Мақсат ІЛИЯСҰЛЫ: Жастар саясаты – белгілі бір топтың КЕРТІП ЖЕЙТІН МАЙШЕЛПЕГІ ЕМЕС  

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №04 (275) от 29 января 2015 г.

 

ДАТ!

Өткен аптада ҚР парламентінің сенаты «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заң жобасын мақұлдады. Ендігі президенттің қол қоюына жіберілген заң жобасында мемлекеттік жастар саясатының міндеттері, ұстанымдары мен негізгі бағыттары қарастырылған. Жастардың ресурстық орталықтары мен әлеуметтік қызметтерінің іс-әрекетін де бұдан былай осы құжат реттейді екен.

Бірақ қоғамның бір қозғаушы күші саналатын жастардың сол қоғамдағы рөлі бұл құжатта мақұрым қалған сияқты. Осындай дүдәмал ойдың жетегімен «ДАТ!» айдарының сұхбат мінберіне заңгер Мақсат ІЛИЯСҰЛЫН шақырып, біраз сауалдың жауабын іздедік.

 

– Қабылданған заң жобасы «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» деп аталды. Мемлекеттің атымен жастарды биліктің ырқына қарай ығыстыру деген осы емес пе екен деген күдігіңіз жоқ па?

– Менің ойымша, мәселе заңның қалай аталуында емес, оның қалай орындалуында болса керек. Конституциясында мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі деп белгілеп отырған еліміз үшін мемлекеттің өзі жастар руханиятының, мәдениетінің, білімінің, кәсіптік деңгейінің, тіпті дене бітімінің дамуына толыққанды жағдай жасауды өз мойнына алуы өте құптарлық және заңды құбылыс. Шындығына келсек, Қазақстанның кәрі-жас демей, барлық азаматы осы елдің нығаюына, дамуына, өркендеуіне өз үлесін қосып, қызметін жасауы керек. Сондықтан мемлекет өзінің жастарына, яғни болашағына толыққанды, жан-жақты жағдай жасаса, ал жастары соған сәйкес алған білімін, мәдениетін, тәрбиесін, қандай да бір қол жеткен табысын сол мемлекет үшін жұмсайды. Бұл кез келген мемлекетте болуы тиіс қағида.

 

– Дегенмен, осы құжатты қарапайым ғана «Жастар туралы» заң немесе «Жастар саясаты туралы мемлекеттік заң» деп, мемлекетті кейін сырғытсақ қайтер еді?

– Жоқ, менің ойымша, жастар мәселесінде мемлекет алда тұруы керек деп есептеймін. Жастардың болашағы мемлекеттік саясаттың негізгі бір өзегі болуы тиіс. Сондықтан мен заңда негізінен жастар мәселесіндегі мемлекеттің жүргізетін саясаты туралы болғанын құптаймын.

Президент әлі қол қоймаса да, жаңа заңды оқу барысында мені қуантқан бірнеше жағдайлар болды. Біріншіден, заңгер ретінде және жастар қоғамдық ұйымына жетекшілік ететін, жастар мәселесімен тікелей айналысқан адам ретінде айтар болсам, бұл заңда мемлекеттің жастарға қай салада қандай жәрдем жасайтыны, қолдау көрсететіні, жастарға бағытталған мемлекеттің саясатында неге басымдылық берілетіні анық көрсетілген және жастар саясатын жүргізудегі мемлекет жұмысының бағыт-бағдары алдыңғы заңға қарағанда кең қамтылған деуге болады. Жаңа заңда мемлекеттiк жастар саясатының мақсаты, міндеттері мен қағидалары барынша кеңейтіліпті. Мысалы, бұрынғы заңда жастардың құқықтық мәдениетін жоғарылату, жастарға және жас отбасылар үшін қолжетімді тұрғын үй жүйесін дамыту мемлекеттің тікелей міндетінің қатарында жоқ еді. Жаңа заңда бұл анық көрсетіліпті.

Екіншіден, ұлтшыл азамат ретінде риза болғаным – жаңа заңда жастарды ұлттық мәдениет, салт-дәстүр және ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеу мемлекеттің қолдауына ие болады деп көрсетіліпті. Отбасы құндылықтарын, ұлттық мәдениет пен салт-дәстүрді насихаттау да мемлекеттік биліктің атқаратын көп шараларының, қызметінің қатарына кіріпті. Бұл үлкен қуаныш, мұндай жағдайлар бұрын-соңды болмаған. Бұл мемлекет саясатының, биліктің ұлттық тамырға оралуға жаңа бетбұрысын білдіреді деп ойлаймын.

 

– Сізге салса, бұл заңнан кейін елдегі жастардың жағдайы жайнап кететін сияқты ғой…

– Жо-жоқ, күдігім де бар: мәселен, соңғы уақытта қарқынды дамып келе жатқан ұлтшылдықты, біз сияқты ұлтшылдардың тегеурінін байқап, жоғарыда аталған жағдайларды заңға көз алдау үшін ғана жазып қойды ма деймін. Заңда жазылып, бірақ әрі қарай іске аспай қалса, онда бұл заңның да құны көк тиын болып қалары анық. Бізде жақсы заңдар аз емес, бірақ олардың орындалуы үлкен мәселеге айналған. Мың жерден қажетті, тамаша заң қабылдасақ та, оны биліктің өзі орындауға құлықты болмаса, одан қоғамға келер пайда жоқ. Сондықтан билік заңды орындауға күш салуы тиіс, орындамағандарды қандай да бір жауапкершілікке тарту тетігін қалыптастыру қажет. Мұны айтып отырған себебім – 2004 жылы қабылданған заңында да жақсы жағдайлар көрсетілген еді, бірақ оның орындалмағанын бәріміз білеміз. Жаңа заңда да оны орындамағандарды қандай да бір жауапкершілікке тарту тетігі қарастырылмаған. Бұл көңілге үлкен күдік ұялатады…

Мәселен, бұрынғы заңда жас отбасыларына жеңiлдiкпен несиелер беру туралы жазылған еді. Бірақ ол орындалған жоқ, тіпті оны орындаудың тетігі де жасалмады. Екінші бір маңызды мәселе – ол заңда мемлекеттің жастардың кәсiпкерлiк қызметiн әлеуметтік-экономикалық ұйымдастырушылық және құқықтық қолдау жөнiндегі шаралар жүйесiн белгілейтіні көрсетілген болатын. Өкінішке қарай, жастар кәсіпкерлігі жалпы кәсіпкерліктің жеке бір бағыты ретінде қарастырылған жоқ. Ол заңдағы «ерекше әлеуметтiк-демографиялық топ» дегеннің не екенін ешкім түсінбей-ақ, ешкім түсіндірмей-ақ кетті… (күлді).

 

– Жастар саясатын жақсы жолға қойған мемлекет – Германия. Бұл елде жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесі жоғары деңгейде шешілуде. Оларда еңбекке тәрбиелеу бала кезінен басталады. Ал біздің елімізде бұл мәселе жастар диплом алған соң ғана қозғалатынын білесіз…

– Иә, жұмысқа қабілетті азаматтарды жұмыспен қамту – мемлекеттік саясаттың негізгі бір бағыты болуы тиіс. Бұрынғы заңда да, жаңа заңда да жастарды жұмыспен қамтамасыз етудегі мемлекеттің кепілдігі белгіленген. Заң жүзінде барлығы көрсетілген. Ал оның орындалуы қандай болуда? Бұл өте өзекті мәселе.

Менің бір байқағаным – қазіргі кезде жастар арасында жеңіл жолмен ақша табуға, тамыр-таныс, көке-жәкенің көмегімен бірден кабинетте отыратын жұмысқа, тіпті лауазымды қызметке қол жеткізуге деген құштарлық бар. Балалар арасында өзінің адал еңбек, маңдай терімен, білімімен, талантымен белгілі бір жетістікке жете аламын деген сенім аз. Соның кесірінен терең білім алуға, ізденуге, ғылыммен шұғылдануға деген құштарлық азаяды. Бұл өте қатерлі жағдай және оны билік, мектеп, ата-ана бірлесе отырып, дұрыс жолға қоюы тиіс. Бірақ ол үшін билік қазіргі күнделікті өміріміздің заңдылығына, үрдісіне, өмір сүру қағидатына айналып кеткен жемқорлықты, сыбайластықты жоюы тиіс. Бұл енді тікелей биліктің айналысатын мәселесі.

