«Общественная позиция»
(проект «DAT» №1 (365) от 12 января 2017 г.
Ереуілдеген ел бар
Жекелеген ақпарат агенттіктері хабарлағандай, Маңғыстау облысындағы Techno Trading компаниясының наразы жұмысшылары 5 қаңтарда ереуілге шығып, аштық жариялаған еді.
Azattyq.org порталының хабарлауына қарағанда, Мұнайлы ауданының Қызылтөбе ауылында өтіп жатқан наразылық акциясында 133 жұмысшы аштық ұстап отыр. Жұмысшылар компания басшылығынан жалақыны көбейтуді, тоқсан сайын берілетін сыйақыны тұрақты төлеуді, белсенділік танытқан жұмысшыларды қудалауды тоқтатуды талап етеді. Жұмысшылар сонымен қатар жұмыстың экологиялық зияны, қосымша атқаратын жұмыстары үшін де ақы төлеуді талап етуде.
Жұмысшылар акцияда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтан жұмысшылар құқығының тапталуына жол бермеуді сұраған плакат ұстап шыққан.
Еске сала кетейік, Techno Trading компаниясындағы жұмысшылар наразылығы былтырдан бері жалғасып келеді. Олар бірнеше мәрте митинг өткізіп, кейде жұмысқа шығудан бас тартқан, жұмыс орындарын қысқартпауды, әлеуметтік төлемдер мен тоқсандық сыйақыларын тұрақты төлеуді, жалақыны көбейтуді, наразылық шарасынан кейінгі қысымды тоқтатуды талап еткен. Наразылық акциясынан соң алты жұмысшы – Эрик Мифтахов, Марат Кеммекиев, Ерсайын Түйешиев, Айболат Өтесінов, Жолдас Көкімбай мен Мырзабек Изенов «себепсіз жұмыста болмады» деген негізбен жұмыстан босатылған еді. Олардың жұмыс берушінің үстінен жазған шағымын қараған Мұнайлы аудандық соты компания басшылығының бұйрығын қуаттап шешім шығарған.
2017 жылдың басында қайтадан жанданған ереуілдің барысында қаңтардың 6-сы күні жеті бірдей белсенді: Мария Жаркова, Жанболат Абдолов, Еркінбек Сарин, Парахат Ходжахмедов, Жолдыбай Сүйесінов, Нұржанат Асқаров, Асан Ходжахметұлы «жұмыстан шығарылғаны туралы хабарлама алғандарын» хабарлады.
Аштық жариялаған жұмысшылар «Азаттыққа» наразылық акцияларын Мұнайлы ауданындағы компания кеңсесі алдында өткізуге «полиция мүмкіндік бермеген соң», Жетібай ауылындағы жұмыс орындарының жанындағы «Бектұр әулие» зираты басындағы үйге барғандарын айтты. Оператор Берік Ергенбаевтың мәлімдеуінше, «қаңтардың 5-іне ауған түні олар аштық акциясын жалғастырып жатқан «Бектұр әулие» зираты басындағы үйге келген Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментінің (ІІД) арнайы жасағы үйді босатуды талап еткен».
Жұмыссыз қалғанын қаңтардың 6-сы білген 42 жастағы, кәмелетке толмаған екі баласы бар, жалғызілікті ана Мария Жаркова «жұмыстан шығарылғандар былтыр жазда болған ереуілден соң құрылған келісім комияссиясының мүшелері екенін» айтып, наразылықтың бір себебі «осы комиссияның таратылуы екенін» баяндады. «Талаптарды талқылауды қарашаның 22-сі бітеміз деп келісілген болатын. Алайда компания директоры біржақты бұйрығымен желтоқсанның 7-сі күні комиссия жұмысын тоқтатты. Ал бізді желтоқсанның 28-і жұмыстан шығарып жіберген. Оны енді естіп отырмыз. Комиссия мүшелерін кәсіподақ келісімінсіз, сот шешімінсіз жұмыстан қуу заңсыз», – дейді ол.
Мария Жаркова комиссия жұмысы кезінде ұжымдық шартқа толықтыруды Еңбек кодексіне сай, заңгермен ақылдаса отырып ұсынғандарын айтады. «Ұжымдық шартқа бірнеше толықтыру енгізгіміз келген. Шартта денсаулыққа келетін зиянға жұмыс беруші екі-үш пайыз төлегісі келеді, біз 14–20 пайыз талап етіп отырмыз. Басқа жұмысты қосып атқарғанымыз үшін жұмыс беруші 5–25 пайыз төлем ұсынады. Ешқашан 25 пайыз төлемейтіні белгілі, сондықтан біз 20 пайыз деп ұсындық. Ұсынымыздың тағы бірі – осындай ереуіл болмау үшін жұмыс беруші жасайтын актілердің кәсіподақпен келісілуі», – дейді белсенді.
Жаркова қуғынға ұшырау себебін жуырда сот шешімімен жабылған «Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясы» құрамына кірулерімен де байланыстырады. «Конфедерацияға кірдік, ол да жұмыс берушіге ұнамады», – дейді ол.
Techno Trading LTD компаниясындағы мұнай өндірісі жабдықтарын жөндеу цехының дәнекерлеушісі Даражат Досмағамбетов: «Мұнда әркім өз еркімен, денсаулығы мен болашағы үшін келіп отыр. Мәселен, маған өндірістегі зиян үшін тек айран берді. Оның өзін де үш жыл бойы талап етіп жүріп қол жеткіздім. Ал кей жұмысшылар денсаулығына зиянды жұмыста жүргенін біле бермейді», – дейді ол.
Жетібай мұнай кенішіндегі сорғы операторы Еркінбек Сарин де «экологиялық залал үшін ештеңе төленбей келгенін» айтты. Даражат Досмағамбетов «жұмыс беруші жасайтын актілердің кәсіподақпен келісілуі маңызды» деп санайды. «Жұмыс беруші акт жасағанда, оны кәсіподақпен келісуі тиіс. Себебі ол актімен жұмысшының тағдыры шешіледі. Бірақ бұл талапты жұмыс беруші қабылдағысы келмейді», – дейді ол.
Досмағамбетов «былтыр жоспар орындалғанына қарамастан тоқсандық сыйақы берілмегенін, ал ол жайлы бұйрықты бір жылдан соң көргендерін» айтты.
Ал оператор Мұрат Көкімбаев жұмыс жағдайы нашар екенін баяндады: «Бізді 250 мың теңге айлық алады деген ақпарат таратты жұмыс беруші. Менің айлығым – 180 мың теңге. Олай болса, қалған ақша қайда? Жұмыстың бәрі қолмен жасалады. Жабдықтар өте ескі. Оны таситын арба да сынып, қазір жермен итеріп жүрміз», – дейді жұмысшы.
Бұл екі арада Ақтаудағы Oil Construction Company кәсіпорны мұнайшыларының Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясын (ҚТКК) тіркеуді талап етіп жариялаған аштық акциясы бесінші күнге ұласты деп хабарлайды «Азаттық» тілшісі. Мұнайшылардың кейбірі денсаулығының сыр бере бастағанын, бірақ талаптары орындалмайынша, нәр татпайтындарын, дәрігерлік көмекті де қабылдамайтындарын айтады.
– Жұмыс беруші мен жұмысшының арасы алыстап кетті. Біздің тәуелсіз кәсіподағымыз – сол жұмыс берушінің арасындағы алтын көпір. Сол арқылы жұмыс берушіге талаптарымызды айтамыз. Ал Тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясы – сол көпірдің тірегі. Оны алып тастаса, біздің талабымыз жұмыс берушіге жетпейді. Сондықтан біз оны тіркеуді, жұмыс істеуге мүмкіндік беруді талап етеміз, – дейді монтаждау жұмыстарын атқаратын Бейбіт Көшбаев.
Аштық жариялаған жұмысшылардың бәрі бірауыздан талаптары орындалмайынша, аштықтан бас тартпайтындарын айтты. 34 жастағы жұмысшы Руслан Әбуовтың денсаулығы күрт нашарлап кетіп, мұнайшылар жедел жәрдем көлігін шақырды. Жұмысшылар Олжас Бөлеубаев, Тыныштық Сүтенов, Нұрпейіс Ишманов, Ғабит Жұмағұлов та денсаулықтарының нашарлай бастағанын айтты.
Кезекші дәрігер Сәуле Сәуменова ашығудың салдарынан жұмысшылар ағзасында сусыздану процесі жүріп жатқанын айтты. Алайда мұнайшылар ауруханаға барудан бас тартып отыр.
Оңтүстік Қазақстан облыстық ауданаралық экономикалық соты қаңтардың 4-і күні кеңсесі Шымкент қаласында орналасқан Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясын жабу туралы шешімін жариялаған. ҚТКК құрамында болған Oil Construction Company жұмысшылары ресми кәсіподаққа кіргісі келмейтіндерін айтып, тәуелсіз кәсіподақты жабуға қарсылық білдіріп отыр.
ҚТКК басшысы Лариса Харькова кәсіподақ ұйымы билік белгілеген жарты жыл ішінде қайта тіркеуден өтіп үлгермей қалғаны себепті сот шешімімен жабылғанын айтады. ҚТКК 2003 жылы «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясына қарасты үш кәсіпорынның негізінде құрылған. Кәсіподақ ұйымының дерегінше, оның құрамында 2100 мүшесі болған.
Azattyq.org