Қасіретті хат
Отанына оралған ағайындар проблемасын белсенділікпен көтеріп жүрген қайраткер ақын Ауыт Мұқибек жуықта ҚР парламенті сенаты мен мәжілісінің төрағалары Қ. Тоқаев пен Х. Жақыповқа, ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Қ.Мәмиге төменгідей мазмұнда хат жолдады.
«13 ақпан күнгі мәжілісте өткен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заң жобасының тұсаукесер жиналысында ҚР парламенті мәжілісінің депутаты Самиғолла Хамзаұлы Уразовтың қандастарымыз туралы «Қазақша айтқанда, саны бар да, сапасы жоқ. Келгендердің 70 пайызы жұмыссыздардың қатарын толықтырады. Олардың саны біз де онсыз да 2 жарым млн-нан асады», – деген сөзі жалпақ әлемге жария болды.
Ал Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнің 64-бабының 1-тармағында былай деп жазылған: «Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, дiни араздықты немесе алауыздықты қоздыруға, азаматтардың ұлттық ар-намысы мен қадiр-қасиетiн, не дiни сезiмдерiн қорлауға бағытталған қасақана iс-әрекеттер, сол сияқты азаматтардың дiнге көзқарасына, тектiк-топтық, ұлттық, рулық немесе нәсiлдiк қатыстылығы белгiлерi бойынша олардың айрықшалығын, артықшылығын немесе кемдiгiн насихаттау, егер осы әрекеттер көпшiлiк алдында немесе бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалана отырып жасалса – бiр мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не екi жылға дейiнгi мерзiмге түзеу жұмыстарына, не бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады».
Сондықтан ұлт көшбасшысы Н.Назарбаевтың «Қандастарымызға жол ашуымыз керек. Қазақтың жері кең. Орналасамын деген жерін өзі таңдасын!» деген тапсырмасына қарсылық танытып, қандастарымыздың намысын таптап отырған мынадай депутатты мандатынан айырып, қылмыстық жауапкершілікке тартуларыңызды сұраймын!!!»
Ауыт МҰҚИБЕК