МАЙДАННАН ЖЕТКЕН ХАТ

 

Менің әкем Жапарханов Пәрменхан (суретте) 1908 жылы бұрынғы Семей облысы, Жарма ауданына қарасты Божығыр ауылында дүниеге келген. Ол балалық және жастық шағында өмірдің тауқыметін көп көріп, тарихтың небір қилы кезеңдерін басынан кешірді. Сөйтсе де, ауылдық мектепте оқып, сауатын ашады. Оны бітіргеннен кейін өздері тұратын «Қараш» колхозының астық сақтау қоймасына (загот/зерно) бидай өткізуші болып жұмысқа орналасады. Бірде әкемнің өткізген бидайы күнделікті өткізіп жүрген тиісті мөлшерінен төмен болып шығады да,оған колхоздың мүлкін тонады, үкіметке зиян келтірді деген айыптаулар тағып, 1932 жылы 07 желтоқсанда қамауға алады. Қылышынан қан тамып тұрған Қызыл империя дереу оған қылмыстық іс қозғап, он жылға бас бостандығынан айырады. Сөйтіп, жоқ жерден әкем «халық жауы» атанып,ОГПУ-дің 1933 жылы 13 қаңтарда шыққан қаулысының негізінде сотталып кете барады. Одан әрі концлагерьде өткізген нағыз азапты күндер басталады. Ал 1933 жылы 10 ақпанда оны атақты Карлагқа ауыстырады.

Лагерьдің ауыр азабына, қаншама зорлық-зомбылығына төзе білген әкем «айыбын» өтеп, аман-есен елге оралады. Бірақ та ол кезде сұрапыл соғыстың нағыз қайнап жатқан кезі болатын, ол елге келісімен бірден соғысқа аттанады. Әкем алдымен Қиыр Шығыста әскер қатарында болып, ол жақта арнайы дайындықтан өтеді. Содан оны Ленинград майданына бөледі. Ол майданда жүріп, төрт рет жараланады. Соңғы рет қатты жарақаттанып, Новосибирскіге әскери госпитальға түседі. Бұл кезде соғыстың бітуіне аз-ақ уақыт қалған еді, яғни 1945 жылдың басы болатын. Сондықтан да ол госпитальдан шыққаннан кейін елге оралады. Оның арасында әкем Ленинград майданында жүріп, Эстонияның Тарту қаласын неміс-фашист басқыншыларынан азат етуге қатысады. Сол үшін де Сталиннің өзінен «Алғыс хат» алған болатын. Сонымен қатар әкем «Ерлігі үшін» медалімен, «Отан соғысы» орденімен және тағы басқа құрметті сыйлықтармен марапатталған.

Алайда тағдырдың әкеме сыйлаған ең үлкен сыйы – оның майданнан аман-есен оралуы болды. Бейбіт өмірді аңсап, елген келгеннен кейін әкем ел қатарлы еңбек етіп, үйленіп, балалы-шағалы боды. Десе де, майданда алған жаралары әлсін-әлсін мазалап, сыр бере бастайды. Соның салдарынан әкем 1983 жылы мәңгілікке көз жұмды. Артында орнын жоқтатпай, түтінін түтеткен ұрпақтары, бірге туған бауыры қалды. Біз әкеміздің берген тәлім-тәрбиесінің арқасында әрқайсымыз әр салада адал еңбек етіп жүрміз. Ал әкемнің бауыры Жапарханов Слямхан Жапарханұлы ағасының бір кездегі арманын орындап, жоғары білім алып, бүкіл ғұмырын ғылымға, өскелең ұрпаққа білім беруге арнады. Ол қазақстандық инженер кадрларды дайындауға орасан зор еңбек сіңірді, қазір Қ. И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-дың құрметті профессоры, геология-минералогия ғылымдарының докторы.

Бертін келе, еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін, біз интернетті «ақтарып» отырып, Ресейден жарық көрген «Книга жертв красного террора» деген кітапты тауып алдық. Оның ішінде кезінде Қызыл империяның салдарынан жазықсыз сотталып кеткен адамдардың тізімдері беріліпті. Сол тізімнің ішінен өзімнің әкемді тауып алдым. Сөйтсек, КСРО Жоғарғы Советі Президиумының сонау 1989 жылы 16 қаңтарда шыққан «30-, 40-жылдар мен 50-жылдардың басындағы жаппай қуғын-сүргін құрбандарын ақтап, әділеттілікті орнату туралы қосымша іс-шаралар» атты қаулысының 1-бабының негізінде Семей облыстық прокуроры 1989 жылы шешім қабылдап, соған сәйкесәкем толығымен ақталып шыққан екен. Біз ол туралы тіпті білген де жоқпыз, бізге ешкім хабарламады. Сөйтіп, облыстық ҰҚК департаментіне өзім хабарласып, әкемнің ақталғаны туралы мұражайда сақталған құжаттың көшірмесін сұратып алдым (көшірмесі бар).

Әкем маған майданда басынан кешкен көптеген оқиғаларын айтып беретін еді. Соның бірі қазір есіме түсіп отыр. «Тарту қаласын азат ету үшін шайқасып жүргенде, бірде біздің отряд қалаға басып кірді. Қала өте әдемі, биік үйлері көп екен. Бір немістің артынан қуып, бір үйге кірдік. Кірсек, үйдің іші өте кең, тап-таза, бәрі жинаулы тұр екен. Қасымда бір украин жігіті болатын. Ол сол үйдің ішіндегі құнды заттарды:  қасық-пышақ, әдемі ыдыс-аяқ, ұсталмаған орамал, төсек орын – бәрін жинап, арқаға салатын дорбасына сала бастады. Мен оған: «Әй, қайтесің оны?! Өзіңнің басыңды аман алып жүрсең болмай ма? – деп едім. – Жоқ, үйге апарамын», – деп бәрін дорбасына салып, асынып алды. Енді шыға бергенде қарасақ, немістің бір офицері өліп жатыр екен, мен оның аяғындағы етігіне қызықтым: жақсы, «хромовый» етік екен, бірақ өлген адамдікін кимей-ақ қояйын деп, жаманға жорып, тиіспедім. Содан не керек, біз бес-он метр жүрген соң, алдымыздан снаряд жарылып, әлгі жігіт сол жерде қайтыс болды. Асынып алып шыққан заттары бәрі сол жерде қалды. Міне, көрдің бе, қомағайлықтың түбі не болатынын?!» – деп әкем әңгімесін аяқтады.

Әкем сонымен қатар өте талантты, поэзияға жақын адам еді. Майданда жүргенде, елін, туған жерін әбден сағынған болу керек, сол сағынышын өлеңге қосып, хат жазыпты. Ол хатты біз осы күнге дейін сақтап келеміз. Мынау сол өлеңнен үзінді:

 

Ақ қағаз қарындашпен алдым қолға,

Ел-жұртым, өскен жерім түсіп ойға.

Аз сөзді, сағынышты мен жазамын,

Жүргенде Отан үшін алыс жолда.

 

Бұйырдым сәлем жазу мен қаламға,

Деніме саулық бергей, қақ Тағала!

Кір жуып, кіндік кескен қайран жерім,

Сөз жаздым сағынған соң біраз ғана…

 

Ел едік ойда түк жоқ тыныш жатқан,

Қызыққа ертеңді-кеш, күн-түн батқан.

Сайрандап ойда түк жоқ жүрген шақта,

Жалмауыз Гитлер ғой бізді оятқан…

 

Жалпыға арнап жазған осы хатым,

Осымен тоқтатамын сөздің артын.

Еске алып үлкен-кіші баршаңызды,

Пәрменхан сәлем жазған менің атым…

 

Алтынхан Жапарханов,

Алматы қаласы

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн