«Общественная позиция»
(проект «DAT» №11 (282) от 19 марта 2015 г.
Мерейтой мүйісі
Мына қу тағдыр
Бұл халықты
Балшықтай езіп,
Жүндей түтіп
Жасытқан секілді…
Тіпті оның
Жейтін нанын да
Жаңбырдай сорғалаған
Көз жасына илеп,
Булыққан
Ашу мен ызасына
Ашытқан секілді!
Ашылап жүріп, қаңсып бір аңқасы кеуе-кеуе келіп, науаға бас қойған түлік атаулыға ұқсап, оқырманы «Көк түріктер сарынына» көз суарып, ой семірткені де күні кеше емес пе еді?! Енді, міне, сол он жылдың өзегінен өрілген кесек туындысымен Алматыда аты әйдіктелген талантты ақын Темірхан Медетбек жетпіс дейтін жуан жастың да желкесін басты, тізесін бүктірді. Мұндайда өзі айтатын мына бір естелік бүгінгі жетпіс пен кешегі желең шақтың арасын біржола тұтастырып тастайтындай.
«Менің Түркістандағы теміржол мектебінде оқып жүргенде, Жұмағали Әбуов деген парталас досым болды. Қазір ағылшын тілінің маманы. Ғылым докторы. Мақалалар, өлеңдер жазды. Мен де соған еліктеп қолыма қағаз, қалам алатын болдым. Екеуіміз ағайынды қоңыр қаздай болып, аудандық газетке барамыз. Әрине, ондағы ағайлар өлеңдеріміздің беттерін шимайлап- шимайлап қайтарып береді. Бәрібір қайтпаймыз. Тауымыз шағылмайды. Біршама уақыт өткеннен кейін, жаңа өлеңдерімізді қайтадан алып барамыз… Ақырында, бір күні менің:
Қабырғада сұр шеге,
Ұстап тұр ғой киімді.
Мен де сондай өмірге
Болсам деймін тиімді, –
деген шумағым жарық көрді. Сол күні мен үшін іргеміздегі Қаратау қарс айрылып, алдымыздағы көлденеңдеп ағып жатқан Сырдарияның суы сирақтан келмей қалды. Алғашқы әсер осылай!» – деп барып тоқтайтын.
Біздіңше болғанда да, «Көк түріктер сарынынан» кейінгі әсер де осыған жетеқабыл болса ләзім (бұлай айтуымыздың себебі – аталған кітап ақынның өзі мен оқырмандар тарапынан да шығармашылығының шыңы деп бағаланған – Қ.Қ.)?! Тіпті осы еңбегі үшін алдыңғы буын ағалар мен өз тұрғыластары уақытында оған шын бағасын да аяп қалмаған көрінеді.
Айталық, Әбіш Кекілбаев сол тұстарда: «Көк түріктер сарыны» – елдік мұрат пен ерлік намыс жыры. Шын азаматтың шырқыраған жан дауысы. Дегдар ақыл-ой мен елдар сана-сезімді енжар қалдыра алмайтын әділ де әсерлі шығарма… Намысшыл көкіректен өрбіп, намысшыл көкірекке ғана қонақтайтын қомақты туынды, тәңірім, тек кең өріс бергей! Ұғымтал оқырман бергей!» – деп жоғары бағалаған.
(Соңы 6/19-бетте)
(Соңы.
Басы 3/22-бетте)
Ал өзі де жыраулар поэзиясының тұңғиығына әлденеше рет еркін бойлап, «Бес ғасырды» бебеулете сөйлеткен жазушы Мұхтар Мағауин: «Темірхан Медетбектің ежелгі ата-баба рухын қайта көтерген, бүгіннен озып, ертеңге бағытталған, терең де сырлы толғаулардан тұратын, әуені де, лепесі де соны серпінге толы «Көк түріктер сарыны» соңғы жыл санақтан келгенде, кесімі бір-ақ мүшел уақыт үшін аз олжа емес», – деп, аталған еңбектің мәртебесін тағы бір белеске көтеріп тастайды…
Мұндай сәтте бізге «Сырдың суы сирақтан келмей қалса да», айып еместей көрінеді де тұрады. Шынтуайтына келгенде, 60-жылдардағы әдебиеттің төңкерісшіл алыптары – Мұқағали, Жұмекен, Төлеген, Қадырлардан кейін алдыңғы буын ағаларынан осындай баға алудың өзі бір ғанибет болатын.
Бәлкім, талантты сыншы Тұрсынжан Шапайдың: «Темірханның өлеңдері қос қанатын тең ұстап, түзу қалқымай, қиық қанат қарлығашша жалтара жарқылдап, жер бауырлай ағып, құйқылжи қиғаштап, маневр жасауға құмар» дейтіні де осыдан болса керек!
Бұл тұста Темірхан Медетбектің ақындық талантына шек келтірмейтін оқырман ретінде бар болмысын Некрасов айтатын кәдуілгі бір: «Ақын болу, болмау – өз еркің, азамат болу міндетің», – деп келетін нақыл таразысына салсақ та, азаматтық дейтін ардың тұлғасы кішірейіп көрген емес. Бұған өзі жиі айтатын: «Өлең – өлі мүсін емес, мынау қоғамда, тіршілікте болып жатқан айқас, талас-тартыспен қоян-қолтық араласатын жанды дүние ғой», – деп келетін жақсы лепесі куә болатындай.
Оның бер жағында Темірхан Медетбек бір басы екі жарылып, екі өмір сүрмейтін: өлеңі тұтас өмірінің айнасы бола алған, ел мүддесi, ұлт мақсаты, тiл тағдыры деп шыр-пыр болған ақын деп айтуға болады. Бұл үшін басқаның бәрін жиып, кейбіреулердей он екі ерлікті өз «Гераклін» жасамағанның өзінде, кешегі Жаңаөзендегi қанды оқиға тұсында һас батырдай азаматтық тұлғасы анық көрiндi десек – артық айтпағанымыз!
Содан болар, бір сұхбатында «Сіз бақыттысыз ба?» деген журналист сауалына: «Жеке өз басым өте бақытты адаммын… ал азамат ретінде өзімді бақыттымын деп айта алмаймын. Елдің-жердің жыры, оның ішінде жемқорлық жайлаған, көшеде қызы саудаланған, шетке баласы асқан, көршіге жері сатылып жатқан елдің азаматы бола тұра, өзімді қалай бақыттымын деп айтамын», – деген еді.
Ақынның бұл сөзін айтамыз-ау, ұлттың басына қаралы күн туған 2011 жылдың желтоқсанындағы Жаңаөзен оқиғасында зиялылардың көбісі «Әншейінде ауыз жаппас, той дегенде өлең таппастың» кебін киіп, бүгежектеп, бүк түсіп, бұғып қалғанда, Темірхан ақынның өз пікірін бүкпегенін байтақ Қазақстан әліге ұмытқан жоқ. «Азаттық» радиосы мен «Жас Алаш» газетінде бірінші болып, биліктің Жаңаөзенге жасаған қиянатын жасқанбай жария еткен-ді.
Бұл жерде Темірхан ақынның өмір жолында бұл биікке жету үшін кей ақындарға ұқсап, қабақ бағып, табақ танып; бәйшікештеніп «өспегенін» аңғарамыз. Оның үстіне ақынның өзі айтатын тағы бір жайт бұл сенімді мүлдем нығайта түсетіндей. «Мен ешуақта да өзімнің отбасымды өлеңмен асыраған емеспін. Отбасымды журналистикамен асырадым…» – дейтіні бар.
P.S.: Отбасымды өлеңмен асырамадым дегеннен шығады ғой: ақынына әкімі құрметпен қарамайтын бүгінгі қоғамда бұл, сірә, мүмкін болмаса керек. Оны қойғанда, өлең сатып, отбасын асырамаған Темірханның өмірін сарп етіп, өз қадірінше ұлт руханиятын асырағанын ұғынсақ – құба-құп еді, тәйірі?!
Қозыбай ҚҰРМАН,
«D»
Ақын ойлары
Өмір – бәріміз білеміз, күйініш пен сүйініштен тұрады. Нағыз ақын өзінің төрт құбыласы түгел болып тұрса да, сол заманның күйінішімен өмір сүреді. Күйінішпен өмір сүрмеген ақын – ақын емес. Сұлтанның баласы Абай да, болыстың баласы Мағжан да, старшын Махамбет те азаппен, күйінішпен өмір сүрген.
Бір өкініштісі – ел билейтін көсем болам деушілер көп, елдің ошағынан күл шығаратын көсеу болам деушілер аз.
Тәтті қосылған тағам тез бұзылады, сол сияқты тәтті сөзді көп естіген адам да тез бұзылады.
Олақтың балшыққа қаққан шегесі де майысып кетеді.
Біреулер жымысқылықпен мал тауып, зымияндықпен жан бағып жүреді. Тағы да соны білмейді деп ойлайды. Құдай-ау, бұл қу тіршіліктің саңлау-тесігі көп қой. Иненің жасуынан да жөндеп сығаласаң, дүниенің жартысын көруге болады.
Бәріміз де елімізді, Отанымызды сүйеміз дейміз. Шынын айтқанда, бұл қасиет көбіміздің бойымызда бар ма? Бірақ шын патриот болу үшін, сүю аз. Қолыңнан келсе, оны сүйкімді ет. Ал бұл – көп адамның қолынан келмейді.
Менің ұққаным: сен жақсы көретін адамның бәрі керемет емес, сондай-ақ сен жек көретін адамның бәрі оңбаған емес.
Өзінің кемшілігін мойындамайтын адам біреудің кемшілігін ешуақытта кешірмейді.
Адам жанының ең негізгі байлығы – мейірім мен қайырым. Одан өткен байлық жоқ. Ол жоқ жерде тіпті ілім-біліміңіздің де құны көк тиын.
Ақылы келте адам биліктің биігіне көтеріле қалса, есі кетіп, басы айналады. Сонан кейін ол елдің есін шығарып, басын қатырады.
Теңіз өз бойында өлі денені, өлексені ұстамайды. Толқындарымен қақпақылдап жағаға шығарып тастайды.
Жаныңның жарасын сауысқан құсап шоқитын жандар жеткілікті. Ең жаманы, оларды сауысқан құсатып үркітіп жібере алмайсың. Шоқи береді! Жаныңды жазылмастай қанжоса етеді.