палатасын құру жөнінде ұсыныс жасағанымызға қырық жылдан асыпты. Кезінде Жәңгір хан осы мәселені көтеріп, Уфада қазақ қаруларын жинап, көрме ұйымдастырған екен. Тарихтың сол бір естелігін іздестіріп, Уфаға дейін жеткен едік, із-түзін таппадық, тек суреттерін ғана көріп қайттық. Біздің ұсынысымызды қолдаған билікті көре алмадық. Тәуелсіз мемлекетте Қару-жарақ палатасы міндетті түрде болуы керек. Мемлекеттіліктің қалыптасу жүйесі заттай айғақпен дәлелденуі тиіс.
Айтберген мырза: – Соңғы жиырма-отыз жылдың ішінде бұл жайында аз айтылып, аз жазылған жоқ. Жоғарыда айтып кеттік, президентке де хат жазғанымызды: ұсталықты дамытып, қазақтың ұлттық өнері ретінде мойындап, шәкірт дайындау жөнінде ұсыныс, талап-тілектерімізді ешкім құлағына қыстырар түрі жоқ. Әкемізден қалған аядай үйде осы ұсталық кәсіпті атқарып жатырмыз. Жеті мемлекеттен журналистер мен зерттеуші-ғалымдар келіп, көшпенділер қаруы туралы кино түсірді. Ал біздің ел үн-түнсіз.
Өз қаржымызға «Темірші» деген альбом-кітап шығардық. Сонау көне дәуірден ұмыт бола бастаған теміршілік-ұсталық өнер, қару-жарақ, ат-әбзелдері, саздық аспаптар және тұрмыс-салттық бұйымдар сырына үңіліп, оларды жасаудың амал-тәсілдерін жаңғырту мәселесін егжей-тегжейлі жаздық.
Ұстахана көрігін қыздырғандағы негізгі мақсатымыз – жай ғана күйбің тіршілікпен айналысып, тиын-тебен тауып, қарын тойғызудың қамы емес, керісінше, ата-бабаларымыздың осы дәстүрін жалғастырып, ұлттық хас шеберлердің қару-жарақ жасаудағы қыр-сырына терең үңіліп, оны жетілдіре түсу. Одан кейінгісі, ең маңыздысы – сол өнерді көпке тарату, шәкірт баулу, болашақ жастарға қолөнердің құдіретін үйрету.
– Әлде бір ретін тауып, ел президентін тағы бір құлағдар етудің жолын іздеу керек пе еді? Бүгінде елдегі бар мәселенің шешуі президентке тіреліп тұрған кезде, ұлт мүддесі үшін бұл мүмкіндікті де пайдаланып көргенде әбестік болмас еді…
Махмұт мырза: – Президенттің білмеуі мүмкін емес, өйткені біздің жазған хатымызға жауап беріп, Алматы қаласының бұрынғы әкімі Храпуновқа тапсырма берген болатын. Шолақ әкімдер осы қару-жараққа қатысты ұсынысты «ұлтшылдық» деп, үрке қарайтын сыңайлы. Көкірек көздері ашылса, рухани мәдениетімізге, туризм саласын дамытуға да үлес қосар едік. Әрі-беріден соң, осы бастаманы биліктің өзі қолға алатын шаруа емес пе? Ел астанасы Ақмолаға көшкен кезде, қаңырап қалған көп ғимараттың бірін Қару-жарақ музейіне берсе деген тілегіміз де болды.
Өткен жылы Қазақ хандығының 550 жылдығы салтанатына орай Астана тұрғындары мен қонақтарына қолымыздан шыққан бұйымдарды көрсетіп қайттық. Жетпіс түрлі қару-жарақтың үлгілерін көрмеге қойдық. Көрмеге келген 3 мың адамды тікемізден тік тұрып қарсы алдық. Сол еңбегімізді өз көзімен көрген Алматының әкімі Байбек мырза бүгінгі таңда бізді маңайына жуытпайды.
Дегенмен, Қазақтың қару-жарақ палатасын құру – Байбектің деңгейінде шешілетін шаруа болмаса керек. Бұған мемлекет тарапынан ынта-ықылас қажет. Бұл – мемлекеттік, ұлттық, «Мәңгілік ел» идеясы тұрғысына сай жүзеге асуы тиіс мұра болуы тиіс.
Қазақстанда отарсыздандыру саясаты жүргізілмегендіктен, ұлттық мәселеге мән берілмеуде. Биыл «Бес қару» атты киноның түсіріліміне қатыстық. Жуырда Қорғаныс министрі осы фильмді елге ұсынады деп, күтіп отырмыз.
– «Қорғаныс министрлігі» демекші, осы бастаманы министр болып тұрған кезінде Иманғали Тасмағамбетовке айтып көру керек пе еді? Оның үстіне, Иманғали мырзаның өзі де ұлттық көне мұралар жинауға әуес деп естуші едік…
Махмұт мырза: – Кезінде марқұм Герольд Белгер Иманғали мырзаға хат жазуымызға себепкер болып, Имекеңнің әкім боп тұрған кезінде пәтер алғанбыз: ондай көмегіне рахметтен басқа айтарымыз жоқ. Бірақ Қару-жарақ палатасын ашу мәселесі оның да қолынан келмеген сияқты. Мәселе – бас жақта, Ақорданың ишарасына байланысты болып тұр ғой…
– Дегенмен, енді Иманғали Тасмағамбетов мырза үкіметтің вице-премьері болған кезде, ол атқаратын лауазым аясында «Көшпенділер өркениеті музейін» ашу жөнінде ұсыныс жасаған жөн болар ма еді?
Айтберген: – Сіздің сұрағыңыздан біржақтылық байқалады: «анаған айт», «мынадан көмек сұра» дегендей. Біз айтар жерге – айттық, сұрайтыннан – сұрадық. Бірақ осы теміршілік өнер Құлментегінің үш ұлына ғана қажет пе?! Бұл – ұлттық мұра ғой, құдай-ау! «Мәңгілік ел» боламыз десек, біздің мемлекет өзінің өткенін неге өшіріп тастауы тиіс – осыны түсіндіріп беріңізші маған?!
– Айтеке, біздікі қайтсек көмек қыламыз деген жанашырлықтың ғана әлпеті ғой…
– Түсінем. Бірақ сол жанашырлық, біздің үшеуімізге ғана емес, бүкіл қазақ халқына, оның мұрасына деген жанашырлық мемлекет тарапынан болуы керек емес пе?! Мәселен, Жапонияда ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, отбасыларымен салт-дәстүрді өлтірмей сақтап келе жатқан адамдарға мемлекет қаржылай қолдау көрсетеді. Өнер адамдарына, қолөнершілерге мемлекеттік қауіпсіздік кепілдігі беріледі әрі ұлттық рухты көтерушілер ретінде қамқорлық жасалады.
Ал бізде ше? Осы теміршілік өнерді дамытайық, қазақтың ежелгі қару-жарақ көрмесін тұрақты түрде ашайық деп, шып-пыр болған үшеуімізден басқа селт еткен билік бар ма?! Жоқ!
Әзірге жоқ. Бәлкім, осы сұхбатты оқыған, әртіс інім Бекжан Тұрыс сіздің газетке берген сұхбатындай айтқандай, «құлағы еститін, көзі көретін шенеунік» табылса, бұл іске мойын бұратын шығар деп үміттенем. Тәуелсіздікке қол жеткізген 25 жылдың ішінде осындай ұлттық құндылықтарымыз бағаланбай жатқаны қатты өкінішті, әрине.
Ал көшпенділер мәдениетінің философиясын жинақтап, оны жандандандырып, жас ұрпаққа ұсынатын болсақ, қазақтың рухани мәдениеті әлдеқашан биік деңгейге көтерілер еді. Тәуелсіз мемлекетте ұлттық құндылықтар әспеттелмей жатқанын жасырып қайтеміз? Ол құндылықтарға жалғыз Тасмағамбетов қорған бола алмайды. Мемлекет тарапынан, биліктен ықылас керек.
– Айтберген мырза «анаған айт», «мынадан көмек сұра» дейтініміз – келер жылы Астанада ЭКСПО-17 халықаралық көрмесі өтеді. Ендеше, әлем жұртшылығына осындай ұлттық байлығымыз бар деп көрсетудің реті келіп тұрған жоқ па? Осы мүмкіндікті неге пайдаланбасқа?
– Тағы да қайталайын: ол мүмкіндікті біз үшеуіміз емес, өкімет пайдалануы керек. Көрмеге келген шетелдіктер Астананың әйнек-әшекей ғимараттарын ғана емес, қазақ деген халықтың кім екенін, оның өткенін, осыншама кең байтақ жерді қалай қорғап қалғанын білуі керек қой! Ол көрме балтаның басын өндірмейтін Қазақстанның жасанды жасампаздығын ғана «паш етер» болса, ондай жерге қазақтың қасиетті жәдігерлерін қоюдың өзі үлкен күнә болады. Көрмеге келген қонақтар дулыға, торғауыт, томаған, қорамсақ, жебе (төрт түрі – сауыт тесері, арқан үзері дегендей), найза, сүңгі, күрзі, шоқпар, сақетер, қалқан, қанжар, семсер, босмойын, айбалта, құстұмсық және әскери дауылпаз, тағы басқа қару-жарақты бұл қазақ қалай жасағанын оларды осы күнге дейін қасиетті, құдіретті бойтұмар сияқты сақтап келгенін білуі керек. Ондай көрмеде қару-жарақтың сипаты мен қолдану тәжірибесінен хабары бар ұста-шеберлердің өздері қонақтарға әңгімелеп берердей мүмкіндік жасалуы тиіс.
– Сіздердің ұстахана-музейлеріңізде болған едік. Аядай ғана үйге орналасқан ұстаханада сақталған қару-жарақтар мен басқа да ұлттық жәдігерлерді ынталы жұртшылыққа көрсететін көрмені өз беттеріңізбен ашу жағын ойластырып көрмедіңіздер ме?
Махмұт мырза: – Өзіңіз айтып отырған аядай бөлме әлдақашан этнографиялық мұражайға айналған. Әрине, арнайы бір ғимаратқа қол жеткізсек, көрменің көкесін жасар едік. Онда қару-жарақтар ғана емес, адалбақан, кебеже, астау, ошақ, асадал, аяққап, ат-әбзелдері секілді толып жатқан тұрмыстық бұйымдар бар. Көненің көзіндей болған тарихы, ерекше ескі кітаптарды да бір қабырғаға қалап қойдық.
Сіз жеке күш-мүмкіндігімізбен музей ашуды айтасыз. Ал мына қызыққа қараңыз: бірде қалалық әкімдіктен келген шолақ белсенділер «сіздер қаланың экологиясын бұзып отырсыздар» деп, ескерту жасаған еді. Көрік жаққан кезде шыққан түтін, экологияға зияны тиеді екен-міс. Алматы көшелерін газ бен түтінмен ластаған миллионға жуық көліктің залалы жоқ екен де, алақандай ұстахананың түтіні экологияны бұзып жатыр екен. Осындай жағдайдан кейін, «жеке күшпен» музей ашудың қандай кесапатқа кез боларын ойлай беріңіз! Ертеңгі күні өрт қауіпсіздігі, санэпидемстансасы, технадзоры, басқа да бәле-батырлары келіп, не мынауыңды жап, не бізге пара бер деп, байбалам саларына дауыңыз бар ма?
– Жоқ, дауым жоқ. Біз осындай оғаш елде тұрып жатқанымыз кез келген қазаққа әйгілі жайт. Дегенмен, халық мұрасы үшін осыншама есепсіз еңбек етіп жатқан сіздерге теміршіліктің Тәңірі тілеулес болсын!
Сұхбаттасқан –
Бақытгүл МӘКІМБАЙ,
«D»