Мәсімовтің МІҢГІРІН кім түсінді?

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №21 (292) от 28 мая 2015 г.

 

Кеше Астанада қазақстандық-хорваттық бизнес-форум өтті. Онда Қазақстанның мәңгілік президентінен кейінгі мәңгілік премьер-министрі Кәрім Мәсімов сөз сөйледі.

 

Дұрыс енді – бизнес-жиын болған соң, елдің премьері бірдеңе деу керек қой. Кәрім-ака сол деу керекпен білер-білмес бірдеңесін депті. Бірақ оның дегенін өзі ғана түсінбесе, сол форумға қатысқан өзгелер Кәрім не деді деп, екі күннен бері ребус шешіп жүр. Оның не дегенін оқып көріңіз:

«Бізде өзіміздің болғымыз келетін елді анық көре аламыз. Бізде осы қиын уақыттарға деген даму жоспарымыз бар. Сіздер осы көріністің бір бөлігі бола аласыздар. Біздің өзара пайдамыз үшін Қазақстанға деген инвестициялар бойынша сіздердің ұсыныстарыңызды естігім келеді… Мен сіздерге Қазақстан бизнес үшін ашық және бұл Орталық Азиядағы бизнес жүргізуге ең ыңғайлы ел деген ақпаратты жеткізгім келеді…» (премьер-министрдің сөзі ҚазТАГ агенттігінің жаңалықтар таспасынан алынды. Оның орысша мәтінін салыстырып қарасақ, бұдан басқа аударма жасау мүмкін емес екен).

Осындағы бес сөйлемнің үшеуі «бізде» мен «біздің»-мен басталатыны өз алдына бөлек әңгіме: ал бақандай бір елдің үкіметін басқарып отырған соң, Қазақстан «бизнес жүргізуге ең ыңғайлы ел» екенін дәйекті дәлелмен, премьерлік пайыммен пәрменді етіп айту керек еді. Ал оның «естігім келеді» мен «жеткізгім келеді» деуі тілге шорқақ қазақтың тойда теңселіп тұрып, «тост» айтқаннан аса айырмашылығы жоқ сөз болды.

Саны 4 миллионнан асар-аспас хорват халқының бизнес өкілдерін Қазақстанға инвестор етіп шақыра білу үшін білікті бірдеңе деу керек-ақ еді. Осы арада 1995-97 жылдары Қазақстан үкіметінің премьер-министрі Әкежан Қажыгелдиннің АҚШ, Жапония, Англия, Германия және Түркия елдеріне жасаған ресми сапары еске түседі. (Айтпақшы, Кәрім Мәсімовтің Мәскеу мен Пекиннен басқа ауыз толтырып айтарлық елдерге шықпағаны кеудемсоқ елдің үкімет басшысына үлкен сын болса керек).

Мәселен, Қажыгелдиннің Түркия сапарында Қазақстанда өндірілген алтынды Ыстамбұл биржасына шығару мәселесі сөз болды. Сонда біздің премьер монетарлық алтын мен тауарлық алтынға қатысты қаржылық-экономикалық мәселені шемішкедей шаққан кезде, түрік елінің сол кездегі президенті Сүлеймен Демирелдің аузы аңқиып қалғанын өз көзіммен көрдім. Сөздің кезегі өзіне тиген кезде Демирел: «Ал сендер не дейсіңдер?» – деп, өзінің министрлеріне жалтақ-жалтақ қарады. Егер Қажыгелдин ұсынған алтын саудалау мәселесіне Түркияның сол кездегі премьер-министрі Тансу Чиллер ханым тиіп-қашып бірдеңе демегенде, келіссөз тақырыбы тығырыққа тірелер еді.

Сонда Қажыгелдиннің үкіметін күн сайынғы газетінде сынап-мінеп жүрген (президент әкімшілігінің айтуымен) «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы Уәлихан Қалижанов менің құлағыма: «Әй, мен білмеппін-ау, мынауың сұңғыла саясаткер екен ғой!» – деген-ді. Мәжіліс депутаттығынан кейін бақандай бір институттың директоры болған соң, Уәш жездем сол айтқанынан танып кетпесе, менің сөзімді жоққа шығармаса керек-ті…

Ал Қажыгелдиннің қасында Мәсімовтің міңгірі сабақ білмейтін оқушының «екі» алмас үшін амалдаған айтары ғана болды. Оның «бізде өзіміздің болғымыз келетін елді анық көре аламыз…» деуінен-ақ ел үкіметін қандай «сұңғыла» басқарып отырғанын сабақтай бер. Бұдан соң «Қазақстанға деген инвестициялар бойынша» есі дұрыс хорваттар хор айтып келеді деуге делқұлыдан басқаның дәті бармасы керек…

 

Ермұрат БАПИ

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн