Воскресенье , 20 апреля 2025

«Өндіргеновтің ісі» НЕГЕ ӨНІМСІЗ?

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №37 (308) от 29 октября 2015 г.

 

Редакцияға хат

 

Осыдан жарты жылға жуық уақыт бұрын Ақтөбедегі «Емшан-Emshan Co» компаниясының президенті, облыстық мәслихат депутаты, «Нұр Отан» партиясының мүшесі Мейіржан Өндіргеновтың (суретте) үстінен қылмыстық іс қозғалып, оның былық-шылығы республикалық БАҚ арқылы жаппай жазылып, теледидардан миллиардтаған қаржысы тәркіленгені көрсетілген еді. Міне, содан бері Өндіргеновке қатысты жағдай өзгере бастаған сияқты. «Нұр Отан» партиясы мүшесінен зәбір көрген жәбірленушілер ендігі жерде Өндіргенов толық «ақталып» шығуы мүмкін деген күдікпен отыр. Себебі жергілікті миллиардер атанған Өндіргенов өйтіп-бүйтіп, сол қылмыстық істен құтылып кетеді-ау деген күдік басым.

Біз – Өндіргеновтің компаниясына қарасты «Автопарк» кәсіпорнының бір топ жүргізушілері, бірнеше жылдан бері алмаған, біз үшін белгісіз біреулер қол қойып, сыртымыздан иемденген жалақымызды әлі алған жоқпыз. Ал бұл жағдай тергеу жүргізген қаржы полициясының қаулысымен және соттың қолтаңба сараптамасымен тайға таңба басқандай анықталған болатын.

Ол аз десеңіз, 2009 жылғы ақпан айында «Автопарк» ЖШС-нің басшылығының, анығырақ айтатын болсақ, «Емшан-Emshan Co» компаниясының президенті М. Өндіргеновтің тікелей нұсқауымен бір топ адам автобус жүргізушілерінің үйіне келіп, ондағы әйелдер мен бала-шағаға дейін сабап, дене жарақатын салғаны да анықталған еді. Ол жөнінде ҚР Қылмыстық кодексі 327-бабының 3-бөлігімен қылмыстық іс қозғалған еді. Бұл қылмысқа да жауап берген ешкім болмады: көз алдаумен бас инженер М.Қожағұлов жазаланған-сымақ болып, үш жыл шартты жазаға кесілді. Жеген таяқ, бұзылған жүйке, қорыққан бала осылайша депутат Өндіргеновтің оң қолы Қожағұловтың «ал, маған не істер екенсіңдер» деген әжуалы мысқылының астында қалды. Нағыз қылмыскерлер еш жазасыз құтылып кетті.

Осы алаяқтық жолмен жасалған ұйымдасқан қылмыс туралы арызданбаған жеріміз қалмады. Ешқандай шара алынбады. Бірақ «аққа құдай жақ» дегендей, Мейіржан Өндіргеновтің бізден басқа да, мәселен, «БатысОп-1» ЖШС-нің директоры Т.Сабырғазиевке де, сол сияқты жазықсыз азамат Пірмановқа да зәбір көрсеткені, мемлекет бюджетінің миллиардтаған қаржысын ұрлағаны, үйінен миллиардтап ақша табылғаны анықталғанына да, міне, жарты жылдың жүзі болды.

Алайда біздің түсінбейтініміз мынау: Ақтөбе облыстық прокурорының орынбасары Ж.Мұхамедьяров № 2-03160-15-05856 санымен белгіленген біздің ұжымдық арыздың қаралатыны туралы хабарлаған болатын (08.06.2015 ж.). Сол сияқты №2-7-3/4963 белгісі соғылған (21.07.2015 ж.) Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті бастығының орынбасары Р.Ақмырзаев қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқанын мәлімдеді.

Бірақ барлық іс осымен біткен сияқты. Осы уақытқа дейін бізді – жәбірленушілерді ешкім шақырмады, не жауап алу, не беттесу болған жоқ.

Өндіргеновтің қылмысына қатысты дәлелдердің бәрі қолмен қойғандай анық болса да, оны сұрап жатқан ешкім жоқ. Тек өзіміз апарған құжаттарды алып қалады да, «жауап береміз» деген желеумен қала береді. Бізді бірнеше жыл сүйрелеген тергеушілер тағы да сол баяғы әніне басты ма деген күдікті сауал тағы да көлбеңдейді.

Айдан анық нәрсе – бірнеше жылдан бері арызданып жүрген бізді – жәбірленуші жүргізушілерді тергеу ісіне неге шақырмайды? Өндіргеновтің ісіне қатысты біздің құжаттарымыз қылмыстық іске неге алынбайды? Әлде тергеу орындарында Өндіргеновтің миллиардтарына малданған, қылмысты ашпауға ниетті бар бір топ бар ма?

Біздің осы сауалдарымызға жергілікті тергеу орындарынан, прокуратура органдарынан тиісті жауап ала алмағандықтан, біз осы мәселені газет арқылы көтеруді жөн көрдік.

Егер бүкіл республиканы шулатқан осы тергеу ісінің соңында Өндіргенов жазадан құтылып кетер болса, «Автопарк» ЖШС-нің жүргізушілері саяси акция ұйымдастыруға дейін баратынын тиісті мекеме басшыларының назарына салғымыз келеді.

Жәбірленушілер атынан –

Нығыметбай Ермаханов,

Ақтөбе қаласы

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн