Воскресенье , 20 апреля 2025

Мақпал Жүнісова: ЕЛІМНЕН КЕТЕТІН ШЫҒАРМЫН…

«Общественная позиция»
(проект «DAT» №9 (326) от 3 марта 2016 г.
Жан дауыс

Мақпал Жүнісова:
ЕЛІМНЕН КЕТЕТІН
ШЫҒАРМЫН…

Қазақтың ерке қызы көптеген концерттерде бой көрсеткенімен, оны эфирге шығармайды. Қайда барса да, алдынан кесе-көлденең кедергілер шығады. Оған кім себепкер? Наурыз айына жоспарланған концерт неліктен сәуір айына ауысты? 35 жылдан бері сахнада жүрген әйгілі әншінің жауы кімдер?
Осы және өзге де сұрақтар төңірегінде Мақпал Жүнісованың журналист Ай-Керім Самалбекқызына берген сұхбатынан үзінділер жариялап отырмыз.

Концерттің уақыты өтпеуіне бір себеп – Республика сарайын жарты жыл бұрын жалға алып қоюшылардың әрекеті. Арнайы концерт ұйымдастырумен айналысатын жігіттер ұзақ уақыт бұрын залды жалға алып алады да, біз концерт берер шақта ақша талап етеді. Ол кезде залды жалға алудың бағасы өзгереді. Залдың өзіне шамамен бес миллиондай қаржы жұмсалады. Содан сол жігіттердің біріне наурыз айында концерт беретінімді айтқан едім.
Менің концертіме билет құны шамамен екі мың мен он мың теңгенің арасын құрайды. Орта есеппен бір орынның бағасы 6–7 мың теңге болса, бір ғана концерттен жүз мың долларға жуық қаражат түседі екен. Қайта біз билет құнын аспанға шарықтатпаймыз, «залдың құнын өтесе болды» деп, қазақилыққа салынамыз. Осы Ресейдің жұлдыздары келсе, билет бағасы 30–50 мың теңге тұрса да, халық үндемей-ақ барады. Ұйымдастырушы жігіт маған он бес мың доллар беретінін, қалғанын жарнама сынды дүниелерге жұмсайтынын айтты. Қанша жылдан бері Республика сарайында концерт беріп келсем де, қалтама елу мың доллар салып көрмеген адаммын… Ұйымдастырушылар мүлдем ұяттан жұрдай болып барады. Концертті беретін – мен, ән айтып шаршайтын – мен, барлық керек-жараққа (сахналық киімдер, музыканттар, залдың жарығы, телеарна қызметі, т.б.) төлейтін де мен, ал пайдасын басқалар көреді. Неге бұған көз жұма қарауымыз керек? Олар жалғыз менен емес, қаншама әншіден қаржы алып отыр.
Марқұм Зәкең (Заманбек Нұрқаділов) болмаса, мен де мұндай зәулім үйде тұрмас едім. Бұл – Зәкеңнің шаңырағы. Неше жыл бұрын Зәкең мінгізген көліктің те тозығы шықты. Соны көрген Болат Назарбаев ағам достық пейілмен жаңа көлік сыйлады. Соған қарап, жұрт мені миллионер деп ойлап жүр. Алайда менде ондай қаржы жоқ.
Өмірде артық бір тиын да жинамаппын. Айтқанымдай, артық ақшам болса, бәрін таратып жүреді екенмін. Бір үйімді сатып, депозитке салсам ба деп енді ойланып отырмын. Бәрі уақыттың еншісінде. Қызым аман-есен мектебін аяқтап, жақсы оқуға түссе деймін. Одан басқа мақсат-мұрат жоқ. Несібемізге қарай бұйырғанын көрерміз. Шақырған жерден қалмай, шақырмаған жерге бармаймын. Жағдайымды жасайтын болса, ән айтуға дайынмын.
Жұбанышым да, өмірімнің мәні де – Мерей. Оған қоса халқымның пейілі, тілегі мені аяққа тұрғызды. Ел болып, мен үшін қобалжып, маған сенім артқан жандар баршылық. Бір-екі адамның жасаған арсыздығы үшін бәрінен баз кешкім келмейді. Егер соған бола құлар болсам, халық та мені өнер әлемінен әлдеқашан сызып тастар еді.
Қазір қызым үшін ғана өмір сүріп жүрген сияқтымын. Осы қызды өсіріп, адам етіп жеткізсем, мен үшін содан асқан бақыт жоқ. Көзге көрінбейтін адамдар менімен неше жылдан бері алысып келеді. Олардың кім екенін де, менімен не үшін арпалысып жүргендерін де білмеймін. Қаншама әндер айтып жүрмін, концерттерге қалмай қатысамын. Бірақ эфирден мені кесіп тастайды. Неге? Оны да білмеймін. Әсіресе «Хабар», «Астана», «Қазақстан» секілді халық көп көреді-ау деген арналар мені көрсетпейтін болды. Жақында ғана Құдайберген Бекіштің шақыртуымен «Жылдар. Әндер» атты концертке қатыстым. Мадина Ералиеваның, Арман Дүйсеновтің концертінде ән шырқадым. Бірақ, неге екені белгісіз, мені тағы да қиып тастапты.
Мүмкін, қызым аяққа тұрған соң, өз елімнен де кететін шығармын… Жасырмаймын, ондай ойым бар. Өзіңіз де көріп отырсыз, ешқайда шығармайды. Мен қашанғы жылай бермекпін? Оған дейін зейнетке де шығып қалармын. Басқа мемлекетке баруым, не болмаса туған жеріме кетіп қалуым мүмкін. Ауылыма барып, бауырларымның жанында тып-тыныш өмір сүргенге не жетсін?
Зәкеңді өлтіріп кеткеннен кейін қатты үрейленіп қалдық. Жарты жыл бойы американдық дәрілер ішіп емделдім. Жүйкем де әбден тозды, шашым да ағарып бітті. Сол оқиға орны толмас ізін қалдырды. Уақыт емші дейді ғой. Бірте-бірте қалпымызға келіп, жақсы нәрселерді ойлауға, адал ниетті адамдармен араласып, көңілді ән тыңдауға тырысатын болдық.
Менде қор жоқ, ондаймен айналыспаған адаммын. Демеуші іздеуің керек, тағысын тағы. Оның артынан әңгіме де көбейеді. Болат Назарбаев көлік сыйлағанда, теріс ойлаған адамдар да табылды. Онда тұрған не бар, түсінбеймін? Марқұм Зәкең жоғарыдан бәрін көріп, бақылап отырған шығар. «Назарбаевтармен дос болып алыпты» деп жүр. Енді дұшпан болуым керек пе? Бөкең маған дос ретінде жақсылық жасап, қамқоршы болып жатса, неге ол кісінің кеудесінен итеруім керек? Күйеуге шығайын деп жүрген он сегіз жасар қыз емеспін ғой. Әрі ол кісілер ешқашан да маған дұшпан болған емес… Жалпы адамды қаралау қазір оңай болып кетті. Болат аға ондай мәшинені жалғыз маған емес, талай жанға мінгізді. Бірақ жұрт менікін көріп қояды…
Жасы бар, кәрісі бар, барлығы тек қазақ музыкасымен, қазақ өнерімен сусындауы керек. Ел білмейтін, көлеңкеде қалып қойған қаншама мұрамыз бар. Соларды насихаттап, ұлттық идеология қалыптастыру қажет. Сонда «қазақша үйрен» деп айта берудің де қажеті болмас еді. Неліктен жастарымыз шетелдің, батыстың әуендерін шапшаң қабылдап алып жатыр? Өйткені таң атқаннан кеш батқанша орыстың, не басқа ұлттың музыкасын тыңдап жүр. Қазақша тек сапасы төмен әндер көбірек насихатталып жатыр. Жақсы әншілеріміз де жетерлік. Сол жақсы әншілердің жақсы әндерін көбірек беру керек. Қазір ондай арна жоқ. Тыңдармандарым: «Домбырамен неге айтпай кеттіңіз?» деп жазады. Қанша концертте айтып жүрмін ғой. Оны көрсетпесе қайтемін? Концерт бересің, жылына бір рет арнадан көрсетіп қояды. Ол не болады? Композиторларды да аяймын. Маған әндерін алып келеді. «Бәрібір шығармайды. Одан да шығып жүрген әншілерге беріңдер, әндерің насихатталсын», — деп бас тартамын. Бірақ телеарна жарыққа шығармай жатыр екен деп үнсіз жатқан жоқпын, Құдайға шүкір, талай әндерді жарыққа шығардым. Алдағы жеке концертімде орындаймын.

Ай-Керім Самалбекқызы,Сomode.kz

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн