Воскресенье , 20 апреля 2025

ҮНЕМДЕУДІ депутаттардан БАСТАЙЫҚ…

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №35 (306) от 15 октября 2015 г.

 

Уақыт уыты

 

Депутат — халықтың биліктегі өкілі. Халық сайлау арқылы депутаттарға өкілетті билікті сеніп тапсырады. Жоғары заң шығару органында бүгінде 154 депутат халық атынан сөйлеп отыр.

 

«Сөйлеп отыр» дегенімізбен, көбіне олардың үнін естімейтініміз рас. Қабылданып жатқан заңдар сапалы әрі халықтың мүддесінен шығатындай болуы үшін, сол депутаттар арасында пікір алуандығы қалыптасуы тиіс екені айтпаса да түсінікті. Бірнеше партияның өкілінен тұратын парламент депутаттары, былай қарағанда, демократиялық қоғамға лайық институтты құрап отырғандай көрінеді. Алайда пікір алуандығына келгенде, бұлай айта алмаймыз.

Теледидардан көрші елдердің депутаттарын көргенде, кейде әуестігіміз келеді. Заң қабылдауда бір-бірімен таласып, сөз жарыстырып, тіпті төбелесіп те жатады. Төбелесіп жатқан тәртіпсіздіктеріне әуестігіміз келмейді, әрине, олардың өз ұсыныс-пікірлерін өткізу жолындағы принципшілдігіне қызығамыз. Олардың әрқайсысы артымызда пәленбай мың, миллион халық тұр деп, өз қызметтеріне аса жоғары жауапкершілікпен қарайды.

Ал бізде ше? Рас, ауызбіршілікте жұмыс жасаған жақсы ғой. Парламент ринг емес, төбелесе кететін. Бірақ біздің мәжілісте үш саяси партияның және Қазақстан халқы ассамблеясының – яғни, төрт бірдей саяси ұйымның өкілдері отырғанына қарамастан, қашанда бәрінің ойлары бір жерден шығатыны таң қалдырады. Өзіндік ой-пікірлері жоқ десек, бәлкім, аса қымбат тұратын, миллиондаған, миллиардтаған теңгелермен есептелетін ар-намыстарына тиіп кететін шығармыз, алайда бас шұлғуды жақсы меңгерген мәжілісмендерге басқа дұрыстау бағаны қиғың да келмейді екен.

Өздеріңіз ойлап қараңыздаршы, бізге келіп түскен заң жобаларына байланысты қарсы дауыс беретін депутат бар ма? Әй, қайдам, ондайды көрмей жүрміз. Кейде бірді-екісі байқамай қарсы дауыс беріп жібермесе, немесе алдарындағы компьютер, немесе қолдарындағы ұялы телефонмен ойнап отырып, дауыс беруге қолдары тимей, қалыс қалып қойғандары болмаса, баршасы бірдей ләм деместен бірауыздан кез келген заң жобасын қолдап, дауыс бере қояды. Мұндай ауызбіршіліктеріне сүйсінбеске лажың жоқ. Оның үстіне бұл аса қымбат саналатын уақытты да үнемдеуге таптырмас жол ғой. Салғыласып, уақыт өткізіп не керек, министрлік өкілі заң жобасын таныстырды ма – уақыт өткізбей бірден қолдай сал. Осындайының арқасында емес пе, парламент күн сайын бірнеше заңды оп-оңай қабылдай салатын болып жүр. Мұндай жылдамдықтары Гиннесстің рекордтар кітабына тіркеуге әбден лайық болғанымен, құрметті депутаттарымыз ондай атақ-даңққа қызықпайтын болғандықтан, қол қусырып отырмыз.

Депутаттарымыз мүлде үндемейді десек, әрине, мұнымыз жөн болмас еді. Өздерінің бар екенін білдіріп қою үшін, олар анда-санда әу деп қойып, депутаттық сауал жолдап жатады. Өкініштісі, олар өз сауалдарының нақты кімге жолдану қажеттігін білмесе керек – дені премьер-министрдің атына жолдайды. Премьер-министр өз кезегінде ол сауалды тиісті министрліктерге жібереді. Осылай сауал-жауап министрліктерді аралап жүріп, біраз уақыт жоғалтады. Онысы депутаттарды қызықтырмайды да. Өйткені сауалдарына қандай жауап келетіні онсыз да белгілі емес пе? Жолданған депутаттық сауалдар бойынша қол жеткізілген нақты нәтижелер жөнінде естімейтініміз сондықтан. Керісінше, депутаттарымыздың өздері «сырғытпа жауап аламыз, жауаптарға қанағаттанбаймыз» деп «жылап» отырғандары. Ендеше бізге осыншама депутаттың қажеті қанша?

Қазір дағдарыстың уақыты. Мемлекет басшысының өзі қатаң үнемдеу саясатына көшу керектігін бірнеше мәрте қайталап айтты. Президентті аса қадірлейтін, ол кісінің сөздерін даналыққа балайтын депутаттарымыз неге осы тұста елбасының үнемдеу туралы айтқанына бір кісідей қолдау білдірмеске?!

Айтайын дегеніміз – мәжілісте 107 депутат болды не, 7 депутат болды не – нәтижесі біреу ғана ғой. Парламентке келіп түскен заң жобасы бәрібір қарсылықсыз қабылданады. Қолдап дауыс бере салу дегеніміз – тіптен оңай шаруа. Шыны керек, бұл жауапкершілікті мәжіліс ғимаратының еденін жуып жүрген бір әйелге тапсыра салсақ та болатын еді. Еден жуып жүріп «қолдап дауыс бердім» дей салса, сол жеткілікті емес пе? Онысы үшін еден жуушы артық ақы да сұрамас еді. Сонда 107 мәжілісменге төлеп отырған шығынымыз үнемделіп, бюджет қалтасында қалады.

Бірақ бұнымыз демократиялық заңдылыққа қайшы болып қалуы мүмкін. Сондықтан тым қатты «сараңдыққа» салынбай, 7 депутатты қалдырайық. «Ақ жол» партиясы мен коммунистерден және ҚХА-дан бір-бір депутат және «Нұр Отаннан» 4 депутат (сайлауда көп дауыс алғанын ескеріп). Әрқайсысы бір-бір комитеттің жетекшісі болсын. Болды – жетеді. Ал қалған 100 депутатты «демалысқа» жіберейік. Қайта олар өздерінің бизнестерімен айналысса, мемлекетке сол пайдалырақ шығар.

Енді осы 100 депутатты қысқарту арқылы үнемделетін ақшаны есептеңіз. Әр депутаттың айлығы миллион теңгеге жетеғабыл. Оның үстіне әрқайсысының жанында көмекшілері бар, қызметтік үй мен көлік шығыны. Одан басқа түрлі іссапарларға, кеңсе қажеттіліктеріне жұмсалатын қаржыны қосыңыз. Басқа да шығындары жетіп-артылады. Сонда кемінде әр депутат үшін ай сайын бюджеттен орташа есеппен 3 миллион теңгедей қаржы жұмсалуы мүмкін. 100 депутат үшін – 300 миллион теңге. Кемітіп айтқанның өзінде, бір жылда 3 миллиард теңге. Міне, әжептеуір қаржының басы көрінді.

Сенатта да осындай қысқартулар жасасақ, 5 миллиард теңге бюджетте қалуы мүмкін. Енді осы 5 миллиардты кәсібін енді бастағалы отырған жас кәсіпкерлерге қайтарымсыз несие ретінде 1 миллион теңгеден бөліп берсек, елімізде 5 мың жаңа жас кәсіпкер пайда болады екен. Әр кәсіпкер 5 адамға жұмыс тауып берер болса, елімізде 25 мың адам жұмыспен қамтылмақ. Оның үстіне кәсіпкерлер ел экономикасының көтерілуіне септігін тигізеді, салық төлеу арқылы бюджет қаржысын толықтырады. Және олардың жұмысы бір жылмен шектелмейді, бизнестерін дамытып жатса, алдағы жылдарда бюджетке миллиардтаған теңге салық түсірулері мүмкін.

Енді өздеріңіз ойлап қараңыздаршы, «бірдей ойлайтын», «бір пікірдегі» сонша депутатты асырап отырған пайдалы ма, әлде оларды қысқарту арқылы үнемделген қаржыны кәсіпкерліктің дамуына бөлген олжа ма? Әрине, екіншісі.

«Бұлай істеуге заң ерік бермейді» деп қынжыларсыздар. Түк те қиындығы жоқ. Біздің депутаттарға заңдарға өзгеріс енгізе салу ши сындырғаннан да оңай емес пе? Іштерінен біреуі суырылып шығып, «осылай істейік, бүгінгідей қиын-қыстау кезеңде елбасы саясатының жүзеге асуы үшін осылай көмек жасайық» деп ұсыныс жасап, бастамашы болса – болғаны: ертеңіне қажетті заңдарымыздың бәріне өзгеріс енгізіледі де, барлығы оп-оңай жүзеге аса қояды.

Тіпті қалған 7 депутат үшін еңселі ғимаратты босқа ұстап отырудың да қажеті жоқ. Одан да оны бизнес өкілдеріне жалға берсін де, өздері екі бөлмелі пәтер жалдап, кеңсе етсе де болады. Тіпті оған да қаржы шығындамаудың жолы бар. Министрліктегілер заң жобасын әлеуметтік желіге жарияласын, оған депутаттар «лайк» басса, қолдап дауыс бергендері болып саналып, бірден президенттің қол қоюына жөнелтіле берсін. Сонда қалған депутаттар үйінде телефонын шұқылап отырып-ақ кез келген заң жобасына дауыс бере алады. «Пәлен лайк жинадым» деп, заң жобасының авторлары да мәз болады. Есесіне парламенттің еңселі ғимаратын жалға беру арқылы жыл сайын тағы да миллиардтаған теңге табыс табамыз.

Оған жүздеген депутаттан босайтын қызметтік пәтерлерін қосыңыз. Элиталық ол пәтерлердің әрқайсысын «су тегін кетті» дегеннің өзінде айына 2 мың долларға жалға беруге болады. Сонда бір жылда 100 пәтерден 2 миллион 400 мың доллар табыс табуға болады.

Бұл – «үнемдеуге іліккен» мәжілісмендердің босаған пәтерлерінен табатынымыз. Сенаттықтарды қоссақ, 4 миллион долларға жақындайды екенбіз. Бұл аз десеңіз, олардың қымбат шетелдік көліктерін саудаға қояйық. Осылайша шашетектен табысқа кенелгелі отырған жоқпыз ба?

Міне, осындай-осындай жолдарды қарастырар болсақ, бұл дағдарыстан өту жеңілірек болатын еді. Сондықтан халықтың қалаулылары халықтың дағдарыстан қиналмай өтуі үшін, айтылған ұсыныстарға құлақ асқандары жөн деп есептейміз.

Ербол ЖАЛПОШЕВ,

Azattyq.org

 

 

 

Редакцияға хат

Тоғыз ауылда сегіз мың адам

ЕМХАНАСЫЗ ҚАЛДЫ

Қазақстанның қиыр солтүстігіндегі Қулыкөл ауылының (Солтүстік Қазақстан облысы, Уалиханов ауданы) бір топ тұрғыны ҚР премьер-министрі Кәрім Мәсімовтің атына хат жазып, оның көшірмесін ҚР президент әкімшілігіне, Денсаулық сақтау ведомствосына, СҚО облыстық денсаулық сақтау басқармасына жолдаған екен. Бірақ алыс ауылдың тұрғындары аталмыш билік орындарының бірде-бірінен күні бүгінге дейін жауап болмағанын жазып, газет редакциясына хат жолдапты.

Біз тұратын Қулыкөл ауылы облыс орталығынан шалғайда – Павлодар және Ақмола облысына шектес жерде орналасқан. Бізбен көршілес Қаратал, Береке, Қайрат, Жасқайрат ауылдары қоныстанған.

Аулымыздағы 35 орындық емхана барлық дәрігерлік құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген еді. Павлодар облысының Сілеті, Қызылағаш, Бұланды, Шолақсор ауылдарының адамдары біздің емханамызға келіп, ем-дом алатын. Бас дәрігеріміз Сайлау Ыдырысов зейнеткерлікке шыққанша, емхананың барлық бөлімі толық жұмыс істеді. Ал қазір «дәрігерлер жоқ» деген сылтаумен барлық жабдықтармен қамтамасыз етілген емхананы жауып, күндіз ғана көрінетін он адамдық «ФАП» деңгейінде қалдырамыз деген шешіммен аудан, облыстық аурухана басшылары ауылымызға келіп кетті.

Қулыкөл ауылы аудан орталығынанан – 200, облыс орталығынан 600 шақырымға жуық қашықтықта орналасқан. Мұнда қыс түгілі, жол қатынасы жазды күннің өзінде де өте нашар. Қарлы борандарда апталап жол қатынасы болмайды. Мұндай жиі кездесетін жағдайда Қулыкөл ауылының екі мыңға жуық адамы және аталған сегіз елді мекеннің тұрғындары толық дәрігерлік көмек бере алмайтын «ФАП»-қа ғана қарап қалсақ, күніміз не болмақ?! Ал мұндағы толық қамтамасыз етілген дәрігерлік қондырғылар қолды болып кетпеуіне кім кепіл?!

Бұл мәселемен аудан басшылары хабардар болса да, біз алдарына қойып отырған жағдай нақтылы шешімін әлі тапқан жоқ. Ондағылар аудандық денсаулық сақтау бөлімінің ауыл емханасын жабу жөніндегі шешімімен келіскен тәрізді. Қаржы тапшылығын сылтау етіп, бюджетті үнемдейміз деп, жұмыс істеп тұрған және халыққа аса қажет емхананы жауып тастау – көреген шешім болмасы анық. Қазір ауылымыздың бүкіл халқы емханамызды жауып тастайды деген қорқынышты күнді басынан кешуде.

Біз Қулыкөл тұрғындары атынан сіздерден өтіне сұрайтынымыз – емхананы өз деңгейінде қалдыруға көмек жасасаңыздар екен. Бұл біздің ғана емес, Павлодар облысының Сілеті, Қызылағаш, Шолақсор, Бұланды ауылдарының тұрғындарының да өтініші.

Тоғыз елді мекендеген тұрғындар атынан :

Ауталипов Т., Аубакиров Ғ., Жәркенов М., Гефтин В., Маханов Т., Бөлегенов Е., Бөлегенов Қ., Рахметтуллин Қ., Оспанов А., Кендірбаев М., Кәкенов Б., Тұрлыбаев Б., Ахметов Б., Нұрпауеденов Қ., Қажтаев Ж., Садығұлов Д., Қайдаров Қ., Жексенбаев Ж., Кәкаев З., Басарова О.

 

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн