«Общественная позиция»
(проект «DAT» №02 (273) от 15 января 2015 г.
…Атылған оқ
Әуелде «…Атылған оқ» деп осы бір айдарымызға ай бұрын үкілеп ат қойғанымызбен, оқырманға ұсынудың әйтеуір орайы келмеген. Міне, бүгін сәті түсіп, биліктің өзі аузымызға «тәп-тәуір сөз» салып отыр. Ендеше әмәндә осы ізбен «Айтылған сөз жүйесін, атылған оқ иесін табады» деп сенеміз!
Несін айтайық, биылғы жылы қаптаған қалың қарыз бен қаудырлаған қат-қат заңның астында қалдық десек, өтірік айтпағанымыз-ау, сірә?! Тіпті бүгінгі бүйрегі бітеу әңгімеміз де осы заңның қайсы бірі – «Екі елі ауызға төрт елі қақпақ» жайында болғалы тұрған жоқ па?
Анықтап айтар болсақ, күні кеше ғана Мемлекеттік қызметкерлерге интернет арқылы үкіметті сынап, қаралауға қатаң тыйым салынды келіп. Бәленшенің арты қуыс болмаса, босқа қуыстанып несі бар дейтін жұрт енді шенеуніктердің мұнысы несі деп дал-дал болысты.
Мұндайда деймін, «Азат» дейтін төрт әріпке телміріп, төрт тағандап жалпасынан жатқысы келген азаматтық қоғамыңды қайдам, енді азаматтық журналистиканың да ала таңы бүгінгідей атар-атпас!
Неге дейсіз ғой? Аты бар болғыр жаңа ереже бойынша, ендігі жерде мемқызметкер сорғалаған қалың өтіріктің арасынан кебе құрғақ аз шындықты әрең тауып алып, кәйіпті ашып, «лайк» басса да, жазықты болып шыға келеді. Онда да арнайы баптың басы-аяғынан асып-төгілген бұл «бақыт» мемлекеттік қызметкерлерге ғана бұйыратын көрінеді. «Бұққанға сұққан» осы да (бізге салса, тұтас заңның тонын теріс кигізіп, су жаңа, супер заң шығарып алар ма, кім білсін?!
Тіпті ол ол ма, мемлекеттік қызметкер билікті жиі сынайтын ғаламтор қолданушылармен достасса да, әжептәуір «қылмысты» болады екен. Бұған бола аладүрсін өкпеленуіміздің жөні де жоқ емес. Тамаша емес пе?! Өтірік біткенге өмешегі үзіліп, өкірештенген өтірікшіл достарың енді сенің маңыңды да баспайды. Мұндайда шып-шырғасыз шындық қана салтанат құруға қақылы!
Қыл-қысқасы, бізше болғанда бұл – жеп-жеп болған жепутаттардың «Асыңды бермесең де, сөзіңді бер, көңілім тоқ болсын» деген сөзі ғана емес, қайта өткір сөзден майысқақ биліктің кезекті бір ығысуы деп білдік. Бұл ереже күшіне еніп, оны құқық орындары қоруға алар болса, бұдан былай мемқызметкер атаулы тегістей тұмсығына шығырық тағылған өгіз болды деген сөз.
Қозыбай ҚҰРМАН,
«D»