 

– «Билік айналысады» демекші, біздің биліктің «Мәңгілік ел» деген елесі, «Нұрсұлтан – Қазақстан!» деген ұраны елдегі жастарды соңынан ілестіріп әкете қояды дегенге сенесіз бе?

– Иә, ұлттық идея ретінде ұсынылып жатқан «Мәңгілік ел» мәселесі мемлекеттік саясаттан ресми орынын таппаса, бұл да бос сөз болып қалады. Ұлттық идеология дегеніңіз біз үшін әлі күнге Астананың аспанын кезіп жүрген елес екені рас. Бүгінгі идеология – президентті мақта, билікті қолда, оған сын айтпа. Бүгінгі ұлттық та, мемлекеттік те идеология – осы. Ал ондай жалаң ұранға жастар түгілі кәрілер де ере алмайды.

Жалпы, бұл тұрғыда ойлап қарасақ, бүгінгі ұраншыл жастар – пысықай карьерші студенттердің тобы. Олар өздеріне ұнаса да, ұнамаса да, биліктің саясатын қолдап, президентті, «Нұр Отанды» мақтаушылар. Олар әдетте «Жас Отанның» белсендісі болып келеді. Олардың қатары көп те емес және үміттері мен қажеттіліктерінің өтеліп жатқаны да шамалы. Сондықтан елдегі қалың жастарды «нұротаншыл» пысықайлардың күлдібадам қылығымен бағалауға болмайды.

Анығында, қазіргі таңда ұлттық идеология мен жалпы мемлекеттік саясат жүргізуде, жастар саясатын қалыптастыруда нақты, баршаға ортақ жүйе жоқ. Билік тармақтары, әрбір мемлекеттік органдар өз білгенінше әрекет етіп, әркім өз білген намазын оқып жатыр. Мұның соңы жақсылыққа жеткізбейді. Мемлекетті жанды дене деп алып қарасақ, бүгінде оның екі аяғы екі бағытқа жүріп, екі көзі екі жаққа алайып тұрғандай әсер қалдырады.

 

– Заңдық құжат пен елдегі жастар мәселесі де бір-бірінен алшақ қалған екі түрлі әлемге ұқсап кеткен жоқ па? Өйткені ел тұрғындарының басым бөлігі биліктің назарынан қағыс қалды…

– Рас, біздің елімізде билік – бір құрлықта, халық – екінші құрлықта өмір сүріп жатқан сияқты. Оның арасындағы дария-мұхит екі жағалаудың арасын ашып бара жатқандай көрінеді. Оның соңы немен бітерін бір Алла ғана біледі…

 

– БАҚ арқылы билік жастарға, олардың өзін-өзі басқару саясатына арнап қыруар қаржы бөлініп жатқанын ұрандатады. Бірақ сол қаржыны жастардың тұрмыс-тірлігінен, олардың бойы мен ойынан неге көрмейміз?

– Оныңыз рас, жастар саясатын жүргізуге мемлекеттік бюджеттен аз қаржы бөлінбейді. Мәселен, тек Білім және ғылым министрлігіне жастар саясатын үйлестіруге 2012 жылы 1,1 млрд, ал 2013 жылы – 1,5 млрд теңге бөлінді. Ал 2013 жылы жергілікті бюджетте осы бағытқа қарастырылған қаржы көлемі 3 млрд теңгеден асты. Бірақ ол қаржының шапағатын тек билікті жағалаған бірнеше жастар ұйымы ғана көруде.

Нақтырақ айтсақ, 2012 жылы әлеуметтік тапсырыс негізінде «Жас ұлан – Жас қыран» бірлестігі 114 млн теңгеге жуық қаржы алса, «Жас Отан» 48 млн теңгеге ие болған. Келесі 2013 жылы «Жас ұлан» 162 миллионға жуық теңге, «Қазақстан жастар конгрессі» – 66 млн, ал «Жас Отан» – 43 миллионға жуық теңге алса, 2014 жылы «Қазақстан жастар конгрессіне» – 86, «Жас Отанға» – 46  млн теңге көлемінде әлеуметтік тапсырыс берілген. Алайда осыншама мол қаржыға аталған ұйымдар нақты бір пайдалы жұмыс жасағанын байқай алмадым. Мұндай желге шашылған қаржының дерегін жалғастыра беруге болады.

Ең бастысы – жаңа заң күшіне енгеннен кейін де, бұл үрдіс жалғаса береді деген күдігім бар. Менің ойымша, жастар саясаты елдегі белгілі бір топтың кертіп жейтін майшелпегіне немесе жеке әмиянына айналған сияқты.

 

– Ендеше халық қазынасын бұлайша шашу жағдайын қадағалаушы орындар неге бақылауға алмайды деп ойлайсыз?

– Қадағалаушы органдар оны білмей отырған жоқ. Бірақ оларды тексеріп, қоясын қопарса, «Нұр Отанның» атына кір келіп қалуы мүмкін. Мол қаржы алып отырған жастар ұйымдарының көбі ел президентінің тікелей бастамасымен немесе тапсырмасымен құрылған. Оларды тексеруге, біріншіден, қадағалаушы органдардың жүрегі дауаламайды, екіншіден – «қадағалаушылардың» бәрі «Нұр Отанның» мүшесі емес пе?!

 

– Ашық сұрақтарымызға тура жауап бергеніңіз үшін рахмет айтамыз! Қазақ жастарының еңбегі жансын!

Бақытгүл МӘКІМБАЙ,

«D»

 

P.S. орнына

Сонымен, «Қобыланды келед сайменен…» дегендей, ұлыс ұландарына ұзақ жыр болған Жастар саясаты туралы заң қабылданды. Оның мән-мазмұны маған беймәлім. Бақандай бірнеше министрлік араласып, жалпы жиыны 124 депутат талдап-талқылап, қырықпышақ қырқыста қабылданған заң жаман болмаса керек. Оның жақсы-жаманын сол заңның аясы мен саясын көрер жастар айтпаса, біздікі – «апам көрші кемпірден естіпті» дегендей сөз болады.

Дегенмен, осы заңның атауында бір күдік бар: ол неге «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» деп аталады? Бұған бұтарлап апарып, «саясат» деген «сасық» сөзді тіземен тығып сығыстырмаса, жастардың жағдайы түзелмей қалар ма еді?

Мәселенки, қарапайым ғана «Жастар туралы» заң десе, дені дұрыс болмай қала ма? Тіпті бұнысыз болмайды десе, «Жастар саясаты туралы мемлекеттік заң» деп, тіркесті теріс айналдыруға да болар еді. Ондайда «жастар» алға шығып, «мемлекет» оған жәрдемшілік кезекке көшер ме еді?

Осындай дүдәмәл сұрақтар туғанда, бар бәлекет «мемлекеттік» деген сөзде тұрғандай көрінеді. Яғни, жастардың ісі мен саясатын жастардың өзі емес, мемлекет қана шешеді деген ойға омаласың. Себебі – бізде «мемлекет» деген ұғым «билік» деген бикешпен бірге жүреді. Санаға солай сіңірілген: «бикешке» білдірмей барып қойғаның – «мемлекетке» залал келтіргенің. Бұл – ит қосып қууға тұрарлық қылық («қылмыс» десеңіз де қате кетпейсіз).

Әрине, мемлекетсіз мәселе шешілмесі мәлім: біздің елдің жағдайында жастардың тұрмысы, үй-жайы, оқуы мен еңбегі, құқығы, тағы басқа бықыбай-шықыбайы мемлекеттің қатысуынсыз қалтыраңдап қаларын Қарабұлақта қора күреп жүрген Жүкен де біледі. Әлбетте, басқа – басқа, ал біздің жастар мемлекеттен де, өзін бағып-қаққан әке-шеше мен шал-кемпірден де бөлініп кетпесі тағы да аян ақпар.

Қалай болғанда да, ел президенті қол қойғаннан кейін, бұл заңның мұрасы жастардың еншісіне тиеді. Ендеше оның орындалу барысын бәріміз бірігіп бақылауға алайық, жас достар! Өздеріңіз күнделікті өмірден көріп, біліп, бастан кешіріп жүрген жағдайларыңызды біздің электрондық поштаға ([email protected]) хабарлап тұруларыңызға әбден болады.

Ермұрат БАПИ

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн