«Общественная позиция»
(проект «DAT» №12 (283) от 26 марта 2015 г.
Тураби тұғыры
Дина Төлекова:
Қазақтың бағына біткен батыстың қара алтыны кешегі боқ тасыған бір топ кедей-кепшіктің арбасына алтын құйды… Жалпының емес, жалқының… Амандық болса, мұнайды өзіміз де өңдерміз, Қарашығанақтың газын бүкіл қазақ игілігіне жаратар күн туар… Арқаның астығы ішкі нарықты нанмен қамтып отыр… Алтын-күміс тасы бар, жезі мен мысы бар, индустрияңды ұршықтай иіріп әкетер… Оңтүстіктің ураны әлемдік экспортта уралап тұр… Билік шындап кіріссе, түгін тартсаң, майы шығар жеріміз – бұ қазақты Қытайдың «уланған» жеміс-жидек, бұрыш-күріш, көкініс, ет-сүтінен құтқарып, құнарлы өз өнімін беруге даяр тұр… Оксилар толық қуатта жұмыс істесе, жеңіл өнеркәсіптің құлағын ұстармыз…
Шығыстың бал шырыны, Менделеев кестесіндегі бүкіл элементтер мен Тарбағатай тауларындағы қол тимеген шөп-тамырлар фармацевтика мен инновацияның иінін табуға даяр…
Иә, мен біздегі бардың бір парасын ғана айттым, тізбелесек, көп қой…
Алла берген бәрімізге ортақ ырзықты кәдеге жаратып, сапалы ғұмыр кешіп, сапалы қазақ атану – елдік мұратқа жетудің бір жолы…
Де-е-еп армандап келем… Таксилетіп… Бет алысым – Мерке жақ. Алматыдан менің бағытыма 300 шақырым… Осыншама жолда сай-сүйегі сықырлаған ескі бірді-екілі трактор көрдім… Игерілмей жатқан алаңда жалғыз болғандікі ме екен, әліне қарамай одыраңдап қояды…
Микроавтобуста өз қазағым… Өміріне разы… Аялдамаларда сапасы күмәнді ыстық тоқаш-самсаларды шаймен ұрып алады…
Бір кезде ескі автобусымыздан түтін будақтады. Бірдеңесі үзіліп кетіпті. Арқан тауып, тағы бір микроға жалғады. Дауыл соққан кемеде келе жатқандай, бір-бірімізге соғысып, теңселіп келеміз. Бұл көрініске ешкім пішту демейді. Тіпті біреулер аузын ашып тұрып ұйықтап отыр. Арқанның әсері болса керек, автобус шиқ етіп тоқтай қалса, пісімілләләп қойып, ұйқысын жалғастырады. Әйтеуір ырғалып-жырғалып, 6 сағатта жеттік-ау… Бәрі бір сөз айтпай автобустан түсіп, безектей жөнелді… Көп қазақтың кәдуілгі тірлігін көріп, мен де көліктен түсіп кете бардым. «Айдағанымыз бес ешкі, ысқырығымыз жер жарады»… Қазақ қашан сапалы өмірге бет бұрар екен, а-а-а?
Бекболат Тілеухан:
Бір жанармай бекетінен бензин құямын. Келгенде «Ирина» деген жазуы бар орыс қарындасым шығады. Иринаға айтамын: «Айналайын, қарағым, халың жақсы ма? Мына менің мәшинеме ауыз-мұрнына толтырып, 92 бензин құйып берші» деймін. Ирина менің бетіме бажырайып қарайды. Ұрысып тастайын десе, ұрысатындай адам емеспін. Мәшинем де онша арзан емес. Сөйтет те: «Берик, Берик, переведи, пожалуйста», – дейді күзетші жігітке. Берік аударып береді. «А-а» деп құяды. Сосын кетем.
Келесі жолы менің төбем көрінеді. Сол кезде Ирина: «Берик, Берик, қайдасың?» дейді. Босағада овчарка сияқты охранада отырған Беріктің табан асты беделі көтеріледі. Берік керек болып қалды Иринаға. Ирина Берікке мұқтаж. Мұқтаждықтықты тудырған менің талабым. Түсіндіңіздер ме? Енді қараңыз, сіздің алдыңызға Маша кездессе, Ирина кездессе, орысша сөйлейсіз бе? Қазақша ма? Өзіңізге жауап беріңізші. Бір адам, екі адам, он адам, жүз адам, мың адам. Осылай талап етсе, қазақ тілі дамиды. Ол талапты жасайтын бізбіз.
Мақсат ЖәнібеК:
Ортақ валютаға байланысты… Сайлаудан кейін осы әңгімеге оралатын сияқтымыз. 2000 жылы евроға өту үшін, Дания мемлекеті ел ішінде референдум жасаған болатын. Халықтың 53 пайызы төл валюта – кронада қалуға дауыс беріпті. Біздің мемлекеттің демократиясы референдум жасауға еркі жетер ме екен? Әлде халық қалаулылары бәріміз үшін дауыс бере сала ма?
Марат Мадалимов:
Жол бойы ештеңе ішпей, наурыз көжені аңсап келіп едім. Пойыздан түскен бетте алаңға бардым. Бәрі жақсы сияқты. Ел-жұрт наурыздатып жатыр екен. Кәдімгідей-ак. Алайда алғашқы киіз үйге барғаннан-ақ «настроением нәскиге» бір-ақ түсті – есіктің алдына тұрып алған әп-әдемі келіншек: «Т-с-с, әкім отыр!» деп ішке жібермей қойды.
Келесісіне барып ем, оған да кіргізбеді. «Әкім отыр ма?» деп, бұл жолы өзім сыбырладым. Сөйтсем, бұл үйге әкімнің аяғы әлі жете қоймапты. Сонда да кіргізбейді: «Айналайын, тұра тұршы, аштан өле қоймайтын шығарсың, алдымен әкім келіп кетсінші!» – деп.
Қысқасы, «журналиспін» деп күмпиіп жүрген менің өзим бірде-бір киіз үйге әкімнен бұрын кіре алмадым. Ал сонда қарапайым қараша xалық наурыз көжеден ауыз тию үшін әкімнің келіп-кетуін күтуі керек пе, а?
Міне, Қарағандыдағы Жаңа жыл мен үшін осылай басталды. Осы бір әкім деген «жарты патшалардың жыры» болмаса, басқасы дұрыс сияқты. Нешауа, Ұлыс оң болсын, ағайын!
Арыстанбек Мұхамедиұлы:
Мен өзім, шын айтқанда, Наурызға баруға ұяламын. Енді қазір министр болған соң, бас киіз үйге алып барады, сыртта тұрған халық ала көзбен қарайды, неге бізді кіргізбейді деп. Мен өзім, шын айтқанда, ыңғайсызданам. Егер біреуіне кірмесең, аудан әкімі өкпелейді. Сыртта халық тұрады…
Ұлықбек Есдәулет:
Жақында Қарағанды қаласында «ММА» жарысы өткен кезде, оны ұйымдастырушылар спорт залға біздің көк туымызды қара креспен айқыштап ілгенін Sports.kz сайтынан көріп, шамырқанып отырмын. Бұл шектен шыққан заң бұзушылыққа ресми орындар әлі назар аудармаған көрінеді. Аталған сайттың жазуынша, турнирді ұйымдастырғандар ресейліктер екен. Қазақстанға жасаған өздерінше «Крест жорығы»-мыс. «Ресей» десе, біздің дүмбілездердің дымы құрып қалатын болған жоқ па? Мұндай салғырттықтың бір жауабы осында жатқан сияқты.
Өткен жолы Геннадий Головкиннің жеңісіне қуанған азамат өз үйіне ұлттық туымызды ілгені үшін «ит көрген ешкі көзденіп» шыға келгендер, сотқа тартып, айып тартқызып, жазалаған «қырағы көздер» мына масқараны неге көрмейді?
Мұхтар Тайжан:
Кеше ұшақта қасымда отырған бір орыс жігітімен әңгімелестім. Газовик-мұнайшы екен, дәл қазір Уренгой (Үренғой?) деген жерде вахтамен жұмыс жасап жатыр. Бұл Ресейдің Ямал-Ненец деген федералдік округі, солтүстік жақта. Шынымды айтсам, бұл жерлер мені бұрыннан қызықтыратын. Ауа райы, табиғат туралы сұрадым, сосын қарапайым халықтың өмірі туралы сұрай бастадым.
– Медицина жағынан, жалпы әлеуметтік инфрақұрылым қандай, күшті шығар, жері бай ғой?
– И жоғ-а! – дейді, – Медициналық көмегі керек болса, тікұшақпен «үлкен жерге» апарады…
– Ал жергілікті халық не істеп жатыр, немен айналысады, тіршілігі не?
– Ненецтер сол баяғы бұғышылар, өзімен-өздері өмір сүріп жатыр, бізбен ешқандай байланыстары жоқ, – дейді.
Қызық, мұндай жерасты бай жердің иесі сол ненец халқы емес пе? Жылына қанша миллиард долларға газ бен мұнайды шығарып жатыр? Неге әлеуметтік ахуалы, инфрақұрылымы соншама нашар? Отар ұлт деген осы емес пе? Ал олардың ахуалы біздің ахуалымызға неткен ұқсас. Бірақ біз дербес Елміз ғой, әлде қателесіп отырмын ба?
(Пікірлер интернеттегі әлеуметтік желілерден
алынды)