«Общественная позиция»
(проект «DAT» №27 (344) от 07 июля 2016 г.
ДАТ!
Жер реформасы туралы комиссия іске кіріскелі бері оның алты отырысы өтті. Бірақ комиссия халықтық толқуға себеп болған екі түбегейлі мәселе – жерді сату-сатпау және жерді шетелдіктерге жалға беру-бермеу жөнінде келісімге келген жоқ. Бұл келісім қаншалықты ұзаққа созылады? Жерге қатысты халықтық мүдденің жеңіске жету мүмкіндігі қандай? Егер Жер кодексі алғашқы нұсқасында қалатын болса, биліктің бірбеткей шешіміне қарсы қозғалыстың қайтадан тұтануы мүмкін бе?
Міне, осы және басқа да сұрақтарға орай комиссияның жұмысына белсене қатысып келе жатқан экономика ғылымдарының кандидаты, қайраткер азамат Мұхтар Тайжан мырзаны сұхбаттасуға шақырған едім. Әңгіме Жеркомның Қызылорда аймағында өткен отырысынан басталды.
– Мұхтар, Жеркомның отырыстары Астанадан алшақтаған сайын, оның жұмысы жайлы ел-жұртқа жетерлік жағдаят там-тұм болып барады. Мәселен, оның Сыр бойындағы отырысында күпті халықтың көңіліне медеу боларлық сөз қозғалды ма?
– Алматы облысындағы жиыннан гөрі, Қызылордадағы отырыс дұрыс өтті деп санаймын. Есіңізде болса, Алматыда жиырма шақты адам бірден «жерді шетелдіктерге сату керек», «жалға беру керек» деген сыңаймен әңгіменің ауанын алдын ала дайындалып қойған сценарийдің желісіне қарай бұрған еді. Қызылорда жерінде ондай жағдай болған жоқ, жиын қала сыртында өтті, отырыс барысында аралас пікірлер айтылды. Әрине, билік күнібұрын дайындап қойған адамдар да болды: оған да түсіністікпен қарау керек, бірақ дәл Алматыдағыдай ұятты жағдай орын алған жоқ. «Жерді сатайық, жалға берейік» дегендердің көпшілігі – ірі, орташа және шағын латифундистер. Олар тоқсаныншы жылдардан бері пай жүйесін пайдаланып, жерді жекешелендіріп алғандар…
– Латифундистер мәселесіне осы сұхбат барысында айналып соғармыз, алдымен ел арасын жік-жапар қылған жағдаятқа тоқталайық: мемлекеттік БАҚ және жекелеген интернет-сайттар жерді сатуға тыйым салу жөніндегі заңға президент қол қойды, «дау-дамай осымен бітті» дегендей сөз тудырып жатыр. Осы жаңсақ ақпарат халықтың жер сатуға қарсы белсенділігін басып тастаған сияқты. Ел-жұрт жұмысына елеңдеп отырған беделді комиссияның мүшесі ретінде «сабасына түскен» халыққа осы «қол қоюдың» мән-мағынасын түсіндіріп берші…
– Президенттің заңға қол қоюы – жерге қатысты жүргізіліп жатқан заңды процедура ғана. Бұл «жер сату түбегейлі тоқтатылды» дегенді білдірмейді. Өйткені алдымен президенттің Жер кодексінің даулы баптарына қатысты мораторий жариялау жөніндегі Жарлығы шықты. Бірақ ол Жарлықтың заңдық күші жоқ еді. Сондықтан президент жариялаған уақытша тыйым парламент палаталарында заң ретінде қабылданып, процедура бойынша ол заң президенттің қолынан өтуі тиіс еді. Бір сөзбен айтқанда, билік мораторий туралы заң шығарды. Яғни, әзірге ештеңе өзгерген жоқ, тек процедуралық рәсім жаңартылды.
– Дегенмен, комиссияның мимырт жұмысына халық тарапынан наразылық барын өзің де аңдап жүрген шығарсың. «Фейсбуктағы» бір жазбаңда өзің де комиссия жұмысына көңілің толмаған сыңай танытқан екенсің: оның мән-жайы қалай?
– Комиссиядағы жұмыс – қарапайым ғана саяси үрдіс. Егер мен «комиссия жұмысына мәзбін, көңілім толды» деп жазсам, қанағатшылдық танытсам, онда ешқандай оңды нәтижеге жете алмаймыз. Сондықтан әзірге діттеген мақсатымызға жетпегендіктен, көңілім толмайтын мәселені әлеуметтік желіде жазуым керек деп санаймын. Түпкілікті мақсатқа жету үшін – комиссия жұмысына ықпал етуіміз керек. Оған қоғам тарапынан да үлкен қолдау және табанды талап қажет. Комиссия мүшелері де менің «Фейсбуктағы» парағымды мұқият түрде оқып, қадағалап отыр: сондықтан өз ойымды ашық жария етуге тиістімін.
Иә, жылдың аяғына дейін уақытымыз бар: әзірше жерге қатысты ең маңызды мәселе бойынша шешім қабылданған жоқ. Бірақ латифундистерге қарсы, Қазақстан азаматтарына жерді жалға беру, жайылымдық жерді пайдалану жөнінде, ауылдың аумағына кіретін жерді ешкімнің меншіктенуіне болмайтыны туралы пайдалы шешімдер, амандық болса, қабылданатынына сенімдімін. Ал негізгі мақсатымыз – жердің сатылмауы, жалға берілмеуіне қатысты мәселеге әлі жеткен жоқпыз.
– Халықтың көпе-көрнеу қарсылығына тап болған осы екі мәселеге жету неге соншалықты ұзақ болып кетті деп ойлайсың? Оған қашан жетеміз?
– Амандық болса, оған да жетеміз. Егер халық осы мәселеге бей-жай қарамай, қолдау көрсетсе, түпкі мақсатымызға жете алатын жол бар. Ендігі қалғаны – комиссияның табанды және көпшіліктің ұстанымына негізделген жұмысы мен халықтың белсенділігіне байланысты. Комиссия барлық мәселені шешіп тастайды екен деп, қаперсіз отыруға болмайды: ортақ талапты қолдайтын жалпыхалықтық белсенділік керек.
– «Халық» дегенде, бұл комиссияны құрып, оны жер мәселесімен айналыстырып қою – жерге қатысты туындаған халықтың толқуын, наразылық буын басып қою үшін ғана құрылды деген пікірге қандай алып-қосарың бар? Әлеуметтік желілерде мұндай пікірлер күннен-күнге жиі айтыла бастады.
– Ондай пікірлердің айтылуы орынды: мораторий жарияланбаса, құрылған комиссияның пайдасы болмаса, онда халықтың наразылығы жалғаса береді ғой. Билік тарапы мұны ескеріп отыр деп ойлаймын. Мысалы үшін, біз мамырдың 7-сінде алаңға шықпақ болдық, бірақ Жер комиссиясының құрылуы – алаңға шығатын аптығымызды аздап басқан сыңайлы. Себебі шілденің 1-нен бастап жерді сату жөніндегі аукцион тоқтатылды. Сондықтан осы комиссия арқылы заңға өзгеріс енгізуге болатыны мәлім болды. Мұндай жағдай Қазақстанның саяси тарихында болмаған. Комиссияның мақсаты да осы – халықтың қалауына қол жеткізуіміз керек. Президенттің өзі айтты емес пе: «Халыққа ұнамайтын заңның керегі жоқ» деп.
– Иә, президент айтты, комиссия жұмысын жүргізіп жатыр, халықтың басым бөлігі де осы комиссияға үміт артады. Бірақ осы екі арада Жерком өз отырыстарымен «мәз болып» жүргенде, халықтың қарсылық аптығы басылған кезде, мына жақта жер сату үрдісі жалғасып жатыр деген пікірлер айтыла бастады. Мәселен, әлеуметтік желілерде қытайлық «инвесторлардың» ел аралап, өздеріне ұнайтын жер іздеп жүрген фотосуреттері жарияланған екен. Мұндай халықтың сыртынан жүріп жатқан сауда-саттық мәселелері төңірегінде Жеркомда сөз қозғалды ма?
– Ондай мәселелер айтылып жатқаны жөнінде әлеуметтік желідегі парағымда жаздым. Алдымен Алматы облысының әкімдігіне ресми түрде сұрақ қойған едім: төрт параққа жазылып, әкімнің орынбасары қол қойған жауап қолыма тиді. Қытаймен қол қойған келісім-шарттың көшірмесін де жіберіпті, ол құжатты мен желідегі парағымда жарияладым. Екіншіден, Көкшетаудағы отырысқа келіп қатысқан облыс әкімі Сергей Кулагинге Қытаймен жасасқан келісім-шартқа қатысты комиссия мүшесі Жанұзақ Әкім екеуміз сұрақ қойғанмыз. Ол да БАҚ назарынан тыс қалған жоқ, оның ау-жайын бейнежазбадан көрулеріңізге болады. Шығыс Қазақстаннан да дәл осындай «жер сатылып жатыр» деген мәлімет түсіп жатыр: оның дұрыс-бұрысы әзірге белгісіз. Қызылордадағы отырыста осы мәселеге қатысты Шығыс Қазақстан облысының әкімдігіне сұрақ қойдым, жауабын күтіп отырмын.
– Негізінен, Жеркомның алты отырысынан кейін, жер сатуды және оны жалға беру мәселесін латифундистер мен жер иеленуші ірі фермерлер қолдап отыр деген пікірді желідегі жазбаңнан ақыдық. Олардың аты-жөндерін түгендейтін болсақ, олар кімдер және аргументтері қандай?
– Сөз жоқ, жердің сатылуы мен жалға берілуі латифундистерге тиімді. Біздің комиссияның құрамында солардың біразы отыр. Комиссия мүшелерінің тізімін тағы бір шолып шығар болса, халық оларды жазбай таниды. Бірақ комиссия отырысынан түсірілген бейнетаспа арқылы кімнің – кім екенін ел-жұртқа көрсету керек деп санаймын. Өйткені әкім мен әкімнің орынбасалары әр отырысқа ірі қожалық иелерін шақырады: олар Алматы облысында болған жағдай сияқты «жер сатылсын» дегендей сөз қозғайды. Әлеуметтік желі қолданушылар сол бейнетаспаларды мейілінше жаратып, жердің сатылуына мүдделі байшыкештерді жұртқа жария етсе деген тілегім бар.
Ал комиссия құрамында жерді сатуға аса қызығушылық танытушы жеке мүддедегі және үлкен немесе орташа үлестегі жері барлар отыр. Олар сол үлесті сатып алып, жеке меншікке айналдырғысы келеді. Ондайлар өздерін «жерде жұмыс істеушілерміз» деп атап, сонымен өздерін жақсы қылып көрсеткісі келеді. Ал қалғандары – қарсылар. Оның ішінде ұсақ шаруа қожалықтары да бар. Бүгінгі ірі шаруа қожалықтарының қалай пайда болғанын ешкім ұмыта қоймаған болар. Олар 1990 жылдардың соңы мен 2000 жылдардың басында ұсақ шаруалардың жерін иемденіп, жекешелендіру кезінде олардың үлесін сатып алу арқылы ірі жер иеленуші болғандар.
– Мәжбүрлі халықтың пай үлестерін сатып алып, жекелеген адамдарды бір алдап соққан сол жер иеленушілер енді мемлекетті, жаппай халықты тағы бір алдап соққысы келеді. Сонда сол латифундистер жердің сатылуы мен жалға берілуін не үшін қолдайтындарын нақты дәйектей алды ма?
– Олар инвестиция мен жаңа технология тарту үшін жерді саудаға салған дұрыс деп санайды. Жерді банкке кепіл ретінде қоюға болмайды, тек жалға алу арқылы ғана инвестиция тартуға болады деп жанталасауда. Алайда сол инвестиция онсыз да тартылып жатыр.
Мәселен, біздегі ірі қара малды бағып-қағатын, заманауи бордақылау технологиясымен жабдықталған шаруашылықтарға инвестиция бұған дейін де тартылып келген. Ал 49 жылға жалға алынған жерлерді банктер кепілге алуға болады. Ендеше латифундистердің мақсаты тіпті де инвестиция мен жаңа технология емес.
– Сонда олардың мақсаты жерді сатып алып, қайтадан саудаға салу ғана ма?
– Әлбетте! Олар ірі көлемдегі жерді сатып алып, оны шетелдіктерге, оның ішінде қытайлықтарға сатуды көздеп отырғандары белгілі. Бізге алыстағы Германиядан, Голландиядан келіп, жерді ешкім сатып алмайтыны белгілі. Сондықтан олардың уәжі жерді одан арыға саудалау мақсатына арналғаны айдан анық.
Олар айтады: «Асфальтта өскен қазақтардың ауыл шаруашылығынан хабары жоқ, жермен айналысқан біздің ғана пікіріміздің салмағы басым», – деп. Сонда жердің тағдырын «жермен айналысатын» адамдар ғана шешуі керек пе? Ал енді сол латифундистердің балаларын оқытып жатқан мұғалімдер, өздерін емдейтін дәрігерлер жер мәселесінен тысқары қала ма? Өмірін поезда өткізіп, жолсерік болып жүрген қазақтар қаншама? Немесе өндірістің басқа саласында жұмыс істейтін және сіздер сияқты БАҚ-та қызмет етіп жүргендерді қайда қоямыз? Олардың пікірін неге тыңдамаймыз?
Бәрімізде осы жердің үстінде жүрміз! Екіншіден, бәріміздің де бабаларымыз осы жер үшін қаншама қанын төкті. Сонда атадан бізге жеткен қасиетті қара жерге латифундистер ғана үстемдігін жүргізуі керек пе? Біздің бар кінәміз ауыл шаруашылық технологияларының тілін білмегендігіміз бе? Жер – ерекше меншіктің түрі, мәселен, үйді салып, оны сатуға да, қайтадан құлатып тастауға да болар, ал жер сатуға да, жалға беруге де болмайтын ортақ меншік. Дос Көшім айтқандай, мемлекет те жердің иесі емес, ол тек жер қатынастарын реттеушілік қызмет атқарады.
Жапонияға америкалықтар 1945 жылы келген кезде үлкен реформа жасады: жерді феодалдардан тәркілеп алды да, шаруаларға тең бөліп берді. Сонан кейін мұнда капитализм дамып кетті. Айтпақшы, генерал Макартур АҚШ-тың президенті Эйзенхауерге жапондар туралы былай деп хат жазған екен: «Бұл халық ешқашан өркениетті бола алмайды, өйткені жалқау, қолынан түк келмейді» деп.
– Иә, бүгінгі Жапонияға қарап, ондағы халықтың «қолынан түк келмейді» деп айта алмаймыз. Ал, Мұхтар, жер қатынастары жөніндегі өзіңнің жеке ұстанымың қандай? Мұны сұрау себебімді сұхбаттың соңына таман айтармын: ол әлеуметтік желілерде сені сынаушыларға қатысты әңгіме болмақ…
– Алғашында өзімде де жер емген дихандарға жер тисе, өнімін Қытайға сатып, байып кетсе екен деген ойым болды. Кейіннен жергілікті дихандармен, ғалымдармен сөйлескеннен кейін, жерімізге жасалып жатқан әділетсіздіктерді, тоқсаныншы жылдардағы пай жүйесі арқылы пайда болған ірі жер иелерін көріп, оларға жеке меншік деген құқық берілсе, онда жерімізден мүлдем айырылып қалатынымызды түсіндім. Сондықтан біз әлі жерді саудаға салатындай күрт реформаға дайын емеспіз. Ол үшін ең алдымен мемлекеттік жүйенің дайындығы қажет.
Жерді сатуды уағыздайтын аграрлық сала ғалымдары оны теориялық тұрғыда мінсіз дәлелдейді. Комиссия жұмысқа кіріскен кезде де мен сондай ойда болғанмын. Мен де біздің шаруалар жер иеленушіге айналып, тез байыса ғой деп ойладым. Алайда біздің ауылдардағы жер қатынастары жағдайымен көзбе-көз таныса отырып, жерге қатысты былық-шылықтарды анықтай келе, қазір жерді тіпті қазақстандық азаматтарға сататын болсақ, біз сол былық-шылықты заңдастырып беретінімізді ұқтым. Сондықтан біз ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді сатуға қойылған мораторийді әрі қарай ұзартуды, шетелдіктерге жерді жалға беру мерзімін 5 жыл деп белгілеуді талап ететін боламыз.
Әрине, бұл заңды тұрғыда сатылып қойылған жерлерді қайтарып алу керек дегенді білдірмейді. Бүгінге дейін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің сатылғаны 0,6 пайыз ғана, ол ұлттық қауіпсіздікке үлкен қауіп төндірмейді. Ал ірі латуфиндистер жерді сатып алмаған, олар көбіне жалға алған.
Жер мәселесін зерттей келе ұққаным – ауыл шаруашылығының өркендеп, дамуына тежеу болып тұрған – жердің монополизациясы. Олар – латифундистер. Сондықтан бұл арада, керісінше, Қазақстанда латифундизмді шектеу керек.
– Сонымен бірге Қазақстандағы жаппай жемқорлық жағдайында, шенеуніктердің парақорлығы өршіп тұрған кезде, жерді саудаға қоюға болмайды. Ал егер елде әділ заң, демократиялық қатынастар, таза сайлау болған жағдайда, жерді сату-сатпау мәселелсін референдумға шығаруға болар ма еді?
– Ондай атты күнге кейінгі ұрпақ – біздің балаларымыз жетсе екен! Бірақ жердің жеке меншікке берілуі елді өркениетке жетелейтін міндетті шарт емес. Мәселен, Англия өркениетті ел, бірақ жердің жеке меншігі жоқ. Сондықтан жерді сату – ел үшін өлдім-талдым мақсат болмауы тиіс.
Соңғы бір жарым айдың ішінде инвесторлармен кездесудің де сәті түсті: олардың айтуынша, жер жеке меншіктікі ме, әлде 49 жылға жалға берілген бе – ол жағы бізге аса маңызды емес дейді олар. Ал жердің 49 жылға жалға берілуі – бір адамның өміріне жетіп-артылатын мерзім. Сондықтан жерге «инвестор шақырамыз» деген сөз – бос сандырақ.
– Алты отырыс өткізген комиссияның жұмысы осылай жалғаса беретін болса, жылдың аяғына дейін нәтижесі ел көңілінен шығады деген үміт бар ма?
– Нәтижелі шешімді жылдың аяғына дейін созудың қажеті жоқ деп санаймын. Бүгінгі таңда латифундизмге, жайылымдық жерлерге қатысты электрондық кадастр жасау жөніндегі техникалық мәселелердің беті қайырылған сияқты, келесі отырыста шешім қабылдауға болады. Саяси тұрғыда шешімін таппаған маңызы үлкен екі мәселе: жерді сату немесе сатпау және шетелдіктерге жалға беру немесе бермеу жөнінде пікірталас. Әзірге жақтастар мен қарсылар өз аргументтерін көлденең тартып, зерттеу, сараптама жасап, дауласып та жатырмыз. Күзге дейін оңды шешім қабылданады деп сенемін.
– Мұхтар, билікте отырғандар ақыр соңында бұл сенімді күл-талқан етер болса, өздерінің де күл-талқаны шығарын сезе ме екен? Мәселені бұлайша төтесінен айтып отырған себебім – халық ендігі алдамсыратуға, түлкібұлаңға салуға көнбейді. Басқаның бәрін сатып болып, енді жерге ауыз салу – халықтың үлкен толқуын туғызады. Менің, менің ғана емес, жалпы халықтың осындай үзілді-кесілді сөзіне қандай алып-қосарың бар?
– Егер жерді сату мен оны шетелдіктерге жалға беру жөніндегі екі мәселеге нақты жауап берілмесе, биылғы көктемдегі наразылықтың ушығып кетер қаупі бар. Бұны биліктегілер де біліп отыр деп ойлаймын. Егер осы екі маңызды мәселеге қатысты оң шешім шығара алмаса, комиссияны құрудың қажеті қанша еді? Бізді көшеден әкеп, комиссияға отырғызған екен, ендеше елдің көңілінен шығатын шешім қабылдауға тиіспіз деп білемін. Елдің экономикалық ахуалы да оң бағытқа бұрыла қойған жоқ, күз айында студенттер де демалыстан оралады, ел де етек-жеңін қоңыр күзде жинайтыны белгілі. Оның үстіне Тәуелсіздіктің 25 жылдығы, Желтоқсан көтерілісінің 30 жылдығы да жақындады: егер жердің мәселесі шешілмесе, наразылық ашуы меңдеген халыққа тоқтам айту қиын болады деп ойлаймын.
Үштілділіктің жағдайы да мүшкіл. Халықтың басым бөлігі оған да наразы. Демек, ел ішіндегі тыныштық – баршаның, оның ішінде биліктің де мойнындағы жауапкершілік. Қазаққа жері, тілі, тарихы маңызды. Үшеуі де бір-бірімен сабақтас мәселе. Қазақ тарихын оқыту жоғары оқу орындарынан алынып тасталды. Сөйтсек, 117 ректор білім министріне «Қазақ тарихы» пәнін оқытпау жөнінде хат жазыпты деген ақпаратты естідім. Сол хатты тауып, «жазғыш» ректорлардың атын елге жария етсек қой.
– «Қазақ тарихы» пәнін ЖОО жүйесінен алып тастау мәселесіне қатысты жағдаят газетіміздің осы нөмірінде сөз болады (19-бетті қараңыз – Ред.). Біздің редакцияға келген бір хатта жазылған дерек бойынша, «117 ректордың ісіне» Рахман Алшанов мұрындық болған сияқты. Әлбетте, біз оны «қолынан ұстап алған жоқпыз». Бәлкім, «сен бастамашы бол» деп, Рахман мырзаға биліктің өзі қолқа салған шығар… Қалай болғанда да, халықтың болашағына жасалған бұл қиянаттың жай-жапсарын газеттің алдағы сандарында жалғастыратын боламыз. Министрдің атына жазылған бұл хатқа кім бастамашы болғанын білетіндер болса, мархабат, газет бетінен аямай орын беруге дайынбыз!
– Ермұрат аға, сіздің газет «қолына алған» бұл мәселе аяқсыз қалмайды деп ойлаймын…
– Дегенмен, тақырыпқа оралайық: егер комиссия жұмысы діттеген ойыңнан шықпай жатса, келесі қадамың қандай болуы мүмкін, Мұхтар? Комиссиядан кетуің мүмкін бе?
– Қалай болғанда да, комиссия жұмысына аяғына дейін қатысатын мүмкіндікті толығымен пайдалануымыз керек. Халықтың ойынан шығатын нәтижеге жетеміз деген сенім басым. Үкіметте отырған шенеуніктер де топас емес шығар: өздеріне де, балаларына да осы – аяғымыздың астындағы жер керек шығар… Олардың көбі біздің ұстанымымызды қолдайды. Бірақ бір білетінім – саяси шешім шенеуніктердің деңгейінде қабылданбайтыны анық. Жер тағдыры олардың қолында емес. Сондықтан жерге қатысты саяси шешімді қабылдайтындар – халыққа жақын болуын қалар едім. Тіпті басқаша болуы да мүмкін емес!
– Ал соңғы кездері әлеуметтік желілер мен жекелеген сайттарда саған қарсы жарияланымдар пайда бола бастады. Оның арасында «Мұхтар Тайжан сатқындық жасады» деген бір жазбаны да көзім шалып қалды. Осыған қатысты қандай пікір айтар едің?
– Шынын айтсам, оған аса көңіл бөле бермеймін. Себебі саясатта жүргеніме бірнеше жыл болды, бұндай шабуылдың жасалып жатқаны бірінші рет емес, оған қарсы иммунитетіміз де қалыптасқан… (күлді). Халық ақымақ емес шығар: әлеуметтік желіден кімнің – кім екенін де оқып, біліп отыр. Барым осы – алдыңызда отырмын, басқа адам болып өзгере да алмайтын шығармын.
– Мұхтар, ел мүддесін қорғауға қатысты сенің азаматтық белсенділігіңді жеке өз басым қатты қолдаймын. Бәлкім, сенің осы азаматтық қадамыңды қызғанатын қазақтар да бар шығар: «бұл бізден асып, баса-көктеп қайда барады» деген қызылкөз пиғылын жең ішіне жасырып жүрген…
– Кім білсін, аға?! Тайыз пенделердің қазақы көреалмаушылығын да жоққа шығара алмаймын. Жиырма бес жыл бойғы тәуелсіздік жылдарында қолдарынан ештеңе келмегендердің іштарлығы да болуы мүмкін. Ұлтшылдықты жалған ұранға айналдырған некен-саяқ топастар арамызда жүргенін білем: аяқтан шалғысы келеді, бес саусақ бірдей емес қой. Кімге кінә тағып, өкпе артамын – білгендері сол болса, амал қайсы?!
– Дұрыс, бауырым, алған бетіңнен тайма!
Ермұрат БАПИ